Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» берілмеген

Дерек көзі: www.azattyq.org - 21.12.2018322

Бауыржан МОМЫШҰЛЫНА Халық Қаһарманы атағын теліп, айтып жүргендер көп. Президенттің  «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында да Бауыржан Момышұлына осы атақтың берілгені тайға таңба басқандай жазылған. Алайда батыр атамыздың отбасы осы атаққа қатысты не ресми құжатты, не қаулыны көрген емеспіз деп жүр. Мәселенің мәнін ашып, көпшілікке түсіндіріп беруді Б.Момышұлының келіні Зейнеп АХМЕТОВАДАН сұраған едік, ол кісі президент әкімшілігі, мәдениет және спорт министрлігіне жазған хаттары мен олардан алған жауаптарын ұсынды. Біз сол хаттар мен қатесі көп жауаптарды оқырман талқысына сол күйінде салғанды жөн көрдік.   «РЕСМИ  ЕМЕС  АТАҚ» Айтайын деп айтпайсың ғой, айтпауға болмаған соң айтады екенсің. Осы бір мәселені газетке жариялап, жазғым келмеп еді. Ата атымен байланысты айтылатын қоспасы қою көп аңыздың бірі ретінде талайға дейін ерен етпедім. Алайда қайда барсам да, алдымнан еселеніп шығатын болды. Бұрын жауаптан жалтармай турасын айтатынмын әрі соған сенімді едім. Енді олай болмай тұр, өзімдікі дұрыс екенін білсем де, дәлелдей алмайтын кедергіге кезіктім. Жай кедергі емес, тас қамал. Бұл кісі нені жұмбақтап, неменеге сонша таусылып отыр дерсіз. Әңгімені басынан бастап түсіндірейін. Өтіп бара жатқан 2018 жылдың ақпан айында отбасымызға қадірлі бір кісі хабарласты. Аман-саулықтан соң: «Сендер ылғи Бәукеңді Халық Қаһарманы атағын алған жоқ деуші едіңдер, ал елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» деген кітабында Бәукең бұл атақпен марапатталғандардың басын бастап тұр ғой», – деді. Таңғалғанымызды айтпаңыз! Көзіқарақты сауатты жандармыз, Ақордадан шығып жатқан жарлықтар мен қаулы-қарарларды көріп жүрміз. Сонда өз әкеміздің алған атақ-марапатын қалай көрмедік? Ол мүмкін емес қой, тіпті ақылға сыймайды. Қалай болғанда да, исі қазаққа ортақ ұлы тұлғаның атымен байланысты мәселе болғандықтан, оның анық-қанығын білу үшін ұлым Ержан Момышұлы атаның заңды мұрагері ретінде президент әкімшілігіне арнайы хат жолдады:                                                             Қазақстан Республикасы                                                            президенті әкімшілігінің басшысы Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлына Момышұлы Ержаннан Құрметті Әділбек Рыскелдіұлы! Біздің отбасымыздан журналистер атам Бауыржан Момышұлы жайында жиі сұхбат алып тұрады. Сондағы көп қойылатын сауалдың бірі – Халық Қаһарманы атағы жөнінде болып жүр. Біз Бауыржан Момышұлына бұл атақтың берілмегенін, оны 1990 жылы берілген Кеңес Одағының Батыры атағымен шатастырып отырғанын түсіндіріп айтып жүрміз. 1990 жылдың 30 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлы «Алтын жұлдыз» бен Ленин орденін отбасымызға өз қолымен тапсырған еді. Алайда осыдан бірнеше күн бұрын бір жақынымыз хабарласып: «Сендер Бәукеңе Халық Қаһарманы атағы берілмеді деуші едіңдер, ал елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» деген кітабының 40-бетінде аталарың марапатталғандардың басын бастап тұр ғой», – деді. Мұны естіген соң, бұл кітаптың қазақшасын да, орысшасын да алып, өз көзімізбен оқып қайран қалдық. «Мүмкін, біз қателесіп жүрген болармыз» деп, ресми ақпарат көздерінен дерек іздедік. Алайда бұл туралы қаулының нөмірін де, күнін де таба алмадық. Мұндай атақ берілсе, онда отбасымыз бұдан бейхабар қалмас еді, өйткені қаулы БАҚ беттерінде жарияланып, еліміздің «Мемлекеттік наградалар туралы» заңы бойынша белгі отбасына тапсырылған болар еді. Бұл мәселе бойынша ресми түсінік алайын деп, осы хатты жолдап отырмын. Сіздің жауабыңыз отбасымыз үшін өте маңызды. Ізгі ниетпен, Ержан Момышұлы (қолы қойылған). 2018 жыл, 28 ақпан, Алматы қаласы   Осы хатқа наурыздың  16-сы күні президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінен жауап келді: "Е.Б.Момышұлына Алматы қаласы 050000 Сіздің 2018-жылғы 06-наурызда №ЖТ-М-2781, ҚР Президентінің Әкімшілігіне жолдаған арызыңызды қарап, нәтижесі  туралы өзіңізге жауап қайтару үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі жолдағанымызды хабарлаймыз. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі  010000, Астана қаласы. Үкімет үй" Өздеріңіз де көріп отырсыздар, әйтеуір, итере салған хаттың сиқы осы. Жалғыз сөйлемдегі қатені елемей-ақ қояйын, бірақ «арыз» дегені несі? Біз атақ сұрап арыз жазбадық, түсініктеме өтінген сыпайы хат. Бұларды қойшы, біздің керемет таңырқағанымыз – елбасының жарлығымен ғана берілетін мемлекеттік марапаттың мәдениет және спорт министрлігіне қандай қатысы бар? Түсінбедік. Бірақ кім білсін, заңдарымыз оқтын-оқтын өзгеріп, түзеліп-күзеліп жатады ғой, сондай бір өзгеріс болған шығар, әлде президент өз қолындағы құзырын министрліктерге бөле бастады ма екен деп, неде болса келесі жауапты күттік. Обалы не керек, көп кешікпей, наурыздың 28-жұлдызында министрліктен жауап хат келді: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй «Министрліктер Үйі» ғимараты, 15 кіреберіс тел.: 8 (7172) 74 01 07, факс: 8 (7172) 74 04 54 e-mail: kense@mks.gov.kz 28.03.2018ж. №13-05-18/98// ЖТ-М-2781,1 Алматы қаласының тұрғыны                                                      Е.Б.Момышұлына  Құрметті Ержан Бахытжанұлы!  Сіздің Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбековтың атына Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлының «Халық Қаһарманы» атағына қатысы туралы ресми түсінік сұраған хатыңыз Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінде қарастырылып, нәтижесі бойынша төмендегіні баяндаймыз. Бауыржан Момышұлының ел тарихында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен даңқты тұлға ретінде алар орны ерекше. Бұл тұрғыда Б.Момышұлына мемлекет және жұртшылық тарапынан бірқатар марапаттар мен атақтар берілген. Елбасының 2017 жылы шыққан «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында еліміздің жаңа тарихы, егемен мемлекетіміздің негізі қаланған күннен бастап, оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі жазылған. Аталған кітапта Қазақстан Республикасы алдындағы көрнекті еңбегі, оның тәуелсіздігі мен азаттығы жолында өшпес ерлік көрсеткені үшін марапатталған тұлғалар туралы да кең түрде баяндалған. Осы орайда халық арасында Бауыржан Момышұлы елдің батыры, халық қаһарманы деп аталып кеткендіктен, кітапта жазылған аталған марапат даңқты тұлғаның ресми емес жалпы тарихи болмысын жан-жақты айшықтау үшін көрсетілген деп санаймыз. Вице-министр А.Райымқұлова (қолы қойылған). Жауап хаттың мазмұнын жіліктеп-жіктегім келмейді, оқыған адам өзі-ақ пайымдайды, әйтсе де «...Б.Момышұлына мемлекет және жұртшылық тарапынан бірқатар марапаттар мен атақтар берілген» дегені – шындыққа жанаспайтын жаңсақ сөз. Ата тәуелсіз Қазақстанның атақ-марапаты тұрмақ, бір жапырақ мақтау қағазын да алған жоқ. Ал «жұртшылық тарапынан» дегені – әртүрлі қоғамдық ұйымдардың атаға арнап шығарған төсбелгілері. Ол мемлекеттік наградаға жатпайды. Содан кейін, көңілдеріне келмесін, министрліктегі лауазымды адамдардың елбасы кітабын оқығанына үлкен күмәнім бар. Өйткені олар «Тәуелсіздік дәуірі» атты шығарманы оқыған болса, атаның «ресми емес атағы» туралы жазбаған болар еді, президенттің сөзін жоққа шығармас еді. Ал елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» деген кітабының 40-бетінде былай дейді:

ЕЛГЕ  СІҢІРГЕН  ЕҢБЕГІ  ҮШІН  МЕМЛЕКЕТТІК  МАРАПАТТАР

Мемлекеттік марапат пен басқа да белгілер жүйесі жоғары символдық мәні бар, мемлекеттіктің маңызды элементі саналады. Жаңа тәуелсіз мемлекет есебінде Қазақстан Республикасына да мемлекеттік марапаттар қажет болды. Алғашқы ерекшелік белгілерін жасауды мен тікелей өз бақылауыма алдым, талқылауға ұсынылған жобаларды мұқият зерттеп, өзгерістер енгіздім. 1993 жылдың 1 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік марапаттары туралы»  заңға  қол қойдым. Ерекшеліктің жоғары деңгейі Қазақстан Республикасы алдындағы көрнекті еңбегі, оның тәуелсіздігі мен азаттығы жолында өшпес ерлік көрсеткені үшін берілетін «Халық Қаһарманы» атағы болды. Бұл атақты Ұлы Отан соғысының батырлары: комбат, соңынан 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының полк командирі Бауыржан Момышұлы, Берлинге шабуылдаушы атқыштар батальонының командирі Сағадат Нұрмағамбетов, партизан отрядының командирі Қасым Қайсенов, минометші Алексей Кулаков, ұшқыш Бақтыораз Бейсекбаев, Рейхстагқа алғаш ту тігушілердің бірі – барлаушы Рахымжан Қошқарбаев, ұшқыш Хиуаз Доспанова, зеңбірекші Александр Капорин алды. «Халық Қаһарманы» жоғары атағымен ғарышкерлер – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов те марапатталды. Міне, тайға таңба басқандай анық айтып тұр. «Қазақстан» дейтін мемлекеттің басшысының сөзі. Құдайшылығын айтыңыздаршы, бұл өзі қалай болғаны, елбасы: «Бердім», – дейді, мәдениет және спорт министрлігі: «Ресми емес», – дейді, Момышұлы отбасы: «Ештеңе көрмедік, алмадық», – дейді. Сонда шындық қайда?

Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.