Дәріден шыққан дүрбелең

Сайт Әкімшілігі - 14.07.20201773


«СК-Фармация» сенделтті, әкімдер, сенің нең кетті?!

   Қазір біздің елде «мылтықсыз майдан» жүріп жатқаны даусыз. Коронавирус елді меңдеп, індетті жұқтырғандар саны 55 мыңнан асып кетті. Статистикаға ілінбей, үйінде өзін-өзі емдеп жатқандардың саны да баршылық. Бүгінде халық арасында «емханаға барсаң, табытпен шығасың» деген түсінік  мықтап орнады.

     Жалпы, үкімет  коронавируспен күреске 6 триллион теңге шығындады.  Бұл – 13 миллиард доллар немесе жалпы ішкі өнімнің 8 пайыздан астам көлемі.  Қазір бұл қаржыға қосымша  тағы 150 млрд теңге бөлінді. Есептей білгенге бұл өте қомақты сома. Ал енді бюджеттен бөлінген қаржы осынша қомақты бола тұра, ел неліктен тиісті медициналық қызметке қол жеткізе алмай отыр? Ендеше, талдап көрелік.

                                 Дертке дауа қайда бар?

     Соңғы екі апта халықтың аласұрып дәрі іздеуімен есте қалды. Тіпті іздеген дәрісін таппағандар  билікті сынап, шенеуніктерді сыбап, сілікпесін шығарды. Ақырында үкіметтен қайыр жоғын білген ел әлеуметтік желілер арқылы чаттар ашып, жоқ дәрісін біріне-бірі іздеп тауып беріп, өзге қалалардан дәрі алғызып, жан сақтауға көшті. Дәріханалардағы ұзын-сонар кезек, дертіне дауа таппай сенделген ел қандай әрекет жасарын білмей дал болды. Қазақтың талай марқасқа азаматтары дәрінің жоқтығынан, медицина мамандарының тапшылығынан, емханаларда орынның болмауы салдарынан бақилық болды. Бұл көріністер елдегі тұтас медицина саласының «жансақтау бөлімінде» жатқанын дәлелдеп берді. Өз кезегінде біз «індеттің шырқау шыңына дайынбыз» деп, есеп беретіндердің өтірігін ашып берген тұс та осы болды. Ыстықты басатын, құны 80 теңге тұратын парацетамол дәрісінің тапшылығы, аспирин, дестамектазин, цефтриакицон дәрілерінің жоқтығы халықтың үрейін үдетті.

 

                                    Әкім халыққа жақын ба?

     Осы тұста Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Сұранысқа ие препараттарға деген қажеттілікті тұрақтандыру үшін 1 шілдеден бастап дәріханаларға 475 мың дана әлеуметтік маңызы бар препараттар, соның ішінде 260 мың дана парацетамол, 98 мың дана аспирин, 35 мың дана  ингавирин, 22 мың дана азитромицин, 15 мың дана кардиомагнил және басқа да дәрі-дәрмектер түсті. Сондай-ақ дәріханаларға 30 мың термометр қойылды. Қоймаларда әлеуметтік маңызы бар 645 мың дәрі-дәрмек, соның ішінде 301 мың аспирин, 84 мың кардиомагнил, 73 мың парацетамол, 42 мың ибупрофен, 26 мың амоксиклав және басқа да дәрі-дәрмектер бар. Күн сайын қаладағы 105 дәріханаға дәрі-дәрмектер жөнелтіледі. Бірақ олар тез сатылып кетуде. Десе де, іркіліс болмайды. Шілде айының соңына дейін 1,2 млн аспирин, 930 мың парацетамол, ибупрофеннің 350 мыңы, ингавириннің 100 мың қаптамасы, 80 мың азитромицин, 40 мың тамифлю және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілер жеткізіледі. Қаланың дәрі-дәрмек нарығында дүрбелеңге жол жоқ. Жағдай бақылауда. Құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Алыпсатарлар жазаланады», – деген пікір білдірді.

    Бұл пікірді Алматы қаласының әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында 8 шілде күні жариялады. Бірақ содан бері бір апта өтсе де, қаладағы дәрі-дәрмек дүрбелеңі әлі тыйыла қойған жоқ. Қарапайым халық қоғам белсенділерінен көмек сұрап, шыбын жанын сақтап қалу үшін басын тауға да, тасқа да соғып әлек. Ал біздің қаланың атқарушы билігі «барлығы бақылауда, дүрлігуге негіз жоқ» деген сөзінен танбай, елді таңғалдыруда. Нақ қазір атқарушы биліктің бұл қылығы халықтың жайына Айдың арғы бетінен қарап, бейқам отыратын жанның тірлігіне қатты ұқсайды. Осыдан-ақ «біздегі жергілікті биліктің өзі жағдайды сырттай бақылап қана отыр ма, әлде қоғамда шынымен не болып жатқанын білмей ме» деген заңды сауал туындайды. Мұндайда ескі шапанын киіп алып, халықтың арасына кіріп, жағдайды көзбен көріп, шешім қабылдайтын ежелгі билердің даналығы  еріксіз еске түседі. Ал біздегі сырбаз әкімдер өзі немесе көмекшісі оқиға орнына барып,  жағдайға қанығамын десе, қолдары ұзын, мүмкіндіктері бар ғой. Бірақ әзірге бірде-бір әкімқара дәрі тапшылығына қатысты «жағдай мүшкіл, халықты сақтап қалу керек» деп, дабыл қаға қойған жоқ. Үкіметтен, әкімнен қайыр күтпеген ел бүгінде өзара асарлатып, өкпені жасанды желдететін аппараттарға қаржы жинап, оны қоғам белсенділері арқылы сонау Түркия елінен елге жеткізуге жанын салып жатыр. Осылайша ел әдеттегідей өз жарасын өзі емдеуге жанын салуда.

                                Ел сенген  «СК-Фармация»

      Негізінде, бір бұл емес, дәрі-дәрмек тапшылығы, бұл саладағы дау-дамай бұған дейін де орын алған болатын. Осы мәселелердің алдын алу үшін үкімет 2009 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ құрылымында «СК-Фармация» компаниясын құру туралы шешім қабылдады.

 «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100 пайыз қатысу үлесін иемдену және пайдалану құқықтары денсаулық сақтау министрлігіне берілді.  Бұл серіктестіктің міндетіне: тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрі-дәрмек заттарын сатып алу жөніндегі ашық сауда-саттық ұйымдастыру; тиісті дистрибьюторлық тәжірибелер және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес, дәрі-дәрмек құралдарын, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтауды ұйымдастыру; мемлекеттік медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмектердің және медициналық мақсаттағы бұйымдардың логистикасы үдерістерін ұйымдастыру; бірыңғай дистрибьютор, тапсырыс беруші және жеткізуші логистикасы үдерістерін біріктіру үшін айналым, тауарлық қалдықтар туралы өзекті ақпарат алу үшін ақпараттық жүйе құру жұмыстары енді. Осы сәттен бастап біз компанияға сендік. Енді елдегі фармацевтика саласына жаңашылдық еніп, жағдайымыз біршама жақсарады деп үміттендік. Тіпті 2019 жылы «СК-Фармация – Адалдық алаңы» деген жобамен жұмыс істеп, «жемқорлыққа жол бермейміз» дегенде, «бәрекелді» деген болатынбыз. Дегенмен ел сенген «СК-Фармациямыз» қазіргідей мылтықсыз майданда дәрі тапшылығын қолдан жасап, қолдағы бар дәрілер мен елге келген гуманитарлық көмектерді  таратуға ерінген сыңайлы. Бұл ретте «СК-Фармация» жұмысына көңілі толмаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев компания басшысы Берік Шәріп пен Әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру қорының төрағасы, «әйеліне көлік әпергіш, атақты бай-манап саналған» Айбатыр Жұмағұловты қызметінен өзі алып тастады.  Ендігі көпшілік қауым «жауапты сәтте жауапсыздыққа жол бергендер тек орынтақтарымен қоштасып қана қоймауы керек, олар тиісті жазаларын алуы тиіс» деп отыр.

                                           «СК-Фармация» не дейді?

       Бізге пікір білдірген «СК-Фармация» ЖШС-нің баспасөз қызметі:  «Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен гуманитарлық көмекті бөлу бойынша бірыңғай оператор болып белгіленген «СК-Фармация» ЖШС төтенше жағдай кезінде елімізге келген гуманитарлық көмекті қабылдап, денсаулық сақтау министрлігінің келісімі бойынша өңірлер арасында біркелкі бөле отырып, рұқсат қағазын қалыптастырады және қайырымдылықтан түсетін тауарларды тасымалдауды қамтамасыз етті. Алайда 2020 жылдың 11 мамырында төтенше жағдай режимінің аяқталуына байланысты гуманитарлық көмекті бөлу жөніндегі оператордың қызметі де тоқтаған. Ал Катардан жіберілген гуманитарлық көмек Қазақстанға 2020 жылдың 21 мамырында келген болатын. Бұл кезде «СК Фармация» ЖШС өз қызметін тоқтатқан еді. Оның үстіне, Катардан келген медициналық бұйымдарға ілеспе құжаттар, сондай-ақ медициналық бұйымдарды бір жолғы әкелуге рұқсатты ресімдеу үшін қажетті тауардың сапасын растайтын құжаттар – міндетті рұқсат беру құжаты ұсынылмаған, онсыз елде медициналық бұйымдарды қолдануға рұқсат етілмейді. Медициналық бұйымдарды бір жолғы әкелуге рұқсат 2020 жылдың 25 маусымында алынды, ал 2020 жылдың 4 шілдесінде денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «СК-Фармация» ЖШС гуманитарлық көмек алу бойынша оператор болып қайта белгіленді. Гуманитарлық көмек ретінде алынған барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін медициналық бұйымдар өңірлер арасында біркелкі бөлінді. Қазіргі уақытта олар Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында және денсаулық сақтау басқармаларына жөнелтуге дайын. Сақтау қоймалары бейнежазба жүйесімен жабдықталған, қабылдау кезінде медициналық ұйымдар алынған тауарды қатаң тексеріп, жүкқұжаттармен салыстырады, жауапты тұлғалар қабылдау-тапсыру актілеріне қол қояды», – деп өзін-өзі ақтап отыр.

     P.S:  Қалай десек те,  дәрімен қамтуы тиіс серіктестіктің халықты сең соққандай  сенделтіп жібергені рас.  Бұған қабаттасып жергілікті әкімдер түйткілді түйінді шешіп, дабыл қағудың орнына  үкіметке «бәрі қалыпты» деп есеп беруден танбайды. Былайша айтқанда, бұлардың дымы кетпеді. Екі ортада зардап шеккен қарапайым халық қиындықпен бетпе-бет келіп сансырап қалды.

      Өзімізге белгілі болғандай, еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 7 шілдеден бастап «СК-Фармация»  ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа байланысты  тексерісті бастады, ол тексеру 31 шілдеге дейін жалғасады. Біз бұған дейін де аталмыш мекемеге тексерулер жүргізіліп, бұрынғы басшыларының миллиардтарды қымқырған фактілері жария болғанынан хабардармыз. Антикоррупциялық агенттік осы жолғы тексеру барысында мәселенің ақ-қарасын анықтап, «дәрі-дәрмек дүрбелеңінің неден басталғанын ашық жария етіп, жауапсыздар тиісті жазасын алады» деп сенгіміз келеді. Ал осы арада жергілікті әкімдіктер де айналасында не болып жатқанына шынайы көзбен қарап, халықтың жоқ-жітігін қамтып, қиындықтан шығудың ұтымды механизмдерін ұйымдастыра білсе дейміз...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды