28.07.2020, 06:42
884
Сыр елінің агроөнеркәсіптік өнімдері 19 мемлекетке экспортталады. «MADE IN KYZYLORDA» маркасымен күріш, көкөніс, бақша дақылдары, картоп, тұз, ет, сүт, балық өнімдері Еуропа мен Азия елдерінде үлкен сұранысқа ие.
– Тәжіктер қызылордалық күрішті көп пайдаланады, Сыр салысының шамамен 40 пайызы сол жаққа кетеді. Өзбекстан – 32,3, Ресей 13,4 пайызын, сондай-ақ Түркия, Әзірбайжан, Украина және басқа елдер сатып алады, – дейді Қызылорда облысының күріш өндірушілері мен қайта өңдеушілері қауымдастығының президенті, Еңбек Ері Абзал Ералиев.
Ал аймақтағы сегіз балық өңдейтін зауыттың өнімдері берісі Ресей, әрісі Германия мен Данияға жөнелтіліп жатыр. Көксеркенің сүбесі еуропалықтардың дәмді асына айналғанына да біраз жыл болды.
Былтырдан бастап Қызылорданың қарбызы Ресей нарығын жаулауға көшті. Жаз шыға Жаңақорғанның «Жайылма» шаруа қожалығы ерте піскен қарбыздарын көрші елге саудалауды бастап кетті.
– Біз өнімді көтерме бағасына сатпай, оны Ресейге өзіміз алып баруды шештік. Осы маусымда біз тағы да сол қалаларға барып, өз өнімімізді сатуды жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде нарықтағы құнынан төмен бағада болады. Тұтынушылар тек қолжетімді бағада алады, – деді «Жайылма» ШҚ төрағасы Бағдат Мұсатаев.
Жайылма ауылында былтырдан бастап қарбыз шырыны да өндіріле бастады. Бүгінде дүкен сөрелеріндегі «KazExpertTrade» Қазақстан-Герман біріккен серіктестігінің «Жайылма шырыны» көпшіліктің таңсық сусынына айналды.
Облыста жылына 50 мың тоннадан астам қарбыз өсіріледі, оның 20 мыңы экспортқа негізделген. Бақша диқандары, негізінен, голландық тұқымдарды егеді. Өйткені олар шырынды әрі салмақты болып келеді.
Сыр елінде экспортқа шығатын 19 өнімнің қатарына көпжылдық өсімдік – қамыс та енді. Қызылорданың қамысына немістер қызығушылық танытқан. Биыл алғаш рет Германия мемлекетіне 122,1 тонна қамыс экспортталыпты. Олар бұл өнімді үйлердің шатырына арналған тоқыма себетін (плетеночная корзина), қолөнер бұйымдарын жасауға пайдаланады екен. Мамандар бүгінгі Еуропа ағаш пен пластиктен гөрі қамыстан жасалған шатыр жабындысын сәнге енгізіп жатқанын айтады.
– Қамысты арнайы өсірудің қажеті жоқ. Бұл суы бар жерде табиғи түрде өсіп-өне беретін өсімдік. Бізде оның мол қоры бар. Еуропа мемлекеттері баспаналарын жеңіл шикізатқа ауыстыруға көшкен. Өйткені бұл басқа материалдарға қарағанда арзанға түседі. Қамысқа сұраныс артса, өндіріс болады, жұмыс орындары ашылады, бәрінен бұрын, шаруалар шаш етектен пайдаға кенеледі, – дейді Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев.
Жалпы, өңірде жыл басынан бері 14 млн долларға жуық 38,9 мың тонна ауылшаруашылық өнімдері экспортталып, ол былтырғы кезеңмен салыстырғанда 116,7 пайызға артқан.
Қамысты кәдеге жаратып жатқан өңірде жаңа инновациялық жоба да қолға алынған.
Аймаққа белгілі «РЗА-Нан» серіктестігі күріш ұнынан нан-тоқаш өнімдерін шығаруды бастап кетті.
«Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ғалымдары «РЗА-Нан» ЖШС-мен бірігіп, күріш ұнына зертханалық зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде 10, 15 және 20 пайыз күріш ұнтағы қосылған және гуар камедімен (тағамдық қоспа) байытылған нан үлгілерін дайындап, жұртшылыққа ұсынды.
«Күріш ұнын қосу арқылы дайындалған нан өнімдерінің өзіндік құны төмендейді. Бұл тиісінше нан бағасына айтарлықтай оң әсерін береді деп ойлаймыз. Бұл нан-тоқаш өнімдерін дайындауда, өңірімізде өндірілетін негізгі дақыл – күріш салысын өңдеу барысында алынатын күріш ұнын таза бидай ұнымен қосып пайдалану арқылы өнімді терең өңдеу және азық-түлік өнімдері өндірісінің дамуына септігін тигізеді», – дейді нан және кондитерлік өнімдер технологы Мейрамкүл Абдықаниева.
Өнімнің салмағы мен сапасы мемлекеттік стандартқа сай дайындалады. Нан өндіру барысында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және құндылығына қойылатын санитарлық, гигиеналық талаптар қатаң сақталады. Шығарылатын нан және кондитерлік өнімдер ЕАО кеден одағының сәйкестік декларациясымен сертификатталған.
Нұрәли САҒАТ
Қызылорда облысы
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР