«Құрметті азамат-2»: Құл-Мұхамед Зайнулдиннің атағына зәру ме?

Дерек көзі: www.azattyq.org - 12.12.2018235

Семейдің бұрынғы әкімдерінің қаланың жоғары марапатын алғаны әсер етті ме, әлде бұрыннан пісіп тұрған жай ма, Шығыс өңірдің бірқатар аудан әкімдерінің арасында «Құрметті азаматы» атағын үлестіруден «жарыс» өтіп жатыр. Тиісті нормаға сәйкес, үш-төрт адамға ғана берілетін осынау атақ қазір көтерме базардың тауарындай құны төмендеп кеткендігін әр ауданда 25-30 адамға дейін берілгендігінен көруге болады. «Ауданның құрметті азаматы» атағын таратуға келгенде Үржар ауданының әкімі Серік ЗАЙНУЛДИННІҢ алдына қара салмай, дара шыққаны «сүйсінтеді». Басқа ауданға қарағанда қары қалың түсетін Үржар өңірі үшін биылғы қараша «Құрметті азаматтар жауған ай» болып есте қалды. Аудандық мәслихаттың 34 сессиясында 29 адам «Үржар ауданының құрметті азаматы» атанды. Президент дамыған отыз елдің қатарына енуді мақсат етіп, тапсырма беруін әкім Зайнулдин отыз шақты адамға атақ бергізу деп түсінсе керек. Әйтеуір, ірілі-ұсақты, жас-кәрісі аралас түгел алып қарық болды. Қызық болғанда нақ сол кезде дәл осы Үржарда күн суықтығы -33 градусқа көтерілгенде жергілікті халық «тағы үш-төрт азаматқа бере салмағанына шүкір» десті. Шындығына келгенде әкім Зайнулдиннің кімдерді «құрметтегеніне» мән бермес едік, қолымызға түскен тізімнің ең соңындағы адамның аты-жөні көзімізге оттай басылды. Яғни, Рахымғали Абрарұлы – белгілі саясаткер, Мақаншы өңірінің тумасы Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАДЕДТІҢ туған інісі, «Атамұра» корпорациясының басшысы ретінде белгілі азамат. Әрине, еңбегі сіңіп, ел-жұрты «ерім» деп елпілдеп жатса, ешкімнің таласы жоқ. Бірақ, осы атақты әкімнің өзі берді ме, әлде өзі сұрап алды ма, әлде «жоғары жақтан» ұсыныс келді ме? Жауабы жоқ, сұрағы көп мәселе. Алсын, алайда, «Құрметті азамат» атағының берілу талабы 3-5 адам шамасында болуы қажеттігін ескерсек, тізімді 29-ға дейін апарып, ең соңына Рахымғали Абрарұлын тіркеп қою ақылға сыяр ма екен?.. Республика жұртына аты мәлім азды-көпті салмағы бар азамат екенін ескерсек, оның «алдына түсіп кеткендердің» де осал емесі жоғын көргендейміз. Өткен жылы «100 жаңа есімге» кірген ақын Ержан ЖҰМАБЕК те көзге шалынады. Уатсап желісі арқылы да тарап кеткен «құрметтілер» тізімін Науалы ауылында тұратын ақсақал Тоқан ТҰРСЫНБАЕВ та өзінің фейсбуктегі парақшасында жариялапты. Сонымен қатар жарбұлақтық бір ақынның осыған қатысты өлеңін беруді де ұмытпапты. Көбейді "Құрметтілер" қатарлары. Біреуі қой, біреуі ат алады, Отыз адам бір жылда ауданымда, Құрметті азаматы аталады! - деген өлең шумағынан да біраз нәрсенің «исі аңқығандай». Бір сөзбен айтқанда, «Үржар ауданының құрметті азаматы» атағын беру «жарысында» аудан әкімі Серік Зайнулдиннің «чемпион» болғанын мойындауға тура келеді. Бірақ, осыдан бірер жыл бұрын қазаққа Мұхтар мен Рахымғалидай ұл сыйлаған Абрар ақсақалдың өзіне 75 жасқа толған мерейтойында «Үржар ауданының құрметті азаматы» атағы берілген екен. Демек, «реті келіп» баласына атақ беру сол кездегі де, бүгінгі әкімнің де өз есебін түгендеуден туғандығын көрсеткендей. Осыған орай аудандық мәслихат хатшысы Ж.Сіркеевке қанша қоңырау шалсақ та тілдесудің сәті түспеді. Білгіміз келгені – атаққа іліккендердің арасында мұғалім, дәрігер, жүргізуші болып ұзақ жылдар қызмет еткендер бар-жоғын білу болатын. «Құрметті азаматы» атағын беруді 25 адамға жеткізген Аягөздің де аты озып тұр. Аудандық мәслихаттың хатшысы Сейілбек ЫСҚАҚОВ оның себебін соңғы төрт жылда бұл атақтың ешкімге берілмегендігімен түсіндірді. Биыл осы атақ бұйырғандардың арасында белгілі дәстүрлі әнші Ерлан РЫСҚАЛИ да бар екен. - Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Аягөз ауданының алғашқы әкімі болдым. Сол кезде Жапонияның мүгедек балаларға көмек көрсететін «Асахи» фирмасына хат жолдап, аудандағы сондай балаларға қол ұшын беруін өтінгенім бар еді. Сонымен олар келді, мәселемен танысты, жағдай реттелді. Қайтар кезде Аякөзді көрсетуге алып шықтым. Олардың біреуінің көзі кенет алаңдағы «Құрмет тақтасында» тұрған 25 адамға түсті де, олардың кім екенін сұрады. Мен осы ауданға еңбегі сіңген, құрметті адамдар екенін түсіндірдім. Сонда әлгі жапон «Басқа халық сонда құрметсіз болғаны ма?» деп салғаны. Кірерге тесік таппай қалдым. Артынша олар аттанып кеткен соң, тақтадағы суреттердің бірін қалдырмай түгел алдырып тастадым. Кейін тани келе білгенім - Жапонияда атақ беру, көше атын беру ерсі саналады екен. Бертінгі жылға дейін маған да «Аякөз ауданының құрметті азаматы» атағын беру бірнеше мәрте ұсынылды. Алайда, халық аса лайық көрмейтін кейбір адамдармен бір уақытта, бірге алуға құлқым жоқ екенін айтып бас тартумен болдым,-дейді осы Аякөзде тұратын белгілі қоғам қайраткері Амангелді КЕРІМТАЕВ. Қазір аудан, қаланы қойып, «Облыстың құрметті азаматы» атағы да бар екені белгілі. Ел алдында жүзі жарқын, лайықты атқарған ісі бар тұлғалар үшін мерейін өсіріп, марапаттаған дұрыс та шығар. Алайда, қатары көбейген сайын атақтың да қадірі кететініне жоғарыдағы мысалдар дәлел. Тоқ етерін айтқанда, халыққа беделі бар адамдарға атақ беру арқылы әкімдер оларды «өз жағына» шығарып, сөзін сөйлетуге сәтті пайдаланатын «көрнекі құралға» айналдырып бара жатқаны көрініп тұр. Фото: inform.kz

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.