Альмира ОМАРОВА. «Соқыртеке»

Дерек көзі: www.azattyq.org - 21.11.2018829

«СОҚЫРТЕКЕ» немесе руымды айтсам, уымды бірге ішер ме еді? Қаңтардың 21-і болатын. Жұмыстан кеш оралдым. Үйге кіре бергенімде алдымнан бейтаныс  біреу  кесе-көлденең  өтті. Үй дегенім – киелі Тараз қаласының дәл орталығынан кезіндегі Жамбыл былғары комбинатының жұмысшыларына арнап салынған жатақхана. Сонау тоқырау заманынан бастап тұрғындар оларды өз аттарына ауыстырып ала бастапты. Мұнда түкпір-түкпірден жиналған ағайындардан бөлек, қырғыз, өзбек, орыс ұлтының өкілдерін де жиі кезіктіресіз. «Төле би көшесі, 11» мекен-жайымен аталса да, даңғылдағы көп пәтерлі үйлердің арт жағынан орын теуіп, Калинин көшесіне жапсарлас тұрғандықтан, көпшілік оны бұрынғысынша осы көшеге жатады деп есептейді. Тіпті қазіргі шығып жатқан такси қызметтерін шақырғанда да, бұл ғимаратты «Калинина, 3 «А», біздікіне түйістіріле салынған екінші жатақхананы «Төле би, 11 «А» емес, «Калинина, 3 «Б» деп көрсетуі де сондықтан шығар. Сол бүйірінен кішігірім өзен ағып жатыр. Артында жер тамдар, алдында көп қабатты үй. Бірақ осы аралықта үлкен алаң жатыр. Көліктер әрлі-берлі  ағылған көше бойында болмағандықтан, мұнда кішкентайлар алаңсыз ойнай алады. Сондай-ақ ересектерге, әсіресе бойы өссе де, ойы өспеген үлкендерге де таптырмас орын бұл. Сондықтан да «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» деген нақыл – мұндағы балақайларға етене таныс. Балалардың алдыңғы толқынның осындай өкілдеріне құрмет көрсететін  күндері жиі орын алмаса да, ара-тұра болып тұратыны жасырын емес. Мұндайда қалың ұйқыдағылар шошып оянады, оянғандар басылғанын күтеді, күткендер есіктен шықпауға тырысады, шыққысы келгендер діттеген  жеріне тығылып барады, үлгергендері өздерін бақытты санайды, үлгермегендері... Қайсыбір жағдаймен үлгермегендерінің күні қараң! Жақында ғана көшіп келгендіктен, мен бұл «дәстүрден» бейхабар екенмін. Мұны тап қазір үлгермей қалғандардың кебін кигенде ұқтым. Айқай естіле ме, қалай? Баспалдақ жаққа баруым керек, – әлгі дауыс басылмаған. Жүрегім безек қақса да, батырдың «бетпердесін» киіп алуыма тура келді. Сәл оқыс қимылдасам, сыр беретін тәріздімін. Текпішек  азайғанымен, тылсым дауыс зорая түсті. Екінші қабатқа таяғанда «оперист» қарама-қарсы тұр. Құдды бір жерден бөгде нәрсе көрген тауықтай бажайлап қарайды. Сықырығы жер жарған «қойшымның» айдаған бес ешкісі де байқалмайды. Жоғары көтерілген ол менің соңымнан ілесе жөнелді.  Зәрем ұшты. Шегінерге жол жоқ, кейінге ығыстым да, жүре беріңіз деген ишара білдірдім. «Қап, бәлем, жоспарымның күл-талқанын шығардың ғой» дегені ме, көзі шарасынан домалап түсуге шақ қалған ол алдыға беттеді. Діттеген жеріне ертерек жетіп алған соң тағы да мені тосып тұрғандай. Қайдағы бәлеге қайдан тап болдым екен. «Қорқа-қорқа батыр боласың» демекші, батыл өтуге тырыстым. Ши шығара алмай тұрған «каратист» айналып барып артында тұрған жазықсыз есікті бір тепті. Қуанышына орай ешкім шықпады. «Айтайын десем, айта алмай тұрған жоқпын ба» деп әндете кететіндей, айтарға аузы жоқ ағаш есік сықыр етіп қиналғанынан сыр шертті. Ішіндегілер басқалар сияқты дымын ішіне бүгіп отыр ма, әлде бұл «сабаз» кімнің үйде, қайсысының түзде екенін, жалпы, тұрғындарды бес саусағындай біле ме? Әйтеуір қызыл кеңірдек болып жатқан ешкім жоқ. Пәтеріме жетіп алған соң, күшімді жинап: – Есіктің жазығы не? Неге тептіңіз? – дедім. – Сені теуіп жатырмын ба? – деп тесіле қараған өңінен ұяттың табын табуға тырыстым. Сауалдың мына жауабына аң-таң мен «батырды» бір жасытса, полицейлер жуасытар деген оймен пәтеріме кірген бойда «102» нөміріне қоңырау шалдым. Ішімнен қорқақтап қоям тағы. Сүт пісірім уақытта біздің  мекен-жайға қарасты Тараз қаласының ішкі істер басқармасының (қазіргі полиция басқармасының) №1 полиция бөлімінен келген кезекші маған телефон соғып, сыртқа шығуымды өтінді. Шықтым. Әрі қараймын, бері қараймын, ұзын дәлізде бір өзім. «Әншінің» өзі көрінбесе де әмбеге әйгілі Әміреден аспаса, кем түспейтін дауысы 5-қабаттан төмендегілерге емін-еркін естіліп жатыр. «Концертмейстердің» орындауындағы «әннің» «кереметтілігі» сонша, діріл қаққан дуалдар өз әсерін сызаттармен штрихтап, сұлбасын тасқа қашауға кіріскендей. Тың тыңдап іздеудің қажеті шамалы, бүкіл 5 қабаттың тұрғындары оның «әсем әуеніне» бөленіп, «тәтті» ұйқы құшағында тербелуде. Ал қоғамдық тыныштықты сақтайтын мамандарым қайда? Тысқа шыққалы жатқанымда бөтен нөмір қоңырау шалды. - Cіз қайдасыз? Жаңағы бұзақы жүр ме әлі? - Иә, жүр. - Анау әлі жүр екен. Е-е.., бару керек болды ғой («арқасүйерлерім» екеу сияқты),  – бірі екіншісіне күрсінді, – күтіңіз, бара жатырмыз. Олар келгенше Агата Кристидің детективтеріндегі әйгілі Джейн Марплдың  кейпіне ендім. Өз шаруасымен жүрген адам тәрізді басты тұлғаның  қай аудиторияға «ән» арнап тұрғанын көріп қайттым. «Арқасы бар» ол өзінен басқасында болғанын қаламай ма, 2-3 інішегінің жон арқасын сылып тұр екен. Оларға тісі батпай кетті ме, «дәу» айналып келіп тағы бір бейкүнә есікті тарс еткізіп, сес танытты. Спортшы болам деп, бола алмай, атақты болам деп, атана алмай қалған-ау кезінде деп, мен оған сырттай тон пішіп үлгердім. Осы қабатқа көтеріліп келе жатқанда да біраз гүрсілді құлағым шалған еді, «баһадүр» талай есікке «аяқтаңбасын» қалдырып үлгерген-ау шамасы. «Омартаның» осы қабатындағы бір «ара» әйтеуір шағып алардай: «Балаларым ұйқыда еді,  шошып жатыр!» – деп безек қақты. Тұрғындарды оятқаннан кейін өзінің де ұяты оянып кетті, білем... Кейін шегінген «ұялшаққа» нән сары әйел өзі сықылды оқтауын ербеңдетіп: «Әй, қазір осымен осып салам. Қоясың ба, жоқ па?» – деп, сайманын екінші қолына соғып-соғып жіберді. «Концерт» шарықтау шегіне таяды. Шақырылған «қонақтарым» әлі жоқ. Арада бие сауым уақыт өтті. Жеті қат көктен әрең түскендей,   «көрермендерім» де жетті-ау. Құдды жаңа құдалар дерсіз: жүріс-тұрыс, кіжініс, сөз саптау, қорқа-қорқа емес-ау, жан-жағына имене, қысыла, тосырқай көз тастауда. Сол мезетте әкіреңдеген дауыс балағат сөздермен «ажарлана» түсті. «Кісілерім» енді естіді. Сөйтті де баспалдақтың жиегіне сүйене, қабына-сүріне, діттеген жерге ілініп-салынып жетті. Соңғы қабатқа  «демде» барғандарынша бұзық жуасып «мысық» боп үлгеріпті. Тіпті жыландай сусып, қасымыздан лып ете қалғаны бар ма. Қарама-қарсы шыққанға бір жұтынып алдым да, жүрегімді қолыма ұстап: «Мына кісі», – десем, естімейді. Екінші қайтара нұсқадым. Полицейлер төменге түсіп бара жатқан сотқарға бет моншақтары төгіле жаздап «Сен бе?» деді-ау әйтеуір, қаймыға. Қабат-қабат киінген болса да дірдек қаға ма, қалай?! Қырыққабат тәрізді киінсе де, мазасыз «сабаз» сарбаздарды сәбіз құрлы көрмеді.  Амандасқандай, қолын сермеді де жоқ болды. - Сол ғой, ұстасаңыздаршы! - «Мен емес» деді ғой. - Сенбесеңіздер, тұрғындардан сұраңыздар. Дәл осы көріністерден кейін мына бір жолдар көкірегімде сайрап қоя берді: Не деген тұрыс, қорбаңдаған жүріс, Шаймаңдайды ауыз, қайтарғандай күйіс. Жасандылық нағыз – түріндегі кейіс. Естімейді ұрысты, көрмей қояр көп істі, Жағдайды осы дерсіз «соқыртеке», сөзсіз. - «Заявление» жазасыз ба? - Көрдіңіздер ғой, не қылам жазып? – деп едім, «ендеше, неге шақырдың, уақытымызды сарп етіп» дегенді іркіп үлгергендей болды. Сөйтті де есіктерінен басын қылтитып тұрғандардан сұрақ-жауап алып, тергеуді бастап кеп жіберді. Мен болсам, сыртта «батырды» құрықтайтын жендеттері тосып тұрған шығар деген ой құшағында ағаларымның «шапшаңдығына» таңғалып тұрмын. Алшаң басқан «құдаларым» сабырымды сарғайтып жіберген соң: - Анау қашып кететін болды ғой! – дедім. Олар іле-шала: - «Заявление» жазасыз ба? – деп қайтара сұрады. Бұдан «концерттің» «сценарийі» өзгерер ме екен деген оймен: - Жазам!  – дедім. Бұл жауапты күтпеген болуы керек, алақ-жұлақ еткен «желаяқтар» тапырақтап жүгірді.  Соңдарынан ілестім. Әр қабатқа түскен сайын бас сұғып қарайды. Мүлгіген тыныштық. Тысқа шықтық. Кісі қарасы көрінбеген даңғарадай үйдің тұрғындарын терезелерінен табуға болады екен. Бірің өліп, бірің қалғанда шықсам да жетер деген болуы керек. «Асықпаған арбамен қоян аулайдыны» еріксіз есіме түсіре берген қос полицейдің бұл жолы қанжығасы майланбады.  Әй, қайдам, мынадай «шапшаңдықпен» тасбақа да ала алмайды-ау. Басқаны қоя берейін, өз басымнан өткен жайттар көз алдымнан кинофильмдей жүріп өтті: ол қылмыстардың әлі күнге дейін ашылмауы осындай «соқыртеке» ойынының алғыр қатысушыларының «жүйріктігі» мен «көрегендігінен» шығар... Егер табылып жатса жақсы, табылмаса Құдайы деп отыра береміз де сол баяғы.  Іздесек, ініне су құюды сұранып тұрғаны-ақ жетіп айырылады. Ал қазір ше? Не өзгерді? Қоңырау шалдым, күт деді – күттім, шық деді – жүрегім дауаламаса да шықтым, айт деді – айттым, көрсет деді – көрсеттім, естіді ме – естіді,  ұстады ма?.. Өтініш жаздыру үшін қызметтік көліктеріне отырғызған олар «Ертерек айтпайсыз ба?» дейді. Рас, қателік менен кетті ғой: бұзақы қасымыздан таяқ тастам жерге жеткенде бір-ақ айтқан өзіме де обал жоқ. Әйтеуір өңі айналып, ақырында өзім ішіп, өзім шулаған болып жүрмесем жарар еді. Үсті-үстіне үстемелей түскен сауалдары мені осы ойға жетелей түсті: «аты-жөніңіз», «жұмыс орныңыз», «руыңыз»... Иә, дәл солай – руым! Барлығымыз да бір атаның балаларымыз ғой: «Қазақпын!» – дедім. Сөйтсем, олар «сіз анандай екенсіз» деп мұныма мұрын шүйірді. – Есіңізде болсын! Біз келген соң ондайлар қайта ат ізін салмайды, – деген тәртіп сақшыларының бірі тиісті бөлімде адам жетіспейтіндіктен, қасындағы досына жай әншейін қолұшын беріп жүргенін айтты. Адам өлтірген қандықолдың өзі оқиға орнына әйтеуір бір соғатынын, тіпті қасқырдың өзі араға тура бір, екі немесе үш жеті салып, жемтігін алған жерге қайта келіп кететінін оқығаным бар. Сондықтан «әншінің» әлбетте оралатынын сезіп, бірінің нөмірін алып қалдым. Құлағы «ауыр», көзі «нашар» «құдаларым» қайта салысымен-ақ, ойлағанымдай, әлгі әккінің даусы қайта жаңғырды. Бар үмітім сол нөмірде. Дереу қоңырау шалдым. Бір емес, бірнеше рет соқтым. Телефон тұтқасын көтермеді. Полицейдің досы айтпақшы, бұдан да қиын жағдайда отырғандар күтуде ғой, солардан мұрындарынан шаншылып жатқан шығар.  Тағы бір ойым – не дегенмен түн ғой, ұйықтап қалды ма екен? Қайдағы біреулердің «қылмыстың алдын алады» деген «жел» сөзіне еріп, майда-шүйдеге бола полиция шақыра салғаныма бетім қызарды. Ұсақ-түйекке дүрлікпей, әліптің артын бағайын. Бас жарылып, қол сынғанда қоңырау шалып үлгерем ғой. Таң атты. Бір қабаттың тұрғындарына ортақ, «бытовка» аталып кеткен  бөлменің 2-3 кафелі сынып, түсіп қалыпты. Сондай-ақ өзі, жоғарыда айтып өткенімдей, мұндағыларды бес саусағындай біледі шамасы. Өйткені дәл сол түні қатар тұрған 20 шақты көлік арасынан тура біздікіне «белгісіз» біреу «аяқтаңбасын» тайға басқандай етіп қалдырып,  «құдалықтың» басы-қасында жүрген маған «алғысын» осылай білдіріп кетіпті. «Каратистің» аяқ іздерінен соққы жеген алдыңғы бір есігі әншейінде қампиып тұрушы еді, қазір қарны қабысып қалыпты. «Қой, бастысы – басымыз аман ғой», – деп жұбаттым өзімді, екі ортада шыбын өлсе де. Араға бір ай салып, 23 ақпан күні жатақханада сондай «баһадүрлердің» кезекті шайқасы орын алыпты. Біз үйде жоқ едік.  Қалғандары енді осыған бола полиция шақырғанымыз ұят шығар дескен-ау. Салдарынан бір жігіт пышаққа түсіпті. Шіркін, осы «жұлдыздар» марғасқалардың көзіне қашан түсіп, еңбегі еленіп, бағы «жанар» екен деп ойлайтынмын. Өйткені кейін де күн құрғатпай беріліп тұрған «өнер иелерінің» «шығармашылық кеші» «тыңдармандарын» «әсем әнімен» тербеп, құлақ құрышын қандыратын. Бірақ «әуеніне» төңкерілетіндей ешкім оларға зар емес еді. Керісінше мұндағылар, әсіресе жар жегенде жалғыз баласы бар кейуана зар илеп қалды. Себебі пышаққа түскен әлгі жігіт осы ананың перзенті еді. Жарықтық араға апта салып алған жарақатынан тіл тартпай кетті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ата-бабаларымыздан жеткен «соқыртеке» деген ойын бар бізде. Шартқа сәйкес, бір адамның көзі байланып, қалғандары қашады, ал әлгі оларды ұстайды. Тәртіп сақшыларымыздың кейбірі осы «соқыртеке» ойынын беске білетін тәрізді.  Өте жақсы меңгергені сонша – ойыншы көзін жаппай-ақ, қалғандары қашпай-ақ, соқырға таяқ ұстатқандай тұрса да назарға ілінбейді ғой... «Соқыртекеден» гөрі сақшылар  өз  ісіне жауапкершілікпен, халыққа жанашырлықпен қараса, Қазақстанның бекзат ұлы Денис Тенге дейін шабуыл жасалмас па еді? Ал енді көзді ашып қарашы, ойыншым, кім қашқын, кім қуғыншы? Фото: volgograd1.tv

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.