Әкім Қрықбаев құрыққа ілінді ме?

Дерек көзі: www.azattyq.org - 05.02.2019205

«Жас Алаштың» Жамбыл облысындағы қосынына хабарласқан құландық оқырманымыз Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қрықбаевпен бүгін сағат үште кездесуге келісіп қойғанын, алайда кабинетіне барған оған әкімшілік қызметкерлері сыбырлап, әкімді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ұстап әкеткенін айтыпты. Ол бізден осы ақпараттың анық-қанығын біліп беруді өтінді. Бұл бойынша Құландағы сенімді дерек көздерінен білген мәліметіміз мынадай: «Қрықбаев аппарат басшысы арқылы екі миллион теңге пара алып жатқан жерінен агенттік қызметкерлері үстінен түскен. Ол пара аудандағы мәдениет саласына қатысты болуы мүмкін». Бірақ, бұл ресми мәлімет емес.  Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна БАСТАРОВА бұл бойынша дәл қазір ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтты. - Ақпанның 5-і немесе 6-сы күні соңғы екі аптадағы агенттіктің атқарған жұмысы жайында брифинг өткіземіз. Бірақ, сіз сұраған әкім жайында ол жерде айтыла ма, жоқ па, нақты айта алмаймын. Ұсталғаны рас болса, мүмкін, алдағы аптада жариялайтын боламыз, - деп жауап берді. Жалпы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрықтарына ілінген басшылар жайындағы ақпаратты сарымайдай сақтап, кемі бес күн өткеннен кейін барып жариялап жатады. Жалпы, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қрықбаев 2018-ші жылдың алғашқы жартысындағы қорытынды бойынша облыс әкімінен жылы сөз естіген жалғыз аудан әкімі болды. Асқар МЫРЗАХМЕТОВ жарты жылдықтың қорытындысы бойынша аудандарға жұмыс сапарында осы өңірдегі атқарылып жатқан шаруаларды өзге аудандарға үлгі еткен еді.  Дегенмен, біз Асқар Қрықбаевтың қол астындағы қызметкерлерді ауыстыруда Асқар Мырзахметовпен бәсекеге түскендей әрекетін сынға алып, «Жамбылдағы екі Асқар әкімнің жарысы» деп мақала жариялаған едік. Ал тегін Қрықбаев деп жазу себебін әкімнің айналасындағылар Тараздағы бұрынғы атышулы Қырықбаевтарға қатысының жоқтығын білдіру мақсатында солай жазады деп түсіндіреді.  Жалпы, Жамбыл облысында ауыл әкімі, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, орынбасарлар, басқарма басшылары болмаса, «аудан әкімі пара алды деп қолына кісен салынған» жағдайды бұрын-соңды естімеген едік. Былтырғы жылы Мырзахметовтың өңірлерді аралап шыққаннан кейінгі облыс басшысынан жылы сөз естіген жалғыз аудан әкімінің құрыққа ілінгені рас болса, Қрықбаев Әулиеатадағы пара алып ұсталған алғашқы аудан әкімі ретінде де елдің есінде қалмақ. Фото: turaninfo.kz  

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.