Акиматтағы банкет залы

Дерек көзі: www.azattyq.org - 17.02.2019197

Қарапайым халық баспана мәселесін шеше алмай жүрсе, шығысқазақстандық шенеуніктер өз жағдайларын үйінде ғана емес, жұмыс орнындарында да жасап үлгеріпті. Қызметтік кабинеттерінің қымбат жиһаздармен жабдықталғанын айтпағанның өзінде, жылы әрі жанға жайлы орындарының аумағы тіпті ат шаптырым. Жалпы облыс бойынша осы секілді кең сарайдай кабинеттерді сүйетіндердің саны көбейген. Еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс орнына қатысты нақты белгіленген норма бар. Лауазымға байланысты болуы тиіс кабинеттердің нақты шаршы метрі бекітілген. Бірақ, ол норманың сақталып, талаптың орындалмағанын мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті жүргізген тексеруі барысында анықталды. Көш басын Семей қаласының әкімдігі бастап тұр. Кең сарайдай кабинеттерден бұрын банкет залы бар. Қазақтың рухани астанасы саналған Семейдің ақжағалылары әкімшілік ғимаратына банкет залын ашып алған. Онда қандай мерекелік іс-шаралардың өтіп, неше маңызды мемлекеттік істің тындырылғаны белгісіз. Әйтеуір, банкет залы жабылсын! – деген, нұсқау берілсе де орындалмаған.Қызық, Ермак СӘЛІМОВ бастаған шенділер ол жерде қандай той жасап жүр екен?  Шіренген шенеуніктер Мемлекеттік қызметтегілердің жұмыс орны жайлы. Дәл осы Семей қаласы әкімінің аппараты мен тұрғын үй-коммунальдық шаруашылық бөлімі, құрылыс пен мәдениет және тілдерді дамыту бөліміндегі лауазым иелерінің жайғасқан орындарының аумағы, шекті нормадан асып кеткен. Олар да бұл талаптың бар екенін білмеген бе? Әйтеуір, өзге ешкіммен бөліскісі келмепті. Барлығы 17 мемлекеттік мекемеден 3875,18 шаршы метр артық аумақ анықталған. Жалпы айтсақ, осы оңтайландырудың нәтижесінде бүтіндей бір ғимарат босайтын болып шықты. Ал экономикалық тиімділігі, 5 миллион теңгеге жуық қаржы үнемделеді. Облыс орталығы Өскемендегі 25 мемлекеттік мекеме орналасқан ғимараттардан 2560,617 шаршы метр аумақ артық болып шықты. Шығыстың бас шаһарындағылар да бұған дейін, бұл мәселені бір жақты етуге асықпаған. Аудандар арасындағы молшылықта өмір сүрудің үлгісін Аягөз бен Ұлан және Көкпекті ауданының шенеуніктері көрсетіп отыр.  Қорыта айтсақ, 2018 жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысы бойынша 436 мемлекеттік мекеме орналасқан ғимаратта 32 975,38 шаршы метр аумақтың артық екені анықталды. Оның 6022,98 шаршы метрі тікелей басшылардың кабинеті. Олардың жеке демалатын бөлмелері мен банкет залдары болған. - Біз осы тексеруді жүргізген соң, барлық мемлекеттік мекемелерге ескерттік. Арнайы жазған нұсқауымызбен өңіріміздегі барлық қала мен ауданның әкімдері оқып танысты. Өкінішке қарай, кемшіліктерді жойып, қызметтік орындарды заң талаптарына сәйкестендіруге қатысты берген ұсынысымызды ешкім орындаған жоқ. Қосымша берілген уақыт та бар еді. Оның өзінің уақыты өтіп кеттідейді, облыстағы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің басшысы Жанна ҚАБДОЛДАҚЫЗЫ.  Жалпы бұл кемшілікті жою жөніндегі ұсынымды жергілікті жердегі департамент қызметкерлері алғаш рет айтып отырған жоқ. Бұған дейін, шенеуніктерді қарапайым болуға шақырған мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: - мен міне отырмын. Маған қағаз керек. Қаламсап пен телефон қажет. Мемлекеттік қызметкерлер бөлмелерінің үштен бір бөлігінде ғана отырады. Бұл қандай мемлкеттік қаражатты үнемдеу – деп, 2018 жылғы халыққа арнаған Жолдауында сөккен еді. Бәрінде бір-бірден атқосшы... Шығыстағы мемлекеттік қызметкерлердің көмекшілері де көп. Аудан мен қаладағы әрбір мемлекеттік қызметкерге тиісті бір-бір штаттан тыс жұмысшы бар. Бұл жөнінде Қалихан БАЙҚОНЫСОВ басқаратын Глубокое ауданы өзгелерді шаң қаптырып кеткен. Мәселен, мұндағы 106 мемлекеттік қызметкерге 157 штаттан тыс жұмысшы көмек көрсетіп жүр. Асқат СМАИЛОВ та Глубокоедағы әріптесінен қалысатын емес. Көкпекті ауданы әкімінің аппаратындағы 25 қызметкердің қол баласындай жүгіріп жүрген 21 жұмысшысы бар. Ал аудандағы 93 мемлекеттік маманға 116 штаттан қызметкер тиесілі екен. Риддер қаласындағы жағдай. Бұл қаладағы 88 маманға 73 штаттан тыс көмекші бар. Әкім аппаратына штаттан тыс орналасқан 16 жұмысшы ондағы заңды қызметтегі 20 маманға атқосшы болған. Семей қаласындағы мемлекеттік қызметкерлердің де көмекшісіз күн көрулері қиын секілді. Штаттағы 286 маманның шашбауын көтеруге штаттан тыс болса да 202 адам орналасқан.  Фото: belokot.info  

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.