"Жан дауысы" Сәлімовтың құлағына жете ме?

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.04.20191908

Семейге Сәбит МҰҚАНОВ атындағы Солтүстік Қазақстан қазақ-сазды драма театры үш күндік өнер сапарымен келді. Театр ұжымының тарихи қалаға

келіп, Абай атындағы театрда өнер көрсетуіне ұйытқы болған белгілі меценат, «Ақшың» корпорациясының президенті, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының басшысы Марат ҚҰРМАНБАЙ екендігін алдымен атап өткен жөн.

Петропавл қаласында 2000 жылы ашылған қазақ театрының биылғы өнер сапарын Семейден бастауының өзіндік мәні бар. Театрдың көркемдік жетекшісі, осы өңірдің тумасы, жас талант Фархат МОЛДАҒАЛИДЫҢ сахналауымен ақын Бауыржан ЖАҚЫПТЫҢ «Жан дауысы» поэмасы адамзат қасіретіне айналған Семей полигонының зардабын көрермен алдында паш етті. Атом бомбасы жарылысынан ауыр халге түсіп сұрқы қашқан табиғат көрінісінің сахна тілінде сөйлеуі көрермен қауымды өзгеше әсерде қалдырды. Яғни, қазақ театры сахнасына тұңғыш рет тыңнан жол салған саунд-драмалық жанрмен көркемделген «Жан дауысы» дерт меңдеген Дегелең тауының, аһ ұрған Абыралы жұртының қасіретін көз алдыңа әкеледі. Сонымен қатар бір кездері көркіменен көз тартқан атамекеннің ендігі халі қандай күйге түскені жел, ағаш, тау, бұлақтардың монологымен баяндалады.

Мен - боз даламын!
Жылайын десем жасым жоқ,
Тарайын десем шашым жоқ.
Әлдекімдердің қолымен
Көкірегіме басылды от.
Күйдім де жандым, өртендім,
Күйімді кімге шертермін...-
деп азынаған азалы үнге күңіренген қобыз сазы қосылып, төбе құйқаңды шымырлатар сәттер бірінен кейін бірі тізбелене шыға берді... Экологиялық проблемалары асқынған Жер-ананың жан дауысын жеткізу кезінде Семей ядролық полигонының негізге алынуы бекер емес.

-Біздің театрдың биылғы сапарын Семейден бастағанды жөн көруміздің басты себебі – Семей ядролық полигонында атом бомбасы сыналғанына 70 жыл, ал оның жабылғанына 30 жыл толып отыр. Алғашқы күнгі көрерменге ұсынған дүниемізді Бауыржан Жақыптың «Жан дауысынан» бастап отырған себебіміз де содан. Шындығы керек, полигон азабын бастан өткерген семейліктердің алдында олардың зар-мұңын сахнаға алып шығу театр әртістеріне де көп жауапкершілік жүктеді. Бар ойымыз – семейліктердің ойынан шығу. Осы сапарымызға зор ынтамен қолдау көрсеткен «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорына үлкен алғысымды айтқым келеді. Дайындық кезінде әртістеріміздің қобалжығандары да рас. Ал қойылымды саунд-драма жанрында алып шыққан Фархат Молдағали қазіргі күнде әлемдік сахна байқалауларында бақ сынап, театр сыншыларының назарына іліге бастаған жастардың бірі,-дейді театр директоры Біржан ЖАЛҒАСБАЕВ.

Ал көркемдік жетекші Фархат Молдағалидың ойынша, «Жан дауысының» сахналық ерекшелігі - табиғаттың тіл қатуы арқылы жерлестерінің ойын әлем жұртшылығына жеткізу.

-Менің өзім де күні кеше сан сынақты бастан өткерген Абыралы өңірінің орталығы Қайнар ауылында өстім. Полигон салдарынан денсаулықтарынан айырылып, я болмаса, балалары мүгедек болып туып қайғы жұтып отырған қаншама отбасылар бар. Полигон жабылғанына отыз жыл өтсе де оның басқа салған азабы әлі кеткен жоқ. Ерте қиылған ғұмырлар, өңір тұрғындарының жасы алпыстан аспауы сияқты жанға батқан қасіретті өзгеше формада көрсеткенді жөн көрдім. Бұл жерде табиғат құбылыстары мен жер жаратылысының монологы сөйлеп тұр,-дейді Фархат Ерланұлы.

Айтып айтпай не керек, саунд-драма жанрымен сахналанған бұл қойылымды көрермен қауым тік тұрып тамашалады. Алайда, барша семейліктердің жанарына жас алдырып, жанын толқытқан «Жан дауысына» қала атқамінерлерінің салғырт қарағаны көңілге қаяу түсірді. Өткенде ғана осы театрда Астананың Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгеруіне орай өткен патриоттық акция кезінде дедектей жүгіріп, сахнаға шыққан қала әкімі Ермак Сәлімов бастаған шенеуніктердің өнер құдіретін сезінуге келгенде кежегесі кейін тартты. Тіпті, жергілікті басшылық Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі осы Семей полигонының жабылуын ел тәуелсіздігін алған бетте жүзеге асырғанынан бейхабар секілді. Жай уақытта студентін қаптатып, ұрандататын оқу орыны басшыларының да тап осы күні елдің ортақ қайғысын сезінуден сырт айналғаны байқалып тұрды.  Айтпақшы, сол патриоттық акцияда Назарбаевтың семейліктер үшін басты еңбегі ядролық полигонды жабуы екендігін айтып көсілген зиялы қауым өкілдерінің де бірі көзге ілікпеді. Олар үшін қазағы аз Қызылжар өңірінен қала халқының өмірлік қайғысын сахнада сөйлеткен өнер ұжымының бір емес, үш күнге келуі жай ғана бір кезекті мәдени шара секілді. Қорытынды сәтте сөз алған Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н. Аққожинаның «өзінің және қала әкімінің атынан алғыс айтуынан» осыны ұқтық.

Дегенмен, жаппай ағылып барып, тебіреніп шыққан қарапайым жұртшылық С. Мұқанов атындағы театр ұжымына шынайы ризашылықпен тарқасты. Ал семейліктер бүгін және ертең Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» туындысы мен Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасын тамашалайтын болады.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.