Асхатқа араша қажет пе?

Сайт Әкімшілігі - 28.07.20203010

Әлеуметтік желіде білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовті мақтау, қолдау науқаны басталған сияқты. Меніңше, бұл Қазақ елінің ақпарат алаңында көптен бері болмаған құбылыс. Интернетті біреулерді жамандау үшін жаппай пайдалану тәсілі, ұмытпасам, мәдениет министрі Арыстанбек інімізді жамандау науқанында басталып, әлі күнге дейін өзінің тиімді нәтижесін беріп келеді, бірақ қызметінде отырған министрді жабыла мақтау, оның осы уақытқа дейінгі іс-әрекеттерін тізбелеп, позитивті реңк беруге тырысуды өз басым осы уақытқа дейін кездестірмеппін. Бұл, сөз жоқ, жақсы құбылыс.

    Мұның бірнеше себептері болуы мүмкін. Бірінші себебі – «ертең мемлекет басшысы үкіметті тарататын шығар (президенттің үкіметке екі апта уақыт бергенін білеміз), сондықтан өзімізге ұнайтын министрді сақтап қалайық» болуы ғажап емес, ал екінші себебі – «оның ғылыми еңбегі көшірілген деген айыпты оны кетіру, құрту науқанының басталуы» деп түсінген жақтаушыларының «бұрын жұдырықтауы» деп түсіну керек сияқты. Алайда бұл екеуі де сын көтермейтін себептер. Диссертациясы көшірілді деп тағылған кінәнің дұрыс-бұрыстығын сот шешеді (Асхат бауырымыз да осы жолды таңдады), егер министр жеңіп шықса, оның беделі одан да жоғары көтеріледі, ал үкіметтің отставкасынан ешқандай көпшіліктің қолдауы ешкімді құтқармайтыны анық.

     Сонда да болса осы құбылыстың, Асхатты қолдаушылардың, осы екі-үш күнде пайда болғанына талдау жасап көрейік. Біреулер «бұл министрдің өзінің ұйымдастырғаны» деген пікір айтады. Өз басым сенгім келмейді. Әрине, бірге жүрген қызметтестерінің бұл «көпшіліктің қолдау әрекеттеріне» қосылуы ғажап емес, бірақ министрлік тарапынан әдейі ойластырылған, жоспарлы түрде жасалған акция деуден аулақпын. Меніңше, бұл акцияның пайда болуының үш факторы бар сияқты.

      Біріншісі – Асхатты осыдан бұрын осы қызметте болған (қанша екенін білмеймін, әйтеуір, 10-нан артық екені анық) білім министрлерімен салыстыру. «Бәрі де салыстырудан көрінеді» деген орыстың мақалы бар. Шынында да, керек десеңіз, есімдері де жадымызда қалмаған министрлердің көпшілігі білім саласын жетістірген жоқ. Әрине, кейбіреулері жақсы өзгерістер бастауға ниет етіп еді, қызметтен ертерек кетті. Қысқасы, осылардың қатарында қазіргі министрдің оқшау тұрғаны анық.

      Екіншісі – тағы да салыстыру. Енді көпшілік білім министрін Қазақстандағы басқа да саланың министрлерімен салыстыра бағалайды. Бұл жерде осы саланың әрқашан көпшілік назарында, көз алдында (бәріміз ата-анамыз, бәріміз де білім беру мен тәрбиенің «білгішіміз» ғой) болатынын да ұмытпалық. Сондықтан білім саласындағы жұмыстардың бағыты мен нәтижелеріне терең сараптама жасап, баға бере алмасақ та, бір адамдай түсінеміз, жақсы жағы мен қателіктерін де өз тұрғымыздан талдап бере аламыз. (Ал, мысалы, энергетика саласының министрі Н.Ноғаев мырзаның энергетиканың әлемдік дағдарысқа ұшырау кезеңіндегі іс-қимылына баға беруге жүрегіміз дауаламайды.) Сондықтан болуы керек, «үкімет отставкаға кетсін, бірақ Асхат орнында қалсын» деген пікір көп.

       Меніңше, салыстырмалы түрде қабылдау объективті бағалау болып табылмайды. Бұл кейде «жаман» мен «өте жаманның» арасындағы таңдау болуы да ықтимал. Сондықтан болуы керек, әлеуметтік желілердегі министрді қолдаушылардың жазбаларынан «қазір осыдан басқа адам көріп тұрған жоқпын» немесе «осы уақытқа дейін мұндай министр болған жоқ» деген сөз тіркестері жиі ұшырасады.  Екіншіден, біз бұрынғы кеңес заманынан қалған психологиямен біреулерді мақтасақ көкке көтереміз де, жамандасақ жерге кіргіземіз. Ортасы болмайды. Әр пенденің жақсы жағымен қатар, қателіктері де болады дегенді айтқымыз келмейді.

      Үшінші фактор – министрдің адами қасиеті, мінезі, парасаттылығы, мәдениеттілігі. Баяғы кеңес заманындағы «жап есікті, әкеңнің...» деп, кеңсенің есігінен сығалатпайтын бастықтар мен басқармалардан соң, адамдармен ашық сөйлесіп, олардың ой-пікірлерін тыжыраймай тыңдайтын басшыларға халық та жылы көзқарас қалыптастыра бастады. Соңғы уақытта Светқали, Есенғали Раушанов сияқты замандастарымыз көтерген «Қ.Тоқаевтың қасына топтасайық!» деген ұранның пайда болуында осы мәселе жатқан сияқты.

      Әрине, басшының парасатты, мәдениетті болғанына не жетсін, бірақ бұл  министрлерді бағалау шарттарындағы ең соңғы талаптардың бірі деп ойлаймын.  Әрине, «түсі игіден түңілмегеніміз» дұрыс, бірақ өз басым басшы  қызметкерлердің нақты шешімдері мен нақты іс-әрекетіне ғана баға бергенін қалаймын. Себебі олардың шешімдері біздің болашағымызға тікелей әсер етеді. Осы жерде өзімнің білім министрлігінен не күткенімді қысқаша айтып кетейін: а) мектепте екінші тілді үйренуді бастауыш сыныптарынан соң ғана (12 жастан кейін) енгізу (30 жылда азаматтарға мемлекеттік тілді үйрете алмай жүріп екінші, үшінші тілді тықпалау не сұмдық?); ә) жоғары сыныптардағы негізгі пәндерді ағылшын тілінде жүргізу керек деген ақымақ тұжырымды алып тастау (Ұлттық ғылымды толық құртатын тұжырым. Екіншіден, математика, биология т.б. пәндерді ағылшын тілінде оқытатын он мыңдаған мұғалімді басқа жақтан алып келерміз, ал олардың дәрістерін ұғатын миллиондаған оқушыларды қайдан табамыз?);  б) «Орыс әдебиетінің» орнына «Әлем әдебиетін» енгізу (о заман да бұ заман басқа ұлттың әдебиетін жеке пән ретінде оқыту деген не сұмдық? Әлде Рабиндрат Тагор, Марк Твен, Маркестер мен Айтматовтар Толстой мен Лермонтовтың деңгейінен төмен бе?); г) мемлекет қамқорлығындағы үйлерде (жетімдер үйінде) оқу-тәрбие жұмыстары тек мемлекеттік тілде жүруі шарт. (Осыдан он шақты жылғы мәлімет бойынша, Қазақ еліндегі 33 жетімдер үйінде 17 аралас, 16 орыстілді мектептер жұмыс істейді екен. Бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Ал балаларды қай тілдегі мектепке беру керегін ата-анасы шешетінін ескерсек, бұлардың ата-анасы – мемлекет. Мемлекеттің тілі – қазақ тілі. Бірақ біз әлі күнге дейін жетімдерімізді, бірнеше ондаған мың бүлдіршіндерімізді көрші Ресейдің тілінде тәрбиелеп, оқытып жатырмыз.) Өкінішке қарай, осылардың біреуі де жүзеге асқан жоқ.

     Президент орнына таласқан жан өзінің бағдарламасын жариялайды да, жеңіп шықса сол уәдесін орындауға кіріседі. Халық одан өз қолымен жазған, халықтың алдында сөз берген мәселелерді орындауды талап етеді, қалай орындап жатқанын бақылайды және соған байланысты баға береді. Әлі есімде, 1989 жылы Алматыдағы «Айнабұлақ» ықшамауданындағы жаңа салынып жатқан мектепті айқасып жүріп қазақ мектебіне айналдырдық. Сол жеңістің екпінімен мектептің директорын да жергілікті тұрғындар, балалардың ата-аналары сайлайтын мүмкіншілікке қол жеткіздік. Директорлық орынға төрт адам таласты және олардың әрқайсысы өздерінің бағдарламаларын ұсынып, біздің алдымызда қорғап шықты. Меніңше, біздің әрбір министр қызметке тағайындалғанда, ең болмаса өзінің «мен мыналарды жүзеге асырамын» деген негізгі бағыттарын халыққа жариялағаны жөн болар еді. Сонда ғана жөнді-жөнсіз мақтаулар мен даттаулар далада қалып, оның өз мойнына алған міндеттерді қалай жүзеге асырғанына баға берілер еді. 

     Айтудан жалықпаймын, қоғам іріп-шіріп, билік жүйесі әділетсіздік ауруына  ұшырағанда оның бір немесе бірнеше  саласының (білім және  ғылым не медицина) жақсы, дұрыс болуы мүмкін емес. Бұл аксиома, талассыз шындық.  Мойындайық, білім саласы – жемқорлыққа батқан, проблемасы шаш етектен келетін саланың бірі. Кешегі сайлауда да  халықтың даусын ұрлағандардың көпшілігі ұстаздар. Меніңше, бүгінгі Асхат бауырымызды мақтаушылар мен жақтаушылар осы келеңсіздікті өзгертетін азаматтың билікке келуін асыға күтетін жандар болар деп ойлаймын. Бұл – үміт оты. Ал үмітсіз жанды қазақтың не деп атайтынын бәріміз білеміз.

    Өркениетті әлем, алдыңғы қатарлы дамыған елдер де дәл біздің жолымызбен жүріп өткені анық. Сондықтан да олар көппартиялық жүйе қалыптастырып, атқарушы билікті жасақтауды жеңген партияның қолына толық беретін жолды ойлап тапты. Көп жағдайда үкімет жұмысына кешенді баға беріледі де, халықтың үмітін ақтамаған үкіметтің премьерден бастап, барлық министрлері бір адамдай отставкаға кетіп, бұрынғы билікпен ешқандай қатысы жоқ жаңа мамандар келеді. Ал не әділетті сайлауы жоқ, не көппартиялық жүйесі жоқ, билігі мен байлығы біте қайнасып кеткен елдер «мына бала аналарға қарағанда жаман емес сияқты» деп, малтасын езіп отыра береді.        

     Бұл – Асхатты қорғау не қолдау емес, биліктің тығырыққа тірелуінің көрсеткіші. Басшыларды тағайындау, орындарынан алып тастау жүйесінің тығырыққа тірелуі дер едім. Басшы қызметке адамдар қалай келеді, оларды таңдау тетігі бар ма, не үшін, қандай артықшылықтары арқылы келді? Олар қызметтен қалай кетеді, не үшін, қандай себептер орындарын босатады? Егер олар біздің ақшамызға жұмыс істейтіні рас болса (бұл талассыз мәселе), олардың не үшін қызметтен шығарылғанын білу біздің құқығымыз. Ал біз әлі күнге дейін сенат спикері Дариға Назарбаеваның қызметтен не үшін кеткенін біле алмай, бал ашып отырмыз. Кеше тағы бір министр кетті. Оның кеткені, дұрысында кетіргені, мемлекеттік не коммерциялық құпия сияқты көлеңкеде қалды.

      Ал бізге интернет беріп қойды. Рахат!    

 Дос КӨШІМ           

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды