«Мусин мен Рысқалиев те Жаңаөзен құрбандары...»

Дерек көзі: www.azattyq.org - 18.12.2018222

Жаңаөзен оқиғасына - жеті жыл. Осы уақыт ішінде не өзгерді, нені ұмыттық, неге қол жеткіздік? – Бұл сұрақтарға Қазақстандағы Адам құқығын қорғау  жөніндегі халықаралық бюроның Атырау филиалының директоры Әсел Нұрғазиева жауап береді. - Әсел, сіз жақында ғана Жаңаөзенде болып қайттыңыз. Халықтың  көңіл-күйі қандай? Биліктің оқ атуын кешіргендер бар ма? - Керісінше, көптің қазіргі күні өз-өзіне келіп, басын қайтадан көтере бастағанын аңғардым. Жаңаөзен оқиғасынан кейін жараланған 72 адам мен 16 қайтқан кісінің заңдық мүдделерін қорғаумен айналыстым. Қолымда бар деректерге сүйене отырып, бұл жерде атқарушы билік тарапынан арандатушылық (провакация) болды деп айта аламын. Өзіңіз ойлап қараңыз, мұнайшылар алаңда жеті ай бойына жалақыны көтеруін талап етіп тұрады, осы уақыт ішінде жерге түкірмей, бір тал темекі тастамай, қандай да бір тәртіп бұзушылыққа жол бермеуге тырысып бағады. Жаңаөзен қаласында 15 желтоқсан күні қала әкімі Сарбөпеев ертеңіне алаңға киіз үйлерін тіккелі отырған иелеріне «мүліктеріңіз зардап шексе 2 млн. теңгеден төлеймін» деген қолхат жазып береді. Содан кейін концерт те, басқасы да неге екенін дәл сол мұнайшылар қарсылық білдіріп тұрған жерде өтетін болып қалады. Оны қойып, «бұл – исі қазақтың  дәстүрінде жоқ» деген сөздерге қарамастан киіз үйлер де тура сол жерге, асфальттың үстіне тігіледі!  Ағаш үйін бергендер «Мына бірнеше айдан бері тұрған жігіттердің ашуына тиіп алмаймыз ба, басқа да жерлер бар ғой, ертең өртеп, басқалай бірдеңе жасап жүрсе қайтеміз?» деген қауіптерін білдірген. Ал куәгер Жолдыбаевтың баяндауында оқиғадан он күн бұрын қалаға он снайпер келгені айтылады. Не үшін? Мейрам күні жұртшылық тойлап жатқанда есі дұрыс басшылық осындай әрекеттерге барар ма еді? - Жаңаөзен қақтығысында қанша адамның көз жұмғаны жөнінде әлі күнге нақты мәлімет жоқ. Сіз олардың саны шамамен қанша деп ойлайсыз? - Мен заңгермін, сондықтан ресми түрде жарияланған 16 адам қайтып, 72 адам жараланды деген мәліметті пайдаланып жүрмін. Бірақ, сондағы аурухананың медқызметкерлері оқиға кезінде және одан кейін ғимараттың үш қабаты аузы-мұрнынан шыға толып, қызыл қанға боялғанын айтады. Тіпті, бір кабинетте қайтыс болғандардың мүрдесін тізіп жинап қойғанын көргендер де бар. Содан бері маған "мынадай туысым көтеріліс кезінде көз жұмды, тізімде жоқ", дейтіндер тиесілі орындарға барып қуынудан әлі де қорқады. - Оқиғадан зардап шеккен тұлғаларға соңынан қандай көмек көрсетілді? - Біз Еуропа кеңесіне кірмейміз, сондықтан, Страсбург сотына шыға алмаймыз. Алайда, бізде де өтемақы халықаралық нормаларға сәйкес төленуі тиіс еді. Жергілікті билік марқұмдардың отбасына 500 мың теңге берумен шектелді. 2013 жылы қайтыс болғандардың жақындарына 50 млн.теңге, жараланған адамдарға 20 млн.теңге беру жөнінде Маңғыстау облыстық сотына ҚР Ішкі істер министрлігінің үстінен төрт рет арыз бердік, оларды қарамақ түгілі, қабылдаудан да бас тартты. Содан кейін төрт адам менің қорғауымнан бас тартып, басқа заңгерді жалдаған. Олар өтемақы төлеу үшін ішкі істер органдарын емес, «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп айыпталған бес полицейді жауапқа тартуды сұрап, Ақтау қаласының №2 соты зардап шегушілерге 500 мың теңгеден өндіру жөнінде шешім шығарды. Алайда, сол соманың өзі әлі күнге төленген жоқ. Күні бүгінге дейін Жаңаөзен құрбандарының мәртебесі анықталмай отыр. Біздің оны нақты анықтау, оқиғадан зардап шеккендерді ақтап, жұмысқа орналастыруда, басқалай да әлеуметтік жеңілдіктер көрсету жөніндегі талаптарымыз «еленбеуде». - Ал халыққа қарсы оқ атқан полицейлер «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген баппен сотталып, кейін жазаларын шартты түрде өтеп, қазіргі күні бостандыққа шықты. - Қазіргі күні түрмеде Жаңаөзен соты бойынша жазасын өтеп жатқан ешкім жоқ. Бар-жоғы бес тәртіп сақшысы ҚР ҚК 308 баптың 4 бабы бойынша  жеңіл жазаланды, қырықтан астам полицей сотқа куәгер ретінде ғана қатысты. Алысқа кетпей-ақ, Шешенстанды алсақ, онда да билік халыққа қарсы оқ атқан жағдай орын алды. Халықаралық практика бойынша құрбан болған әр адамға 5 мың доллардан бастап төлеу жөнінде халықаралық сот шешімі шықты. Ал, біздегі адам құны 500 мың теңге болып шықты! Ең бастысы, бейбіт тұрғындарға қарсы оқ ату жөніндегі бұйрықты кімнің бергені әлі айтылмай отыр. Бұл істің нүктесін қою үшін ол  жоғарғы деңгейде қайта қаралуы тиіс. - Жаңаөзен оқиғасы жайлы айтылғанда сол тұстағы ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин мен Бергей Рысқалиевқа байланысты да болжамдар айтылады. Бұған дейін оларды «арандатушылар» деген пікір айтылса, енді ғаламтор бетінде «Елбасына Жаңаөзендегі жағдайды жеткізіп, теріс ақпарат берген Мусин» деген бейнебаян жүр. Сіздің ойыңыз қандай? - Менің жеке пікірім, егер қақтығысқа Мусин мен Рысқалиевтің қатысы болса, олар орындарынан кетпей, әлі күнге отырған болар еді. Керісінше, олардың кездейсоқ айыпталып отырған, құрбандықтар болуы да мүмкін. Расы керек, бұл кісілердің «Жаңаөзенсіз» де өз «боқтары» өздеріне жетіп-артылады (күледі).  Әуел бастан айтып келе жатқанымдай, қаралы оқиғаға бірден бір жауапты орган - еліміздің ішкі істер министрлігі. ...2011 жылғы 12 тамызда үкіметтік емес ұйымдардың бас қосуында құқықтанушы Тоғжан Қизатова мынадай әлемдік тәжірибені мысалға келтірген еді.  АҚШ-та «Chrysler» компаниясының жұмысшылары тура осылай көтерілгенде, олардың басшысы «Мен сіздерге жалақыны көтермеймін, бірақ, өзім де жағдай реттелгенше ешқандай жалақы, дивиденд алмаймын» деп уәде береді. Бұл қанды оқиғадан төрт ай бұрын болған-ды. Мұнайшылардың талабына ешкім құлақ аспай тұрған кез. Менің ойымша, сол кезде Тимур Құлыбаев «Крайслердің» президенті сияқты шешімге келгенде оқиға бұлай ушықпас еді. Құлыбаев сол қаражатсыз-ақ күнін көріп, есесіне, көптің құрметіне ие болар еді. - Сұхбатыңызға рақмет! 

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.