Өскемен әкімінің де жол апатына қатысы бары расталды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 25.04.2018106

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Риддер қаласы әкімі орынбасары адам қағып өлтіргенде оның қасында Өскемен қаласының әкімі Қуат ТҰМАБАЕВ болған. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.   2018 жылдың 15-ші сәуір  күні кешкісін Риддер қаласындағы Айдарбаев көшесінде жол жиегімен кетіп бара жатқан жас азаматты Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан ҚҰРМАНБАЕВ көлігімен қағып, қайғылы жағдай болған еді. Сол кезде Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың болғанын ШҚО прокуратурасы ресми түрде растады. Өскемен қаласының әкімі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Қ. Тұмабаев бұған дейін бірқатар БАҚ-тарда оқиғаға кездейсоқ куәгер болып сипатталып келген болатын. «Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, күдіктінің әрекеттері Қылмыстық қодекстің 345-бабы, 3-бөлігімен сараланған (жол қозғалысын бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет). Б.Р. Құрманбаевқа қатысты кепіл беру құқығынсыз қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір ол Риддер қаласындағы ІІБ-нің уақытша ұстау изоляторында қамауда.     Жол-көлік оқиғасы кезінде автокөліктің ішінде Б.Құрманбаевпен бірге Өскемен қаласының әкімі Қ. Тұмабаев болған. Қылмыстық іс облыстың ІІД анықтау Басқармасының өндірісінде, іс бойынша процессуалды прокурор белгіленді»-делінген ШҚО прокуратурасы баспасөз қызмметінің хабарламасында. Қапыда шенеуніктің көлігі қағып көз жұмған Е. Смольниковтың әкесі  бірден жедел әрекетке кірісіп, жергілікті құқыққорғау орындарының үстінен қарайтын құзырлы орындарға шағымдануының нәтижесінде біраз шындықтың беті ашылған тәрізді. Өскемен қаласы әкімнің баспасөз хатшысы Әсем ҚАЙРАТБЕК бұдан кейін қала әкіміне қатысты ақпарат беру, айту өзіне де оңай тимей тұрғанын жасырған жоқ. Яғни, қайғылы оқиға кезінде Тұмабаевтың жедел жәрдем шақырғаны, ол жерге кездейсоқ куә болғаны туралы тараған ақпараттарға қатысты ештеңе мәлімдей алмайтынын айтты. Қуат Тұмабаевты ШҚО әкімі Даниял АХМЕТОВ Өскемен қаласының әкімі қызметіне 2017  жылдың 30 мамырында ғана тағайындаған болатын. Облыс орталығын оған дейін басқарған Ерлан Аймұқашев та бір жылға жетер-жетпес қызмет атқарып, отбасылық жағдайына сәйкес, өз еркімен өтініш беріп, қала әкімі қызметінен босатылған еді. Қос шенеунік жас азаматтың қаза болуына байланысты істі болғанда облыс әкімі Д. Ахметов облыстық ІІД басшысының қадғалауына алуын тікелей тапсырғаны белгілі. «19 сәуір күні Риддер қаласының прокуратурасына қайтыс болған                  Е. Смольниковтың  әкесінен арыз түсті. Ол қайғылы оқиғаның себепкері Б.Р. Құрманбаевтың автокөлігін ұстау үшін уақытылы іс-шаралар «қабылданбады» деп Риддер қаласының ІІБ қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады. Сол күні прокуратураға Риддер қаласының ІІД криминалды полиция бөлімінің бастығы өзіне қысым көрсеткені туралы айтып марқұмның әкесінің досы арызданған. Осы фактілер бойынша облыстың ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік Басқармасы Қылмыстық Кодекстің 370-бабы (қызметі бойынша әрекетсіздік) және 362-бабы, 4-бөлігі (күш көрсету қаупімен лауазымдық өкілеттіктерін асыра  пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде»- дейді ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.

Фото: ук.kz

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.