Онлайннан опық жемей ме?

Сайт әкімшілігі

23.07.2020, 12:47

67

                      

                Қатқан қағида ата-ананың ашу-ызасын тудыруда

       Еліміздегі  білім саласының құты кетіп, берекесі қашып тұр. Жылда жылт ететін жаңа қаулы мен тың шешімдер күзеу мен түзеуден көз ашқызбай қойды. Осы орайда, оқуға қатысты олқылықтардың  зардабын бүлдіршіндердің тартып отырғаны өкінішті. Ел ертеңіне деген көзқарастың нышанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған  балғындардың оқушы партасына отыруы яки отырмауы беймәлім. Аналар ашынып, бүлдіршіндер екіұдай күй кешіп отыр. Олардың тағдырына   жауапты білім министрлігі қасарысқан қағидадан айнымауда.

                            Ашынған аналарды кім тыңдайды?

       Базынасын айтуғаасыққан аналарды тыңдап үлгерудің өзі оңай болмады. Барлығының айтар арызы – дайындығы шала бүлдіршін мектепке қалай бармақ?  

   – Баламды мектепалды дайындық сыныбына қабылдамай, кері қайтарды, – дейді көпбалалы ана Белла Зияданова.

      Айтуынша, қызы жақында алтыға толған. Пандемияға  байланысты наурыз айынан бастап барлық балабақшалар жұмысын тоқтатқаны баршаға аян.

–       Осы кезден мектепке дайындығы үзілді. Балабақшаға қайтадан қабылдамайды. Әріп танып, жазуды үйренбеген перзентімді 1-сыныпқа қалай беремін? – дейді ашулы ана.

      Тағы бір көпбалалы ана Юлия Плетенияның қызы балабақшадағы ересектер тобында болыпты. Бүлдіршін маусым айында 6-ға келген. Өзге құрбылары секілді мектепалды дайындық бағдарламасын аяқтап үлгермепті.

    – Ақиқатын айтсам, мектепке дейінгі тәрбие орнында бүлдіршіндерге сапалы білім берілмейді. Білім саласы басшыларының осы жайтты ескергені жөн. Баламның наурызға дейін оқып-тоқығанын есіне түсіру қиынға соғуда, – дейді Юлия. – Алтыншы сыныпта оқитын қызымның айтуынша, 0-сыныптың  кейбір тапсырмаларына 3-сыныптың сұрақтары еніп кеткен. Түптеп келгенде, қызымды маңдытпайтын әзірлікпен 1-сыныпқа қалай беремін?

    Баласының болашағына алаңдаған ана, ең дұрысы, жартылай үзіліп қалған мектепке дайындау бағдарламасын осы жылы толық  тәмамдауын қалайтынын айтады. Бірақ  алтыға толуына байланысты оны мектепке дейінгі сыныпқа алмай отыр екен.

     – Келер жылы  1-сыныпқа барса, бағдарламаны жеңіл меңгерер еді. Жасыратыны жоқ, бұрынғы «білім стандарты» әлдеқалай тиімді еді, – дейді абдыраған ана.

    – Министрліктегілер заңға өзгеріс енгізбей тұрып, неге сараптама жасамаған? – дейді ашуға булыққан тағы бір ана Айнұр Смақова. – Оқу әдістемесі күрделенген тұста  алғашқы сыныпқа  алтыдан аттандыру  санаға қонымсыз шешім. Оларды қабілетіне қарай жіктесе, бір сәрі. Бала дарынды болса, кез келген жаста  оқуын қиналмай алып кетеді. Алайда әр баланың оқуды қабылдау деңгейі әртүрлі емес пе? Мектепалды даярлық сыныбы жеткіліксіз болса, неге көптеп  ашпайды?

       Аналардың айтуынша, 2019 жылы «Білім беру туралы» заңына өзгерістер енгізілген. Сол өзгерістерге сәйкес, алты жасқа толған бүлдіршін мектепке баруы керек. «Бірақ олар мектепалды дайындықтан толыққанды өтпеген, шала дайындықпен мектепке қалай бармақ?» – дейді аналар. Ал   алты жасқа толып кеткендерге даярлық тобының есігі жабық көрінеді. Көпбалалы, белсенді ана Белла Зияданованың мәлімдеуінше, мектеп олардан  1-сыныпқа әзірлікпен келуді талап етеді. Бүлдіршіндерді оқу орталықтарында дайындықтан өтуге жіберген. Алайда көптеген отбасылардың балаларын мұндай орталықтарда оқытуға жағдайы көтермейді. Коронавирус салдарынан  жұмыстан айырылған ата-аналар аз емес. Сондай-ақ карантин мерзімінің ұзаруына байланысты барлық жекеменшік оқу орталықтарының жұмысы тоқтап тұр.

                                     Білім басқармасы не дейді?

     Басқармадағылардан қанағаттанарлық жауап ала алмадық. Айналып келгенде, барлығы проблеманың түбін көрсетуден тайсақтайды. Қарағанды облыстық білім басқармасының маманыГүлдана Нұрсұлтанованың айтуынша, биыл 1-сыныпқа 2014 жылы туған бүлдіршіндер барады екен. Егер ата-ана баласын 1-сыныпқа жібергісі келмесе,  бүлдіршінді балабақшадағы даярлық тобына беруге болады. Ол жерде қабылдамаса, жеке оқу орталықтарына барып, әріп танып келгені абзал. Қазіргі күні Қарағанды қаласындағы орта білім беретін 800  мектепте  750 мектепке дейінгі даярлық тобы бар. Білім стандартына сәйкес, бір сыныпта 25 бала оқуы шарт. Егер оқушылардың саны шектеу санынан асса, осы санатқа енетін шәкірттерге арнап қосымша сынып ашылады. Биыл қаншасы ашылатыны белгісіз. Себебі балалардың құжаттарын тіркеу жұмысы әлі жүріп жатыр. 

–       Өткен жылы мектепке дейінгі дайындық тобына дәріс бердім. Оқу бағдарламасы барлық баланың ұғымына сай емес, – дейді «Сұңқар» оқу  орталығының мұғалімі Бақытгүл Ақтаева. – Сондықтан оқушымен қосымша жұмыстарды көп жүргізуге тура келеді. Бүлдіршіндерге мұғаліммен тығыз байланыс ауадай қажет. Мәселен, білім алуға енді ден қойған балалар алғашқы екі аптада қалам ұстауға үйренеді. Одан кейінгі екі аптада суретпен сөйлеуге, яғни ішкі ойын шығаруға дағдыланады. Бұл ұстаздың жетекшілігімен  ұжымдасып, үйренетін әдіс. Содан кейін ғана әріп тануға бас қояды. Ал онлайндық жүйеде мұндай мүмкіндік жоқ.

      Бала тағдырына қатысты мәселеде қашанда даурықпа дақпыртқа жол беруге болмайды. Коронавирустың көрсеткіші кемімей тұрған Еуропа елдерінде  бүлдіршіндерді мектепке дайындайтын жазғы лагерь әлдеқашан ашылып, жұмысын жалғастыруда. Бірінші тоқсанның басталуына аз қалды. Балдырғандар алдағы оқу жылын қалай бастайды? Бірақ оған тоқетер жауап тағы жоқ. Күзде мектеп табалдырығын аттайтын балдырғандар онлайннан опық жеп, білім алудан беті қайтпаса етті.

 Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

  Қарағанды қаласы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бейбіт ОСПАН 24.09.2020, 09:40
Ұлттық тіл қымбат па, қызмет қымбат па?
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 13:26
Еліміздің 11 өңірінде үсік жүріп, жайын-шашын болады
Сайт әкімшілігі 22.09.2020, 09:43
Алмат ҚОДАСБАЕВ: Адам жанын арашалауға ұмтылыс жеке басқа деген қауіпті ұмыттырды
Сайт әкімшілігі 18.09.2020, 10:09
Бидай қымбаттады, енді нанның бағасы өсе ме?
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 17.09.2020, 10:24
Бауыры суық қоғам және ағаның жан жылуы
Қарлығаш Зарыққанқызы 15.09.2020, 10:45
Министр шешілмей жатқан түйінді «әлсіз ұстаздарға» артқысы келе ме?

Аңдатпа


  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39