Қарағанды әкімі қаланы көркейтуді ағаш кесуден бастады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 07.05.20191504

Көмірдің отаны Қарағанды шаң-тозаңнан арылар емес. Ал осы шаңы арылмаған шаһарды көркейту жұмыстары ағашты қырқумен басталды.

Қарағандыдағы Құрылысшылар даңғылын биыл биліктегілер көркейтпек болып жатыр. Көркейткені жақсы-ақ, бірақ, көркейтуді көк желекті қырқудан бастағаны ақылға қонбайды. Тұрғындар осыны түсінбейді. Олардың айтуынша, бүгінде он шақты ағашты түп-тамырымен алып тастаған. Құрылысшылар даңғылының тұрғыны Руфина ДАВИДЮК жол жиегіндегі ағаштар тек сәндік үшін ғана тұрмағанын айтады.

- Бұл ағаштар жолдың бойынан шығатын шуды сәл де болса басып тұрғандай болатын. Оның үстіне шаң-тозаңның басылуына оң әсер ететін. Жазда осы жерде балалармен қыдырып, ағаштың көлеңкесінде отыратын едік. Жасыл желекті мүлдем қалдырмады. Ағашты қиған кезде оны басқа жерге егеміз деп айтып жатады, бірақ осылай отырғызылған ағаштардың көбісі әрі қарай өспей қурап қалып жатады, оны да көріп жүрміз», - дейді ол.

Тұрғындардың наразылығын тудырған тағы бір жағдай, ағаштарды кескенде биліктегілер ешкімнен рұқсат сұрамаған әрі не үшін қиып жатқанын түсіндірмепті. Шын мәнісінде бұл даңғылды көркейту үшін атқамінерлер алдымен ағаш кесуді қолға алыпты. Шенеуніктердің мәлімдеуінше,  құрылысшылар даңғылына қайта реконструкция жасау жобасы қолға алынған. Мұнда жол жиектері кеңейтіліп, көлік қоятын орын жасақталмақшы. Ал осы жұмыстарды жасау үшін елу ағашты кесіп алып тастайтын көрінеді.

- Бүгін біз экологиялық музеймен бірге жұртпен кездесіп, қоғамдық пікірлерін тыңдадық. Жұмыс тобы қандай ағаштарды кесу керек қайсысына тиіспеу керек сол жағын қарайды деген шешімге келіп отырмыз. Міндетті түрде қоғамдық пікірді назарға аламыз», - деп мәлімдеді Қарағанды қаласының Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бөлім бастығы Рүстем ҚОЖАҚАПАНОВ.

Қарағандыда ағаштардың кесілуіне қатысты хабарлар тәуелсіз экологтарға жиі түсіп жататын көрінеді. Эколог Дмитрий КАЛМЫКОВТЫҢ пайымдауынша, көп жағдайда жасыл желектің тамырына рұқсатсыз балта шабылады. Тіпті бүгінде қанша ағаштың кесіліп қаншасының отырғызылып жатқанын қадағалап жүрген ешкім жоқ. 20 жыл бұрын жасыл желегі мол болған қала бүгінде біртіндеп бетонды ғимараттары қаптаған шаһарға айналуда. Көмір өндіруімен аты әйгілі Қарағандының экологиясыда бүгінде жұртты ойландыратын жағдайға жеткен, өйткені қаланың үстінде шаң-тозаң тұнып тұрады. Қарағандыда биыл алғаш рет ағаштарды санапты, әлі аяқталып болмаған санақ бойынша қалада 1 млн 800 ағаш бар екен. Экологтың айтуынша, кесіліп жатқан ағаштарды ешкім санамайды.

- Өз көзіңді өзің алдай алмайсың ғой, қала бойынша назар аударсаңыз ағаштардың азайып келе жатқанын байқайсыз. Ал Астанада ағаштар он есе көп деп айтуға болады. Ал бізде жасыл желек азайып барады. Тұрғындардың белсенді болмауынан әрі биліктегілердің қадағалау жүргізбеуінің кесірінен  осындай ағаштардың азайуы белең алып барады. Жасыл желекті рұқсатсыз қиғандарды жазаға тарту керек», - дейді Қарағанды облыстық Экологиялық мұражайының даму бойынша директоры Дмитрий Калмыков.

Қоғам өкілдерінің айтуынша, Қарағандыда бір ғана орталық саябақтың өзінде мыңға жуық ағаштар кесілген. Жасыл желекті егуден гөрі оны түп тамырымен жою көбірек белең алуда. Ағаш кескен соң ереже бойынша оның орнына бес есе көп тал егу керек әрі оған үш жыл ерекше күтім қажет. Алайда бұл жұмыстардың жауапкершілікпен жасалып жатқаны күмәнді. Көп жерде егілген ағаштың жыл өтпей қурап солып қалғанын байқауға болады. Құрылысшылар даңғылында кесілген ағаштардың өтеуі ретінде биілктегілер әдеттегідей басқа жерге тал егілетінін айтады.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.