Қаңғыбас кезбелер, қылмыскер жеткіншектер

Сайт әкімшілігі

21.07.2020, 12:46

18

Қазақ баласын бауырына кім басады?

«Бар жақсымыз – балаларға!» деп ұрандатқан, келмеске кеткен кеңестік кезең кең болыпты ғой, шіркін. Бар баланы  көрім көмекке көмкерді. Әр әулеттегі бүлдіршіндердің жүзі жарқын, тамағы тоқ, көйлегі көк, мерейі үстем болды. Обалы нешік, кеңес заманында  жетімдер үйіндегі жеткіншектер де теперіш көрмеді. Қазір ше? Ұлт ұландарының тағдыры табанға тапталған. Балаға қарауға ата-ананың қауқары кем, «біреудің баласымен» қоғамның жұмысы жоқ. «Ұрыны ұры алыстан таниды» деген рас. Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, осы күні жасөспірімдер арасында ұйымдасқан қылмыс жасау фактілері көбейген. Соның бірін баяндасақ: үстіміздегі жылдың қаңтар айында Шахтинск қаласында өрімдей екі қыз сауда үйінің бір нүктесінен әйелдерге арналған күртешені қолды етпек болған. Айласын асырып, шығуға оқталмақ болғанда екеудің ұрлығын аңғарып үлгерген клиенттердің бірі сатушының қасына келіп, ымдап белгі береді. Саудагер  нүктенің есігін бекітіп, дереу полицейлерге хабарлайды.  Суыт хабарлама түскен оқиға орнына  келген тәртіп сақшылары баукеспе бойжеткендердің қолын кісендеп, бөлімшеге жеткізеді. Жасөспірім қыздар ювеналдық полиция есебіне алынды. Олардың мәселесі білім бөлімі жанындағы  жасөспірімдер құқығын қорғау жөніндегі кеңесте қаралды. Енді баукеспе қыздардың әр қадамы қырағы бақылауда болады. Осы тақылеттес әккі әрекеттерге ауылдық жердің бозбалалары да бой алдыруда.

       Дәурен ӘБІЛДИН, Қарағанды облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция тобының аға инспекторы:

–       Жақында Бұқар жырау ауданында  ірі топ қолға түсті. Олар екі күн  жекеменшік бір үйдің ішіне кіріп, сатуға татитын  бағалы дүние- мүліктер мен темір-терсектерді жиып-теріп, металл қабылдайтын  орынға тапсырған. Арада үш күн өткен соң, қонақтан оралған қожайын шаңырағының ойраны шығып жатқанын көріп, бірден жергілікті полиция бөліміне барып арызданады. Ертеңінде жедел топ қызметкерлері  қылмыскерлерді құрықтады. Кәмелеттік жасқа толмаған қылмыскерлер полиция есебіне алынды.

    Ойланбай от басқан осындай жеткіншектерге тәртіп сақшылары тарапынан дүркін-дүркін  тексеріс болғанымен, ерік-жігерін мәжбүрлеу басым көрінеді. Шалыс қимылға баратын  өрендердің басым көпшілігі қылмысқа тіленіп ұрынбайды. Отбасындағы  жанжалдан шаршағандықтан,  жоқшылықтан, қажығандықтан барады. Анығын айтқанда, біреудің мүлкін қолды ету арқылы материалдық мұқтаждықты  шешуге ұмтылады. Қарағанды қаласындағы «Шанс» қоғамдық қорының директоры Карина Поликовичтің уәжіне құлақ ассақ, қазіргі кезде ата-анаға қажетсіз жеткіншектер көбею үстінде. Дүбара күй кешкен балаларды туыстары, одан  қалды, қоғам да жатсынуда. Айтуынша, әке-шешесі тірілер санатында дегені болмаса,  тағдырлары жетім жандардан  бір мысқал да кем емес. Тағдыр теперішіне тап болған балалардың тал бойын уайым-қайғы торлаған.

–       Біздің қоғамдық қорға күніне 20 шақты бала  қоңырау шалады. Шағым иелері  ата-аналарының жағымсыз әрекетінен қажығандықтарын айтады. Барар жер, басар тауы қалмағандықтан, паналайтын мекенжай  сұрайды. Біздің ғимаратта  наурыз айынан бері екі жастан 18-ге дейінгі балалар тұрып жатыр. Талап бойынша 14 күн мекендеу керек, бірақ карантин мерзімінің ұзаруына байланысты аялдау мерзімін амалсыз ұзарттық. Амалсыз дейтінім, оларды тамақтандырудан бастап, шаруашылық бұйымдары мен гигиеналық қажеттіліктері өз мойнымызда. Мемлекет көк тиын қаржы бөлмейді. Демеушілеріміз жоқ. Қордың Астанадағы бөлімшесінің  қолдауы арқасында әлгі балғындардың қажеттігін ашып отырмыз. Балалардың бұл арадан кеткісі жоқ. Үш айдан бері оларды іздеп келген бір жан болмады. Егер жақын жандары келмесе, олар  бізден шыққан күні бейімдеу орталығына немесе балалар үйіне жіберіледі, – дейді  қоғамдық қордың басшысы.

      Туған  ата-анасынан теперіш көріп жүрген жазықсыз жеткіншектердің аянышты күйін  көбіне  көршілері жеткізетін көрінеді. Өйткені отбасындағы зорлық-зомбылық, ішімдікке салыну фактілері көзге көрінетін жайттар. Ал аналар тарапынан баланың намысына тиіп, оның соңы қайғыға ұласып жатқан оқиғалар да аз емес. Біле білсек, бұл да қылмыс. Осындай фактілер оқушылар қашықтан оқу әдісіне көшкен кезде көп орын алған.

Карина ПОЛИКОВИЧ, «Шанс»қоғамдық қорының  директоры:

–       Онлайн жүйесімен сабақ оқу аяқталған мамыр айында орталыққа  39 жасөспірім телефон шалып, әке-шешелерінен қысым көргендерін мәлімдеді. Қорытынды кезінде «3-тік» бағасы көбейіп кеткен  Зарина есімді қыз анасының ызыңдауынан   қажығаны соншалық – өмірін қиюға әзір екенін жеткізді. Психолог мамандарымыз  Заринаны шақыртып, сұхбаттасып  кеңес берді. Бақсақ, баланың басындағы қиындық мұнымен шектелмейді екен. Ата-анасы ажырасып кеткенде қыз бала шешесінің қолында қалған. Айтуынша, оның туған анасымен бір үйде тұруға зауқы жоқ, мінездері келіспейтінге ұқсайды. Зарина әкесімен тұруға бейілді екен. Бірақ оның қызын қабылдауға жағдайы жоқ. Міне, осындай екі оттың ортасында қалған  бақытсыз өрендер  біздің ортамызда аз емес.

     Орайы келгенде, қор жетекшісі қоғамнан тысқары қалған отбасылардың балалары оқитын мектептің педагогтарымен тілдесуіме өтініш жасады. Аты-жөнін Айман Алпамысова деп, бүркеншік атпен атауды және мектебінің санын көрсетпеуді өтінген 14 жылдық еңбек өтілі  бар мұғалім Октябрь ауданының №13 ықшамауданындағы мектепте 8-сыныпқа жетекшілік етеді.

–       Меніңсыныбымда 29 бала оқиды. Олардың 80 пайызының ата-анасы ажырасқан, ішімдікке салынған немесе қарт әжелерінің қарауында қалған жеткіншектер. Балада жазық жоқ, бейкүнә, жан дүниесі нәзік, қайырымды. Олардың бәрімен сырласамын. Бірде Зарина деген әжесімен тұратын оқушым анасының маскүнемдікке салынғанына қапаланып егіліп жылады. Мамасын сағынатынын, арақтан алыстатуды ойлап, армандайтынын айтты. Сондағы байқағаным, теперіш тартып жүрген жасөспірімдерге бір нәрсе жетіспейді. Жақын жандардың  мейіріміне қанбаған. Ет жүрегің елжіреп, аянышты күй кешесің. Күнделікті сабақ барысында отбасында әлімжеттік көретін  оқушыларымның  көбіне ашқұрсақ жүретініне және түндерін мазасыз өткеретініне куә боламын. Тым құрығанда шөкімдей көмекті мемлекеттен алса болар еді.

     Елімізде кедейшіліктің қамытын киген өрендер арасында қылмыс жасау жағдайлары азаймай келеді. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген сөз осындайда айтылар. Біздің айтпағымыз «тоңып секіретіндерге» қатысты. Цифр тілімен баяндасақ, былтыр бөтеннің мүлкін ұрлауға байланысты 20  факті тіркелсе, биылғы наурыз айына дейін жеті оқиға тіркеліп үлгерген. Ағымдағы жылдың жарты жылында жеткіншектердің тонауына 21 жеке тұлға ұшыраған.

Келте қайырар болсақ, мемлекеттің болашағын балаға теліген күн көсем – Ленин Кеңес өкіметінің бүкілодақтық төтенше жағдай комиссиясының  басшысы Дзержинскийге азаматтық соғыста опат болғандар мен ашаршылық құрбандарының  қараусыз қалған балаларын «бандының ошағынан» қорғау үшін бір жерге жинаған. Миллиондаған жеткіншекті балалар үйіне орналастырып, жағдай жасап, тегін білім берген. Ленин  өрендерінің арасынан кейін жүздеген тау тұлғалар шығып, Кеңес өкіметінің көсегесін көгертті. Өз елінің тарландарын тар кезеңде тарықтырмаған –  тарихта жауыз қолбасшы ретінде аты қалған Адольф Гитлер. Фюрер ұлт ұландарын бақытқа бөлеген бағбан болды.  «Гитлердің балалары» фильміндегі фашистік амандасу рәсімімен қолын қиғаштап жоғары лақтыра көтерген, рухы жалын атып, көзінде от ойнаған қаhарман неміс баласы Гитлерді көргенде құрметін кішкентай жүрегіне сыйғыза алмай, саптан  сытылып шығып сәлем беретін. Иә, неміс ұрпағының  ұлы әкесі болды. Тап қазіргі шақта Қазақстанның бар баласын бауырына басатын идеал әке жетіспей тұр.

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:24
Бауыржан Байбек алматылықтармен Nur Otan праймеризінің барысын талқылады
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 10:05
НАТО Таулы Қарабақтағы жанжалға қатысты пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:30
БҰҰ Таулы Қарабақтағы жағдайдың ушығуына байланысты мәлімдеме жасады
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:30
Дәрігерлерге үстемеақы төлеуге қосымша 150 млрд теңге бөлінеді - Президент
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 16:34
Тоқаев дәрігерлерге коронавирустың екінші толқынына дайын болу керегін айтты
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 11:04
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43