IELTS сертификаттарын сатқандар қамауға алынды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 27.04.2018104

«Астана» медицина университетінің студенттеріне жалған IELTS сертификаттарын сатқан мамандардың ұсталды. Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл іспен аталмыш департаменттің Тергеу басқармасы айналысып жатыр. Бұл туралы zhasalash.kz Астанадағы тілшісі хабарлайды. «Қазіргі таңда IELTS халықаралық сертификаттарын қолдан жасау фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер анықталып, оларға қатысты сертификаттарды сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Процессуалдық шешім қысқа мерзімде қабылданады» делінген аталмыш мекеме таратқан ресми ақпаратта. Кейбір дерек көздеріне сенсек, полиция қызметкерлері жалған құжат жасады деген күдікпен екі адамның қолына кісен салған. Алайда  Астана қаласының Ішкі Істер департаменті тергеу құпиялығына байланысты күдіктілердің есімдері мен нақты қанша адам екенін ашық айтпай отыр. Кейбір деректерде бұлардың арасында медициналық университеттің оқытушыларының бары да айтылып қалып жатыр. Бұл мәліметтің де қаншалықты рас өтірік екендігі әзір белгісіз. Айтпақшы, кеше кешкісін отандық телеарналардың бірі аталмыш оқу орнының ректоры Мәжит ШАЙДАРОВТЫҢ «талапккерлерге магистратураға түсуге көмектесем деп  біреулер хабарласыпты деген сыбыс айтылып жатыр. Бір әйел хабарласыпты. Ол қандай әйел, неғылған әйел? Біреулері көшеде жолықтырдым дейді, біреулеріне өздері хабарласқан. Менің ойымша, студенттер бәрін ашып айтпай отыр», - деп шыр-пыр болып жатқанын көрсетіп қалды. Осыған қарап-ақ бұл сыбыс та негізсіз емес ау деген қорытынды жасауға болатын секілді.  Естеріңізде болса, бұған дейін жалпы магистратура,  резидентура және докторантураға түсер кезде қолдан жасалған IELTS сертификатын пайдалану дерегі  бойынша 117 қылмыстық іс қозғалғанын, олардың 30-ы сотқа жолданғанын айтқан болатынбыз. 385-баптың 3-тарауы, яғни, жалған құжатты пайдаланғаны үшін оларға 300 айлық есептік көрсеткіш айыппұл жазасы берілмек. Жығылғанға жұдырық демекші ол аздай «заң бұзған» студенттердің мойынына мемлекет грантын пайдаланғаны үшін бірнеше миллион теңге қарыз ілініп отыр. Университет басшылығының айтуынша, резидентура, магистратура бойынша білім алушыларға айына  61 561 шәкіртақы төленіп келген. Ал доктаранттар  81 998 теңге шәкіртақы алып отырған. Бұдан бөлек, мемлекет есебінен магистратураға деп айына 65 мың, резидентура үшін 67,  және доктарантурада білім алатын тәлімгерлерге деп 120 мың теңге ақша бөлінеді екен. Барлығын қосқанда 3-5 млн теңге көлемінде ақша шығады. Бұл қарызды айдың күннің аманында қуғынға ұшыраған 117  тәлімгердің барлығы да өтеуі керек. Алайда, бұл студенттер былықтың бәрі оқу орнының өзінен деп отыр. Айтуларынша,  2017 жылдың қыркүйек айының соңында деканаттан қоңырау шалып, IELTS сертификат жалған екенін айтқан. Бірақ құжат тапсырған кезде қабылдау комиссиясы қайда қарады? Неге сол кезде жалған екенін тексермейді деп шу шығарған студенттердің көбі қазіргі уақытта соттың табалдырығын тоздырып жүр. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ осы мәселеге қатысты өз ойын білдірді. Айтуынша, істің барлығы бақылауға алынған. Оқудан шығарылған студенттердің азаматтық құқықтарын да ешкім шектей алмайды. Сонымен қатар, у шуға негіз болған оқу орны да қудаланбайды, яғни «Астана» медициналық университетінің ректоры Мәжит Шайдаров та  жұмыстан босатылмайды деген сыңай танытты.  «Ректорды ешкім жұмыс орнынан босатқан жоқ. Сондай ақ, сот қандай да бір оқыс шешім шығармаса  жауапкершілікке тартылып жатқан студенттерге де ешқандай шектеу қойылмайды. Олар алдағы уақыттада  жоғары негіздегі білім ала алады, бірақ, білім беру гранты байқауына қатыса алмайды» деп атап өтті ол.

Фото: inform.kz

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.