Ана өмірін қалай сақтап қаламыз?

Сайт әкімшілігі

30.07.2020, 13:17

27

                                   

         Жақында кезекті жиын кезінде президент Қ.Тоқаев елімізде соңғы алты айда аналар өлімі екі есеге артқанын айтып, нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырған еді. Жағдайдың бұлай болуының себептерін атап өткен мемлекет басшысы: «Қазір коронавируспен күрес алдыңғы орында тұр. Алайда бұл басқа медициналық қызметтерді жабу есебінен жасалатынын түсінуіміз керек. Нәтижесінде басқа ауруларға шалдыққан пациенттерге медициналық көмектің қолжетімділігі азаяды. Бұл – шешімін табуды талап ететін үлкен проблема», – деді.

         Расымен де, COVID-19 індетін ауыздықтаумен, өкпенің қабынуы ауруымен арпалысып жатқан дәл қазіргідей сын сағатта еліміздегі аяғы ауыр аналар назардан тыс қалмауы керек, оларға тиісті медициналық көмек дер кезінде көрсетілуі тиіс. Өйткені індет тарай бастағалы 1000-нан аса жүкті әйел коронавирус жұқтырып, соның ішінде 40 әйел пневмониядан қайтыс болған.    

Мәселен, биылғы жарты жылда тіркелген бұл көрсеткіш былтыр бір жылда тіркелген 54 ана өлімі санымен теңесуге шақ қалған. 2019 жылы нәресте өлімінің көрсеткіші 5,9 пайызға артқанын денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова айтқан болатын. Комитет Атырау, Алматы және Ақмола облыстарында нәресте өлімінің себебіне талдау жүргізіп, оған медициналық ұйымдардың қызметін үйлестірудің кемшін түсуі, мамандар біліктілігінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ медициналық қызметкерлердің жұмысбастылығы себеп болып отырғанын анықтаған.  

Шыны керек, әсіресе ауылдық жерде тұратындарға қиын. Толғағы қысқан анаға дереу медициналық көмек көрсететін дәрігер жанынан табыла қоймайды, біраз ауылда заман талабына сай емхана да жоқ. Қазақстандағы инфрақұрылымның жағдайы белгілі, шұрық-тесік жолмен теңселіп отырып, босанатын әйелді облыс орталығына жеткізу де мұң.       

Қарапайым жұрт арасында «босанғанда саған жақсы медициналық қызмет көрсетуі үшін алдын ала перзентханадағы қызметкерлерге не басшыларына ақша беріп қоясың» деген қауесет те жоқ емес. Әлеуметтік желілерде «Ақша ұсынбасаң, адам өлгелі жатыр ма, бәрібір, дұрыс қарамайды. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашқан болмас. Десе де, осындай шындық бар», «Несін жасырамыз? Ақша бермесең, еш жерде ойдағыдай қарамайды. Барлығының көкейін тескен ақша не таныс керек. Өз басымнан өткен» деген пікірлер желдей еседі. Ал Нұрдәулет Сәтиев есімді азамат «мұндай сұмдық жағдайға жол бермеу үшін бейнекамералар қою керек» деген пікір білдірген. «Перзентханаға бейнебақылау камерасын қою керек. Өзім ол жерде екі рет болып, екеуінде де жағамды ұстадым. Гинеколог, акушер дәрігерлерің кәдімгі кісәпір адамдар. Ақша бермесең қарамайды. Әйелім бірінші рет босанғанда қатты қиналды. Өйткені ол кезде біз ақшаны кімге беру керегін білмедік. Ал екінші рет босанғанда ақшасын алдын ала беріп қойдық. Өзім де келіншегім босанғанға дейін қасында болдым», – деп жазыпты ол. Бұл екі ай бұрын Алматы облысы Жаркент қаласында орын алған жағдай кезінде жұртшылықтың айтқан ішкі назы. Перзентханаға өз аяғымен барған сап-сау 32 жастағы келіншек Балнұр Мэлсқызы бірнеше сағаттан соң, іштегі нәрестесімен бірге қайтыс болды. Сол кезде марқұмның туыстары «перзентханада болмады, міндетін дұрыс атқармады» деп, өлімге дәрігерлерді кінәласа, жергілікті халық жүйелі қателіктерінен шаршағанын айтып, наразылығын білдірген-ді.

 Әйелдерге тегін құқықтық көмек көрсетіп жүрген заңгер Камиша Есмұхамбетқызы екіқабат әйелдер өлімінің күрт өсуі медициналық салғырттыққа байланысты екенін айтады. «Мемлекет тарапынан толыққанды бақылау жүргізілмегендіктен, аналардың жағдайы осындай халге жетіп отыр деп есептеймін. Біріншіден, аналар өз құқығын білмейді. Сол себепті босанғанға дейін медициналық тексеруден өту, анализ тапсыру сияқты нәрселерді білмейді де, жасамайды да. Көбі медицина саласындағы көмектерден бейхабар. Себебі белгілі тәртіп, кесте жоқ. Екіншіден, ана өлімі оларға медициналық көмек көрсету жұмыстары дер кезінде әрі тиісті деңгейде атқарылмауынан да орын алып жатыр. Індет өршіп тұрған осы кезде құқықтық көмек сұрап, аяғы ауыр әйелдер өте көп келді. Бірінің мүлкіне тыйым салынған, соның салдарынан мемлекет тарапынан берілетін жөргекпұлынан қағылатын болған. Екінші келіншек тіркеуінің жоқтығына байланысты тегін медициналық көмек ала алмай жүр. Кейін оларға құқықтық көмек көрсетіп, мәселенің оң шешілуіне ықпал еттік. Мұндай жүкті әйелдердің алдында кедергілер туындамауы тиіс, себебі онсыз да олар тоғыз ай толғатып, жүйкесі тозып жүреді», ‒ дейді заңгер.

Сонда, білдей бір денсаулық сақтау министрлігі елдегі ахуалдан хабарсыз ба? Жер-жердегі ауруханалар, емханалар, перзентханаларды ретке келтіруге міндетті орган қараша халықтың жанайқайын ести алмай отыр ма? Учаскелік дәрігерлер аналар денсаулығын неге бақылап отырмайды деген заңды сұрақ туады.

Newsroom.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Марғұлан Ақан 2021 – Ана мен бала жылы болсын деген ұсыныс тастап отыр.  

        – 2019 – Жастар жылы, 2020 – Еріктілер жылы болды. Екеуінен елдегі әлеуметтік проблема шешіліп кеткен жоқ. Ендеше, бүкіл бір жылды арнайы атауды әдетке айналдырған болсақ, келесі жыл Ана мен бала жылы болсын. Нақты ұсыныс:

– көпбалалы аналарға арналған 2021 жылға нақты бағдарлама жасалсын;

– ана мен баланың құқын қорғайтын мемлекеттік деңгейде ірі стратегиялық бағдарлама жүзеге ассын;

– жалғызбасты аналарға да әлеуметтік көмек ретінде мүмкіндіктер қарастырылсын;

– ана мен балаға жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қатаң заң күшіне енсін;

– 2021 жылы дүниеге келген сәбилерге бір реттік қомақты әлеуметтік көмек берілсін (демографияға да, некенің көбеюіне де әсер етеді);

– ана мен бала туралы шағын қысқаметражды фильмдер түсірілсін;

– ананың қадірі туралы ұлттық деңгейдегі роликтер барлық отандық телеарналарда күн сайын көрсетілсін;

– республикалық деңгейде ана мен бала арқылы отбасы құндылығын дәріптейтін түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылсын;

– әйелдер көп қиындық көретін онкологиялық дертке тегін ем қабылдауға, ертерек қаралуға мүмкіндік беретін орталықтар әр аймақтан ашылсын;

–       Ананы баладан, баланы анадан айыратын – тек Құдай. Қалғанымыз тек солардың бақыты үшін күресейік, ‒ дейді ол.

Отбасы институтын нығайту қажет

 

Ана мен бала өмірін сақтап қалу, оларды қорғау қай заманнан да маңызды мәселе. Аналарымыздың дүниеге дені сау ұрпақ әкелуі тәуелсіздік алған жылдардан бері халқымыздың саны небары 2 миллион адамға өскен Қазақстанның демографиялық ахуалының оңалуына да әсер етпек. Мысалы, 2020 жылғы 1 маусымның есебі бойынша еліміздегі халық саны 18 735,9 мың адам болған. Ал былтырғы, яғни 2019 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда халық саны небәрі 1,3 пайызға өскен. Ана мен баланың денсаулығын, құқығын қорғау туралы сөз қозғағанда, әкенің орны да ойға оралады.

Мәселен, тығырыққа тірелген жас аналар үшін пана болатын аналар үйі бар екенін білеміз. Қазір Қазақстан бойынша 18 қалада 21 аналар үйі бар. Әр үйді бір меценат қаржыландырып отырады. Аналар үйінің көмегі арқасында баладан бас тарту жағдайларының 69 пайызында аналар нәрестесін бауырына басады. Бүгінде 4280 бала балалар үйіне өтіп кетпей, анасының қасында қалған. Әрине, бала ананың ақ сүтіне тойып, мейіріміне бөленіп өсетіні қуантады, алайда әкенің жылуы мен тәрбиесі қайда қалады? Бала алдындағы әкенің орны неге ескерілмейді? Біз мұнымен әкелерді жауапкершіліктен ада қылып отыр емеспіз бе? Баланы тәрбиелеп өсіру, оны жеткізу неліктен әйел адамның ғана мойнына артылуы керек? Мысалы, 2019 жылы 60 мыңға жуық отбасы ажырасыпты.  2017 жылмен салыстырғанда ажырасқан жұптардың қатары 5000-ға көбейген. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында әдейі ажырасқан отбасылар болғаны айтылған. Дей тұрғанмен көп жағдайда ажырасқан жұптың ортадағы баласы анасында қалады. Демек, жауапкершілік әйелге көбірек артылады. Осындай келеңсіз жайттарға бармау үшін отбасы институтын нығайтып, отбасы құндылығының маңызын арттыру өзекті екені байқалады. Ендеше, бұл тұрғыда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің алдында атқарар жұмыс көп-ақ. 

Нұрай РАХЫМ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ 17.09.2020, 10:36
Дара дауысты ДИАС
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.09.2020, 10:36
Фашисті қынадай қырған қарағандылық танкіші қыздар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.09.2020, 10:28
Қарағандылық белсенділер Абай еліне аттанады
Төлеген АРКОНОВ 15.09.2020, 10:23
Сүйікті газетім – жан серігім
Сайт әкімшілігі 15.09.2020, 09:52
Әр хатта адам тағдыры
Ордабек ЖҰМАТАЕВ 15.09.2020, 09:43
Мен де Желтоқсан құрбанымын

Аңдатпа


  • Коронавирус жұқтырған 4 адам қайтыс болды
    11:31
  • Кәдеге аспаған диплом
    17.09.2020, 11:16
  • Бетпердені автобуста сатып алуға болады
    20.08.2020, 16:26
  • Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан тағы 6 адам қайтыс болды
    16.09.2020, 09:45
  • Жәрмеңке қайта жалғасады
    11.09.2020, 21:58