Сенімхаттың сергелдеңі

Сайт Әкімшілігі - 21.07.20201090

                       (әңгіме)   

Боранды күні артынып-тартынып алыс жолға шыққан да бір қиын.

  Ақпан айы Алматыға алақұйындатып келді. Бөрісырғақ амалының алғашқы күні көз аштырмай соққан жел қасқырдай ұлып, уілдеп, арты ақтүтек боранға айналып бара жатты.

  Шынтемір жүрдек пойыздың жылы купесіне кіргенде қас қарайып қалған сәт еді. Купеде ешкім жоқ. Алғашқы болып кірген өзі екен. Пальтосын асықпай шешіп, бұрыштағы қалайы ілгішке ілді. Өз орнына жайғасып, бойы жыли бастаған соң, терезеге тұтылған шолақ пердені қақ жара ысырып, қараңғы далаға көз салды.

    Перрон бойы арлы-берлі сапырылысып, бүрсеңдеп жүгірген нөпір жұрт. Асыққан жолаушылардың қара сұлбалары магнитке тартылған темірдің ұнтағындай үймелеп, әр вагонның кіреберісіне жабыса қалыпты.

    Пойыздың қозғалуына санаулы минуттар қалған. Біздің қазақ кешікпесе жүре алмайды. Жағасын жайлауға салып жүріп алады да, соңғы сәтте жанұшыра жүгіреді. Артынан «қанымызға сіңген қасиет қой» деп өзін ақтауға қиналмайды.

    Кенет жолаушылар кіріп жатқан тамбур жақтан айқай-шу шықты. Ашық тұрған купенің есігінен жекірген дауыстар анық жетіп жатыр.

– Ақсақал, түсіңіз деймін! Әйтпесе баланы тастап кетіңіз! Заңға бағынбайтын кімсіз сонша? – деп гүжілдеді жуан дауысты ер адам. Есіктің алдында алып денелі, бұжыр бет жолсерік жігіт тұр еді. Шынтемір «мынау соның даусы-ау» деп шамалады. Артынша:

– Түспеймін! Баланы да тастамаймын! Қолыңнан келгеніңді істеп ал! – деген егде кісінің қарлығыңғы даусы естілді.

     Осы аралықта перрон басындағы дауыс күшейткіштен қазақшасы сақаулау нәзік дауысты әйелдің: «Құрметті жолаушылар! Алматы – Шымкент бағытында қатынайтын нөмірі он екінші «Отырар» жүрдек пойызының жүруіне бес минут уақыт қалды», – деген хабарламасы жетті. 

     Купенің есігінен жұлқына кірген қария Шынтемірді көріп, шағынған адамдай:

– Мыналарды қарасаңшы! Өңкей нанталап, қызталақ! Туған немеремді тастап кет дейді, оңбағандар! – деді амандасып үлгермей жатып. Ол абажадай екі ала сөмкені орындыққа қоя салды да, соңынан ере кірген кейуананың қолындағы сәбиді алды. Атасының алдына отырған көзі алақандай, жүзі алабұртқан төрт жасар баланың мазасы жоқ. Ыстығы көтеріліп келеді екен. Оны бауырына қысып, маңдайынан иіскеп:

– Қорықпа, балам! Атаң сені ешкімге бермейді. Мен тұрғанда саған ешкім тиіспейді, – деп қария емірене түсті. Кейуана өзімен-өзі күбірлеп, сырт киімдері мен сөмкелерін реттеп қоя бастады.

– Неге ашуландыңыз, аға? – деді Шынтемір қарияның әжім шимайлаған ренішті жүзіне қарап.

– Мыналардың тірлігіне қалай күйінбейсің? Өзімнің немерем десем, мына баламды түсіріп кет дейді. «Дәберініс» дей ме, бірдеңе сұрайды. Мен онысын ұқпаймын. Бала – өзімнің балам, – деді қария нұры тайған көздерін алақанымен сүрткіштеп.

– Сенімхат сұрап жатқан шығар. «Доверенность».

– Иә, солай-ау деймін. Әйтеуір, «Дәберініс» дегенді қайта-қайта айтты ғой. Ол не пәле еді, өзі?

– Өзіңіздің туған балаңыз болмаса, қазір сәбиді бір қаладан екінші қалаға сенімхатсыз алып жүре алмайсыз, аға. Жақында үкімет сондай заң шығарған.

– Өй, заңын ұрайын! Өңкей шикібас. Кебісті теріс кигізіп... Туған немерем ғой бұл, – деп, қария мазасы кетіп отырған баланы құшырлана бауырына қысты.

– Қажеттілік болмаса, заң шығармайды, аға. Біздің елде «қойын алдырып, қорасын бекітіпті» дегендей ғой. Халық әбден қасірет шеккен соң ғана заң шығарады. Соңғы кезде кішкентай балалардың жоғалуы жиілеп кетті. Екі күннің бірінде пәлен жерде, пәлен қалада бала жоғалып кетіпті деген ақпарат тарап жатыр. Бұл сұмдық қой. Күздің соңында дәл осы пойызда екі бала бірдей із-түзсіз жоғалып кеткен. Содан шыққан заң бұл, – деп, Шынтемір мәселенің түп-тамырын ұқтыруға тырысты.

– Өз немеремді өзім қалай жоғалтамын? Сол жағын түсінбеймін. Әлде мен оны ұрлап бара жатырмын ба? – деп кейістік білдірді қария.

   Еңгезердей жолсерік жігіт жетіп келіп, бұлар отырған купенің есігін жұлқып ашты.

– Ақсақал! Мен сізге не дедім? Шықсаңызшы енді! – деді ол әкіреңдеп.

– Ал мен саған шықпаймын деп айттым ғой! – деп қария оған ажырая қарады.

– Өзіңіз шықпасаңыз, баланы тастап кетіңіз. Станса сайын тексереді. Менің басым екеу емес, – деді жолсерік.

– Әй, балама әдейі белет алдым ғой. Ол неге қалады?

– Билет алғанмен, «Доверенность» алмағансыз. Бұл заңсыз.

– Заңды жазғандар да сен сияқты бір ноқай шығар. Әйтпесе өз баламды өзіме сенбей, не бопты? Осындай да заң бола ма?

– Оны жоғарыда отырғандарға айтыңыз. Сөзді көбейтпей түсіңізші, ақсақал! Есікті жабайын деп жатырмыз. Болыңыз. Түсіңіз.

– Мені өлтірсең де түспеймін. Бері қара, өзің хат танитын шығарсың? – деп, қария төсқалтасынан құжаттарын шығарды.

– Тағы не айтпақшысыз? Маған ештеңе көрсетудің қажеті жоқ. «Доверенность» бар ма? Сол ғана керек.

– Жоқ, енді мынаған бір пәс қарасаңшы. Мынау – менің куәлігім. Атым – Аралбай, пәмилем – Нартаев. Мына баланың пәмилесі – Аралбаев. Менің атыммен жазылған. Көрдің бе? Аралбаев Дастан.

– Көруін көрдім ғой. Оның маған не керегі бар? Тексерушіге осыны айтып отырамын ба? Қойыңызшы, ата! Түсіңізші.

– Нағыз сөз ұқпастың өзі екенсің ғой, әй! Саған не деуге болады? Түспеймін дедім емес пе? Шауып алсаң да түспеймін!

– Айналайын, қарағым! Бізге бір ашуыңды бере ғой, енді, – деп, сөзге араласқан кейуана жолсерікке жалынғандай болды. – Мына ботақанымның денесі күйіп отыр. Бейкүнә баланы қорқытып, мазасын алмай-ақ қойшы, балам. Сенің де анаң мен балаң бар шығар. Билеті бар ғой. Қоя ғой, енді.

– Жоқ, болмайды апа! Жолға шығарда осыны неге ойламайсыздар? Қазақ десе, өзіңе тиеді. Тек қазақтар ғана осылай істейді. Тәртіп бәрімізге бірдей, заң бәрімізге ортақ. Бір минут қана уақыт қалды. Есікті жабамыз. Тез жиналыңыздар да, түсіп қалыңыздар, – деп, жолсерік жігіт айтқанынан қайтпады. Көкірегі қыжылдап отырған қария қатты ашуланып:

– Әй, әкеңнің аузын ұрайын! Аждаһадай болмай жоғалшы әрі! Не өлі, не тіріге қарамайтын не деген фашиссіңдер?! Бар! Қайда барсаң, онда бар! Қолыңнан келгенді істеп ал! Жап есікті! – деді ызаға булығып.

– Ақсақал! Боқтамаңыз. Мен сізбен ойнап тұрған жоқпын. Заңға бағынбайтын нағыз фашист мына сіз шығарсыз? Мені фашист деп... Енді шықпасаңыз, мен қазір стоп-кранды жұламын.

– Маған десең, он стоп-кран жұл! Мен түспеймін дедім ғой, түспеймін, – деді қария қитығып.

– Жұлғанда мәз боласыз ба? Пойызды тоқтатқаныңыз үшін миллион теңге төлетеді. Бар ма сондай ақшаңыз? Әлде апам екеуіңіздің пенсияңыздан төлеп тұрасыз ба?

– Оған сенің басың қатпасын. Бар! Жап есікті!

      Жүрдек пойыз ұзағынан бір кісінеп алып, омыртқасы сықырлап орнынан қозғала беріп еді, кенеттен сақыр-сұқыр етіп кілт тоқтады. Қайтпас жолсерік стоп-кранның қызыл пломбасын жұлып алыпты. Вагондағы жанжал одан сайын ушыға түсті.

     Жолсерік жігіт пойыздың бастығын шақыртты. Қария да сасқан жоқ. Күйініп баласына телефон соқты.

– Қайрат, сен қайдасың? – деді ол дөкей қызметте істейтін ұлына.

– Жұмыстамын, көке, жолға шықтыңыздар ма?

– Бізді Нәкөнтай шығарып салды. Вагонға отырдық. Бірақ жүре алмай тұрмыз.

– Неге? Тыныштық па, көке?

– Тыныштық болмай тұр. Мына бір жолсерік «дәберінісің» жоқ, Дастанды тастап кет дейді. Тастамаймын десем, соған бола пойызды тоқтатып тұр. Пойызды тоқтатқаның үшін ақша төлейсің дейді. Бұл не сұмдық?

– Тырп етпей отыра тұрыңыз. Қазір хабарласамын, – деп Қайрат телефонды жапты.

– Сен не істеп жатырсың? – деді бірер минутта жетіп келген пойыз бастығы бұжыр бет жолсерікке жекіріп. Жолсерік кішірейе сөйлеп, істің мән-жайын түсіндірді.

– Болды, үндеме! Жоғарыдан қоңырау түсіпті. Жүре беріңдер деп жатыр. Тыныштық керек. Бір бала үшін басымыз кетеді. Енді ол кісілерге тиісуші болма, – деді бастық нығырлай тапсырып.

     Пойыз жылдамдық алып заулай жөнелді.  Қаладан шыққан соң, билет тексеруге кірген жолсерік жолаушыларды түгендеп болып:

– Ақсақал! Сіздікі бәрібір заңсыздық. Мына бала үшін үш мың теңге төлейсіз. Жолда тексереді. Сіз үшін жеп отырған нанымнан айырылатын жайым жоқ. Үш мың теңге қазір төлеңіз, – деді.

– Тапқан екенсің тулақ қылатын адамды. Бір тиын да төлемеймін. Тексерушіңе төлесең, өзің төле, – деп наразы қария ерегісе кетті. Дауды біржолата бітіргісі келген кейуана жолсерікті өзіне қаратып:

– Айналайын-ай! Осынша жаушапты қылатын ештеңе жоқ еді ғой. Атаңның мазасын алмай-ақ қой. Мен-ақ берейін. Осыны ал да, бізді жайымызға қалдыршы. Мына бала ауырып келе жатыр. Бара ғой, – деп, бұжыр бет жігітке үш мың теңге ұстатты. Жолсерік ақшаны қағып алып, зып беріп шығып кетті.

    Оңаша қалған соң, Шынтемір қарияның көңілін ауламақ болып:

– Сабыр етіңіз, аға! Сонымен, мына пұшық атасының баласы болды ма? – деді монтиып отырған бүлдіршіннің басынан сипап. Терезеден қараңғы далаға қарап ілкі сәт ойланып кеткен қария оның сөзіне елең етіп:

– Иә, нағыз атасының баласы! Мұндай бала ешкімде жоқ, – деді немересін өбектеп. – Атын да өзім қойғанмын. Кенжемнің кенжесі ғой. Бала мен келін жұмысбасты болған соң, үш жасқа келгенше өзіміз бақтық. Кемпір екеуміздің қолымызда болды. Тілі ауылда шықты. Былтыр балабақшаға береміз деп қалаға алып кетіп еді, бізді сағынып ішіге ме білмеймін, апта сайын ауыратын болды. «Тағы да ауырып жатыр» дегенге жетіп келдік. «Атамнан қалмаймын. Ауылға барам» деп жата кеп жабысты. Содан әке-шешесін көндіріп, ауылға әкетіп барам. Түнде менің қасымда жатады. Ой, тәтті-ау, тәтті! Осыдан күш аламын. Осы үшін өмір сүргім келеді.

– Қазақтың баласы ауылда өскені дұрыс, – деп Шынтемір қарияны қолдап қойды. – Асфальтта өскендерді көріп жүрміз ғой. Жылыжайда (теплицада) өсірген гүл сияқты. Үп етсе сүп етіп құлайтын нәуетек болып шығады. Бір таңғалатыным, қазақша сөйлеңдер деп қанша қақсасаң да, қала баласының орысшаға есі ауады да тұрады. Неге олай екенін түсінбеймін. Ал ауылда еркін ойнап, жас күнінен жұмысқа араласып, шынығып өскен бала шымыр болады. Қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін біліп өседі. Ана тілін қанына сіңіреді. Менің ойымша, нағыз ұлтжанды болу үшін әр қазақ балалық шағын ауылда өткізуі керек. Қай саланы алып қарасаңыз да, ұлтымыздың мақтанышына айналған адамдар ауылда өскен қазақтар. Біздің алтын тамырымыз ауылда. Сондықтан бұл баланы ержеткенше ауылда өсіріңіз. Білім-ғылымға талпынып өссе, қазақтың намысын жыртатын нағыз атпал азамат болады.

     Шынтемірдің сөзін тыңдап, қария тыңайып қалғандай болды. Немересінің болашағы туралы айтқан ойларына сүйсінді.

– Бұл менің жүрегімнің бөлшегі ғой. Әлгі иттер болса осындай тәтті баланы тастап кет дейді. Жаңағы ашуланғаныма сен ренжіме, бауырым. Жер қозғалса, қозғалмайтын адам едім. Мыналар қанымды қайнатып жіберді, – деді Шынтемірдің алдында кінәлі адамдай сөйлеп.

– Оқасы жоқ, аға. Өмір болған соң, әртүрлі жағдай бола береді, – деді Шынтемір ол кісіні жұбатып.

– Оқыған адам сияқтысың ғой. Төрелігін өзің айтшы. Осы заң дұрыс па енді? Туған немеремді алып жүре алмасам не болғаны? Осындай солақай заңды кім шығарады?

– Тура сөйлеген Төле бидің ұрпағы едім. Төрелігін айт десеңіз айтайын, аға. Сіз ренжімеңіз.

– «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, үш жүздің баласын сөзіне тоқтатқан Төле ғой. Айта бер.

– Бұл жерде сіздікі дұрыс емес, аға. Кез келген адам заңға бағынуға тиіс. Біреудің баласын екі қаланың арасында алып жүру үшін ата-анасының атынан берілген, нотариус бекіткен сенімхат керек. Сондай заң бар. Егер сенімхат алсаңыз, мына даудың бірі де болмас еді. Заң талабын сақтаған адамға ешкім ештеңе дей алмайды. Сіз білместік жасағансыз. «Білмедім» деген сөз заңға жүрмейді. Заң бәріне ортақ.

– Бұдан кейін білетін болдық. «Заңға бағынған қор болмас» деген. Бағынбай қайда барамыз? – деді қария Шынтемірдің сөзін құптаған сыңаймен.

– Сізге бола он бес минут кешігіп аттандық. Он бес минут талай адамның тағдырын шешуі мүмкін, – деді Шынтемір. – Балаңызға хабарласып, оны әуреледіңіз. Ал ондай балаңыз болмаса, не істер едіңіз? Қыруар айыппұл төлеуге тура келер еді. Көрдіңіз бе? Осының бәрі бір сенімхаттың сергелдеңі. Заңның да қайшылықты тұстары бар. «Шаш ал десе, бас аладының» кері. Жақын туыстығы құжатпен дәлелденсе, баланы сенімхатсыз-ақ алып жүруге мүмкіндік беру керек қой. Мысалы, сіздер сияқты туған ата-әжесі немесе аға-апасы екенін дәлелдейтін құжаты болса, сенімхат сұрап не керек? Бірақ қисық заң оған көнбей тұр.

– Соны айтсаңшы. Қисайған жағынан тұрмайтын бұл қандай заң? – деп қария бір көтеріліп қалды.

– Балаңыз басшыларға айтып, жағдайды реттеген соң жолсерікке бекер-ақ ақша бердіңіз.

– Мен бермес едім. Мына апаң ғой, кеңқолтық. Лақ еткізіп ұстата салды.

– Сол бекер болды. Арсыз неме өзінің қалтасына түсетін үш мың теңге үшін стоп-кранды жұлуға дейін барды. Арзымайтын ақшаға бола жанталасты. Мақсатына жеткен соң жайына кетті. Сонда оның зарлаған заңшылдығы қайда қалды? Заңның құны үш мың теңге болғаны ма? Ел білетін бір ақынның: «Ақша берсең, біздің елде талап та ұмыт, заң да ұмыт, Тас төбеңе қолды қойып, кеткің келер қаңғырып», – деп жазғаны бар еді. Пайымсыз адам, зайырсыз заң, қайырсыз қоғам деген осындай болады.

– Жетер жеріне жеткізіп айттың, бауырым! Саған разымын. Мен де өз заманымда ауылды дүрілдеткен ақын едім. Мына жағдайға байланысты екі шумақ өлең тіліме оралып тұрғаны. Соны есіңде сақтарсың, – деп қария көсіле жөнелді:

– Сұрасаң арғы ныспым Нартаевпын,

Заң білмей бекер ғана шалқайыппын.

Кішінің ақылына қарап қалдым,

Бауырлар, кешіріңдер қартайыппын.


Аздың деп жазғырмаңдар сендер мені,

Алдыма інім келді дем бергелі.

Аяздай сүйегімді сырқыратты-ау,

Сенделткен сенімхаттың сергелдеңі.


       Қарияның өнеріне риза болған Шынтемір:

– Аға, мына өлеңіңіз төгіліп тұр ғой. Төрт аяғы тең түсті. Бұл өлеңді «Сенімхаттың сергелдеңі» деп атасаңыз да болады. Қайталап айтыңызшы, жазып алайын, – деп, ұялы телефонының тетіктерін басып тере бастады.

     Бұл кезде қарияның сүйкімді немересі атасының алақанына басын қойып, алаңсыз ұйқыға кеткен еді.

 

 Темірғали КӨПБАЙ

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды