Сахнадан саясатқа келгендер

Дерек көзі: www.azattyq.org - 22.05.2019717

Актер Владимир Зеленский Украинаның президенті болды. Ұлықтау салтанатында ол «Мен осы күнге дейін халқымды күлдіріп келдім, енді алдағы 5 жылда жылатпауға уәде берем», деді. Оның бұл сөзі күлдіргіштің президент болуындағы негізгі ұстанымы есепті әлемге тарап кетті.

Қатардағы күлдіргіштің мемлекеттің басты тұлғасына айналуын күнде көре бермейсің. Не де болса, 41 жастағы әртіс президент болды. Зеленскийдің президент болуға қашаннан бастап ойы кете бастағанын өзі айтпаса, болжау қиындау шығар, бірақ жұрттың оны жаппай (73 пайыз) қолдай кетуіне әлгі бір «Слуга народу» атты сериалы себеп болды деп жүр. Тіпті бұл Зеленскийдің (әлде соның жақтастарының, көтермешілерінің) о бастағы жоспарының бір бөлшегі болуы да мүмкін ғой (сериалдың алғашқы кезеңі 2015 жылы шыққан).

Сонымен, ертегі (сериал) шындыққа айналды. Енді Зеленскийді украиндар дәл сондағыдай идеал президентті айна-қатесіз көшірмесе де, соған жетеғабыл басшы болады деп үміттенеді. Зеленский ғана емес, әлемде саясатқа келген әртістер аз емес екен. Біз төменде тоқталатын тұлғалардың әртістікке, шоуға, ойын-сауықтық бағдарламаларға әйтеуір бір қатысы бар.

Жимми Моралес – телевизиялық шоулармен танылған күлдіргі. Моралес елде жаппай етек алған жемқорлықты жоям деген уәдемен 2015 жылы Гватемала елінің президенті болып сайланды. Бұл актердің президенттік жолы сөзімізге арқау болып отырған Владимир Зеленскийге қатты ұқсайды. Бір қызығы, бұл актер де 2007 жылы «Президент в сомбреро» фильмінде күтпеген жерден президент болып сайланатын ковбойдың рөлін сомдаған. Фильмдегі Нето-ковбой-президент 2016 жылдан бері Гватемала мемлекетін басқарып келеді. 

Әлемге аты мәшһүр әуелі бодибилдер, сосын, киноактер Арнольд Шварцнеггердің қалай мэр болғанын, қалай жұмыс істегенін жұрт біледі. Өзінің керемет дене мүсінінің арқасында әртүрлі телешоулар мен фотосессиялар арқылы танылған культурист Арнольд көп өтпей кино саласында актер ретінде көріне бастады. Алғаш «Конан-Варвар», «Терминатор» сияқты атақты фильмдерге түсіп, әлемдік жұлдызға айналған. Сөйтіп жүріп, 2003 жылы Шварцнеггер Калифорния штатының губернаторы болып сайланды. Және бұл орнында екі мерзім қатарынан отыруға мүмкіндік алды. Бірақ сарапшылар оның штаттағы қаржылық дағдарысты реттей алмай кеткенін айтады.   

Дональд ТрампАҚШ-тың қазіргі президенті. Оның әйгілі миллиардер екенін, алпауыт кәсіпкер екенін барлық жұрт біледі. Тіпті президент ретінде алғаш сайланғанында өзінің президенттік жалақысына 1 доллар тағайындағаны да есте. Бірақ оның бұған дейін шоумен, тележүргізуші болғанын екінің бірі біле бермейді. Провокациямен айналысқанды, сұлу әйелдер мен даңғазаны жақсы көретін Трамп президенттікке үміткер ретінде сайлауға түскенде оның кандидатурасы көп сынға ұшырады. Бұл санатта әсіресе оның әртіс-әріптестері қатты белсенгенін айта кету керек. Дегенмен ештеңеге қарамастан, Трамп 2017 жылғы сайлауда жеңіп шықты. Оның бұған дейін ешқандай саяси, дипломатиялық немесе әскери тәжірибесі болмағанын да айта кету керек.

Жесси Вентура – кәсіпқой рестлер, актер және теле-радиожүргізуші. Бұл актер де жұрттың алдында шешініп тастаудан тайынбайтын тым ашықтығымен атаққа шықты. 90-жылдардың басында саясатқа араласып, алдымен қала мэрі, кейін штат губернаторы болған. Минесотаның губернаторы болған саясаткер айнып қалмағанда әлем жұрты тағы бір қызыққа кенелер еді. Өйткені 2016 жылы ол да Трамппен бірге сайлауға қатысуға ниет еткен. Дегенмен өзге жоспарларының көп екенін айтып, жеме-жемге келгенде айнып кеткен. Трампты сынап жүргендер сайлауға бір емес, екі шоумен түскенде қандай күйде болар еді деген сұрақ, сөйтіп, жауапсыз қалды.

Даңқты актер Клинт Иствудтың атын жаттамаса да, түрін фильмдерден көрмей қалған адам, әй, жоқ шығар. Вестерндерімен аты шыққан актер, режиссер Калифорниядағы Кармель деген шағындау қаланың мэрі болып сайланды. Бір қызығы, қаланың кітапханасы мен жолын жасауға ерекше күш салған актер-мэрдің екінші мерзімге сайлануына қала тұрғындары қарсы болған. Жаман жұмыс істедің демесе керек, басты мәселе – актердің атағының зорлығы. Актердің әкім болғанын білген жұрт кішкене ғана қаланы даңғаза-шуы мол, туристік орталыққа айналдырып жіберген. Сүйікті актерлерін бір көріп қалам ба деген үміт талайды жетелеп әкелгенге ұқсайды. Ал тыныштықты қалайтын америкалықтарға бұл жағдай ұнамайды да, мэрлерін құрметпен шығарып салады.

Рональд Рейган – әйгілі Голливуд актері. Бұл актердің актерлық жолынан гөрі саяси мансабы ұзағырақ болды десе болады. Тіпті актерлер арасынан шыққан алғашқы мемлекет басшысы. Еңбек жолын радиожүргізуші болып бастаған, одан соң «Любовь в прямом эфире» фильміне түсіп, осыдан бастап актер ретінде біршама атаққа жетеді. 1966 жылы Калифорнияның губернаторы болып сайланып, осыдан кейін тағы екі мерзім штат басқарған Рейган 1981-89 жылдары АҚШ президенті болды. Ол АҚШ-тың 40-шы президенті.

Жозеф Эстрада – филиппин актері, 100-ге тарта фильмге түскен. Содан кейін саясатқа араласа бастаған. Қала мэрі болады, содан соң сенатор болды, кейіннен виуе-президент қызметіне дейін көтеріледі. Дегенмен сонша жыл саяси аренада жүргеніне қарамастан, жолы болмаған бір әртіс болса, ол – осы Эстрада. 1998 жылы Филиппин президенті болып сайланғаннан кейін, орнында көп отыра алмады. 2001 жылы оны Филиппин халқы жемқорлыққа қатысты айыптап, халықтық көтеріліс нәтижесінде биліктен кетуге мәжбүрледі. 

Йон Гнарр – исландиялық комедия актері. Исландия астанасы Рейкьявик қаласын төрт жыл басқарған. Оның қала мэрі ретінде жұрттың есінде қалғаны –гей-парадқа қатысқаны. Дегенмен отбасын бәрінен биік қоятын бес баланың әкесі үлгілі отағасы ретінде де жиі аталады.

Келесі әртіс-шенеуніктің өмірі қайғылы жағдаймен аяқталған. Ресейлік актер Михаил Евдокимов 2004 жылы өзі туған Алтай аймағын басқару құқына ие болған. Жергілікті халықтың жағдайын жақсартуға бар күшімді саламын деп уәде берген актер бір жыл өтпей, көлік апатынан қайтыс болды.

Бұл тізімді жанамалап соза беруге болады. Дегенмен саясатқа әйтеуір бір қатысы бар адамдардың аз емес екені белгілі. Әсіресе Орталық Азия, ТМД елдерінде бұл жағдай ешкімді таңғалдырмайды деуге болады. Әйгілі әртіс, актер Құдайберген Сұлтанбаев кезінде парламентте депутат болып отырғанда айтыпты деген бір сөз еске түседі: «Парламенттегілердің бәрі әртіс, ішіндегі профессионалы – мен ғана».

Демек, әртіс Зеленскийдің президент болғанына әлем де, біз де таңғала қоймаймыз.

Фотолар ашық интернет көздерінен алынды.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.