Ұлт келешегі ана мен баланың денсаулығында

Сайт әкімшілігі

30.07.2020, 13:11

17

                                                                                                 

Миллионнан астам тұрғыны бар, республикадағы үшінші мегаполис – Шымкентте халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, денсаулық сақтау саласын тиімді ұйымдастыру, соның ішінде ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында бірнеше жоба жүзеге асып жатыр.

Жуырда қалалық әкімдікте өткен жиында мамандар қала әкімі Мұрат Әйтеновке мегаполистің медицинасын дамытудың 2020-25 жылдарға арналған жоспарын ұсынды. Осы жоспарға сәйкес, қалада денсаулық сақтау саласын дамыту  негізгі төрт бағыт бойынша жүргізіледі. Олар:  медициналық көмек көрсетуді жетілдіру, кадрлық ресурстарды дамыту, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін жетілдіру және денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту. Жоспардағы міндеттер жүзеге асырылса, қалада тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін артады, ана өлімі 25,3 пайыздан 7 пайызға дейін төмендейді, бала өлімі 8,7-ден 6,9 пайызға дейін азаяды, медицинадағы жеке инвестициялардың үлесі 25 пайызға дейін ұлғаяды,  инсульт орталығының саны төртке жетеді, мекемелер 100 пайыз цифрландырылады деген нәтиже күтіліп отыр. Мамандардың айтуынша, сондай-ақ медицина ұйымдарымен меморандум жасалып, барлық индикаторлар бойынша бағалау жүргізуге, ұйымдарды бақылап отыруға мүмкіндік туады.

Жоспарда  онлайн дәрігерлік кеңес беруді дамыту және халықтың денсаулық мәселелері бойынша сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында мобильді қосымшаларды пайдалану назарға алынған. Жиын соңында сөз алған Мұрат Әйтенов: «Жоспарда айтылғанның барлығын іске асыруға мүмкіндік  бар. Денсаулық саласына жеткілікті қаржы бөлінеді. Медициналық көмектің сапасы мен оның қолжетімділігіне баса назар аудару қажет. Сонымен қатар халыққа профилактика, түсіндірме жұмыстары көптеп жүргізілсін. Жұмыстарды көрсетілген мерзімнен ерте аяқтауды тапсырамын» – деді.

Жалпы, Шымкентте ана мен бала денсаулығын қорғау, оларға әлеуметтік көмек көрсетуге баса назар аударылуда. Тіпті үшінші мегаполисте республика бойынша осы бағытта жүзеге асып жатқан бірегей жобалар да жоқ емес. Солардың бірі – «Ана мен бала» оңалту орталығының жұмысымен қала басшысы жуырда арнайы барып танысты.  Орталық  еліміздің барлық аймағындағы АИТВ жұқпасымен өмір сүретін 18 жасқа дейінгі балаларға, «В» және «С» созылмалы вирустық гепатиті бар балалар мен әйелдерге медициналық көмек көрсететін жалғыз ұйым деп есептеледі. Медициналық мекеме тәулік бойы стационарлық және амбулаторлық көмекті жүзеге асырады. Ал  АИТВ-инфекциясы бар балаларға психологиялық көмек және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, аурулардың алдын алуды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Мұрат Дүйсенбекұлы қалалық емханалардағы жүктемені азайту мақсатында жаңадан салынып жатқан «Менің емханам» көпсалалы клиникасына барды. Болашақта медициналық мекемеге кардиолог, невролог, хирург, эндокринолог, ЛОР, офтальмолог сияқты мамандар көптеп тартылып, электрокардиография, ультрадыбыстық зерттеулер, флюорография сияқты аспаптық зерттеулер жүргізілетін болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ  скринингтік тексерулер мен мақсатты топтарды диспансерлеуді, иммундауды, салауатты өмір салтын  қалыптастыру мен насихаттауды, отбасын жоспарлауды, жүкті әйелдер және балаларды патронаждауды, әлеуметтік-психологиялық консультация беруді ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырады. Медициналық мекемелерді аралау барысында қала әкімі ұйымдардағы құрылыс жұмыстарының сапалы жүруін және заманауи талапқа сай медициналық жабдықтармен жасақталуын тапсырды.

Шымкентте қазір қалалық перзентхана да күрделі жөндеуден өтуде. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Строи.ком Прогресс» компаниясы қазан айында перзентхананы қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Қазіргі кезде жүкті әйелдер  қалалық перзентхананың ескі ғимаратында қажетті медициналық көмек алуда.  Жөндеу жұмыстарынан кейін ғимараттың материалдық-техникалық базасы 100 пайыз  жаңартылып, ана мен балаға сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артады.

Шымкент қалалық перзентханасы перинаталдық көмек көрсетудің екінші деңгейлі мекемесі болып есептеледі. Мұнда қалалық емханаларға  қарасты тіркеуде тұрған әйелдерге акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетіледі. Перзентханада жылына орташа есеппен 9000 ана босанады,  жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш артады деп күтілуде.

Ал соңғы мәліметтерге қарағанда, Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бәсеңдей бастады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов үкімет отырысында мәлімдеді.

– Бүгінгі күнге Шымкент қаласында COVID-19 вирусын жұқтырған азаматтардың саны 4708-ді құраса, оның ішінде 2938 азамат емделіп шықты. Маусым айының алғашқы бес күнінде 84-100 вирус жұқтырғандар немесе өсім 2,5-3 пайызды құраған болса, өткен тәулікте 54 вирус жұқтырған адам тіркелді. Осы айдың басымен салыстырғанда екі есе төмендегені байқалады, – деді қала әкімі.

Қала әкімінің айтуынша, жедел жәрдем шақыру 43 пайызға азайып, стационарларда ем алушылардың саны 56,9 пайызға төмендеп отыр. Сонымен қатар ол қалада бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету жұмыстары күшейтілгенін атап өтті. Мәселен, Шымкентте қосымша 197 мобильді бригада құрылып, 16 мыңға жуық науқасқа үйге арналған стационарлық қызмет көрсетілген. Сонымен бірге 45 074 азаматқа мобильді бригада қызметтері арқылы үйлеріне дәрі-дәрмек жеткізілген. Мобильді бригада диспансерлік есепте тұрған 474 444 азаматқа қоңырау шалып, жұқпалы аурудың алдын алу бойынша кеңестер берді. Мамандардың айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына осы жұмыстар  әсерін тигізген.  

Берік СӘРСЕНБІ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ 17.09.2020, 10:36
Дара дауысты ДИАС
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.09.2020, 10:36
Фашисті қынадай қырған қарағандылық танкіші қыздар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.09.2020, 10:28
Қарағандылық белсенділер Абай еліне аттанады
Төлеген АРКОНОВ 15.09.2020, 10:23
Сүйікті газетім – жан серігім
Сайт әкімшілігі 15.09.2020, 09:52
Әр хатта адам тағдыры
Ордабек ЖҰМАТАЕВ 15.09.2020, 09:43
Мен де Желтоқсан құрбанымын

Аңдатпа


  • Коронавирус жұқтырған 4 адам қайтыс болды
    11:31
  • Кәдеге аспаған диплом
    17.09.2020, 11:16
  • Бетпердені автобуста сатып алуға болады
    20.08.2020, 16:26
  • Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан тағы 6 адам қайтыс болды
    16.09.2020, 09:45
  • Жәрмеңке қайта жалғасады
    11.09.2020, 21:58