Қазақ хандарының төрелер әулеті қайдан шыққан?

Сайт Әкімшілігі - 28.07.20204731


  Шыңғыс ханның ататегі туралы не білеміз?

      Қазақ хандарының арғы бабасы  Шыңғыс хан болып табылатыны тарихта дау туғызбайды. Алайда Шыңғыстың руы бөржығын-қият болғанына қарамастан, қазақ арасында одан тараған ақсүйек әулет өкілдерінің осы руға жататыны айтылмай, олардың, яғни  қазақ хандары мен сұлтандарының рулық шежірелерде төрелер деп аталатыны тағы белгілі. Олай болса, Шыңғыс хан да төре емес пе? Бұрын қияттан тараған Шыңғыс хан ұрпағы қалайша төре атанып кетті? Енді соны түсіндіруге тырысалық. Кезінде ру емес, ашиналықтар, қарахандықтар тәрізді әулет (династия) атанған төрелер бүгінде қазақ құрамында жеке рулық ұраны бар, таңбасы бар жеке тайпа. Алайда дүниежүзілік тарих мұны ескере бермейді. Әлемдік тарихшылар Шыңғысты көп жылдар бойы шығу тегі жағынан моңғол деп түсіндіріп келсе, кейінгі жылдары оны түркі, тіптен қазақ деп дәлелдеуге тырысатын «зерттеушілер» пайда болды.                                                                                  Ал енді қазақтың ол өмір сүрген XIII ғасырда әлі де біртұтас халық ретінде қалыптаспағанын, сондықтан «қазақ» атауы ол заманда халықтың аты ретінде тарих сахнасына шықпағанын, өйткені қазақты құрайтын этникалық топтардың рулық-тайпалық қауымдастықта өмір сүргенін мойындайтындар Шыңғыс ханның жалайырлар тайпасында сақталған ежелгі ататек шежіресін алға тартады. Алайда алдын ала айтарымыз, бұл Шыңғыс ханды қазақ жалайыры деп қабылдауға берік негіз бола алмайды. Себебі жалайырлар орта ғасырларда Ұлы дала аймағынан тыс, басқа халықтар құрамында да таралып кеткен. Көне деректер осы жалайырлар тарихының біз әңгімелеп отырған «төре» тарихи атауымен тікелей байланысы бар екенін айқын аңғартады.

      Бірақ мұнда ескеруді қажет ететін тағы бір мәселе – X-XII ғасырлардағы жалайырлар одағындағы он тайпа құрамына түркітілдестер ғана емес, көне манчжур (арғы моңғол) тайпалары да кірген. Яғни ол заманда қазір Моңғол үстірті деп аталатын географиялық аймақта өмір сүрген түркітілдес және моңғолтілдес тайпалардың қалыптасулары аса күрделі этникалық үдерістерді бастан өткізді. Оларды тілдерінде ортақтықтың көп болуына байланысты қазіргі ғылымда бір сөзбен «алтайтілділер» деп атап кеткен. Осылайша кейін моңғол атанған халықтың қалыптасуы да көшпелі түрік және көне моңғол тұңғыс-манжұр рулық топтарының бірігу барысында қалыптасты (Викторова Л.Л. Монголы. Происхождение народа и истоки культуры. - М., - 1980. 175-б.). Бұл, әрине, осы заманда Моңғол үстіртінде өмір сүрген жалайырларға да қатысты. Яғни жалайырлар және осындағы т.б. түркітілдес тайпалар Орталық Азияда шығыстан басталған Х-ХII ғасырлардағы қидандар (манжұртілдес қытайлар) жаулауынан кейін күшейе түскен моңғолтілдес тайпалардың үстемдік ала бастауына байланысты оларға бас июге және тіптен олармен этникалық тұрғыдан бірігіп жақындасуға мәжбүр болды. Ескеретін бір мәселе – бұлар қазіргі қытайлардың бабалары емес.

      Осылайша «жазбаша әдеби және дәстүрлі тарихи протомоңғолдық мәдениет пен тілдің ошағын» Орталық Азияда 200 жылдай империялық билікте болған қидандар нығайтып кетті, ал Шыңғыс хан болса өзін осы Ляо атты қидандар империясының саяси және этномәдени мұраларының заңды ізбасары ретінде қарады. Осындай ахуалда негізін түркітілдес оғыздар құраған жалайырлар қидандар билігі және Шыңғыс хан империясы тұсында моңғолтілдес тайпалардың ықпалына түсіп, моңғол атана бастады. Бұл тұста, жоғарыда айтқанымыздай, біртұтас алтай тілдері тобына жататын моңғол тілі мен түркі тілдері аса жақын болғандықтан және осы екі этностың рулары ортақ аймақта аралас, қатар өмір сүргендіктен, жалайырлардың және т.б. түркітілдестердің моңғол болмаса да, моңғол атануы этникалық ортада әдеттегі жағдай еді. Қуатты империя құрған моңғолтілдестердің қол астында болғандықтан, түркітілдестер де өздерін «моңғолдармыз» немесе түркі диалектімен «моғолдармыз» деп атауға әдеттеніп алды.                                         Бірақ бұдан ежелгі жалайырлар басқа этносқа – моңғолдарға айналып кетті деген ұшқары қорытынды туындамауы керек. Рашид ад-диннің еңбектерінің арқасында бізге жеткен жалайырлардың ежелгі шежіресі олардың түп атасы оғұз түріктері екенін дәлелдейді және моңғолдардың оларға жақындығын, әрқашан аралас-құралас көрші болғандарын да көрсетеді. Айтылғандар түсінікті болу үшін Рашид ад-диннің он рудан тұратын жалайырлардың ежелгі шежіресіне назар аударған жөн (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. - Т. 1. - 73-98 бб.). Бұл шежіреден кейіннен, ХIV  ғасырдан соң, Ұлы далада төлеңгіт (доланга) және төре (тури) атанған тарақ таңбалы рулардың ежелгі жалайырлар құрамындағы он ру қатарында жалайыр атанып, бірге жүргендерін байқаймыз. Сонымен қатар осы ежелгі шежіреден жалайырлардың өздерінің де бағзы заманда дәрлекіндердің (төрөлекүндердің) тайпалар одағынан таратылатынын көріп отырмыз. Бұл жерде, әрине, Шыңғыс хан әулетін «төрелер» деп атайтын кейінгі қазақ атауы тағы да еріксіз еске түседі.                                                                                     Моңғол-қалмақ тарихының білгірі, зерттеуші В.Ш.Бембеев осыған байланысты былай деп жазады (үзінді мазмұны күрделі болғандықтан, қазақшаға аудармай бердік): «Процесс объединения племен и народов Центральной Азии, характерный для эпохи Чингис-хана, приводил к смешению этноформаций и образованию новых, из коих, наиболее наглядным являлся раздел формации «дарлекин». Учтем специфичность тюркского и монгольского языков того времени и сделаем оговорку: слова при произношении приобретали несколько иное, чем сегодня, звучание и смысловую окраску из-за трансформации отдельных согласных и гласных звуков. Название «дарлекин» должно было читаться по-монгольски «торолекун», что понимается как «родственники, родственные». По Рашид-ад-дину, все 20 подразделений формации «дарлекин-торолекун»: «джалаир, сунит, татар, меркит, курлаут, тулас, булагачин, керемучин, урасут, татамих, таргут (торгоут), ойрат, барг(к)-ут, к(х)ори(тори – Т.О.), теленгут, урянка, курх(г)-ан, сухат…» – всего 18 из двадцати (2 наименования пропущены или самим Рашид-ад-дином, или переписчиками), были родственными. Разговаривая между собой, они все понимали друг друга.       Военно-административные, социально-экономические и многие другие образования, переплетаясь друг с другом, в связи с формированием империи Чингис-хана, непосредственно влияли на процесс этногенеза» (Бембеев В.Ш. Ойраты в империи Чингис-хана //Вопросы истории. - 2006. - №5.  158-б.).                                Бұл маңызды пікірден аңғаратынымыз: түрікше «дәрлекін» атауы көне моңғолша – төрөлекүн деп айтылады. Бұл «туыстар», «туысқандар» деген мағынаны білдіреді. Бұдан шығатын қорытынды:  дәрлекін тайпалар одағы сол замандағы ел билеушілердің ортақ географиялық аймақты мекендеген түркітілдестер мен моңғолтілдестерді бір қауымдастыққа біріктіру саясаты еді. Мұндай екі түрлі этносты бір елге біріктіру әрекеті, жоғарыда атап өткеніміздей, Шыңғыс ханнан бір жарым ғасыр бұрын, Орталық Азияны билеген моңғолтілдес қидандардың (оларды ол кезде қытайлар деп атайтын) аса қуатты Ляо империясы тұсында қолға алынған еді. Шыңғыс, әрине, әртүрлі рулар мен тайпаларды біріктіру үшін осы саясатты жалғастырмақ болды.

     Биліктегілер қолдан жасаған кейбір тұрақсыз халық бірлестіктері тәрізді дәрлекіндер (төрөлекүндер) қауымдастығы да  болмысы екі түрлі этносты бір, ортақ халыққа бәрібір біріктіре алмады, біріктіре алмайтын да еді. Оның басты себебі – бұрын негізінен түркітілдестер аймағы болған Моңғол үстіртінің орталығында және шығысында X-XII ғасырларда Ляо империясы негіздеп берген манжұр-тұңғыс тілділердің үстемдігінің орнауы осы дәрлекін-төрөлекүн одағындағы тайпалардың ен далада бірге көшіп, қатар жүрсе де,  түркітілдестер мен моңғолтілділерге жіктелу үдерісін жеделдетіп жіберді. Бұл одақтан алғаш  түркітілдес жалайырлар, татарлар, меркіттер тәрізді күшті тайпалар, өсе келе біртіндеп дербестеніп, іргелерін аулақтатты. Әсіресе жалайырлар өздерінің осы екі тілде сөйлейтіндерге де жақындығын пайдаланып, дәрлекін-төрөлекүндер құрамындағы кейбір руларды өзінің құрамына сіңіріп қосып алды. Осылардың арасынан кейіннен төлеңгіт (теленгут) атанған, кейінгі қазақ хандарына жақын жүрген руды және деректерде көне моңғолдардың хори, кори тайпаларымен шатастырылып, тори деп, әртүрлі аталып жүрген төре руын да кездестіреміз. Бұлар ол кезде әлсіз, жас рулар еді. Сондықтан да олар бұрынғы қауымдастық ыдырағанда жалайырларды паналады және жалайырдың он рудан тұратын одағында олар осылай жаңа атауларға ие болды, сөйтіп, бұл атау оларда мәңгі бақи сақталып қалды.

     Осылайша енді  бұрынғы уақыт сынына шыдамай, ыдырай бастаған дәрлекін-төрөлекүн атты тайпалар мен рулар қауымдастығының орнын ұйымшылдығы мен этникалық тұтастығы әлдеқайда мықты жалайырлар одағы басты. Шыңғыс ханды ғана емес, оның қарсыласы Жамуханы да жалайырлардың екіге жарылып, қолдауы осы жалайырлардың әскери тұрғыдан тығыз топтасып үлгерген, мықты тайпа екенін тағы да дәлелдей түседі. Осындайда құрамына басқалармен қатар, жалайырлар  да кірген дәрлекін-төрөлекүн атауының өзі де еріксіз назар аудартады. Біздіңше, кейінгі Шыңғыс хан империясы тұсында ұлы ханнан таралған ұрпақтың «төре» атануымен ежелгі шежіредегі «төрөлекүнде» өзара тарихи сабақтастық бар деп ойлаймыз. Өйткені дәрлекін-төрөлекүндер құрамына жалайыр тәрізді түркітілдес рулармен қатар, моңғолтілдес рулар да кірді емес пе? Оның үстіне жоғарыда Рашид ад-дин атап көрсеткен көне шежіре бұл рулардың арғы тегін туыстық тұрғыдан Түрік, Түтік, Моңғол, Татар, Оғыз, Қарахан, Елхан атты ортақ тарихи тұлғалардан таратып, өзара жақындастырады. Осыған байланысты жалайырлар өздеріне төрелекүн одағы ыдырағанда келіп қосылған әулеттерден құралған және өздерінің тарақ таңбасын қабылдаған, одан соң Шыңғыс әулеті шыққан  төрелерге әрқашан қолдау жасағаны тарихтан белгілі.

      Кейінгі жылдары ғылыми айналымға қосылған дәстүрлі деректер кезінде Шыңғыс ханның «жалайырдың жетімі» аталғанын анықтап отыр. Ол бойынша, әкесі Есугей батыр өлген соң, Шыңғыстың анасы әмеңгерлік жолмен Меңлекеге тұрмысқа шығады. Меңлекенің он ұлы түртпектеп, сабап күн көрсетпеген Шыңғыс (ол кездегі есімі – Темір) жалайырларды барып паналап, көп жыл осы ортада өмір сүреді (қараңыз: Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқианнан өзіме шейін). Алайда Шыңғыс тағдырын әңгімелегенде елдің бәрі негізгі дерек ретінде пайдаланатын «Моңғолдың құпия шежіресі» жалайырлардың осы заманда Шыңғысқа да, тіптен оның досы және саяси қарсыласы Жамухаға да жақын болып, әрқашан қолдау жасағандарын айта отырып, Шыңғыстың өзінің әкесі өлген соң, біраз жылдар жалайырлар тәрбиесінде болғанын айналып кетеді. Мұндай қысастықтың орны алу себебі – ХVII ғасырдан бастап өңдеуге түскен моңғол шежіресінде Шыңғысты моңғол елінің басты мемлекет қайраткері жасау жүйелі түрде қолға алынды. Бұған таңғалуға болмас, өйткені атынан көрініп тұрғандай, «шежіренің» басты мақсаты түркітілдес жалайырлардың емес, моңғолтілдестердің тарихын асқақтату еді. Осылайша негізі ежелгі жалайырлар болған тарақ таңбалыларды ұйыстырған, Шыңғысты азамат және қайраткер ретінде қалыптастырған ежелгі жалайырлар қауымдастығының маңызы қасақана және барынша төмендетілді.         Иә, біз білетін тарихи шындық, міне, осындай.         Мұндайда мынаны да ескерген жөн: жоғарыда атап өткеніміздей, бұл аймақта Ляо мемлекеті деп аталатын далалық империяны құрып, түркітілдестерді биліктен ығыстырған манжұртілдестер (көне моңғолтілдестер) өздеріне жақын, көрші түркітілдес тайпаларды да төңіректерінде ұстап, оларды «Ұнаған бол» деп аталатын жаңа ортақ қауымдастыққа біріктіруге күш салды. Бұл шын мәнінде бұрынғы дәрлекін-төрелекүн одағын қайта жаңғырту еді. Оған осы тұста  моңғолдарға тәуелді болып қалған жалайырлар да кірді. Мұның өзі Рашид ад-диннің шежіресінде аталатын Түрік деген кісіден тарайтын Моңғол атты тарихи тұлғаның есімін бұрынғыдан да асқақтата түсті. Енді халықтың да, мемлекеттің де аты осы кісінің есімімен байланыстырылатын заман туды. Бұл 745 жылы Түрік қағанатының ең соңғы қағаны Озмышты ұйғырлар өлтірген соң және  бұрынғы қағанаттар «Ұйғыр» атанғаннан кейінгі ғасырларда түркітілдестердің әртүрлі тайпаларға тоз-тоз болып ыдыраған, «түрік» атауы ұмытыла бастаған тарихи кезең еді. Осындай, Моңғол үстіртінде моңғолтілдестер билікке келген ахуалда тарих сахнасына шыққан Шыңғыс та енді өзінің «жалайырдың жетімі» екенін ысырып қойып, биліктегі моңғолтілдестердің сойылын соқты. Бұған тағы бір себеп әскери-этникалық ортада беделдері зор болғандарына қарамастан        , жалайырлардың моңғолдарға «құл» тайпа болып есептелуі, яғни саяси-әлеуметтік тұрғыдан дәрежелерінің төмендетілуі еді.                                                                                                  Десек те, кезінде түрік-моңғолға әйгілі болған көне шежіредегі Түрік атты тарихи тұлғаның алтыншы ұрпағы болып табылатын Моңғол деген кісінің әулетіне жатқызылғандардың бәрі моңғолтілдестер емес екенін тағы да ескерген жөн. Бұл түркітілдес ежелгі жалайырларға да тікелей қатысты. Осы айтылғандар қазақ хандарының арғы бабасы Шыңғыс ханның шығу тегін бүгінгі халықтардың ешқайсысына да жатқызуға болмайтынын анықтап береді. Ол кейінгі заманның емес, орта ғасырдың адамы. Оған ол өлген соң, сандаған ғасырлардан кейін күрделі этно-әлеуметтік үдерістер барысында қалыптасқан бүгінгі халықтардың ата-бабасы немесе өкілі ретінде бүгінгі биіктіктен қарауға болмайды.

      Шыңғыстың тікелей аталары және өзі, жоғарыда айтқанымыздай, екінші Түрік қағанаты әлдеқашан ыдырап, түркітілдестер әртүрлі тайпалық одақтарға бөлініп кеткен заманда өмір сүрді. Ол кезде байырғы оғыз түркілері (Х-ХI ғасырларда) түрікменге айналған, ал моңғол атты халықтың өзі әлі қалыптаспаған, ру-руға бөлінген бытыраңқы көшпелі қауымдастықтар түрінде өмір сүрді. Ал енді тіл мәселесіне келсек, Шыңғыстың ана тілі, әрине, түркі тілі болды. Оның Гиндекушқа дейінгі өңірді жаулаған соң, осы аймақтағы адамдармен аудармашысыз сөйлесуі осының дәлелі. Алайда Шыңғыстың басты мақсаты Түрік қағанатын қалпына келтіру емес, құрамына әртүрлі халықтар кіретін Ұлы моңғол мемлекетін құру болды және ол бұған көзі тірісінде қол жеткізе алды.        Бұл империядағы басты идеология – халықтар тілдік, діни т.б. ерекшеліктеріне қарамастан, өздерін елге белгілі шежіредегі Моңғол бабаның ұрпақтары ретінде сезініп, өздерін моңғолдармыз деп атауы керек болды. Сондықтан Шыңғыстың өзі де  Самарқан маңында өзін емдеуге келген қытайлық Чан-Чуньға өзінің моңғол екенін айтқан. Сондықтан да Рашид ад-динде көптеген түркітілдестерді  моңғол тайпаларына жатқызу орын алды. Тіптен осы идеямен рухтанған Жетісу мен Қашғария түркілері, олардың арасында Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз да бар,  өздерін моғолдармыз (моңғолдармыз) деп, заты түркілік мемлекетін мақтанышпен Моғолстан (Моңғолстан)  атандырды.

      Ал енді Шыңғыс атты ұлы тұлғаның тағдырын біздің Ұлы дала аймағымен байланыстыру мәселесіне келсек, соңғы деректерден Шыңғыс ханның өлерінен біраз бұрын, 1227 жылы (хижра бойынша – 605 жыл) арғын, найман және жалайырлар бастап, Наймантауда (Шыңғыстауда), Дегелең төңірегінде бірнеше ірі билердің қолдауымен тағы да үшінші рет хан көтеріліп, «Шың-құз» (Шыңғыс),  яғни «шыңдай биік, құздай терең» деген жаңа мәртебеге ие болғанын біліп отырмыз. Бұған дейін ол өз есімімен: түрікше – Темір, ал моңғолша Темучин аталып келген еді. Ортағасырлық «Чингизнама дафтари» дерегінде Шыңғысты хан көтерген бектер мен билердің есімдері көрсетілген (Ахметзянов М. Ногайская Орда и ее роль в этнической истории татар. //Идел.1991. 34-35 бб.). Атап айтар болсақ, олар Боданжарұлы Қият би, Тамян (Түмен) би, Қыпшақ би, Жұрматы би, Керейт би, Қоңырат би ұлы Сенгелай, Үйсін Ұран-Майқы би, Ұрдаж би, Мұйтан би, Бержан би, Борқыт би. ХVI ғасырдағы Матай бидің деректері бойынша,  Шыңғысты хан көтеруге ықпал еткен бұлардан басқа, Бөрібек шешен, Қалдар, Орқаш, Темірқұт, Тулақ тәрізді арғын, найман, жалайырға белгілі билер аталады.                                                                                                       Жалайырлар қауымдастығы тәрбиелеген Темірдің байырғы ата-бабалары алғаш дәрлекін-төрөлекүндер одағындағы жалайыр тайпалық қауымдастығына жатқан тори (төре) руындағы қият-төрелері (бөржығын қият) әулетінен еді. Бұл әулетке бастау болған Қият хан атты тарихи тұлға Құрбанғали Халид келтірген шежіре деректері бойынша, Шыңғыстың 12-ші атасы. Мұны, әрине, Шыңғыспен замандас, жоғарыдағы Боданжарұлы Қият бимен шатастыруға болмайды. Шығу тарихы ерекше осы төрелер қазақтың үш жүзіне жатпайтын, бірақ «ақсүйек» атанған қазақтағы бес тайпаның (төре, қожа, сұнақ, бексайыс, төлеңгіт) бірі және ең бастысы. Орталарынан Шыңғысты шығарған, алғаш жеке әулет болып, кейін шағын руға айналған  қияттың арғы тегі манжұртілдес рулармен (қара татарлармен) ежелден аралас-құралас шатасып жатқандықтан, яғни бұл ру қазақты тікелей құраушы тайпалардан алшақтау тұрғандықтан, қазақ ел болып қалыптасқан тұста (XVI-XVII ғғ.) үш жүздің ешқайсысы өздерінің құрамына қиятты қабылдамаған. Яғни ол бүгінде қазақтың үш жүзіне кірмейтін, арғы тегі басқа халықтармен туыстас 14 рудың (қият, ноғай, ноғайәлі, қырғыз, қырғызәлі, маңғыт және т.б.) қатарында. Қиятты таза қазақ руы деп, біржақты ойлайтындар ең алдымен осыған назар аударулары керек.

     Ал енді алғаш жалайырлармен бірге дәрлекін-төрелекін қауымдастығында болған шибей татарларының (қара татарлардың) ортасында туған Шыңғысты кейіннен  өз ортасында тәрбиелеп өсірген және оның тарихи ұлы тұлға ретінде қалыптасуына ықпал жасаған жалайыр тайпасының кейінгі тағдырына келер болсақ, XV-XVI ғасырларда  қазақ құрамына енген жалайырлардың тайпалық бірлестігі өздерінің ортасындағы моңғолтілдестерден біржолата арылған және ежелгі, біз әңгімелеп отырған  «жалайыр» этнонимін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізушілер болды. Мұндайда жалайырлардың бұрын Х ғасырға дейін мерке аталғанын, меркіт (меркілер) оларға туыстас, кейін бөлініп шыққан тайпа  екенін мойындағанымыз жөн деп ойлаймыз. Мұның өзі жалайырлардың кезінде түркі және манжұртілдес руларды біріктірген үлкен қауымдастық болғанын тағы да дәлелдей түседі.   XIII-XIV ғасырларда этно-әлеуметтік және саяси үдерістер барысында енді жалайырлардың этникалық құрамы үш манақ (манақ – көне моңғол тілінде бақылаушы, күзетші деген мағынада), яғни – шуманақ, сырманақ және бірманақ тайпаларынан тұратын болды. Бүгінде қазақ жалайырлары бабаларының кезінде моңғолтілдестермен (манжұртілдестермен) бірге жүргендерін осы «манақ» атауынан ғана аңғара алатындай жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен де жалайырлардың ХV ғасырдың алғашқы жартысынан бастап Алаш атанған қазақ қоғамында тарақ таңбалылар (төре, тарақты, төлеңгіт, тарақты табын) арасында бұрынғыша мерейі үстем болды. Алаштың үлкені тарақ таңбалы жалайыр екенін кезінде Қадырғали Жалайыр бабамыздың айтып кеткені және белгілі. Яғни кейіннен үш жүзге «ноқта аға» атанған тарақ таңбалылар кезінде ата-бабалары ежелгі жалайыр одағында болғандар. Осы орайда, Ш.Құдайбердіұлының Орта жүздің «ноқта ағасы» тарақты тайпасын төреден шығарып, арғынға жиен жасайтын аңыз дерегі тағы еске түседі. Бұл пікір толық дәлелді болмаса да, логикалық тұрғыдан төрелер мен басқа да тарақ таңбалылар ежелгі жалайырлармен бірге алғаш ортақ одақта – төрелекүнде болып, онан соң ежелгі жалайырлар құрамында бірге болған, сондықтан да олар кейініректе қазақ хандарына жақын болып, кейбірі «ноқта аға» мәртебесіне ие болды дей аламыз.                            

      Ал енді «төрелер» атанған Шыңғыс ұрпағының кейінгі тағдырына оралсақ, олар Ұлы далада алғаш ортақ шежірелік атаумен Түріктің ұрпағы Моңғол бабаның құрметіне «моңғолдар» атанса да, түрік-моңғол тілдерінде қатар сөйлесе де, Шыңғыстың үлкені Жошының немерелері қыпшақтана түсті. Бұрын көне түрік-моңғол тілдеріне бірдей жетік Жошы, Баты, Берке және т.б. жаңа этникалық ортада шын мәнінде біртіндеп қыпшақтілділерге айналып, ақырында осы қауымнан алғаш өзбек, кейіннен қазақ атанған халықты билейтін тарихи тұлғаларды шығарды. Олар кейінгі тарихқа қазақ хандары мен сұлтандары немесе, бір сөзбен айтар болсақ, «төрелер» деген атпен енді. Бұдан туындайтын заңды қорытынды: Шыңғыс хан тұлғасы қазақ мемлекеттігі тарихында аса маңызды орын алады. Өйткені осы мемлекетті – Қазақ хандығын оның әулеті басқарды емес пе? Әлемде күні бүгінге дейін ол туралы 2000-нан аса еңбектер мен зерттеулер жарық көргеніне қарамастан, кейбір зерттеушілер Шыңғыс ханның бабалары туралы асығыс және сапасыз еңбектер жазып, дәлелсіз тұжырымдарды алға тартуда. Түркітілдес және моңғолтілдес, бір сөзбен айтқанда, өзара жақын алтайлық екі этникалық қауымдастыққа да ортақ тұлға болып келетін, түркі, моңғол, қазақ тәрізді ұлттар әлі қалыптаспаған, ру-ру, тайпа болып өмір сүрген кезеңнің дара тұлғасын белгілі бір жұртқа телу тарихи шындықтан ауытқу болып шығады. Мұның өзі осы ерен тұлғаның ататегін бұрмалауға алып келді. Сондықтан да біз төменде  осы ұлы тарихи тұлғаның әртүрлі тарихи кезеңдерде, әр елде жазылған ататек шежіресі туралы мәліметтерді салыстыра беріп отырмыз.

  Шыңғыс  ханның  ататек  шежіресі


Құрбанғали Халид

бойынша

Әбілғазы

бойынша

Қазбек бек Тауасарұлы бойынша

Моңғол шежіресі.

Зардыхан Қинаятұлы

бойынша

1.     Тау хан

2.     Күл хан

3.     Мұқан хан

4.     Тұсық хан

5.     Құтлұғу хан

6.     Илан хан

7.     Абдул хан

8.     Дмуан хан

9.     Құжуман хан

10.                        Қожақ хан

11.                        Қият хан

12.                        Маңлы хан

13.                        Дуюн Баян хан

14.                        Баяндай хан

15.                        Таштемір хан

16.                        Қабұл хан

17.                        Түмне хан

18.                        Дауыл хан

19.                        Дуюн-Баян Сани

20.                        Бөденетай

21.                        Байсұңқар

22.                        Жасубай (Есукей)

23.                        Темучин

1.     Буданжар

2.     Бука хан

3.     Дутуммен хан

4.     Қайду хан

5.     Байсаңғұр хан

6.     Тумене хан

7.     Хабул хан

8.     Бюртан хан

9.     Исугей багадур

10.                        Темучин

1.     Бөгде

2.     Қара

3.     Бұрық

4.     Кер

5.     Құнмыр

6.     Бурыл

7.     Шамшы

8.     Тілеуберді

9.     Қашау

10.                       Досан

11.                       Тұрымтай шешен

12.                       Тұмағұл

13.                       Дін

14.                       Баян батыр

15.                       Есукей

16.                       Темучин

1.     Боданшар (Бөтен, Бөгде)

2.     Хаваг батыр

3.     Мэнэн Тужен

4.     Хачи Хулэг

5.     Хайду хан

6.     Байшинхор

7.     Домбанай шешен

8.     Хабул хан

9.     Бардам батыр

10.                        Есукей батыр

11.                        Темучин


    Бұл шежірелердің қайсысы шындыққа жақын дегенге жауап іздер болсақ, Қазыбек бек Тауасарұлының атасы Матай би келтірген жалайыр шежіресін алға тартар едік. Оның басты себебі мынада: Шыңғыс хан бабаларының бәрі көшпелі рулық қауымдарда өмір сүрген және белгілі бір хандықты басқармаған, яғни ешқашан да хан болмаған адамдар. Тіптен оның әкесі Есугей батырдың өзі де бір руды басқарған баһадүр ғана, яғни батыр-қолбасы деңгейінде. Бұл жағынан алғанда, Шыңғыстың бабаларының бірде-біреуін хан ретінде көрсетпеген жоғарыдағы жалайыр шежіресі ақиқатқа негізделген. Ал енді Зардыхан Қинаятұлы келтірген моңғол шежіресіне келер болсақ, мұнда адамдар есімдері ХVII ғасырдан кейінгі моңғол тіл диалектіне сәйкестендіріліп берілген және мұнда Шыңғыстың моңғолтілдестердің дәстүрлі ханы ретіндегі тұлғасын айшықтай түсу үшін оның бабалары арасынан екі адам (Хайду хан, Хабул хан) хан дәрежесінде әдейі және арнайы көрсетілген. Осы тұрғыдан алғанда, белгілі шығыстанушы-тарихшы Т.Сұлтановтың былай дегені бар: «Отец Чингиз-хана  Есугей был только бахадуром («витязь», «герой»; древний тюрко-монгольский титул) и никогда не имел при жизни ханского титула... С целью обоснования прав Темучина, человека не принадлежащего к правящему дому, на ханский титул была придумана легенда, будто его отец Есугей-бахадур был племянником последнего из монгольских каганов, Хутула-кагана, сына Хабул-кагана...» (Т.Сұлтанов. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. Алматы, 2001, 57-б.) Шындығында да, ұлы қағанның моңғол шежіресінде мұндай бұрмалаулар баршылық. Мысалы, аталып отырған Хабул қаған бұл шежіреде Есугейдің атасы, яғни Шыңғыс бұл шежіреге сенсек, осы Хабул ханның шөбересі. Ал енді жалайыр шежіресінде мұндай хан мүлде аталмайды. Оның орнына Тұмағұл деген кісі жазылған. Аталулары ұқсас болғанымен, Тұмағұл хан емес. Сондай-ақ моңғол шежіресінде  Шыңғыстың атасы Баян батыр моңғолша Бардам батыр, ал арғы атасы Тұрымтай шешен Домбанай шешен болып өзгерген. Осының бәрі, жоғарыда айтқанымыздай, Шыңғысты түркітілдестерге еш қатысы жоқ, таза моңғолдық тарихи тұлға етіп көрсету үшін жасалған. Ал енді Шыңғыстың Құрбанғали Халид пен Әбілғазының шежірелеріндегі ататектеріне келсек, олардағы қаптаған хандар Шыңғысқа құрмет көрсеткен кейінгі ұрпақтарының кісі есімдеріне құрметті лауазым қосақтаған әрекеттері деп қабылдағанымыз жөн.                                                   Бұл шежіреден тағы бір байқайтынымыз, ең толық ататек есімдерін  Құрбанғали Халидтың жазбаларынан табамыз. Мұнда Шыңғыстың өзінің руын негіздеген түп атасы Қият хан 11-ші ретпен белгіленген. Қият Шыңғыстың түп атасы болғандықтан, қалған шежірешілер Шыңғыстың ата-бабасын осы кісіден бастап таратады. Алайда Қият деген кісі Әбілғазыда Буданшар деп берілсе, Қазыбек бек Тауасарұлында Бөгде, Зардыхан Қинаятұлы келтірген моңғол шежіресінде Боданшар (бұл моңғол тілінде де Бөтен, Бөгде деген мағына береді екен, аталған автордың Шыңғыс хан туралы монографиясын қараңыз). Әрине, есімдерінің бір мағына беретінінен көрініп тұрғандай, бұлардың бәрі бір адам. Қалай десек те, бұл тарихи дерек  Шыңғыстың өзінің ататек шежіресінің Қият  Боданшар (Бөгде)  деген адамнан бастау алатынын растап тұр. Қорыта келгенде айтарымыз, көшпелілердің ортақ, ұлы тұлғасы Шыңғыс ханның ататегі туралы кесімді пікір айтпас бұрын, кез келген зерттеуші алғаш ол туралы тарихи деректерді өзара салыстырып, асықпай қорытынды жасауы керек.                                                   


Талас ОМАРБЕКОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы өркениеттер тарихын зерделеу орталығының директоры, профессор

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды