14.07.2020, 07:21
405
Қармақшы – балалар лагері жоқ облыстағы жалғыз аудан. Жыл сайын қармақшылық оқушылар демалысқа не болмаса Ұлттық бірыңғай тестілеуге және пәндік олимпиадаларға дайындалу үшін өзге аудан немесе облыс орталығына жіберілетін-ді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін үш жыл бұрын ауданда лагерь құрылысы басталған болатын. Өкінішке қарай, бүгінде бұл құрылыс нысаны аяқсыз қалды. «Құны 1 млрд 292 миллион теңгені құрайтын 150 орындық балалар лагері 2018 жылдың күзінде пайдалануға беріледі», – деген-ді сол кезде Қармақшы ауданын басқарып тұрған әкім Сұлтан Мақашов.
Құны миллиардтан асатын, жыл бойы жұмыс істейтін, балалар тынығатын әрі білімін жетілдіретін лагерьдің жағдайын биыл тағы сұрап білдік. Сақалды құрылысқа айналған нысан бүгінде қаржы тапшылығына байланысты қаңырап қалған екен.
Әдепкіде күре жолдың бойындағы демалыс кешенінің төрт корпусы қаланып, қабырғасы тұрғызылған. Сонымен жұмыс тоқтаған. Жыл сайын «жарнамасы» жүрген лагерь енді иен далада иесіз қалып, мал-құстың паналайтын жеріне айналған.
Мемлекеттен қыруар қаржы бөлінген әдеуметтік нысанның құрылысы былтырдан бастап аяқсыз қалыпты. Биыл үшінші жылға аяқ басқан құрылыстың ғимараттарын жел мен жаңбыр-ақ мүжіп жатыр. «Мәселені аудан әкімдігі назарда ұстағанымен, қаржыны облыс шешеді» дейді жергілікті атқамінерлер. 2017 жылғы сметадан бері құрылыс материалдарының да бағасы шарықтап кеткен. Соған сәйкес, жоба құны қайта қаралғанымен, жұмыстың жуық арада басталуы белгісіз.
– Биыл оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, сараптамадан өтті. Қазіргі таңда қаржыландыру мақсатында облысқа ұсынылып отыр. Қаржыландыру көзіне қарай құрылыс жұмыстары нақтыланады, – дейді Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жарқын Омаров.
Мұңдағы халық та жаз болса балаларын қайда жіберерін білмей, бас қатырады. Ал сыртқа жіберуге көп ата-ананың қалтасы көтермейді. Сондықтан демалыста ауыл баласы үй ауласынан әрі аспайды.
– Ауданымызда лагерь жоқ. Балалар ойнайтын алаң – қораның айналасы. Оқушылар каникулға шықты, ата-аналардың тілегі – балалардың көңілін аулау. Лагерь болса, бір уақыт бой жазатын еді, – дейді аудан тұрғыны Зоя Орынбаева.
Бұл тек ата-аналардың ғана емес, барша балғындардың да арманы.
– Мектеп лагері қызық емес, тек қана іште отырамыз. Жүгіріп, тамақ ішеміз. Біздің ауылда лагерь болса ғой, – деп армандайды оқушы Расул Бектауов.
150 орындық лагерьдің құрылысына осы кезге дейін қазынадан 400 миллион теңге жұмсалыпты. Бірақ құрылысты жалғастыруға биыл да ақша жоқ. Мәселе шешімін таппаса, қазынаның қыруар қаржысы желге ұшпақ.
Қармақшыға қарасты Байқоңырдың іргесіндегі Төретамда да тірлік түзелмей келеді. Жергілікті халық «ауызсудан тарыққанымызға 10 жылдан асты» дейді. Бұдан бөлек, жамауға келмейтін жол, іргедегі құбырдан ағып жатқан көгілдір отын да қол жеткізбей, жұртты әбден діңкелеткен. Елді мекеннің біраз аумағын Ресей жалға алғандықтан, тұрғындар мәселесінің түбегейлі шешіле қоюы қиын болып тұр.
Төретамдықтардың мұң-мұқтажы газ бен суға қарап қалған. Тіршілік нәрін көршілер бірігіп сатып алады екен.
– Менің құдығымнан қысы-жазы төрт үй су ішеді. Қыста жолдың қиындығынан су таситын көлік жүре алмай қалады. Судың зардабын тартқанымызға 10 жыл болыпты. Осы құдыққа ақшасына су құйып алып, талғажау етіп отырмыз, – дейді кент тұрғыны Байболат Өтегенов.
«Кент көшелерінің көбіне тас жол төселмеген, жаңбыр жауса мибатпаққа айналады» дейді тұрғындар. Олар электр желілерін де шама-шарықтарына қарай өз күштерімен тартып алған екен. Іргедегі «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбыры арқылы ағып жатқан «Арал» компрессорлық станциясының көгілдір отыны да халыққа бұйырмай тұр. Төретам кенті газ құбыры – магистраль өтіп жатқан жерден әрі кетсе 400 метр жерде орналасқан. Бірақ сары құбырға қарап, сарғая күткен тұрғындар үшін арзан көгілдір отынды пайдалану арман болып тұр. Жылдар бойы газ күткен жұрттың аңғалдығын пайдаланған алаяқтар да бар болып шықты.
– Алдыңғы жылы бір кісілер келіп, ақша жинап кетті. Халық қуанып, «газ келеді» деп, ақшасын жинап берді. Ол алаяқ болып шықты, ақшаны алып қашып кетті. Оның сұрауы жоқ, іздеп жатқан адам тағы жоқ. Біздің өтінішіміз, мұң-мұқтажымыз – осы газды үйге кіргізіп берсе екен, – дейді кенттің тағы бір тұрғыны Динара Әбдірахманова.
Газдандыру жұмысы екі-үш жылсыз басталмайтыны белгілі болды. Ал кенттің жеті аумағы құжат бойынша Ресейдің жалға алған жері болып шықты. Сондықтан инфрақұрылым тартуда қиындық тудырып отыр. Оны кент әкімі айтты.
– Жалпы, Төретам кентін ұлғайту мақсатында 11,752 гектар жерді қайтаруға жоспар жүргізіліп жатыр. Сол жерлер толық қайтарылғаннан кейін жобасы мен сметасын заң аясында ұсына аламыз, – дейді Төретам кентінің әкімі Жамбыл Жұмабаев.
2016 жылы Қазақстан мен Ресейдің үкіметаралық отырысында Байқоңыр қаласы маңындағы жерлерді елімізге қайтару жөнінде келісімге қол қойылды. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Ал Төретамның біраз территориясы өзімізге заңдастырылмайынша, халық өркениеттен тыс өмір сүре бермек.
Нұрәли САҒАТ
Қызылорда облысы
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР