Құрышпен шыныққан Шідебай

Сайт Әкімшілігі - 30.07.2020437


 Құрметті теміржолшы Ізтілеу Матреков туралы бір үзік сыр

      Өмірде өз мамандығын тағдырының бір бөлшегіне айналдырған тұлғалар аз емес. Біз мамандығына әбден беріліп, өз ісінің ұңғыл-шұңғылына дейін білетін жандарды «кәсіби, кәнігі мамандар» дейміз. Бүгін біз осындай кәнігі, кәсіби маман болған, өз тағдырын теміржол саласына арнаған Ізтілеу Матреков жайлы ой толғамақпыз. Бүкіл саналы ғұмырын теміржол саласының өркендеуіне арнап, жарты ғасырға жуық осы салада еңбек еткен тұлғаның тағдыры ел өмірімен тығыз байланысты әрі тарихи кезеңдерге толы екен.


       Шідебай қалай Ізтілеу атанды?

      Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – Ізтілеу Матрековтің негізгі, азан шақырып қойған аты – Шідебай, әкесінің аты – Ералы, ол кісі бүкіл Жетісу өңіріне белгілі дәулетті адам болыпты. 1907 жылы дүниеге келген біздің кейіпкеріміз 1917-18 жылдардан кейінгі саяси өзгерістер салдарынан аты-жөнін өзгертуге мәжбүр болған.

       Жетісу өңіріне Кеңес өкіметі келген алғашқы кезде қазақтың дәулетті отбасылары бірінші болып зардап шекті: олардың көпшілігі атылып кетсе, аман қалғандары итжеккенге айдалды. Мұндай жағдайды әңгімемізге арқау болып отырған Шідебай ақсақалдың отбасы да басынан өткерді. Қызылдар ауылға келгенде, Ералы үлкен ұлдарымен бірге атылып кетіп, 10-12 жастағы Шідебай атамызды шешесі тайқазанның астына тығып үлгеріпті. Сөйтіп, бір сойқаннан аман қалған кейіпкеріміз туған ауылындағы өмірін жалғастырады. Жаппай ұжымдастыру басталған кезде Ералы ақсақалдың баласы Шідебайды ауылдастары бригадир сайлайды.

    – Әкеміз осылай бригадир болып жұмыс істеп жүргенде, 1929-30 жылдар болу керек, кешке жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанда қасынан өтіп бара жатқан жамағайын бір бауыры: «Шіде, қаш, түнде сені арест қылады», – депті. Содан жалма-жан үйіне жеткен әкеміз үйдегі шешесі мен бәйбішесі Нүржәмішті жетектеп, бас сауғалайды. Сөйтіп, түнімен жаяулатып, таң ата Молалы ауылына жетеді де, алыс бір ағайынының үйіне түседі. Ол туысы: «Шіде, сен біздің үйге бекер келдің, мен саған араша бола алмаймын, зияның менің бала-шағама тиеді. Сондықтан сен Ақбалыққа бар. Сол жерде теміржол салуға жұмысшы жинап жатыр екен, жолың болып, қалың елдің арасына сіңіп кетерсің, бірақ өз атыңды айтпа, атылып кеткен Ізтілеу бауырыңның атын айт», – деп кеңес беріпті. Осылай әкеміз Ізтілеу атаныпты, – дейді  тағдыр тәлкегімен Ізтілеу атанған Шідебай әулетінің кенже қызы Кенжетай Матрекова.

       Оның айтуынша, Матрек деген арғы аталары екен. «Негізгі мағынасы «Мә тірек» деген сөзден шыққан. Ұрпағына тірек болсын, қолтығынан демесін дегендіктен шығар, арғы атамыздың атын осылай қойған екен. Артынан әкеміз құжат аларда  атамыздың аты Матрек болып өзгеріп кетті. Анамыздың аты да өзгеріске түскен екен. Негізі, анамыздың азан шақырып қойған аты – Нүржәміш. Құжат бойынша Алтынбала еді. Ол кісіге де осылайша атын өзгертуге тура келген. Кейде өткен күндерді сағынышпен еске алған шешеміз:  «Менің атам (қайын атасы Ералы ақсақалды айтады – автор) басқа түлікті айтпағанда,  жылына екі жүз түйе боталататын, содан бізге қалғаны мына көрпе», – дейтін түйенің жүнінен жасалған көрпені нұсқап. «Арестен қашқанда қолыма тигені сол болды, тіпті тайқазанда пісіп тұрған сүттен ауыз тиюге мұршамыз болмады ғой. Бірақ ештеңе жоқ, әкелеріңнің еңбекқорлығы арқасында ешкімнен кем болған жоқсыңдар, ержеттіңдер, оқыдыңдар, тоқыдыңдар», – деп отыратын жарықтық», – дейді Кенжетай Матрекова.

                            «Қарапайым әрі құрметті болды»

        Жалпы, Ізтілеу ұрпақтары келтірген мәліметтерге сүйенсек, ол кісі қарапайым бола жүріп, құрметті бола білген жан. Мысалы, Ізтілеу Матреков өзінің адами қасиеттерінің арқасында өзі тұрған Арғанаты және көршілес Ақбалық, Сарқұрақ ауылдарының тұрғындарына үлгі бола білді. Ауыл тентегін тезге де, жөнге де сала білетін әдетімен Ізтілеу ақсақал елдің берекесін келтіріп отыратын, тура айтып, төрелігін білдіретін қасиетке ие болған.

    – Әкем өте дипломат адам болды. Ер мен ерді табыстырып жіберу, шекіскенді бекістіру оның қолынан келетін. Осыдан болар, бір ауыз сөзге тоқтай білетін жұрттың көбі әкемнен төрелігін сұрайтын. Ондайда әкем алдына келіп жүгінген адамның ешқайсысын ренжітпей, шешім қабылдап, татуластырып жіберетін еді. Оның бұл қасиеті ұрпақтарына үлгі болды, –дейді қызы Кенжетай.

      Ауыл адамдары Ізтілеу ақсақалды қатты құрметтесе, біздің кейіпкеріміз де достыққа адал бола білді. Мәселен, көршісі Мейірманов Оразиман ақсақалмен жақын араласқаны соншалық – бір атаның баласындай болып кетті. Ол кісінің балалары Болатхан мен Болатбек Шідебай атамыздың балаларымен туған бауырдай еді. Иман Шеңгелбаев атаның отбасымен де аралас-құралас болды. Қазіргі таңда осы әулеттердің үшінші ұрпағы, яғни ақсақалдардың шөберелері де жұбын жазбай келеді.

                                  Әліпті арабша таныған

       Әу баста арабша хат таныған кейіпкеріміз араб тілінде жазылған әдебиеттерді де оқудан жалықпаған. Ол өзінің көкжиегін кеңейтуді армандапты. Содан болар, көрінген қағазға шұқшиып, арабша дүниелерді оқып, зерттеуге тырысатын болған. «Кирилл қарпін өз бетімен меңгеріп, Ілияс Есенберлиннің тарихи дүниелерін сүйсіне оқып отыратын» дейді атамыздың немерелері. Осындай ізденімпаздығының арқасында теміржолға қарапайым жол жөндеуші болып келген адам бригадирлікке, бастықтың көмекшісіне дейін көтеріледі.  Еңбек жолын Алматы облысына қарасты Ақбалық стансасынан бастаған Ізтілеу Матреков зейнеткерлікке дейін осы салада жұмыс істейді. Теміржолдың 50 жылдығына орай, оған «Құрметті теміржолшы» атағы беріліп, өмір бойы істеген еңбегі еленіп, құрметке  бөленді.

     Біле білсек, теміржолшылар арасында «құрметті теміржолшы» деген атақтан артық марапат жоқ» деген тәмсіл бар. Бұл туралы кезінде Дінмұхамед Қонаевтың өзі: «Марапаттың ең биігі – «құрметті теміржолшы» деген атақ. Бұл атаққа  тек теміржолға ғұмырын арнаған жандар ғана ие болды», – деген екен. Ендеше, біздің бүгін сөз еткен кейіпкеріміз бүкіл ғұмырын, тағдырын теміржолға арнаған тұлға деуге әбден лайық.


      Осындай айтулы марапатқа лайық саналған тұлға туралы  ұлы Аманжол Матреков былай деп ой толғайды: «Ол тек әке ғана емес, ерен еңбегімен өсіп-жетілген, ұрпағына тәрбие бере алған, тәттінің де, ащының да дәмі қандай болатынын санамызға сіңірген тұлға болды. Жақсыға жақын, жаманнан қашық тұруға үйреткен тәлімгер ұстаз бола білді. Қарапайым  теміржолшы болып жүріп, өзінің құрметке лайық екенін адал еңбегімен дәлелдеді. Әкеміздің әрбір ісі бізге үлгі болды. Сондықтан болар, өзім әке жолын қудым. Теміржол саласында қатардағы жұмысшыдан бастап, әкемнің ізін жалғадым».

     Иә, әке жолын қуған Аманжол ағамыз да теміржолда 50 жылдай жемісті еңбек етіп, ел құрметіне бөленген азамат. Ағамыз әр жылдарда Матай теміржол дистанциясында басшылық қызметте болды. Тіпті еңбек демалысына шыққаннан кейін де теміржол басшылығының өтініші бойынша біраз жыл еңбек етіп, жастарға тәлімгер болды. Қазір үлкен ұлы Мұрат Аманжолұлы ата, әке жолын табысты жалғастырып, дистанция басшылығында еңбек етуде.  

   

    

                «Еңбекке адалдық басына амандық берді»

     Негізінен, әкелері жайлы сыр шерткенде «оның басты ұстанымы адалдық еді» деп, мақтан тұтады ұрпақтары. Мақтанса мақтанғандай, Ізтілеу ақсақал «аққа қара жұқпайтынын», адал еңбек, маңдай тер қашанда ақталатынын ұрпағына үлгі ете білген жан. Мысалы, ақсақалдың өмір жолында да кедергілер кездесіпті. Соның бір дәйегі – қайсыбір жылдары оның жұмысында төтенше жағдай – жол апаты орын алып, теміржолдардың сапасы сыналып, барлық кінәратты жоғары жақ жолдың сапасын бақылаушы Ізтілеу ақсақалдан іздей бастайды. Бірақ артынша оның кінәлі емес екені дәлелденіп, кәсіби маман екені мойындалып, басшылықтың өзі оны қорғап қалыпты. «Еңбекке деген адалдығы, өз кәсібіне деген шынайылығы әкемізді сотқа дейін барудан құтқарып қалды. Ол қай кезде де адал адамның жолы  болатынын, аққа қара жұқпайтынын есімізге салып отыратын», – дейді балалары.


                     Ата жолы немере-шөберелеріне ойысты

       Біз сөз етіп отырған Ізтілеу Матреков сегіз бала тәрбиелеп өсірген. Өзі тек арабша хат танып, жоғары білім алуға қолы жетпесе де, сегіз баласын  оқытып, жоғары білім әперген. Балалардың үлкені  Болат  1936 жылы дүние келген. Алматыдағы мал-дәрігерлік институтын қызыл дипломға бітіріп, өмір бойы осы салада қызмет етті. Бұл кісі 1994 жылы қайтыс болды. Одан кейінгі  қызы – Орынбасар. 1939 жылы дүниеге келді, тұрмыс құрып, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне жұмсады. 1940 жылы қызы Нұртай дүниеге келді, ол кісі мұғалім, бүкіл саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнады, 2010 жылы дүниеден өтті. Одан кейін, 1944 жылы екінші ұлы Болатхан дүниеге келді, ол құрылыс саласында еңбек етті. Өкінішке қарай, 2003 жылы Болатхан ағамыз да бақилық болды. 1946 жылы үшінші ұлы Аманжол дүниеге келді. Міне, осы Аманжол әке жолын қуып, өмір бойы теміржолда еңбек етті, қазір бұл кісінің  ұлы Мұрат, қызы Айжан, немересі Әлішер және  басқа ұрпақтары ата жолын жалғастырып жатыр. 1948 жылы төртінші ұл Садырбай дүниеге келді, ол өмірін құрылыс саласына арнады. 1951 жылы ұлдың кенжесі Бейсенбай дүниеге келді. Бейсенбай да барлық өмірін теміржолға арнап, теміржолдағы байланыс саласында қызмет атқарып, 2012 жылы қайтыс болды. Ал 1953 жылы әулеттің кенжесі, біздің сұхбаттасымыз Кенжетай өмірге келді.

       Шідебай ақсақалдың ісін, негізінен, үшінші ұлы Аманжол мен кенже ұлы Бейсенбай жалғастырды. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Айсәуле жеңгемізбен шаңырақ көтерген Аманжол ағамыз бүгінде үлкен отбасының иесі. Алтынқұрсақты жеңгеміз өмірге Мұрат, Қуат, Ақжарқын, Айжан, Айгүл, Азамат сынды алты бала әкелді. Кейіпкеріміздің кенже ұлы Бейсенбай «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қағиданы ұстанып, өзі тұратын Арғанаты ауылындағы белді азаматтың бірі, теміржолға еңбегі сіңген Рахметов Сейілғазы ағамыздың Сақыш деген қызына үйленеді. Сақыш жеңгеміз Матрековтер әулетіне жеті бала сыйлады. Матрековтердің барлық балаларына туған анасындай бола білген осы екі жеңгеміздің арқасында Арғанаты олар үшін жазғы демалыс лагеріндей болды. Бүгінде жігіт ағасы атанған Шідебай атаның немере-шөберелері «жеңгелеріміздің аялы алақаны, бізге деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы ерекше еді» деп, балалық шағын сағынышпен еске алады.

     Қазір Бейсенбайдан тараған Гауһар, Бекет, Советжан, Сабыржан, Сымбат тәрізді немерелері де теміржолда қызмет етіп, ата жолын жалғастыруда. Атап айтарлығы, Бекет пен Советжан мастер, бригадир қызметін атқарып, Шідебай аталары жұмыс істеген теміржол учаскесінде еңбек етіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір Ізтілеу ақсақал ең алғаш еңбек жолын бастаған Алматы облысына қарасты Ақбалық ауылында «Құрышпен шыныққандар» деп аталатын Түрксіб ардагерлерінің құрметіне салынған арнайы ескерткіш бар. Ақбалық ауылы ғана емес, бүкіл ел құрметтейтін, «құрышпен шыныққан» арда азаматтарға арналған  ескерткішті көтеруге Шідебай атаның екінші ұлы Болатханнан тараған немересі Самат Ізтілеуов те үлкен үлес қосты. Атап айтарлығы, жақында Түрксібтің 90 жылдығы қарсаңында Самат Болатханұлы атасының ауылына арнайы барып, ескерткішті жаңартып қайтты.  

–       Әкем барлығымызды оқытты. Бір-бір үй қылды. Өзі оқымаса да, біздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу болғанын қалады. Бізге үнемі «оқыңдар, оқу керек» деп отыратын еді. Анам да әкеміздің көмекшісі болды. Үнемі әкемді қолдап, барлығын ақылдасып шешіп, бірлесіп, бел шешпей еңбек етті. Ақбалық ауылындағы теміржолшыларға қойылған  ескерткіште әкеміздің аты жазылып тұр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Жалғыз әкем ғана емес, бір әулеттен  қаншама теміржол саласында қызмет жасайтын адамдар шығып отыр. Әке, бала, немере, шөбереге жалғасқан бұл із әрі қарай да жалғасын табарына біз сенеміз, – дейді әкесін есіне алған Кенжетай Матрекова.


            «90 жыл жасауы да тектіліктің белгісі шығар»

      Жалпы, Ізтілеу ақсақал қадірменді қария бола білген адам. Ол кісі, негізінде, 1905 жылы дүниеге келіпті. Ал құжат бойынша туған жылы 1907 жыл деп көрсетілген. Ақсақал 90-нан асып барып бақилық болыпты.

  – Әкеміз 92 жасында қайтыс болды. Анамыз 68 жасында дүниеден өтті. Шешемнен кейін бұл кісі 18 жыл өмір сүрді. Екінші қайтара отбасын құрмады. Кіші ұлының қолында, қарашаңырақта дүние салды. Әкеме де, шешеме де Үштөбе қаласынан топырақ бұйырды. Шешем қайтыс боларының алдында өзі дүниеге келген Жоңғар Алатауының бөктерін есіне алды ма екен, әйтеуір, әкеме «мені осы құмға тастап кететін болдыңдар ғой» деп, көзіне жас алыпты. Мүмкін, анам балалардың барлығы оқу іздеп, түбі қалаға кетеді, жалғыз өзім айдалада ескерусіз қалам ба деп уайымдаған болар. Ол кезде әкемдер Балқаштың жағасында Арғанаты деген ауылда тұратын. Арғанаты құмды ауыл еді. Анам сырқаттанып жүргенде өмірден ерте өтерін білді ме, әкеме «құмның арасынан топырақ бұйыратын  болды» деп жиі айтатын. Сол кезде әкем «сені құмға тастамаймын» деп уәде беріпті. Содан шешем қайтыс болғанда, әкем және басқа туған-туыстар Үштөбеге жерлеуді ұйғарды. Артынан, 18 жылдан кейін әкеме де шешемнің қасынан топырақ бұйырды. Қазір ұрпағы өніп-өскен үлкен әулетке айналдық.  Немере-шөберелер аталарын құрметпен еске алып отырады. Атаның салған ізі жалғасып, жолын қуған ұрпақтары да көбейіп келеді. Сондықтан тек қана ұрпақ тілеуін тілейміз, – дейді ақсақалдың қызы Кенжетай Матрекова.

    

            Теміржол қазақ үшін техниканың бастауы еді

      Міне, бүгін біз сөз еткен теміржолшының тағдыры осылай өріліпті. Зер сала қарасақ, теміржол қазақтар үшін техника әлемінің бастауы болды. Соғысқа дейін де, одан кейін де көптеген адамдар еңбек жолын теміржолдан бастады. Кезінде Түрксіб теміржолы нағыз халықтық құрылыс болды. Оның құрылысына  қазақтар жаппай қатысты. Алдымен тас жерді қазып, топырақ тасып, қара жұмыс істесе, соңғы жылдары жол салу ісіне де араласа бастады. Осы құрылыста 50 мың адам жұмыс істеген деген дерек бар. Теміржол ұлттық мамандарды дайындаудың ордасы болды. Міне, сол ортада біз сөз етіп отырған Ізтілеу Матреков те еңбекқорлығымен дараланып, адал еңбек, маңдай терімен ұрпаққа үлгі болар қасиетімен ерекшеленді.


       P.S. Қазақстан теміржолшылардың төл мерекесін жылда тамыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді. Дәстүрлі түрде аталып келе жатқан мереке тарихы кеңестік кезеңнен бұрын, ХІХ ғасырдан бастау алады. Тарихқа көз жүгіртсек, 1896 жылы бұл мейрамды жыл сайын 8 шілдеде атап өту туралы шешім қабылданған екен. Теміржолшылар мерекесі сол кездегі Ресей империясының жол министрі болған Михаил Хилковтың бұйрығымен белгіленген. Осыдан-ақ сол кездің өзінде теміржолшыларға деген құрметтің ерекше болғанын байқаймыз.



Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды