Тоғжанов тоқетерін айтпады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.12.2018319

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде брифингте 20 минуттық баяндама жасап, тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Оның ішінде жақында ғана парамен ұсталған облыс әкімінің орынбасары жайлы, сол шенеуніктің қамалуына себепші болған мұз айдыны жобасы және жақында ғана Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Марат Тоқжанов, яғни, Ералы Тоғжановтың туған інісі туралы да сұрақтар қойылды. Әрине, облыс әкімінің бұл сұрақтарды жаратпағаны күреңіткен жүзінен анық байқалып тұрды. Содан болар Тоғжанов сұрақтарға нақты жауап беруден қашқақтап, сылап-сипап қана өтіп, мәселенің тоқетерін айтпады. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиевтің 115 мың еуро алып, қамауға алынғаны туралы сұраққа қысқа ғана жауап қатты. - Мен ол туралы пікірімді бұған дейін де айтқанмын. Ол ақпарат құралдарында жарияланған, - деді бұл жөнінде Ералы Тоғжанов. Ал, Ақтаудағы мұз айдыны құрылысын жүргізуші мердігерден пара алған Серік Аманғалиевтің қылмыстық ісінен кейін бұл жобаның болашағы не болады деген нақты сұрақ қойылса да, Ералы Тоғжанов нақты ештеңе айтпай, айналып өтіп кетті. Бұған қарағанда Ералы Тоғжанов өз бауыры туралы көбірек айтты. Тілшілер тарапынан «Жақында ғана сіздің туған ініңіз Ақтөбе облысы әкімнің орынбасары болып тағайындалды. Бірақ, бір әке-шешеден туған бауырлардың фамилиялары неге әр түрлі?» деп қойылған сұраққа: - Неге? Фамилиямыз бірдей. Тек бір әрпінде ғана өзгеріс бар. Менің бұл тағайындауға ешқандай қатысым жоқ. Мен бұл тағайындауға ризамын. Ол көптеген жылдар бойы әр түрлі қызметтер атқарды. Аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары болды. Бұл Ақтөбе облысы әкімінің шешімі. Сондықтан бұл сұрақты соларға қойған дұрыс шығар» деп жауап қатты. Шынында бір әке-шешеден туған бауырлардың біреуі Тоғжанов, біреуі Тоқжанов боп жазылып жүргені туралы «Жас Алаш» газетінің өткен нөмірлерінде айтылған болатын. Бірақ, Ералы Тоғжанов ағайындылардың бұл құпиясын ашқысы келмеді. Сонымен, бұл лауазымды қызметте жүріп, бір фамилиялас болудан қорқып жасалған сақтық па, жоқ, әлде о баста құжаттан кеткен қателік пе, белгісіз күйінде қалды.  Фото: lada.kz

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.