Қызылордалықтар әткеншектен қорқады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 26.04.2018125

Қызылорда қалалық мәдениет және демалыс паркі жаңа жұмыс маусымына дайындала бастады.Қазіргі күні мұнда осыдан жеті жыл бұрын апатты деп танылып, істен шыққан «Колесо обозрение» аттракционы күрделі жөндеуден өтуде. Халық арасында «Шайтан арба» аталып кеткен нысанның қайта қолданысқа берілуі кейбір тұрғындардың қорқыныш тудырып отыр. «Менің 3 балам бар. Бұл аттракционды қайтадан жөндеуден өткізіп жатыр. Бірақ, толықтай келушілерге қауіпсіз болады дегенге сенбеймін. Жеке өз басым балаларыма мінуге рұқсат бермеймін. Өйткені олардың өмірі мен денсаулығы мен үшін маңызды», - дейді қала тұрғыны Руслан ТҮЙМЕБАЕВ. «Бізде жөндеу жұмыстары қалай жүргізілетіндігі белгілі ғой. Қарапайым жолдың өзін дұрыс жөндемейді ғой. Үнемі ойдым-ойдым болып тұрады. Ал, бұл аттракцион. Оның үстіне апатты деп танылған. Сыртын сырлағаннан қауіпсіз болып кетеді дегенге сенбеймін», - дейді тағы бір Қызылорда қаласының тұрғыны Рахия МАХАМБЕТОВА. Бүгінгі күні аттракционның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мамандар нысанның 80 пайыз бөлігін жаңарттық деп отыр. Оның ішінде жаңадан мотор орнатылып, отыруға арналған кабиналар түгелдей жаңа екен. Қажетті бөлшектер көрші Ресей мемлекетінен әкелініпті. «Бұл аттракцион жеке кәсіпкер өз қалтасынан жөндеп жатыр. Бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Жеке кәсіпкердің қаламыздың 200 жылдығына орай тартуы. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, сарапшы мамандар тексермек. Талдаушылар оң қорытынды шығарған жағдайда, 1 мамыр күні іске қосамыз деген жоспар бар», - деді Қызылорда қалалық мәдениет және демалыс паркінің директоры Әнуар НАКИПОВ.                                                                             Айнұр МАНАТБАЙ, Қызылорда                                                                                                   Фотолар автордікі

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.