Ел мен Президенттің арасына сызық түсті

Дерек көзі: www.azattyq.org - 20.12.2018223

Семейлік шенеуніктер елді президентке жақындата алмай жүр ме, әлде, «Президент дегеніміз - ел, ел дегеніміз – президент» деп түсіне ме, саяси мәні бар сөздерді ойлап табуға бас қатырғанда қалыптан шығып кететін күйге жетті. Тіпті, бұрын соңды ешкім айта алмаған тосын ой, жаңа нақылды санаға сіңіруге тырысқанда оны түсінуге «өрең жетпейтініне» ұяласың. Мәселен, «Семей» әуежайының алдындағы алаңнан бірден көзге түсетін «Менің елім – менің президентім!» атты мына бір сөзді кім оқыса да қалай түсінерін білмей дал болары анық. «Нақылдың» ортасына сызықша қойылуы үлкен ойды білдіріп емес, керісінше бүлдіріп тұрғанын президенттің жолдауына сілтеме жасамай, рухани жаңғыра алмайтын шенеуніктердің өзі де аңғармаса керек. Дәл осындай ұрансөз бұрын-соңды қолданыста бар-жоғын анықтамақ болып ғаламторды түрткілегенімізде «Менің елім, менің президентім» атты 4 сынып оқушыларына арналған тәрбие сағатынан (infourok.ru) өзге ештеңе таппай дағдарып қалдық. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүріп өткен жолы, тәуелсіз еліміздің даму кезеңіндегі өзгерістер түгел баяндалатын тәрбие сағатының тақырыбы «Менің елім, менің президентім» болып осылайша дұрыс жазылатынын сонда барып көрдік. Бәсе, сезігіміз алдамапты. Семейлік шенеуніктер «ойлап тапқан» «Менің елім – менің президентім!» сөзіндегі сызықша әп-әдемі ойдың сұрқын қашырғаны өз алдына, ел мен президентті жақындатудың орынына арасын бөліп жібергеніне не дерсің?! Сөз жоқ, «Артық қылам деп тыртық қылдының» кері бұл. Айтпақшы, дәл осы сөздің халықаралық маңызы бар стратегиялық нысан болып саналатын Семейдің аспалы көпірінде де тайға таңба басқандай көрініп тұрғаны тағы бар. Сонда әуежайға түсе салысымен қалаға бет алатын немесе күнделікті бұйырған көлігімен көпірден өтетін адамдар осы жазуға көзі түскенде «Менің елім дегеніміз -менің президентім» дегенді білдіреді екен ғой» деп қараптан-қарап шатаспасына кім кепіл?! Бұл, әрине, президентке, мемлекетке, отаншылдыққа қатысты саяси жарнамаларға жауапты Семейдің ішкі саясат бөлімінің жіберген қателігі. Сол тұрғыдан алғанда Семей әкімдігіндегі Н. Шарова бастаған (қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары) шенеуніктердің өзіне де бір мәрте болсын, «Менің елім, менің президентім» атты «тәрбие сағатын» өткізу керек секілді.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.