«Әкімшілік заңсыз жұмыстан шығарды»

Дерек көзі: www.azattyq.org - 20.12.2018214

Редакциямызға Қызылорда қаласының Марат АЛЬМАХАНОВ есімді азаматы хабарласқан болатын. І топ мүгедегі 3 жылға жуық  облыстық ішкі саясат басқармасының бас инспекторы қызметін атқарып келген.  Алайда жас жігіт мекемеге жаңа басшы Талғат Маханов тағайындалғаннан кейін жұмысынан қуылған көрінеді. Мүгедек азамат тұрақты табысынан заңсыз айырылып қалғанын айтып отыр. Бүгінде құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған маман «Жас Алаш» тілшісіне болған жағдайды егжей –тегжейлі баяндап берді. «2015 жылы облыстық іщкі саясат басқармасына жұмысқа қабылданған болатынмын.  Осы уақыт аралығында бірнеше басшылармен қоян-қолтық қызмет атқардым. Ешқашан менің жұмысыма қатысты сын айтылған емес. Мүмкіндігім шектеулі болғанына қарамастан міндетімді жауапты атқарып келдім. 2018 жылдың мамыр айында басқарма басшысы болып Талғат МАХАНОВ тағайындалған. Не себепті екені белгісіз, алғашқы күннен –ақ бұл кісімен өзара тіл табыса алмадық. Бір күні мені кабинетіне шақырып алып, орнымды өз еркіммен босатуымды талап етті. Олай жасамаған күні, заң аясында қызметтен қуудың амалын табамын деп мәлімдеді. Осыдан кейін маған қарсы әрекеттер басталды», - дейді Марат Альмаханов. Мараттың айтуынша, осы жағдайдан кейін басшылық тарапынан қысым көбейген. Талғат Толыбайұлы қарамағындағы қызметкерлерді де жас жігітке қарсы қоюға тырысқан көрінеді. Үш айдың ішінде үш рет ескеру мен сөгіс берілген. Басшының бұйрығының барлығы Мараттың жеке ісіне тіркеліп отырған. «Еңбек демалысымның кезегі келсе де, мені жібермеуге тырысты. Өтінішіме қол қоймай біраз созып жүрді. Әрең дегенде демалысқа шықтым. Заң бойынша 39 күн берілу керек болса да, 10-ақ күн демалдым. Жұмысқа келгенімде ғана шығарып жібергенін білдім. Келісім – шарт бір жақты бұзылып, маған ешқандай ескерту берілмеген. Осылайша ілік іздеген басшы өз мақсатына жетті», - дейді Марат. Осы жағдайға байланысты Қызылорда облыстық ішкі саясаты басқармасы басшысына хабарласқан болатынбыз. Талғат Махановпен телефон арқылы тілдестік. Алайда, басқарма басшысы қандай да бір түсініктеме беруден бас тартатынын айтты. Марат Альмахановтың арызына сәйкес тексеру жұмыстарын жүргізген құзырлы органдардан мәлімет алуымызды өтінді. «Департаментке Марат Альмахановтың арызы 15 қыркүйек күні келіп түскен болатын. Шағымға байланысты тексеру жұмыстары жүргізілді. Басқарма басшысы бұл азаматқа заңға сәйкес бірнеше рет тәртіптік шаралар қолданған. Жас маманның түсініктері зерделенді. Жұмыс беруші Еңбек Кодексінің 52-бабына сәйкес Марат Альмахановты қызметінен босатып отыр. Бұл жерде заң бұзушылық әрекеттер орын алмаған. Ендігі кезекте шағымданушы азамат тек сотқа жүгінуі керек. Соттың шешімімен ғана ол өз қызметіне орала алады», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық Еңбек бақылау департаменті басшысының орынбасары Тұмар ШАЛБАЕВА. Ендігі кезекте, Марат Альмаханов сотқа жүгінуді көздеп отыр. Алдымен, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы осы мәселеден хабардар болғанын қалайды. Аймақ басшысының қолдау көрсеткенін қалайды. Фото: vlast.kz  

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.