Коряковка Көбейтұздың кебін кимей ме?

Сайт әкімшілігі

30.07.2020, 13:05

48

                                                                                

Ақмола облысындағы Көбейтұз көлі азғана уақытта айуандардың (олай демеске амал жоқ) «ойыншығына» айналып, экологиялық һәм биологиялық қауіпсіздігі құрдымға кетті. «Жұмыртқадан жүн қырыққандар» көлдің тұзы мен батпағын аяусыз қазып, тіпті көлігімен көлге кіріп, қызғылт көлдің қазынасын қып-қызыл ақшаға сатты. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлге келтірілген орасан зор қауіп туралы жазған соң ғана мұнда келуге тыйым салынды. Есесіне жұртшылық Павлодар облысындағы Коряковка көліне қарай ағыла бастады. Себебі мұндағы тұзды көл де ауа райына сәйкес түсін өзгертіп, әдемі күйге енеді.

Биыл пандемия кесірінен қазақстандықтардың көпшілігі шекара асып, өзге елде демалу бақытынан қағылды. Сондықтан өз еліміздің туристік аймақтарын аралай бастады. Отандық демалыс орындарын іздеген жұртшылық соңғы бірнеше жылда халық арасында кеңінен таныла бастаған Көбейтұзға асықты. Бұл көлдің тұзы мен батпағы талай ауруға ем екен деген желеумен шұңқырлар қазып, көлдің басында қазан-ошақ жағып, суретке армансыз түсті. Соның салдарынан табиғатқа айтарлықтай залал келді. Енді мұндай қауіп Павлодардағы Коряковка көліне төне ме деген қауіп бар.

Павлодар қаласының іргесіндегі Коряковка көлінен 1747 жылдан бастап тұз өндіріліп, Сібірге тұрақты түрде жіберіліп тұрған. Бүгінде бұл жер туристер келетін тарихи көрікті орын болып қана қалды. Әйтсе де мұнда тұз өндіріп, оны кәдеге жаратуға барлық мүмкіндік бар көрінеді. Жергілікті билік арада екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, көлдің тұздан кенде емес екенін атап өтті. «Былтыр жеке компания Коряковка көлінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Талдама нәтижелері оның әлі де әлеуеті бар екенін көрсетті. Қазіргі кезде барлау жасаған компания 2020-29 жылдар аралығында көлді пайдалануға қатысты жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуде. Бұл өз кезегінде көлден тұз бен батпақты заңсыз өндірудің алдын алады», – дейді Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының өкілдері.

Ал көлдің аумағы жекенің қолына өтпей тұрған тұста ол демалушылардың шоғырланған ортасына айналды. Су деңгейі тым төмен болғандықтан, мұнда шомылу мүмкін емес. Коряковканың түсі де Көбейтұз секілді ауа райына сәйкес өзгеріп тұрады. Сондықтан сурет пен видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде бөлісу, жарнамалық роликтер түсіру үшін таптырмас жер болып тұр. Оған қоса, мұнда осыдан бірнеше ғасыр бұрын тұз тасымалдау үшін салынған көпірдің жолы қалған. Бұл көлдің әсемдігін одан әрі айшықтап тұрғандай.

ЭКОМ қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, эколог Светлана Могилюктің айтуынша, Коряковка тұзының ешқандай емдік қасиеті жоқ. Сондықтан тұзды жинап, қазып алу қажет емес. 

– Тұзды көлдердің маңына адамның көп шоғырлануы су айдынының ластануы мен оның табиғи біртұтастығының жойылуына әкелуі мүмкін. Оған қоса, тұзды көлдің емдік қасиетін дәлелдейтін ғылыми негіз жоқ, – дейді эколог. – Бұл тек демалып, суретке түсетін орын. Өкінішке қарай, тынығуға келетін туристер от жағып, қоқыстарын шашып кетеді. Соның салдарынан көлге төнер қауіп еселене түседі.

Коряковка көліне күніне 50-ге жуық көлік келіп, адамдар демалады. Бірақ мұнда олар үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Басқасын былай қойғанда, қоқыс салатын жәшік пен дәретхана да жоқ. Тұрмыстық қалдықтардан аяқ алып жүргісіз.

Енді жағдайды реттеп, бақылауда ұстау үшін демалыс күндері көл басына Павлодар ауданы жергілікті полиция қызметінің бекеті қойылатын болыпты. Ал жұмыс күндері жергілікті учаскелік полицей мен ауыл әкімі кезекшілік жасап, қадағалайтын көрінеді. Олардың шамасы жетпесе, облыстық полиция департаментінен қосымша мамандар жіберіледі. Бәлкім, мұндай шаралар көлдегі тұз бен батпақтың заңсыз тасымалдануының алдын алар. Ал тазалық пен қауіпсіздікті сақтау үшін тым құрығанда қоқыс жәшіктерін орнатқан артық болмас. Әйтпегенде Коряковка Көбейтұздың кебін киіп, 200 жылдан бері сақталған ерекше көлдің әп-сәтте талқаны шығуы ғажап емес.

Мәриям МАҚСАТ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43