Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт әкімшілігі

21.07.2020, 12:59

283

        Шекарадағы көші-қон мәселесі оң шешімін тапты

Карантинге байланысты наурыздан бергі аралықта қазақ-өзбек шекарасы жабық тұр. Өзара аралас-құралас екі ел арасында барыс-келіс сап тыйылған. Бұл, әсіресе, Өзбекстаннан көшіп келген қандастарға қиындау тиіп тұрғаны рас. Арғы беттегі ағайын-туыс, құда-жегжатпен қарым-қатынас жоқ. «Шекара тамыздан бастап ашылады екен» деген әңгіме бар. Алайда дәл қазір  екі елде де індет өршіп тұр. Мұндай жағдайда шекараның тамыз түгіл, жыл соңына дейін ашылмауы әбден мүмкін.

Жалпы, Өзбекстан көші-қон, шекара тәртібіне келгенде қатаңдау ел. Көрші мемлекет сол наурыздан бастап, өзге  түгіл, өз азаматтарының шекарадан өтуін шектеп тастады. Соның салдарынан  қазақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеттерінде жиналған өзбекстандықтар мен тәжікстандықтардың  шоғыры күн санап көбейе бастаған еді. Бұл мәселе өткен аптада ғана біржақты шешімін тапты.

Сарыағаш аудандық әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, 23 наурыз бен 11 шілде аралығында көрші ел азаматтары өз елдеріне өте алмай, «Жібек жолы» кеден бекеті маңында бірнеше күн түнеуге мәжбүр болған. Кеден бекетіне бір мезгілде жиналған азаматтардың саны 3000-нан асқан. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, өз елдеріне қайтып жатқандардың барлығы дерлік Қазақстанда жұмыс істеген Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары. Шекарадағы адам шоғырының көбеюіне Өзбекстанның сырттан келгендерді бірнеше күнге оқшаулауы себеп болған.  Келушілердің бәрін бір мезгілде оқшаулауға провизорлық орындар жетіспеген. Осы себепті көптеген азаматтар шекарадан өте алмай,  Қазақстан жағында қалуға мәжбүр болды. Бір адам провизорлық орынға жату үшін кезегін күтіп,  алты күндей уақытқа кідірген.

Алайда шарасыз шетелдіктерге Қазақстан жағы үлкен көмек көрсетті. Шекарадан өткізу кезінде реттілік ұйымдастырылып,  әйелдердің, жас балалардың және жасы үлкен азаматтардың бірінші кезекте өтуіне басымдық берілді. Жас балалары бар әйел азаматшалар мен жүкті әйелдер сол маңдағы қонақүйлерге тегін орналастырылып, қажетті көмек көрсетілді. Кәсіпкерлердің демеушілігімен ыстық тамақ ұйымдастырылды. Кеден бекеті маңында күніне үш реттен санитарлық тазалық және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында залалсыздандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілді.     Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің  Өзбекстанға арнайы жасаған іссапары барысында оң шешімін тапты. Қазір көрші ел өз азаматтарын кедергісіз әрі тұрақты қабылдауға көшті. Бүгінге дейін  Өзбекстан Республикасының – 47 489, Тәжікстан Республикасының 1554 азаматы өз елдеріне кеткен. Бүгінгі таңда кеден бекетінің маңында еліне өте алмай тұрған шетел азаматтары жоқ.

Сардобадағы жағдайдан кейін қазақ-өзбек қарым-қатынасынан жылымық байқалады. Жуырда  Түркістан облысы әкімдігінің делегациясы Өзбекстанға барып, трансшекаралық су нысандарын басқару, қолдану және қорғау бойынша жиынға қатысып қайтты. Жиын барысында Қазақстанның  экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев пен Өзбекстан су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев  бірқатар құжаттарға қол қойды.

– Түркістан облысы ағын суға өте зәру. Биылдың өзінде Сырдария өзені бойында жағдай күрделене түсуде. Су тапшы. Осы орайда, экология министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Түркістан облысы әкімдігі делегациясының Ташкенттегі келіссөздері өте нәтижелі болды, – деді осы сапар барысына түсінік берген  облыс басшысы Ө.Шөкеев.     Біріншіден, су ресурстарын бөлу жөніндегі жол картасына қол қойылды. Жол картасында қазіргі жағдаймен бірге, келешекте  күрмеуі қиын мәселелерді қалай шешуге болатыны көрсетілген. Шешімін тапқан екінші мәселе «Достық» халықаралық каналына қатысты. Аталған каналмен Түркістан облысына үздіксіз су беруге қол жеткізілді. Енді шілде айында «Достық» каналынан облыс аумағына секундына 80 текше метр су беріледі. Бұған Өзбекстан тарапы өз кепілін беріп отыр. Ал тамыз айында бұл көрсеткіш 70 текше метр болады.

– Шекаралық аудандарда 500 мың адам тұрады. Ағын су мәселесі көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ еді. Енді осы проблема шешіліп отыр. Судан басқа, біз тағы екі бағытта жұмыс бастадық. Біріншіден, Кентау мен Түркістан қалаларында үлкен тоқыма фабрикасын саламыз. Әйелдерге 1000 жұмыс орнын қамтамасыз ететін екі фабрика жұмыс істейтін болады. Үшінші бағыт – Түркістан төңірегінде Өзбекстан тәжірибесімен шөлді, құмды, тұзды жерлерге сексеуіл, жыңғыл отырғызылмақ. Наманган тәжірибесімен жеміс-жидек өсіретін алқаптар ұйымдастырылады. Қазір біздің облыстан үш топ жұмыс істеп жатыр. Олар Наманган мен Қарақалпақстанға барады. Біз бұл тәжірибелерді өзімізге ендіруге мүдделіміз, – деді аймақ басшысы.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, Өзбекстанда коронавирус жұқтырған азаматтардың саны 16 мыңнан асқан. Көрші елдің халқы бізден екі есеге жуық көп болғанымен, ауру жұқтырғандардың саны бірнеше есеге аз. Неге? Сарапшылар мұны Өзбекстанда карантин шараларының бізге қарағанда басқаша жүргізілгенін және оның нәтижелі болғанын айтып отыр. Яғни Өзбекстанның бұл тәжірибесінен де үйренеріміз аз емес сияқты.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

Түркістан облысы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 18.09.2020, 10:09
Бидай қымбаттады, енді нанның бағасы өсе ме?
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 17.09.2020, 10:24
Бауыры суық қоғам және ағаның жан жылуы
Қарлығаш Зарыққанқызы 15.09.2020, 10:45
Министр шешілмей жатқан түйінді «әлсіз ұстаздарға» артқысы келе ме?
Сайт әкімшілігі 14.09.2020, 11:00
Бас санитар қатаң карантиндік шектеулер енгізуге қатысты пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 14.09.2020, 09:43
Алексей Цой ресейлік вакицнаны бірінші болып салдырды
Әділ АҚЫЛБАЙ 10.09.2020, 10:27
Империя елесі

Аңдатпа


  • Ахметовтің кадр саясаты ақсай бастады
    21.09.2020, 21:08
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13