Шымкенттегі ахуал тұрақтала бастады

Сайт әкімшілігі

14.07.2020, 13:43

44

  Қала әкімі жедел штабтың отырысында осылай деп мәлімдеді

Соңғы тәуліктерде Шымкентте өкпе қабынуына, дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты ахуал жақсарды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрылған жедел штабтың кезекті отырысында осылай деп мәлімдеді. 

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын үшінші мегаполисте өкпе қабынуы дертімен науқастанушылардың саны күрт көбейді. Дәрі-дәрмек тапшылығы өзекті мәселеге айналды. Дегенмен қала басшысының айтуынша, қолға алынған шаралардың нәтижесінде бірқатар мәселелер шешімін тапты. 

   Жақын арада мегаполисте тәулігіне  30 мың шақырту қабылдай алатын диспетчерлік орталық ашылады. М.Әйтенов оның ашылуын тездетуді тапсырды. Сондай-ақ штаб отырысында емдеу мекемелеріндегі өкпені механикалық желдету аппараттарының санын  323-тен  475-ке жеткізу жоспарланып отырғаны белгілі болды. Қаладағы 24 ауруханаға тәулігіне 1200 оттегі баллоны қажет. Осыған орай, қазіргі таңда Шымкент қаласында бес мекемемен келісімшарт жасалып, оттегі баллондарын барлық ауруханаларға тұрақты түрде жеткізу қолға алынды.

– Жұмысты шұғыл түрде нақты бір жүйеге қоюымыз керек. Ал ақпараттар уақтылы жеткізілуі тиіс. Бұл жүйе реттеліп, енді қала тұрғындары «Сovid-19: Шымкент» сайты арқылы бүгінгі жағдайға байланысты мәліметтерді толық алып отырады. Науқастар емнің тегін екенін білуі керек. Егер медицина қызметкері ем үшін дәрі-дәрмек сұраса, «109» нөміріне хабарласып, құқықтарын қорғауға мүмкіндіктері бар, – деді М.Әйтенов.

Жиында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Албаев және жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы бас дәрігерінің орынбасары Шолпан Оспанова баяндама жасап, атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Баяндамашылардың айтуынша, қазіргі таңда жәдел жәрдем қызметі мен ауруханаларда өзекті мәселе жоқ. Ал қаланың бас санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаев залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, арнайы мониторингтік топтың жұмысы нәтижесінде дәріханалардағы дәрі бағасының тұрақтала бастағанын мәлім етті. Талапқа мойынсынбағандарға  айыппұл салу күшейтілді. Енді тұтынушыларға есепшот бермеген дәріханалар да әкімшілік жауапқа тартылады.

М.Әйтенов тиісті мамандарға жансақтау бөліміндегі ахуалды қалыпқа келтіруді тапсырып, реанимациядағы бос орындар санын көбейтуді тапсырды. Ал провизорлық орындар жеткілікті, қазіргі таңда олардың 40 пайызы бос. Қалада жақын арада тағы бір  провизорлық орталық ашылады. Бесқабатты ғимаратта орналасатын орталық 1500 орындық.

        Шымкент қаласына Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Украина және Үндістан елдерінен жұқпалы ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер келіп түсті. Сондай-ақ фармацевтикалық өндірушілерден 4 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі  тікелей қала аумағына жүк ұшағы мен үш жүк көлігі арқылы жеткізілді. Дәрілік препараттарды тасымалдауға рұқсат етілген сегіз компания алып келген. Жеткізілген дәрілердің ішінде  бүгінде тапшы болып тұрған левофлоксацин, цефтриаксон, дексеметазон, аскорбин қышқылы және басқа да препараттардың 20-дан астам түрі бар.

– Шымкент қаласында қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты инфекциялық ауруларға шалдыққан науқастарды емдеу үшін төсек-орындар саны қосымша көбейтілуде. Бұл төсек-орындар саны 650-ден 3129-ға жетті. Сондай-ақ жансақтау бөліміндегі орындар саны да артып келеді.  Бүгінде аталған бөлімдерде  141 орын бар. Олар №2 қалалық аурухана, «Асар» мөлтекауданындағы 200 төсек-орындық инфекциялық аурухана жəне қалалық кардиологиялық орталықтардың базасында орналастырылған. Бұл бағытта реаниматолог мамандар тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуде. Шымкент қаласында өткен жылмен салыстырғанда жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер саны екі есеге өскен еді. Қазіргі таңда жағдай қалыпқа келе бастады. Ал дәрі-дәрмек бойынша Ресей, Украина, Түркия, Өзбекстан сияқты  елдердің компанияларымен келісімшарт жасалынды. Дәрі-дәрмектердің алғашқы партиясы келіп жатыр. Сонымен қатар келесі аптада Ресейден тәжірибе алмасу әрі көмек беру үшін бес маман, Түркия елінен 10 маман келеді деп күтілуде, – деді журналистерге берген сұхбатында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Албаев.

Қалада дəрі бағасын тұрақтандыру үшін төрт мониторингтік топ құрылған. Топтармен барлығы 136 дәріхана бойынша 61 дәрілік заттар атауына мониторинг жүргізілді. Мамандардың айтуынша, тексеру барысында шекті бөлшек бағаны көтеру фактілері анықталмаған. Дәріханаларда «Цефазолин», «Цеф 3», «Ацикловир», «Аскорбин қышқылы» сияқты дәрілік заттардың тапшылығы байқалады. Алайда мамандардың айтуынша, осы препараттардың басқа сауда атауларымен аналогтары бар. Осыған байланысты дәріханаларда дәрі-дәрмек жоқ болған жағдайда халыққа дәрілік заттардың аналогтарын басқа сауда атауларымен сатып алу бойынша түсініктемелер мен ұсыныстар айтылуда.

      Айта кетері, Шымкентте бүгінде коронавирус жұқтырған 3596 азамат тіркеліп, 2097 науқас емделіп шықты. Мегаполисте 1 маусымға дейін коронавирус жұқтырған 867 азамат анықталса, 1 маусым мен 7 шілде аралығында 2729 жағдай тіркелген. Яғни қауіпті індетті жұқтырғандардың саны күрт артып отыр.

Б.ЕРНАЗАР

Шымкент қаласы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:24
Бауыржан Байбек алматылықтармен Nur Otan праймеризінің барысын талқылады
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 10:05
НАТО Таулы Қарабақтағы жанжалға қатысты пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:30
БҰҰ Таулы Қарабақтағы жағдайдың ушығуына байланысты мәлімдеме жасады
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:30
Дәрігерлерге үстемеақы төлеуге қосымша 150 млрд теңге бөлінеді - Президент
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 16:34
Тоқаев дәрігерлерге коронавирустың екінші толқынына дайын болу керегін айтты
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 11:04
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43