Азғындар неге көбейіп барады?

Сайт әкімшілігі

28.07.2020, 12:31

41

                                                                                                                              

     Сәтпаевтағы айтуға ауыз бармайтын қылмыстық оқиға алты Алаштың қабырғасын қайыстырды.  «Тікенек баламның табанына емес, маңдайыма батсын» деп, баласы үшін шығарда жаны бөлек талай ата-ананың жүрегі қарс айырылды. Сорақылығы сол – Сәтпаев қаласында осыдан үш жыл бұрын тура осы күні дәл осындай айуандық әрекет орын алған еді. Ол кезде  50-ден асқан азғынның құрығына шырылдаған бес жасар бүлдіршін түсіп қалған еді. Қылмыскер өмір бойына түрмеге тоғытылды.

      Бұл жолы Сәтпаевтағы жұрт түн ішінде күдіктінің баспанасына басып кіріп,  «айуанды өз қолымызбен жазалаймыз» деп наразы болды.  Жұрттың басым бөлігі «қылмыскерді өмір бойы түрмеде асырағанша, бір оқ қана шығындап атып тастау керек» деп дүрлікті. Ашынған халық арандатқан топтың жетегіне еріп, полиция бөлімінің жанында тұрған бірнеше көлікті өртеп, тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетті. Өйткені ағыны қатты заманда талайды көрген қараша халық мәселе бала қауіпсіздігі мен намысқа келіп тірелгенде үйінде тыныш отыра алмады. Өз үйінде қыз баланы «қонақ» деп төрге отырғызып,  қашанда жылы-жұмсағын аузына тосқан  қазақ үшін мұндай айуандық жат болғанымен, қазіргі қоғамда жиі көрініс берген қылмысқа айналып барады. Көрші өзбек,  түркі елдерінде мұндай оқиғаның болып жатқанын ести бермейміз. Олай болса, қазақ қоғамына баласын зар илетіп, қорлық көрсеткен айуандық әрекет қайдан жабысты, бұған қалай тоқтам жасауға болады деген сауал бүгінде  көпшіліктің көкейінде тұр.      «Баланың тағдыры бізді алаңдатуы тиіс, оның жақын-жуықтарына оңай болған жоқ. Сол себепті бұл мәселені ұзақ талқылай беру дұрыс емес. Кеңес өкіметі кезінде бар мәселе жасырын шешілді. Оның жақсылығы сол – қиындыққа ұшыраған адам кейін де тыныш өмір сүретін. Жергілікті елді мекендерде ұлттық қоғамдық институттарды, ақсақалдар, аналар кеңесін дамыту керек. Президенттің «еститін үкіметі» құр сөз болып қалмай, нақты істер жүзеге асып,  ашық қоғам орнаса дұрыс болар еді», – дейді қарағандылық журналист Жаңабек  Нар.     Жұрт педофилдерге тағайындалатын заңды жаза тым жеңіл деп есептейді. Сәтпаевта зардап шеккен қыз баланың туыстары да әлеуметтік желі арқылы күдіктіге ату жазасын беруді сұрады. Елімізде жазасын өтеп жүрген азғындарға белгілі бір мерзім аралығында бірнеше  рет химиялық піштіру (кастрация) жасалады. Оған кететін дәрі-дәрмектің өзіне мемлекет қаражат шығындайды. «Өзбекстанда отбасы тәрбиесін қолында ұстап тұратын шағынаудан тұрғындарының махаллалары бар. Әлеуметтік жағынан беделді мүшелерінің арқасында олар өз орны бар қоғамдық институт болып қалыптасқан. Ал біз ұлттық дәстүрімізді ұмытып, өзге ұлттың «албасты» өмір салтына түстік, көршімізде әйел түгіл, бала шырылдаса да селт етпейтін болдық», – дейді ашу-ызаға булыққан қоғам белсендісі Майра Абдрахманова.      Бүгінде елімізде балаларға зорлық көрсеткен педофилдердің тізімі фотосуреттерімен қоса, барлық бұқаралық ақпарат құралдарына тарады. Педофилдер жөніндегі электронды картаны бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті бірнеше жыл бұрын жариялады. Мұнда зорлықшыл қылмыскерлердің қай аумақта тұратыны анық көрсетілген. 2019 жылдың соңындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 1500 педофил мен 2800-ден астам зорлық жасаған адам құқық қорғау органдарында тіркелген. Қазіргі уақытта еліміздегі түрмелерде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға сексуалдық тұрғыдағы зорлық жасаған 1600 адам жазасын өтеп жатыр.

      Ал әлем елдері балаға зорлық жасаған азғындарды қалай жазалайды? Африка және Таяу Шығыс елдерінде педофилдерді бірден атып тастайды. Сондай-ақ балаға зорлық көрсеткендерді ату жазасына кесу Қытай, Иран,  Ирак, Латын Америкасы, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы елдерінің тәжірибесінде кездеседі. Ал ең қатал жаза Африкада қолданылады екен – олар педофилдерді тірідей өртеп жібереді.     Қазіргі уақытта Сәтпаев қаласында зардап шеккен қыз бала ауруханадан үйге шығарылған. Оған психологтар мен дәрігерлер көмек көрсетуде. Ал бауыр еті баласы қиын жағдайға тап болған ата-ана әлеуметтік желі арқылы жұрттан қаражат жинамауды әрі бұл мәселені көп қозғамауды өтінді. Олар бала жанына үлкен жара салған қайғылы жайтты тезірек ұмытқысы келетіндерін жеткізді. Бұл өтінішке құрметпен қараған жөн.

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

Қарағанды облысы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:38
Алматыда бірнеше көше жабылады
Сайт әкімшілігі 11:11
10 жыл халықаралық іздеуде жүрген шетелдік Алматы облысында ұсталды
Сайт әкімшілігі 11:08
Алматыда Көк базар жабылады
Сайт әкімшілігі 09:21
Індет жұқтырған 98 адамның жағдайы ауыр
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 24.09.2020, 10:28
Халық алдындағы жауапкершілікті сезінбеу қылмыс
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:25
Пандемия білім саласына серпін бере алды ма?

Аңдатпа


  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39