Қызылордада құрылыс қарқын алды

Сайт әкімшілігі

30.07.2020, 12:53

19

Қызылорда облысында карантиндік шектеулерге қарамастан, кәсіпке бет бұрғандар саны артып келеді. Өтпелі кезеңнің өзінде 100-ден аса кәсіпкер төмен пайызбен несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Сонымен қатар пандемияға қарамастан, құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биыл «Жол картасы» аясында облыс орталығында 98 нысан жөндеуден өтіп, инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелер қайта жаңғыртылса, жаңадан 87 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

– Жүргізіліп жатқан құрылыстағы 815 пәтердің 20-сы жалға, 215 пәтердің 57-сі несиеге беріледі, ал 376 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жеке компаниялар есебінен жүзеге асады. Бұған қоса, жыл соңына дейін 698 отбасы пәтерді жалға алса, 115-і кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жеке құрылыс салушылар есебінен 156 пәтерлі төрт тұрғын үй пайдалануға беріледі, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.

Бұдан бөлек, «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы аясында табысы төмен көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың тұрғын үй алуға қолжетімділігін арттыру мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылдық 2 пайызбен тұрғын үй қарыздарын беріп жатыр.

«Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстарды бағамдаған өңір басшысы сала мамандарына жұмыстарды уақтылы, сапалы аяқтауды тапсырып, қосымша бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

– Карантин экономикамыздың дамуына елеулі әсер етуде. Эпидемиологиялық ахуалмен қатар, жұмыссыздық мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Сол себепті мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, жұмыссыздық мәселесін шешіңіздер. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына аса мән беріңіздер, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңір активімен өткен жиында.

Аймақта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы соңғы уақытта қайта жандана бастады. Бағдарлама аясында 93 жоба қаржыландырылған.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықовтың айтуынша, «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа 3 млрд 423 млн теңге бөлінген. Аталмыш бағдарламамен жыл басынан бері жалпы құны 1,3 млрд теңгеге 38 жоба субсидияланып, 497 млн теңгеге 22 жобаға кепіл берілген.

Ал шағын несиелендіру бағытында «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3 млрд 353 млн теңге қарастырылған. Аталмыш қаржының 3 млрд 103 млн теңгесі ауылдық елді мекен кәсіпкерлерін несиелендіруге, 250 млн теңгесі қала кәсіпкерлерін несиелендіруге бағытталған. Аталмыш бағдарламамен жыл басынан бері 127 шағын және микро бизнес нысандары 548 млн теңге несие алған.

– «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Жобалық кеңсенің» қарауына жалпы сомасы 13,3 млрд теңгені құрайтын 150 жоба түсті. Оның ішінде жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын 93 жоба банктермен және «Аграрлық несие» корпорациясымен мақұлданып, жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайтын 16 жоба қаржы институттарының қарауында жатыр. Қалған жобалар бойынша құжаттар жинақталуда. Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалардың қаржыландыруында кәсіпкерлер палатасының мамандары кәсіп иелеріне ақпарат беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жобаларын сүйемелдеп келеді, – дейді Пірмұхаммед Сыздықов.

Аймақта жеңіл өнеркәсіп те қарқынды дамып келеді. Соның бірі «Далатекс» брендімен жеңіл киімдер тігумен айналысатын өндіріс орны төтенше жағдай кезеңінде бетперде қорғанышын тігіп, тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынды.

Тігін фабрикасында 55 адам еңбек етеді. Серіктестік директоры Ділмұхамед Абызов: «Мемлекет жеңіл өндірісті дамытуға барынша қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, тауар экспортқа шығарылса, шығынның жартысы өтеледі әрі мемлекеттік сатып алуларда басымдық отандық тауарларға берілген. Десе де, мәселе жоқ емес, оның негізгісі – шикізат тапшылығы. Елімізде тері де, мақта да бар, бірақ сапалы мата жоқ. Сондықтан оны шетелден алуға мәжбүрміз. Шымкентте мата шығаратын қаншама мекеме құрылды. Бірақ матаны өңдейтін өндіріс болмағаннан кейін, бәсекелестік жоқ. Мата өңдейтін фабрикалар көбеюі керек. Неғұрлым көбейсе, өндіріс те бәсекеге қабілетті болады. Бүгінгі эпидахуал енді ғана дами бастаған салаға теріс әсерін де тигізіп  жатыр. Сол үшін жеңіл өнеркәсіпті қосымша құн салығынан босатса», – дейді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да мұндай пікірлерді қоштап, қолдау білдіруге әзір екенін айтады. Әрі бизнесін дамыту үшін 14-15 пайызбен несие алып, қарызға батқан кәсіпкерлерге көмек көрсетпек. Яғни олардың несиесі «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» сияқты бағдарламалар арқылы 6 пайызбен қайта қаржыландырылуы мүмкін. Айналым қаражатын алу мәселесі де қаралып жатыр екен.

– Осы екі түйткіл өте күрделі мәселелердің бірі. Оны кәсіпкерлер де көтеріп жатыр. Бұл жерде біз ұсыныстарымызды үкіметке де, Ұлттық банкке де бердік. Оң нәтиже боларына сенімдіміз, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық  басқармасы төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаев.

Бизнес нысандарын, кәсіпкерлерді қолдау әрқашан да мемлекеттің маңызды стратегиясының бірі болып қала бермек.

Нұрәли САҒАТ

Қызылорда облысы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43