Мемлекеттік қызметкерлер квн-щикке айналды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 20.12.2018243

Қызылорда қаласы. Нартай Бекежанов атындағы музыка –драма театры. Өнер ордасының алдына жиналған көліктерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Залдың іші де көрерменге лық толы. Алайда, бұл жолы театр сахнасында кәсіпқой әртістер емес, жас мемлекеттік қызметкерлер «Жайдарман» кешінде өнер көрсетті. Қызылорданың әр өңірінен жиналған жастар сыбайлас жемқорлықпен әзіл арқылы күресуді жөн көріпті. Қағытпа қалжың арқылы парақор шенеуніктерді сыңға алған жастардың думанды шарасының негізгі мақсаты осы болатын. «Жайдарман» кеші әкімдіктегі жиналыс секілді белгіленген уақытынан кеш басталды. Шенеуніктердің үнемі кешігіп жүретіндігі қанға сіңген әдет пе деген ойда еріксіз қаласың. Бірақ мұнда басшының келуін үңсіз күтіп отыратын көрермен жоқ. Көрермен демекші, кешті тамашалауға келгендердің басым көпшілігі сол ақжағалылардың өзі болды. Мұнан бөлек колледж студенттері де бой көрсетті. Әрең дегенде сахна шымылдығы ашылып, көпшілік асыға күткен күлкі кеші басталды. «Аталмыш шара 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жарыс «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбы аясында өтеді. Биыл барлығы 11 команда бақ сынауда. Осындай шаралар арқылы жемқорлықпен күресуді көздеп отырмыз. Оның үстіне «Жайдарман» ойындарын кез-келген адам сүйіп тамашалайтыны белгілі. Ойынға 29 жасқа дейінгі қызметкелер ғана қатыстырылуда», - деп мәлімдеді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі. «Жайдарман» ойындарының қазылар алқасы құрамына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рустемовтің өзі төрағалық етті. Командалар сахна төріне шығарылып, көпшілікке таныстырылды. Ең алғаш болып, Сырдария ауданынан келген команда өнер көрсетті. «Күріштен компот қайнатып ішіп жүрміз» деп мақтанған жастар шамалары жеткенше көрерменді күлдіруге тырысты. Жалпы, өнер көрсеткен командалар әжептәуір дайындықпен келгендері байқалады. Әкімдердің жүріс – тұрысына пародия салған жастар шеберліктерін көрсете білді. Парақор шенеуніктердің өзара «разборкаларынан» көрініс көрсеткен Шиелі ауданының құрамасы әдемі әзілдерімен ерекшеленді. «Айлықты көбейтеміз –көбейтеміз» деп алдайтын басшылардың образы біраз уақытқа дейін көрерменнің санасында қалары сөзсіз. Қарапайым халық пен ауыл әкімінің арасында ұйымдастырылған айтыс шынайы өмірдің ащы көрінісінен хабардар еткендей болды.  Ал, осындай дүниені халықтың назарына алып шыққан жас мемлекеттік қызметшілердің ертеңгі күндері қалай болады екен деген сұрақ көкейді мазалап тұрды. Жастық бумен жасады – ау деген ой да бар. Өкінішке орай, үздіктердің соңында қалып қойғандар да болды. Қалжыңдары тақырыпқа сай емес командалардың әзілдері де былайша айтқанда залға «өтпеді». Биылғы жылы сыбайлас жемқорлықтан бірінші орында келе жатқан Арал ауданының құрамасы да айтарлықтай өнер көрсете алмады. Соған қарағанда аралдықтар жоғары көрсеткіштері үшін ұялып жүргенге ұқсайды. Сонымен бірінші орынды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Құтқарушылар» командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.  Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.