Абайды жеңген кім?

Сайт әкімшілігі

28.07.2020, 06:55

633

       Дүниедегі істің ең оңайы – Абайды жеңу.  Жеңу үшін шартың толуы тиіс. Түйсіне алса, пендеге Абайды жеңгеннен артық абырой да болмақ емес. Шындық қой. Тұтас бір ұлттың бағына біткен тұлғаның осал тұсын тапқандай, шаттануыңа мүмкіндік бар. Ұпайың түгел. Мұртыңды балта шаппайды. Ұртыңды тілмен кез де, ілкімді істің авторы атанып жүре бер. Міне, сенің орның қоғамдағы.  Адамдық бір өлшем ол да. Надандық талабымен таныса білгенің. Күнде жеңілу мүмкіндігі бар екенін кезінде Абайдың өзі де айтқан. «Кімнен жеңілдің?» – деп сұралғанда.

       Ұтылған Абай туралы ұтымды дүние жазуға зауқымыз соқпаған. Мақала шыққан екен. Зауре Батаеваға тиесілі. Отандық басылымдардың бірінде. Обалы не керек, екі-үш рет оқыдық. Қазақ қоғамы тіліне, мәдениетіне қарай екіге жарылғанын айта келіп, оған Абайдың қаншалықты ықпалы болғаны жайында толғанады. Толғанған да жақсы. «Ой жүреді келіп-кетіп» деуші ме еді Жұматай ағам. Ойдың Зауреге келіп-кетпейтіндей не кемдігі бар? Ой келмейтіндей Батаеваның не міні бар? Ол да ойланады. Өзінше байыбына барады, қорытады. Батаева бірдеңе деді екен деп, шапқа түртілген аттай атылудың қажеті шамалы. «Абай бәрін қайдан біле қойды?» деген күдікке ұрынған шығар.  Мұндай күдік уызға жарымағанның талайынан табылады.

    Енді бір ізденсе, Қаныш Сәтпаевқа сонша білім қайдан қона қалды деп ұрынуына болады. Сыр бойындағы Тұрмағамбет Ізтілеуовті оқысын. Оған да таңғалады. Дана мен шешен, батыр мен көсем қазақ даласында аз болмаған. Алпыс жыл ат үстінен ауып қалмай, жекпе-жектің бәрінде жеңіске жеткен Қабанбай батырдың ерлігіне де Зауре секілді ойлайтындар тіріде сенбейді. Жетпіс жеті жасында қарсыласының басын кесіп алатын Қабекеңнің ақиқатына аңыз деп қарауы бек мүмкін. Абай атам да тым биіктеп кеткен. Анау-мынауға ұғынықты бола салмай. Шынында да, күрделі құбылыс. Былайғы жанның бәрінен бір бас жоғары тұратыны қалай? Биік болатын жөні де бар. Ондағы таным, түсінік, парасат, пайым бүгінгі қазақтың басым көпшілігінде кезікпейді. Ол тіпті, әлгі Зауре замандас айтпақшы, қазақтілді қазақта да, орыстілді қазақта да аз,  мүлдем аз. Өзге тілді қазақтан да ондай өре таба алмайсың. Таппайтыныңыз – әкесі Құнанбай емес. Құнанбайдан жаралып, Ұлжаннан туып, Зеренің тәрбиесін көріп қана Абай боласың және тек осы үш  шарт па екен?

      Құнанбай осы ұлынан үміт күтті. Күтіп қана қойған жоқ, оның тәрбиесімен мықтап айналысты. Қыруар  қаржы салды. Инвестиция деп біліңіз. Бір тобықтыны немесе тұтас арғынды, анау Орта жүзді ғана емес, керек десеңіз, исі қазақтың тағдырын ойлайтын, болашағына жауапты кісі болса деп жоспарлады.  Халиолладан да үміт күткені белгілі. Әттең, тағдыр. Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбаевтың жазғанын оқиық: «Халиолла Өскенбаев Омбының кадет корпусында 1859-1867 жылдар арасында оқыған. 1867 жылы Москвадағы III Александр атындағы училищеге түсіп, оны 1868 жылы жазда бітірген. Сібірдегі қазақ әскери бөліміне қайта оралған Халиолланың ауру екенін естіген Құнанбай елден Мырзахан мен Түсіпке қосып, тағы үш кісі жібереді. Олар Халиолланың нашар ауру екенін айтып, әкесіне жазып берген хатын әкеп тапсырады». Құнанбай Халиолланың кадрлық офицер болуын қалаған секілді. Әскери шаруаға машықтансын дегені шығар. Құрт ауруына шалдыққан қайран ұл о дүниеге кете барды. Абайды басқару ісіне баулығысы келді ме, ол енді Құнанбай Өскенбайұлының ішкі есебінде таңбаланды.

       Алғыр Абай ұстаз біткеннен үйренгені бар, өзіндік жаратылысы, табиғи талантымен алысқа кетті. Зауре замандас 1933 жылы жарық көрген «Қара сөздер» ғақлиясына тоқталып, «Жалқаулық, іштарлық секілді жаман әдеттерді жалаулатып жібереді екен», – деп налиды. Налу да адамға тән қасиет. Бір інішек ащы суға құмарлық танытты. Әке-шеше дегендей, үлкендер бар, тіпті өзіміз де түзей қояйық деп тезге салдық. Сонда әлгі бауырдың налитыны бар. «Шынымды айтсам, үкіметке де өкпелімін. Құтысын қарашы, көздің жауын алады. Атаулары да ғажап. Тура татып алмасаң, ренжіп қалатындай әсер береді. Одан да шығармай ма, сұрықсыздау бөтелкелерде. Атауынан адам қашып кетердей етіп», – деп. Дұрыс қой енді. Батаева да Абайдан көп қателік көреді. Жалынан ұстата салатын жуас аттар болады. Жұрттың бәрі соны ауыздықтауға ұмтылады. Асауға жүрегінің түгі барлар ғана жүген салады. Әрі өзіне сенімді болған соң. Білімнің де тереңіне өресі биіктер бойлайды. Шамасын білетіндер таяздан-ақ іліп ала салады. Зауре замандастың Абайды сөккені әбден дұрыс. Бір ол ғана ма екен?! Абайды түсінетін адамды кейде емге таппайсың.

      Сондықтан да Абайды жеңетіндерге тіпті қызығасың. Оларға өмір сүрудің өзі жеңіл. Уайым, қайғы жоқ. Ас ішіп, аяқ босатуға шамасы келеді. Оған да көп күш керек, бірталай ақыл жұмсалады.  Ойы қатқақ шығар, бірақ  миының іші ми батпақ емес.  Асқазанының да ас қорыту қабілеті талайдан мықты. Тыңқия тойған екен. Енді ше? Абырой өзі іздеп келеді. Есігін ішінен іліп алмасын тек. Пошымын ел таниды. Шошынуы да мүмкін. Бірақ үрікпейді. Өйткені ол жеңімпаз ғой. Басқа емес, Абайдың өзін жеңді. Міне, чемпион! Медаль жоқ, әйтпесе ұсынудың да реті келіп еді.

        Біреуден мін іздегіміз келмейді, іздеген күннің өзінде, қылаудай мін таппай қиналамыз. Одан да қызғанған дұрыс. Мінсіздігіне бас иіп, мұңсыздығына таңғалып. Ширек ғасыр бұрын Абайды оқуымызға тура келді. Қасіреттің қалағын қолымызға алғандай болдық. Сол кезде бапкеріміз болған Төкен Ибрагимов айтып еді: «Мына қара шал мені жынды қылды. Абаймен ауырасың, не емі табылмайды. Шырмап алып, маңынан шығармайды. Дербес бірдеңе айтқың келеді, кітабын оқысаң, ол айтып үлгерген. Ақылдағының бәрін сығып, тағы бір тың дүние тауып аласың. Енді жұртқа жариялай қойсам дегенде, Абай алдыңнан қайта шыға келеді. Сен зорыға жаздап түбіне жеткен мәселені,  кемі екі кітапқа жүк болатын жаңалығыңды бір ауыз өлеңмен түйіндей салған. Әурең әдіре енді. Апырмай, бұл Абайдан ештеңе қалмаған ба деп бұлқан-талқан боласың. Қырық жылдан бері Абайды оқимын, әлі толық түсіне алмадым. Бұл не, сонда? Құбылыс па?»

      Мерғали Ибраев та жаттықтырды. «Абай – өлең. Абай – өмір. Абай-өмірді сүру үшін Абай-өлеңді тануың керек, түсінуің қажет. Және ондай өмірді сүрудің өзі қиын, желіп өте шығатын болып, үстірт қарағанда да Абайға ұсталып қаласың. Ал шын ниеттеніп түсінгің келіп, бүкіл болмысыңмен бұрылсаң ше? Тұтқында қалдым дей беріңіз». Абайдың тұтқынында қалғандарды да көрдік. Өмірі түк қызық емес. Қызық емес дегенде, қызыл-жасылы жоқ, күңгірт дүние. Адам баласы беттей бермейтін бейнетке құмар. Әдеп пен мәдениетке жақын. Әдеп болғанда да, тереңіне бойлай алмайтын, түсінікке кереғар әдептер ғой. Мәдениеті де күнделікті қолданыстағы мәдениетке мүлде ұқсамайды. Айтпақшы, Абай бірде әкесі Құнанбайға сәлем бере барып, бірер күн қасында аялдапты. Құнекең қажылықтан оралғаннан кейін. Бұрынғыдай көп әңгімеге зауқы соқпайтын көрінеді. Бір кітапты алады да, аздап оқып, артынша ұзақ ойланып қалатын көрінеді. Және әлгі көрініс бірнеше рет қайталаныпты. Сұрайын десе, ретін таппайды. Сәлден кейін жол жүретін кезі жақындайды. Жабулы қазан сол күйінде қалып қояр ма еді, егер дана Құнанбай баласының көкейінде бір сауал кетіп бара жатқанын аңғармағанда.

   – Балам, – дейді әкесі, – бір нәрсеге оқталдың ғой. Оқталдың да, тоқтадың. Соншалықты баптайтындай не мәселе?

  – Келгелі байқағаным, сіз ана бір кітапқа үңілесіз де, сәлден кейін ойға шомасыз. Не оқып жатқаныңызды түсінбей, соны сұрағым келген...

  – Е, ол тариқат қой.

  – Әке, мен сізді ақиқатқа әлдеқашан жетті ме деп ойлағам, – депті Абай.  

     Жетпіс екі жасында қажылыққа барып, одан келген соң, қалған өмірін дін жолында  құлшылықпен өткізген Құнанбайдың ақиқатқа жеткеніне толық сенімді болмауы Абайды ойлантып тастағаны анық. «Енді дүние сөзін сөйлемеймін», – деп, ешкімге тіл қатпай қойғаны, оңаша үйде, шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, Құдайға құлшылық қылғаны тарихта жазылды. «Тариқат – ол тақуалық және Алла тағалаға жақындататын амалдар. Ақиқат мақсатқа жету және ұлық нұрды көру. Намаз ішіндегі қызмет Аллаға жақындық. Қызмет шариғатта, Аллаға жақындық тариқатта, ал жетістік ақиқатта», – деп түсіндіреді  дін ғұлмалары. Парасат пен пайымы алысқа ұзап кеткендермен сөз таластыру қайда, білім салыстырудың өзі әбестік саналмай ма? Біздің қоғам, қоғамдағы адамның озық туған әкелі-балалы екеудің қай-қайсысын да байыппен қарап, байқап барып түсінуге ұмтылмаса, екеуінің де тереңіне бойлай алмайды. Сөз сілтеп қалғанның көбі құйысқанға қыстырылған боқтың кейпінде, тезектің тағдырын кешеді.

        Біз мынау барлықты, байлықты әлдеқандай көреміз. Пара алып, істі болып сотталып жатса да, шенді-шекпенділеріміз заң бұзудан тартынып көрген жоқ. Жаза арқалап кетуі мүмкін, бірақ қылмыс жасадық-ау, жаза бастық деп түк  қиналмайды да. Себебі әлгі қылмысқа саналы түрде барады. Мұраты – қарпып қалу. Өйткені Абай ұсынған жолдан өзін ертерек алып қашты. Алып қашу қайда, мектепте оқи салды да, бағытын білді. Бағытын білді де, мүлде жоламады. Өйткені Абай жолының өзі үшін құрдым екенін түсінді. Ол түсінікке де риза боласың. Ойлап қараңызшы, Абайдың жолымен жүру мүмкін емес қой. Жүрдің болды – Төкен Ибрагимовтың тұсынан табыласың. Ары кеткенде ақын мұражайының шырақшысы атанасың. Қызмет қайда? Пайда қайда? Иә, Абай мұрасын іздеуші қатарында ғанасың. Сол дұрыс па, енді? Заурелердің сондай іске зауқы соға ма? Абай кімді аяды? Туған ағасы Тәкежанның үйінде отырып, жеңгесіне қаратып жазғаны ше?

«Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, О да қылған кедейге үлкен сыйы.Қар жауса да, тоңбайды бай баласы,Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты, Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып, Бала шықса асынан үзіп-жұлып, Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,Үйген жүктің күн жағын орын қылып.Әкесі мен шешесі баланы аңдыр, О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.Асын жөндеп іше алмай қысылады,Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр».

      Бұған не дейсіз? Тәкежан да талай қазаққа жақсылық жасаған болар. Әйтсе де жеңгесінің кейбір ісі көңіліне жақпай қалып еді, жеріне жеткізіп айтты да тастады. Бүгінгі шендіге мұндай кісі қажет пе? Абайдың шәкірті көп болғанын қалай ма олар? Данышпанның маңына бара алмайтындардың ендігі амалы қандай болмақ? Бірдеңені бықсытып, мүңкітіп, қоғамға әсер ету ғана қолдарынан келетін тірліктері.

     Біз ғой, пайда жолында  арды құрбан етеміз. Бір асап қалу үшін ұяттан беземіз. Сондағы мақсатымыз – табыс табу, дүние жинау. Абайды оқыған, оның нақылын түсінген адам дүниеге жолай ма? Қызметке ұмтыла ма? Өзге түгіл, өз баласына өлең арнап:

«Адамның бір қызығы – бала деген, Баланы оқытуды жек көрмедім.Баламды медресеге біл деп бердім,Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», – деген Абай бүгінгі тірлікке қандай баға береді деп ойлайсыз? Ол да ештеңе емес. Әлгі шетелден вилла, сарай алып, үйлі болып, мұхитта кеме жүздірген тірлігімізді, ебін тауып байып алған күнімізді де қарық қылмайды.

«Мен көрдім дүние деген иттің көтін, Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші түтін», – дейді де, пенде біткеннің қол созып келген арманын, ар мен ұятты құрбандыққа шалып жеткен мақсат-мұратын іске алғысыз қыла салады. Ойлы адамға өмірде қызық болмайтыны да осыдан. Абайды түсінгеннен не ұтатыныңызды біліп алдыңыз ба? Соңғылардың бірі болып ұққан Жәнібек Кәрменов секілді. Өзінің «Ойламаңдар, жігіттер» деген толғауында:

«Опасыз мына дүние, Тұтқа болған кімдерге?Өмірдің соңы өкініш, Санамен ойлап білгенге», – демеуші ме еді?! Өмірдің соңы неге өкініш? Тағы да сол уағыздардан естігеніміз, Алла тағала пендесін өзіне қайтарар кезге таман көкірек көзін ашып жібереді екен. Дүниенің жалған екенін сонда білген адам баласы өкініште қалады екен. Абай екі дүниенің де мән-мағынасын түсінген. Әйтпесе бай баласы қызық көріп, той тойлап, сән-салтанатпен-ақ өмірін өткізбей ме?

«Есіңде бар ма жас күнің, Көкірегің толық, басың бос,Қайғысыз, ойсыз, мас күніңКімді көрсең, бәрі дос.Махаббат, қызық, мал мен бақКөрінуші еді досқа ортақ.Үміт жақын, көңіл ақ, Болар ма сондай қызық шақ?» – деді Абай. Осының тереңіне бойлаған жан бар ма? Заурелер сөз тіркеп, сүйкетпестен бұрын осы өлеңді оқыса ғой. Досқа ортақ көрінген махаббат қайда? Қызық қайда? Пессимистік пиғылдағы кісі дегенде, осы өлеңді аттап кеткен-ау, Батаева. Әй, бірақ, Абай кез келген өлеңімен өнеге ғой. Шындығы тағы мынау:

«Көзіме жас бер, жылайын, Шыдам бер, сабыр қылайын.Жаралы болған жүреккеДауа бер, жамап сынайын».  Оқып отырып, ызалы кейіптеміз. Абайды оқып деймін. Абай туралы жазылғанда неміз бар? Немесе оған несіне долданайын? Мырс етіп күлгеннен басқа амал аз. Әрине, автор арманына жетті. Мақсаты орындалды. Талай оқырманның назарын аударды. Ол деңгейге біздің жазғанымыз жетпейді. Себебі кайф жоқ, хайп жоқ, драйф жоқ. Тағы да сол –  Абайға тамсану, Абайға жүгіну, пендешілікті мойындау жағындамыз.

«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.Ақылдылар арланып ұялған соң, Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын, Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.Көздің жасы, жүректің қанымененЕрітуге болмайды ішкі мұзын.Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін, Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді, Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.Адасып алаңдама, жол таба алмай, Берірек түзу жолға шық, қамалмай.Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ, Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай».

       Бұдан артық не айтуға болады?! Абай бір емес, бірнеше мақаланы осы өлеңімен-ақ жаза салған. Бізге қалғаны – оқу. Шама келсе түсініп, ғибрат алу. Өзгесі – сол сөз ұзындығы ғана.

Амангелді СЕЙІТХАН

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19.11.2020, 16:48
Ауылда отырып айына 300 мың теңге табатын 13 жастағы баланың арманы не?
Бифат ЕЛТАЕВА 19.11.2020, 13:11
COVID-19: Дәрумендер шынымен дертке дауа ма, дәрігерлер қандай кеңес береді?
Қарлығаш Зарыққанқызы 17.11.2020, 09:32
Зейнетақы қоры ма, әлде маңдай тердің соры ма?
Тоқтар ЖАҚАШ 12.11.2020, 12:40
Алматының мәселесін шешуге әкім Сағынтаевтың әлі жете ме?
Қарлығаш Зарыққанқызы 12.11.2020, 10:27
Қош бол, инвестор!
Дос КӨШІМ 11.11.2020, 18:54
АҚШ-тағы сайлау: Қазаққа кім тиімді?

Аңдатпа


  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    09:56
  • "Көлігім жоқ болса да қарыз төледім" - салық органдарына шағымданатындар көп
    21.11.2020, 11:05
  • Билбордтардан не пайда, жемқорлар саны азаймаса?
    21.11.2020, 10:52