Қайнайды қаның, ашиды жаның...

Сайт Әкімшілігі - 21.07.20201423

  Биылғы мектеп бітірушілер ерекше түлектер. Пандемия салдарынан дәстүрлі форматтың барлығы өзгеріп, эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа тәсілдер қолданылды. Бұл білім және ғылым министрлігінің түрлі жаңашылдықтарға дайын еместігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Қашықтан оқытудағы қиындықтар былай тұрсын, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық пен оған қатысу, жоғары оқу орнына құжат тапсырудағы мәселелер шаш етектен. Соның кесірінен оқушылар мен ата-аналар зар қақсап жүр. Отандық білім беру жүйесінен олардың көңілі әбден қалғандай.    

250 млн теңге қайда

Ауру айтып келмейді. Дүниежүзін жалмаған COVID-19 біздің елді де                               айналып өтпеді. Наурыз айының ортасында коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайы «наконец-то» тіркеліп, Қазақстандағы өмір «коронавирусқа дейін» және «коронавирустан кейін» деп екіге бөлінді. Сәйкесінше, тұрғындардың өмір сүрту салты түбегейлі өзгерді. Бұл ретте қауіпті індет білім беру саласына да өзгерістер  алып келді.

Оқушылардың да, ұстаздардың да басын қатерге тікпеу үшін төртінші тоқсанда сабақ қашықтан жүргізіледі деген шешім қабылданды. Бірнеше күннің ішінде мұғалімдер 10-15 минуттық дәрістерді түсіріп, отандық телеарналар арқылы көрсете бастады. Асығыс жасалған дүниенің сапасыз болатыны айтпаса да түсінікті. Оқушыларға көмекші құрал болуы тиіс бұл бейнесабақтарда түрлі кемшіліктер кетіп, балалар түгіл, ересектердің өзі сол сабақтардың мәнін ұқпаған кездер жиі кездесті. Оқушылардың барлығы бірдей теледидар, компьютер, смартфон, интернетпен қамтылмағаны, «Күнделік» электронды жүйесіндегі бітпейтін ақаулар тағы бар. Жаңашылдықтың осы бір алғашқы сатысының өзі талай ата-ана мен оқушының жүйкесін тоздырып жіберді.

11-сынып оқушылары да өзге шәкірттер сияқты қашықтан білім алып, тапсырмаларды электронды түрде орындауға кірісті. Ғаламтордан жауаптарды тауып, мүмкіндігінше құбылтып, бір-бірінен көшіріп, әйтеуір, жақсы бағаға ілігу үшін тырысып бақты. Себебі бұл кезеңде алған баға аттестатқа енеді. Бірақ сол аттестатты алу да «жыр» болды. Мамыр айының соңына дейін түлектер соңғы қоңыраудың соғылар-соғылмасын, аттестатты салтанатты жағдайда алар-алмасын білмей дал болды. Әйтеуір, соңғы қоңырау 3-4 маусымда соғылатыны белгіленіп, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті.  Сөйтіп, биылғы түлектер аттестатты әдеттегідей түлектер кешінде әдемі көйлектер мен су жаңа костюмдер киіп емес, санаулы адам қатысқан, медициналық маска мен қолғап киген соңғы қоңырау шарасында мектеп формасымен-ақ барып ала салды.

Білім және ғылым министрлігі мынадай қысылтаяң кезеңде мектеп бітірушілерге жеңілдік жасау мақсатында оларды қорытынды аттестациядан босатты. Яғни оқушылар мамыр айында бес пәннен емтихан тапсырған жоқ. Қош делік. Вирустың таралуына байланысты наурыз айында тапсыруы тиіс болған Ұлттық бірыңғай тестілеу де өтпей қалды. Ал бұл сынаққа қатысу үшін 111 мыңнан астам түлек 1-15 ақпан аралығында Ұлттық тестілеу орталығына 2242 теңге төледі. Енді есептей беріңіз. Өтпеген тестілеуге шамамен 250 млн теңге төленді. «Бұл ақша қайда?», «Наурыз айында тест болмағаны үшін ақшамызды қайтарып бересіздер ме?» деген сынды сұрақтар Ұлттық тестілеу орталығының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында қарша борады. Бірақ орталық тарапынан қаражаттың жұмсалуына байланысты нақты ақпарат берілмеді. Тек төтенше жағдай кезінде тегін түрде қайталанбас 70 нұсқа тестілерін ұсынғанын еске салып, наурыз айындағы тестінің орнына тағы да жаңартылған базаның бес қайталанбас нұсқасын беретінін хабарлады. Ұлттық тестілеу орталығының жауабы осы болды. Бірақ бұл ретте де қиындықсыз болмады. «Сайт жүктелмей тұр», «Аяқтауға аз қалғанда сайт істемей қалды», «Аутентификация қателігі деп шыға береді», «Әлі де тест тапсыруға тіркеле алмай отырмын. Сайт қашан жұмыс жасайды?», «Неге бірінші нұсқаның жауабы шыға береді?» «Ақшаны қайтару керек. Төтенше жағдай болатынын білгендей наурыздың аяғында болатын тестіге ақпанның басында жинап алдыңдар» деген сипаттағы шағымдар мен сұрақтардан көз сүрінеді.

Сөйтіп, көпшілік тағатсыздана күткен сәт те келді. 21 маусымда елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Әу баста 5 шілдеге дейін жоспарланған бұл сынақтың мерзімі қайта қаралып, 1 шілдеде аяқталды. Бірақ тест тапсырушылардың дені әлеуметтік желілер мен Ұлттық тестілеу орталығының парақшасында төтенше жағдай кезінде берілген теңдессіз 70 нұсқа мен наурыз айындағы ҰБТ-ның орнына маусымда берілген қайталанбас бес нұсқаның сұрақтары сирек кездескенін жарыса жазды. Сондықтан сыннан сүрінгендер аз емес. Осы жылы орташа балл 64,06 болса, былтыр тест тапсырушылар орта есеппен 65,5 балл жинаған болатын. Орталық берген тестілерге жауап беріп, сол арқылы дайындалған түлектер уақыттың текке кеткеніне күйінді де қынжылды. Бірақ, амал нешік...

Құжат қабылдаудың қиындығы

Қызық пен қиындықтың «көкесі» қазір қызып тұр. Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау аласапыранға айналды. Мемлекеттік грантқа талас нағыз жанталас. Бұл кезде де білім және ғылым министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығы адамдардың басын әбден қатырды.

Шілде айының алғашқы күндері «жоғары оқу орындарында білім алу үшін мемлекеттік гранттар тағайындау конкурсына құжаттар 13-20 шілде аралығында қабылданады» деп хабарланды. Абырой болғанда, бұл жолы 086 форматындағы медициналық анықтаманы тапсыру міндеттелген жоқ. Қазір ақ желеңділердің барлығы көрінбейтін «жаумен» күресіп жатқанда медициналық тексерістен өтуі керек жандарға қарар қайбір шамасы бар дейсіз. Министрліктің бұл қадамын жөн делік. Бірақ талапкерлер бұл анықтаманы оқу жылы басталғанға дейін тапсыруы тиіс.

Ұлттық тестілеу орталығының ресми парақшасында шығармашылық емтиханға қатысу үшін құжаттар қабылдау 7 шілдеде аяқталатыны туралы хабар 6 шілдеде жарияланды (!). Құжат тапсыруға тек бір күн қалған уақытта. Бұл  шығармашылық емтиханға қатысты олқылық.

Биыл өтініштер egov.kz электронды үкімет порталы арқылы ғана қабылданады. Яғни бұрынғыдай жоғары оқу орнына барып, құжаттарды тапсырып, өтініш бере алмайсыз. Бұл білім ордаларында тек кеңес беріп, жөн сілтейтін техникалық хатшылар мен консультанттар бар.

13 шілде – құжат қабылдаудың алғашқы күні электронды үкімет порталына кіріп, өтініш қалдыру қиынның қиыны болды. Себебі мұнда тест тапсырушы туралы кейбір мәліметтер қате көрсетілген әрі ҰБТ сертификаты жүктелген жоқ. Ал бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов: «Сертификатты жүктеп, қағазға шығарудың қажеті жоқ. Нәтижелер электронды базада бірден көрсетіледі», – деген болатын. Осы олқылықтың кесірінен талапкерлердің көбі бірінші күні құжат тапсыра алмады.

Сайт жұмысы одан кейінгі күндері де оңбады. Оның ұзақ уақыт жүктелетіні, сертификаттың жоқтығы былай тұрсын, талапкер түсуге ниетті кейбір мамандықтар тізімде болған жоқ. Бірінші кезекте аса қажет педагогика мен медицина мамандықтарының білім бағдарламаларының тобында болмауы тіпті ойға қонымсыз. Бұл мамандықтарға құжат тапсыру үшін алдымен тапсырылуы тиіс арнайы емтихандардың сілтемесі тағы жоқ. Әйтеуір, кейбір талапкерлер бір реттік пароль немесе өздерінің жеке электрондық-цифрлық қолтаңбасы арқылы тіркеле бастады. Әйтсе де олардың қуанышы көпке созыла қойған жоқ. Құжат қабылдаудың үшінші күні 18 жасқа толмаған талапкерлер egov.kz порталына мемлекеттік гранттар конкурсына қатысу жөніндегі өтінішті ата-анасының ЭЦҚ арқылы ғана бере алады деген ресми ақпарат шықты. Ал бұған дейін талапкердің өз ЭЦҚ-сы арқылы тіркелген өтініші жарамсыз болып қалды. Тағы да әуре-сарсаң, сабыр мен төзімнің сарқылауы. Ата-анасында ЭЦҚ жоқ балаларға, әсіресе ауылдықтарға тіпті қиын. Қазіргі күшейтілген карантин режимі кезінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына бірнеше күн бұрын хабарласып, кезекті алдын ала алып қоймасаңыз, бара алмайсыз. Сол портал арқылы қашықтан алу да мұң. Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтарына хабарласу да мүмкін емес.

Портал жүктелмей, мамандықтар тізімде болмай, арнайы емтихандардың сілтемесі шықпағандықтан, жұртшылық жергілікті жерлердегі университеттерге ағыла бастады. Бірақ жұма күні оларға министрліктен «Құжат қабылдамаңдар, ішке адам кіргізбеңдер» деген бұйрық түсіпті. Содан бірнеше консультант шыжып тұрған далаға шығып, арнайы емтиханнан өту, тіркелу сияқты ережелерді, басқа да мәселелерді күн астында түсіндіріп тұр. Обал-ақ. Кеңес берушіге де, көмек сұрай келген талапкерге де.

Міне, құжат қабылдаудың алғашқы бес күні бес жылға татырлық болып осылай өтті. Тағы да сол шикілік, шалалық, толған былық. Айтпақшы, 14 шілдеде білім және ғылым министрлігі күшейтілген карантиндік режим кезінде талапкерлерге құжат тапсыру ыңғайлы болу мақсатында білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдауды 20 шілдеден 25 шілдеге дейін ұзартты. Билік мұндай қадам эпидемиологиялық жағдайға байланысты жасалып отырғанын алға тартқанымен, бұл өз олқылықтарының орнын толтырудың амалы екенін жалпақ жұрт жақсы түсінеді. Ендігі тілек – 25 шілдеге дейін тағы да жаңашылдықтар енгізілмей, электронды порталда мәліметтердің дұрыс орнатылуы мен бұл порталдың қиындықсыз істеуі. Әйтпесе талай түлек тегін білімнен қағылып, сан соғып қалуы әбден мүмкін.

Мәриям МАҚСАТ

 


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды