Әлін білмеген мердігерлер

Сайт әкімшілігі

23.07.2020, 12:24

36

     Жамбылдағы жолдардың «жырын» жалғастыруда

   Биыл Жамбылда жергілікті жол салумен айналысатын мердігерлердің айы оңынан туып, алды 100-ге жуық тендерді жеңіп алған. Бірақ тендерге қатысуға келгенде білек сыбана кіріскен мердігерлер жұмысқа келгенде жайбарақат қимылдап, арқаны кеңге салып отырғаны белгілі болды.

      Жалпы алғанда, биыл облыста «Нұрлы жол», «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту» жол карталары бойынша жол құрылысына барлығы 30,2 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржыға 1145 жоба жүзеге асырылуда. Алайда жаздың ортасынан ауып, нағыз жұмыс қыз-қыз қайнап жататын шақта «Жұмыспен қамтудың» 843 жобасының 500-і әлі басталмапты.

      Атап айтсақ, Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан жолдары» ЖШС жергілікті жол құрылысы саласы бойынша жарияланған 94 жобаны бір өзі жеңіп алған. Жалпы құны 814 миллион 926 мың теңгені құрайтын аталған жоба бойынша бүгінгі күнге дейін 12 жолдың ғана жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Тағы 58 көшеде жұмыстар басталыпты. Ал қалған 24 көше тым-тырыс.

    Құландағыға ұқсас мәселе Шу ауданында да көрініс тауып отыр. Тек Құланда барлық көшеге жөндеу жұмыстарына жарияланған тендерді бір ғана мердігер жеңіп алса, Шуда екі мердігер бөліп алған. Яғни «Арқат-Өткендеу» ЖШС 70-тен аса жобаны жеңіп алса, «РЗДИ-Құрылыс» ЖШС 30-ға жуық жолды жөндеуді міндетіне алған. Әрине, әлеуеті жетіп тұрса неге алмасын. Бірақ шулық тұрғындар бұл мердігерлердің сылбыр жұмыстарына шағым айтып, ширақ қимылдауын, сапалы атқаруын қадағалау қажеттігін тиісті орындарға хабарлап үлгерді.

       Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев та кейбір құрылыс компанияларының 22-ден 35 нысанға дейін мемлекеттік конкурсқа қатысып, тендерде мерейлері үстем болғанын айтады. Атап айтсақ, «Асыл инвест» ЖШС – 23, «Берік-Дастан» ЖШС 35 нысанның құрылыс жұмыстарын ұтып алыпты. Ал 39 нысанның құрылыс жұмысын ұтып алған «Ая Сервис» ЖШС тиісті құрылыс жұмыстарын өз деңгейінде атқара алмауда екен. Сөйтіп, жалпы алғанда, Тараз қаласында құны 17 миллиард теңгені құрайтын 43 жобаның құрылыс жұмыстары әлі басталмаған.

      Ал Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, биыл жол жөндеу жұмыстарына 30,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға өңірімізде 1145 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 23-і «Нұрлы жол» бағдарламасы, 84-і «Ауыл – ел бесігі» жобасы, 843-і «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», 96-сы үкімет резерві, ал 99-ы жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылуда.      Жалпы, бөлінген қаржыға 1346,2 шақырым автожол жөндеу көрмек. Оның 180,57 шақырымы облыстық, 139,3 шақырымы аудандық маңызы бар автожолдар, 1026,33 шақырымын елді мекен көшелері құрайды. Автомобиль жолдарының құрылыс жұмысына бүгінде 5000 адам жұмысқа тартылған. Аталған жол жөндеу жобаларының іске асырылуы өз кезегінде облыс тұрғындарының қауіпсіз көліктік қатынасуын қамтамасыз етуге, халық тұрмысының жақсаруына, сонымен бірге көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға өз септігін тигізбек. Атқарылған жұмыстардың есебінен биыл автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайының үлесін 85-тен 90 пайызға, елді мекен көшелерінің көрсеткішін 59,5 пайыздан 77,2 пайызға жеткізу жоспарланған.

       «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша іске асырылатын жобаларға 8,3 миллиард теңге қарастырылған. Осы қаржы есебінен 18 шақырым жаңа жол салынып, 6,1 шақырым жол қайта жаңғыртудан, 233,3 шақырым жол орта жөндеуден өткізілуде. Оның ішінде облыстық маңызы бар автожолдар – 168,5, аудандық маңызы бар автожолдар 88,9 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда төрт жобаның құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған нысандар бойынша жол жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында облысымыздың аумағымен өтетін республикалық маңызы бар автожолдарда жалпы ұзындығы 491 шақырымды құрайтын Меркі–Бурылбайтал, Балқаш–Бурылбайтал, Күрті–Бурылбайтал және Ұзынағаш–Отар жол телімдерінде қайта жаңғырту жобалары бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау белгіленген.     – Инфрақұрылымды дамытудың 2020-25 жылдарға арналған жобасы аясында 52 миллиард теңгеге 82 жобаны іске асыру ұсынылып, қолдау тапты. Сондай-ақ бүгінде жол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Сапа «Жол активтерінің сапа орталығы» ШЖҚ РМК-мен бірлесіп 53 автомобиль жолына зерделеу жүргізіліп, жол құрылысына қолданылып жатқан 144 құрылыс материалдарынан сынама алынды. 17 кемшілік анықталды.      Сапа орталығымен бірлескен зерделеу жұмыстары барысында кепілді мерзімде асфальт жамылғысының бұзылу деректері де зерделенеді. Келісімшарт талаптарына сәйкес, автомобиль жолдары пайдалануға берілгеннен кейін оның құрылысын жүргізген мердігерлер орташа жөндеу жұмыстарын – екі, күрделі жөндеу жұмыстарын бес жыл бақылауда ұстайды. Кепілді мерзімде асфальт жамылғысынан ақаулар пайда болған жағдайда олар толығымен мердігердің өз есебінен жөнделеді, – дейді басқарма бастығы.

     Қайбір күні Жамбылдағы жолдардың «жыры» бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Шамаларыңа қарамай жобаларды үйіп-төгіп аласыңдар. Сөйтіп, соңында үлгере алмай жүргендерің. Бұлай болмайды. Жұмыс істеу керек. Керек болса, екі ауысыммен жұмыс істеңдер. Жұрттан ұят қой. Халықты аясаңдаршы. Тұрғындардың күнделікті тіршілігіне, көлік қозғалысына қаншалықты кедергі келтіріп жатқандарыңды білесіңдер ме?» – деп, мердігер компаниялардың тендер мәселесіндегі ашкөздігін, тек ақша табуды ойлап, тірліктерін жоспарлай алмайтынын, тиісті басшылардың жауапсыздығын сынға алған еді. Сапарбаевтың сынынан соң, жол жөндеуге жауапты мердігерлер жұмыстарын ширатса, қанеки. 

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 13:50
Қазақстанға құс тұмауын жабайы құстар әкелген болуы мүмкін
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 11:16
Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:34
Өткен тәулікте пневмониядан 1 адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:38
Ұшақ құлап, 25 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:35
Пневмония: науқастар саны тағы артты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:26
Өткен тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43