Павлодарда төрт шоколад ұрлаған адам іздестірілуде

Дерек көзі: www.azattyq.org - 27.04.2018207

Жанармай бекетінің ғимаратына кешкі уақытта кірген ер азаматтың бұл қулығы онда орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған екен. Үстіне қара пальто киген ер адам сөредегі шоколадтарды таңдап тұрғандай кейіп танытып, екі плитка шоколадты төс қалтасына салып алған. Кейін бұл жерге қайта оралып, тағы екі дана шоколадты жымқырған. Ал пысықайдың бұл қулығын сол жерде отырған күзетші байқамапты. -Күдіктінің түрі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Біз оны әзірге әлеуметтік желіге ғана жүктедік. Іздеп тауып, алдағы уақытта полицияға шағымданатын боламыз. Мәселе шоколадта емес, бұл адамның бассыздығында. Ол бүгін шоколад ұрласа, ертең ақша ұрлап, өзге қылмысқа да баруы мүмкін, -дейді жанармай бекеті басшысының орынбасары Ербол. Ал тәттіқұмар ұрының суреті қазір Instagram желісіне жүктелген. Бір қызығы, оқырмандардың бірі оны танып,  шаһардағы сауда орталықтарының біріндегі бутикте аяқ киім ұрлауға әрекеттенгенін жазып қалдырыпты. Полицейлер болса, мұндай қадамға барған  адам жазасыз қалмайды деп отыр. -Бұл іс бойыша бекет иелерінен шағым түсіп, күдікті табылған жағдайда ол 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, 60 күнге қамалуы немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін,-дейді Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметінің хатшысы Баян МАҒЗҰМОВА. 

Фото автордікі

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.