Ақмола облысында Курт Рассел жер кезегінде тұр екен

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.12.2018206

Ақмола облысында Курт РАССЕЛ мен Моцарт 10 телім жер үшін кезекке тұрыпты. Бұл туралы ақпаратты заңгер Бақытжан БАЗАРБЕК өзінің фейсбуктағы жеке парақшасына жариялады. Тірі мен өлісі бар шетелдік даңқты тұлғалар ғана емес, қазақтың қос батыры Исатай мен Махамбет те жер кезегінде тұр екен. 70 млн доллар байлығы бар голливуд актері Курт РАССЕЛ Аққөл ауданы, Азат  ауылындағы 10 соттық жерге мұқтаж болып қалған ба?! Олай дейтініміз атақты жұлдыздың  есімі осы ауданда жер кезегінде тұр. Одан бөлек, 1791 жылы қайтыс болған ұлы композитор Моцарт пен 20 ғасырдағы орыстың атақты революционері лейтенант Шмидттің есімдері осы тізімге ілінген екен. Бұл туралы ақпаратты жер мәселесі жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек zem.kz  порталынан байқап, жеке парақшасына жариялаған. Заңгердің айтуынша жер туралы кодекстің 44 бабы бойынша тегін берілетін 10 жүздік  жерді әкімдіктегілер анық жариялап тұруы тиіс. Алайда, шенеуніктер ондай жүйеге көшпеген. Сондықтан осындай жағдай болып отырғандығын айтады. ­­­«Халықтың құқықтық сауатылығының төмендігін пайдаланады, оны ешкім тексермейтінін  пайдаланады, тізімді аралап, прокуратура, жемқорлыққа қарсы агенттіктен тексеріс болмайтынын пайдаланады. Содан кейін сол тізімге өлген адамдарды, көшіп кеткен адамдарды, болмайтын адамдарды кіргізіп отырады», - дейді Бақытжан БАЗАРБЕК. Ақкөл ауданындағы әкімдіктегілердің айтуынша, бұл есімдер 2018 жылдың алғашқы айларында енгізілген екен. Ол кезде zem.kz порталы толық іске қосылмапты. Тек сынақ ретінде жүргізілген екен. «Бізде Азат ауылы бойынша кезекте ешкім тұрған жоқ. Бұл іске қосылған бағдарлама тек қазан айынан бастап жұмыс істей бастады. Оған дейін тесттік режимде әді қосылмаған еді. Сол кездері сынақ ретінде қолданылған есімдерді алып тастауды ұмыт қалдырған болу керек», дейді әкімнің орынбасары Юрий КУРУШИН. Мұндай олқылық,  сондай-ақ, Орал қаласында да байқалған екен. Бұл аймақ бойынша жер кезегінде Исатай мен Махамбет батырлар бар екен. Ақпарат жарияланғаннан кейін, әкімдіктегілер бұл есімдерді ресми порталдан алып тастапты. Ал, заңгердің айуынша мұндай жағдай жемқорлықпен байланысты. Сондықтан, арнайы органдар тиянақты тексеріс жүргізу керектігін айтады. Фотолар ғаламтордан алынды.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.