Мұғалімге намыс керек

Дерек көзі: www.azattyq.org - 16.03.2018357

VОралхан Дәуіттің  «Жас Алаш» газетінің 22.2018. №14 санындағы «Мұғалімге депутаттың  мәртебесін беру керек» деген  мақаласын оқи  отырып, еріксіз қолға қалам алдым. Осы күні мұғалім  мамандығының  беделін қалай арттырамыз деген мәселе жиі көтеріліп жүр. Сайлау, санақ, сенбілік, тағы басқа көлденең жұмыстардан мұғалімдерді қалай арылтамыз деп жүргендер қаншама... Елдің айтуынша, қатысы жоқ жиындарға барып, оқығысы  келмейтін  газет-журналдарға да жазылатын   мұғалімдер. Мәжбүрлейтін  кім? Директор. Ал директорды да әлдекімдердің мәжбүрлейтінін ойлаған жан бар ма? Егер ойласаңыз, таяқтың бір ұшы кімге барып тиетінін дәл табар едіңіз. Менің айтпағым бұл емес.

    Мен намыстанамын. Неге?  Кім үшін? Не үшін? Өз беделдерін өздері түсіріп, айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін мұғалім үшін. Жандайшаптардың сөзін екі етпейтін директорлар үшін. Осынау қоғамда мұғалім беделінің сәт сайын талқыға түсіп жатқанына, кейбірімізде намыстың жоқтығына. Әркімнің «қолбаласы» болып жүрген намысы жоқ мұғалім  оқушы бойына ұлттық рухты қалай  сіңірмек, қандай келелі ой айтпақ?  Менің ойымша, мұғалім беделін өзінен артық ешкім ойлай алмайды. Мұғалім беделін қалай көтеру керек екенін мұғалімнен артық ешкім білмейді. Кейбір жағдайларда мұғалім беделін көтеретін де өзіміз, түсіретін де өзіміз. Facebook желісінен оқушысымен төбелесіп жатқан мұғалімді көріп, жағамды ұстадым. Мұғалім беделін түсіру деген сол емес пе? Егер мұғалім мықты болса, оқушы неге басынсын... Жүрегінде оты бар, көзіқарақты, өзіне сенімді мұғалім өзінің функциясын жақсы білсе, ешкім басынбақ емес. Қандай реформа қабылданса да, қандай заң шықса да, не жағдай болса да мұғалім өзін жоғалтпай, негізін сақтауы керек.

   Десек те, мұғалім беделінің артуы бұл күнде, мынадай  қоғамда өзге нәрселерге де байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Қазір мұғалімдерде еркіндік жоқ. Көбісі қораптың ішінде жүр. Шыға алмайды, шектеп тастаған. Кімдер? Нелер? Әрине, әртүрлі тексерістер. Мұғалім тілімен айтатын болсақ, «кісілер».Таусылмайтын қағаздар мен құжаттар. Және сол бітпейтін қағаздарды өзінше жазып қойса, «олай емес, былай болу керек» деген нұсқаулар т.б. Бір ғана мұғалімдерде болатын «білім көтеру» жоспарын алайықшы. Мұғалім не оқып, не қойғанын өзінше сараласа, тексеруге келген «кісі» «жоқ, ол олай емес, былай жазылу керек» деп өз заңын айтады. Шектеу деген осы емес пе? Әйтпесе мұғалім күніне қаншама парақты ақтаратынын, қаншама мәліметті оқитынын әлгі 300 бет оқимыз деп жүрген депутаттардың өзін жолда қалдыратынын тексеріп отырған жан білсе ғой.

    Осы күні мұғалімдер ақша өседі десе, қажеті жоқ дейтін болған. Өйткені ақша өскен сайын, мұғалімнің ішкен-жегенін желкесінен шығаратынын жақсы біледі. Бір шамалы ақша қосылса, тексерісі де дайын тұратын заман болған. Ақша алып жатыр, соған сай жұмыс істеп жатыр ма деген әлдекімдердің ойы ма дерсің. Тіпті қырық минуттық сабаққа алаңсыз, уайымсыз дайындалуды да ұмытып бара жатқандаймыз. Өйткені қазір «кісі келгенде» , «мобильді топ келсе», «ертең тексеру келгенде»  деген сөз тіркестері мұғалім  құлағында үнемі ызыңдап тұрады. Ылғи үркіп, қорқып, уайыммен жүретін мұғалім қандай білім бермек? Мұғалім беделін көтергісі келіп жүрген жандар осындай жайттарды  ескерсе, артық болмас еді.

    Ақшаны  көбейту арқылы ғана мұғалім беделін  көтереміз десек, бұл қателескендігіміз. Бірақ мұғалім беделінің сәл де болса артуы үшін мұғалімге ақша, жағдай керек. Қазіргі мұғалімдердің алатын айлығы шайлығынан артылмайды. Финляндия мұғалімдерінің ақшасы біздің мұғалімдердің ақшасынан бірнеше есе көп екенін жақсы білеміз. Яғни олар таңдап ішеді, таңдап киеді. Ұнаған жерлеріне саяхаттап, қалаған демалыс орындарына бара алады. Балаларын да қалаған оқуларына оқыта алады. Ал біз ше?  Біз қарыздан көз ашпаймыз.Демалыс орындарын түсімізде ғана көреміз. Жинап-теріп жазда бір алатын қомақты ақшамыздың өзі бүркуге келмейді. Балаларымыздың сабаққа киетін бірқатар киімдерінен-ақ артылмайды.Тіпті мұғалімдерге жылына бір берілетін отынның ақшасы да  мәз емес. Мұғалім болғаныма 26 жыл болды. Баяғыда  5000 теңге еді, әлі сол 5000-ды қанағат тұтып келеміз. Сонда алты ай қысқа 5000 теңге қалай жетеді? Таза мұғалімді жынды қылу ғой. Басынған емей, немене? Тіпті ауырып, балтыры сыздаса да, әркімнен қаралуға қарыз сұрап жүрген баяғы сол мұғалім. Сонда мұғалімнен не бедел сұрайды осы жұрт?  Айтпағым көп... Қайсыбірін айтайын. Шынын айтсам, кейде депутат болғым кеп кетеді. Төлеген ақын айтпақшы , «Сыздаған барлық жараның аузында» жүрер ме екем, әлде мәжілістегі кейбір депутаттар құсап ұйықтап отырар ма екенмін, қалай ойлайсыздар?

Зәуреш Жетпісбаева

Атырау облысы

Құрманғазы ауданы,

Лабай жалпы орта мектебінің

мұғалімі

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.