Жарқынбек САЛТАҚОВ. Құпия тағдыр

Дерек көзі: www.azattyq.org - 21.11.20181150

ҚҰПИЯ ТАҒДЫР әңгіме Ол терезе алдында сырттағы болып жатқан тіршілік әрекеттеріне қарап, ұзақ ойланып отырды. Миында қаумалаған мың сан ой. Арасында тауқыметке толы тағдырды бастан кешкен қарт кісіше ауыр күрсініп қояды. Аһылап-уһілейтіндей күш-қайраты азайған қария емес, өрімдей жас қой. Бірақ қанша жас болса да, тұңғиық ойдың түбіне жетіп, жанын жегідей жеген проблеманың шешімін таба алса ғой, шіркін! Өмірдің ауыр сұрағы мен сынағы кәрі түгіл, жасты да дәрменсіз етіп қояды екен-ау, сірә! Бірақ кез-келген оқиғаның соңы, кез-келген түйіннің шешімі болу керек қой. Қашанғы орман ойлармен алысып, жұрттан жалаңаш қалған адамдай жасырынып, өзін-өзі құрттай кеміріп отырмақ? «Енді не істеймін? Алдағы өмірім не болады? Елдің бетіне, ауылдағы ата-анам мен бауырларымның жүзіне қалай қараймын? Олар есіте қалса не болмақ? Тірідей жерлейтін шығар. Немесе «Сен біздің қызымыз емессің!» деп үйден қуып жіберсе, қайтемін?» деген ойлар еш маза берер емес. Алпауыт қиялдың қамалынан шыға алмай, басы қатқан Лаура бойжеткен төсек-орнына қалай келіп қалғанын өзі де байқамай қалды. Диванға сылқ етіп отырғанда, диванның гүрс еткен дыбысынан селк ете қалып, есін жинағандай болды. «Әке-шешемнің жүзін жерге қараттым-ау» деп солқылдап, өксіп жылап жіберді. Қанша жылағанмен, көкірегі мұң-шерден босаған жоқ. Бойжеткеннің бөлмеге қамалып, ас-судан бірде-бір нәр татпай, сыртқа шығуға көңілі соқпай, оқуға да бармай, таңнан кешке дейін қаланың кең көшесін терезеден телміре тамашалап, өмірін өткізіп отырғанына бүгін үшінші күн. Көмек көрсетіп, демеу болар адам да табылар емес. Оның үстіне, жан дүниесін жандырған жалынды мұңын біреумен бөлісейін десе, естіген елге күлкі, дос-дұшпанға табашы болатын тәрізді. Көкірегін қарс айырған қайғы су түбіне сүңгіткен ұйықтай күннен-күнге тұңғиық тереңіне тартып барады. Қалың ой арасында осы күнге жетуіне себепші болған махаббат сынды албырт әлемнің құшағына еніп, айналадағы тіршіліктің бәрін шетке ысырып қойып, тәтті сезімге көңілі масайраған уақытша дәуренге лағынет айтып, «Сені сүйемін, сен үшін күйемін, өлім ажыратқанша ажырамаймыз» деп, таусылмас уәдені тау қылып үйіп, ақырында өзін жүкті етіп, теріс айналып өте шыққан сол кездегі жігітті де «Өмірден бақысыз боп өткір!» деп қарғап қояды. Бір ойы «Бұл азаптан құтылудың жалғыз-ақ жолы бар» деп, өзіне-өзі өкім шығарып, о дүниеге аттана салмақшы да болды. Бірақ артынша ауылдағы көздері жәудіреген ата-анасы мен бауырларын ойлады ма, әлде бір емес, екі тағдырдың тамырына балта шабудың о дүниедегі салдарын ойлады ма, лезде бұл райынан қайтты. Себебі, тұла бойы мұздап, денесі дірілдеп кетті. Мұндай қисынсыз қиялды санадан біржолата аластауға бел буып, тақырыпты ашылмастай етіп жапты. Сана әлеміне саяхат жасауды жалғастырып, сан-саққа кеткен санасында «Не үшін мен мұндай жағдайға кезіктім? Қалайша аяғымды аңдамай, шалыс бастым?» деген ойлар бірінен соң бірі тағы да тізбектелді. Қалаға келген күннен бастап, осы уақытқа дейінгі бастан кешірген әрбір сәті есіне түсіп, көз алдында кинодай тізіліп өтіп жатты. Алтын күздің алғашқы айы еді. Солтүстіктен соққан ерке самал екі бетті қытықтап, денені нәзік сипалайды. Тәнге жағымды жеңіл толқынды жел қала мекемелерінің кіреберісінің қақ төбесіндегі жалауды желбірету үшін есіп тұрғандай. Жалпы қала табиғаты ауыл табиғатынан едәуір ерекше. Ауыл тау-тасқа, қыр-төбеге, сай-салаға, түрлі шөп-өсімдіктер мен жан-жануарларға толы болса, қалада кей жерлерде ғана болмаса, сай-төбенің, зообақта ғана болмаса, жан-жануарлардың кез-келген жерден табыла бермейтіні белгілі. Қала көшелері көркі көз тартатын көркем гүлдермен, түнде әр түрлі жарығымен көздің жауын алатын электр шамдарымен көмкерілген. Асфальт үстінде бір-бірімен жарыса жүйіткіген көліктер мен көліктен қалыспай, құмырсқадай құжынап, тіршілік үшін күрескен адамдар қаланың қала екенін білдіріп тұр. Айналасында көгалдары мен ағаштары жайқалып тұрған қала көрінісіне қарап тұрып, күз емес, көктем мезгілі келген екен деп ойлап қаласың. Тек аспан әлемін торлаған ала бұлт қана күздің келгендегінен хабар беріп тұрғандай. Күз демекші, «күз» атауын естігенде, көпшіліктің ойына ең алдымен оралатыны – күзгі жиым-терім мен оқу жылының басталуы. Қыркүйектің алғашқы күндері болғандықтан, басқасы басқа, білім саласы қызметкерлері жұмыстарының нағыз қарқын ала бастаған кезі. Мұғалімдер қауымы өткен оқу жылында қанша шаршап-шалдықса да, бойларындағы ғайыптан келген белгісіз бір күштің арқасында бейне бір жұмысқа жаңадан кірген жас маман секілді, ерекше құлшыныспен, айырықша шабытпен, өр рухпен жұмыстарын бастап кетті. Сірә, жас балғынның көзін ашып, көкірегін оятуға, санасына білімнің нәрін құйып, өн бойына тәрбиенің дәнін себуге деген құштарлықтан пайда болған күш-ау бұл. Әйтеуір, қолдары сөмкеден, сөмкесі қағаз-қаламнан бір сәт босамайтын ұстазды оймен де, тілмен де, қолмен де жұмыс істейтін нағыз универсал маман десек, ешкім дауласа қоймас. Ұстаздан көргенін қайталайтын шәкірттер де қолдарына дорбаларын алып, ілім үйрену мақсатында күн сайын білім ордасына барып-келіп жүр. Жоғары оқу орнының студенті атағына жаңа іліккен Лаура да көңілді қалыппен оқуын оқып жүр. Бастапқыда түскен мамандығы көңіліне онша қона қоймағанымен, кейіннен «маңдайыма жазылғаны осы шығар, тағдырымнан көрермін» деп ойлады ма, әлде ауылдағы әке-шешесі мен бауырларының «грант иегерісің, тегін әрі шәкіртақы алып оқитын болдың» деп қуаныштан жайнаған көңілдерін «ұнамайды, оқымаймын, ақылы болса да өзімнің қалағаныма ауысамын» деп су сепкендей басқысы келмеді ме немесе ата-анасының ақылы оқытуға жағдайы жетпейтініне көзі жетті ме, «қазірше оқып ала берейін, бітіріп алған соң, екінші, өзім қалаған мамандыққа тапсырып алармын» деген үмітті ойдан ба, әлде ғажап қаланың көркі мен алып оқу орнының ажары қыз көңілін өзіне еліктіріп, баурап алды ма, әйтеуір, оқуға қатынап жүріп, бойында қуаныш пен өзіне сенімділік сезімі оянғандай болды. Лаура қалаға, жаңа ортаға тез бейімделді. Кез-келген адаммен тіл табысқыштық қасиеті бар бойжеткенге тобындағы жігіт-қыздармен жақыннан танысып, қарым-қатынас орнату қиынға соққан жоқ. Білімнің іргетасы мектеп кезінен жақсы қаланғандықтан университетте сабақ игеру қабілеті де басқалардан ілгерілеу болды. Осылайша көңілді түрде оқудың алғашқы күндері өтіп жатты. Қаланың ішкі-сыртқы бейнесінен бөлек, хал-жағдайы, тыныс-тіршілігі, адамдарының таным-түсінігі, ой-санасы мен мінез-құлқы ауылдыкінен мүлдем басқаша. Лаура да айналасындағыларға еліктеп, ауылбай сөздері мен мінезін өзгертіп, қаланың салт-дәстүрін санасына сіңіре бастады. Өзімен құрдас қыздармен достасып, олардың жүріс-тұрысынан, киім киіну, әрленіп-сәндену үлгісінен өнеге алды. Құрбылардың көңілін қимай, олармен бірге қызықты басқосулардан, би кештері мен көңілсергітулерден қалыс қалмай, енді оқумен бірге ойын-сауықты да қоса алып жүруді әдетке айналдырды. Қаланың әсері мен құдіретінің күштілігі соншалықты, бір айдан соң орысша онша білмегені болмаса, қыздың ішкі дүниесі мен сыртқы бейнесі «қалалықсымақ» болып шыға келді. Бір күні құрбысы Айнагүл бір досының туылған күні екенін айтып, кешке қарай досын құттықтау әрі көңіл көтеру мақсатында туған күн кешіне баруды ұсынды. Лаура сабақ оқу керектігін сылтауратып еді, Айнагүл оған ертең болатын сабақтардың тіпті қиын емес екенін айтып, келген соң да орындап үлгеретініне сендіріп, құрбысын кешке баруға көндірді. Сонымен қос ару туған күн кешіне барды. Кешке көп жігіт-қыздар жиналыпты. Жігіттер арасында аяқ-қолы балғадай, бойы науша, келбеті келісіңкіреген Сабыр атты жігіттің Лаураға көзі түсіп, қу тілділікпен танысып та үлгерді. Терісі аппақ ақ мақтадай. Сөйтсе, қаланың баласы екен. Сөзуарлығымен бірге өзі жылтыңбайлау ма, қыздың о жақ, бұ жағынан шығып, ұстараның жүзіндей лыпылдап қояр емес. Өзі сабырлы да салмақты, ақылды да білімді, теріс қылықтардан аулақ, сондай-ақ табысы мол, ақбоз атты ханзаданы армандайтын Лаураға бұл жігіттің бастапқыда бірден ұнай қоймағаны рас. Желөкпе жігіттің әдеті емес пе, қыздың телефон нөмірін сұрап, танысып, араласу үшін кездесуге шақырып еді, қыз «кет әрі емес екен» деп ойлап қалмасын» деген оймен ибалы қыздың ырымын жасап, бірден келісе қоймады, нөмірін де айтпады. Бірақ «соңымыздан ары-бері жүгіріп, мазалап қоймай қойса, тәуір бала болса, көре жатармыз» деп қояды ішінен өзінің жүрегін өзі үміттендіріп. Кеш қызықты өтіп, қос құрбы жатақханаға көңілді оралды. Ертеңіне Лаура сабақтан шығып, жатақханаға бет алып бара жатқанда, алдынан кешегі Сабыр кездесе кетті. - Қалайсың, Лаура? Қалай жағдайың, жақсы ма? Кеше түнде жатақханаға жақсы жетіп алдыңдар ма? Лаура төмендегідей жауап берді: - Жақсы, рақмет! Бәрі тамаша! Өзің қалайсың? Бұл жерде қайдан жүрсің? - Сол, сенің жағдайыңды білейін деп... Егер бос болсаң, бір жерге барып, әңгімелесе отырып, тамақтануға қалай қарайсың? Лаураның ойына аяқ астынан келгені мынау болды: - Кешірім өтінем! Бірақ менің қазір жатақханаға барып, сосын бір жерге барып тындыратын шұғыл шаруам бар еді. Келесі жолы уақыт бөлуге тырысамын, жарай ма? Сабыр қыздың құрастырған сылтауына онша сеніңкіремей: - Онда, рұқсат етсең, жатақханаға дейін шығарып салайн, - деді. Лаура қарсылық білдіруге желеу таппай, келісті. Жолай екі жас бір-бірімен шыққан тегі, туған жері, оқитын мамандығы, отбасы құрамы т.б. туралы біраз мәлімет алмасты. Әзілқой жігіттің қызықты да күлкілі әңгімесін тыңдай жүріп, жатақхана маңына жетіп те қалды. Есіктің алдына дейін баруға қыз көнбей, жігітке алғысын айтып, осы жерде қоштасу керектігін ескертті. Көздері жыпылықтап, жалына сұрап тұрған жігітке қыздың жүрегі елжіреп, жаны ашып, телефон нөмірін берді. Жігіт қуана рақметін жаудырып, ертең тағы да келетінін айтты. Екеуі уәделескен түрде көңілдене қоштасты. Сол күннен бастап Лаураның жүрегінде бір ерекше сезім оянғандай болып, көңілі көкке өрлеп, құстай самғады. Ой-санасында бір ғана адам бар, ол – Сабыр. Сабырдың түр-келбеті, сұлу сөздері есіне тоқтаусыз түсіп, жүрегі алқынып, аттай тулап, қиялмен жарты әлемді шарлап шықты. Кейде өз сезіміне өзі түсінбей: «Маған не болды өзі? Әлде ғашық болып қалдым ба? Қоя тұр, ол жігітті әлі толық танымаймын да ғой. Бірден құлай берілмей тұрайын» деп қояды өзін-өзі тоқтатып. Бірақ қыздың санасын толық жаулап алған жігіт жүрегіне ентелеп еніп бара жатқанын сезсе де, қарсы тұруға өз бойынан күш таба алмады. Осылайша оқушылық өмірмен қош айтысып, студенттік өмірге қадам басқанына көп бола қоймаған Лаура ендігі жерде тағы бір жаңа өмірдің, «махаббат» атты ғажап әлемнің есігін қақты. Қызығы мен шыжығы мол, кейбір жандардың бақытқа бөленіп, рақат күй кешуіне, ал кейбіреулердің бақытсыздығы мен мұң-қайғысына себепші болатын махаббат әлемі бойжеткенді құшақ жая қарсы алып, алақанына салып аймалап, жел бесігінде тербетті. Қыз бен жігіт күн сайын телефонмен, әлеуметтік желілер арқылы әңгімелесіп, кездесуге шығып, жолыққан сайын бір-біріне деген ынтызарлық, ғашықтық сезімі арта түсті. Балауса қиялында арманы зор, пәк көңілінде тілегі мол, болашақтан үміті үлкен ауылдық арудың қалаға келіп тапқан махаббаты мәңгілік, бақыты баянды болса игі еді! Бірақ... бәрі де олай болмай шықты. Бір күні қос ғашық әдеттегідей кездесіп, әңгімелесіп, саябақтарды, ойын-сауық орталықтарын аралап, қас қарайғанша уақыттарын махабаттың қызығына малына өткізді. Ымырт үйіріле бере қыз жатақханаға оралу керектігін айтып, қайтуға ыңғайланып еді, жігіт «тағы біраз бірге бола тұрайықшы, өзім жеткізіп саламын» деп өтініп, қызды қалуға көндірді. Кеш батып, әбден түн болған кезде Лаура жатақханаға барғанда, адамдардың «Осы уақытқа дейін қайда болдың? Кіммен жүрдің?» деген тергеуінен қорқып, Сабырмен қалуға бекінді. Қиялы ұшқыр қыз ертең жатақханаға барғанда, «тергеушілерге» «ауылға барып келдім» деп айта салуды ойлап қойды. Серуендеудің жоспарын толық орындап болған соң, екі жас таңға дейін түнеп шығуға пәтер жалдап, сонда барды. Екеуінің бір кереуетке жатуына қарсылық білдіру ғашықтық сезімі бар ерік-жігерін жаулап алған Лаураның ойына кіріп-шыққан да жоқ. Күндіз басталған қызықты көңілсергіту түнде ары қарай жалғасын тапты. Таңертең жігіт қызды оқу орнына дейін жеткізіп, екеуі бір-біріне алғыс білдіре отырып қоштасты. Түндегі бүлдірген қылығы үшін Лаура өзінен-өзі ұялып, қысылып-қымтырылғанымен, ешкімге білдірмеуге тырысып, ешкіммен сөйлеспеді. Сабақтан соң қыз қоңырау күтіп еді, жігіт қоңырау да соқпады, хабар да жазбады. Лаура: - Жарайды. Шаруалармен қолы тимей жүрген болар немесе демалып жатқан шығар. Мен де демалайын, - деп өзіне-өзі сөйлеп, жатақханаға келіп, кешегі шала орындалған ұйқының жоспарын толықтыруға кірісті. Ертеңіне Лаура үшін қаралы күн басталғандай, жан дүниесі алай-дүлей болып, қиялындағы әр түрлі ойлармен арпалысып, беркесі кетті. Себебі, кешеден бері хабарласпаған Сабыр мырзадан әлі дерек жоқ. Өзі қанша рет қоңырау шалды, телефоны сөндірулі. Әлеуметтік желіге де кірмеген. Шыдамы шегіне жеткен Лаура жігітті оқу орнына іздеп барды. Ол жерден сұрастырып еді, Сабырдың сырттай бөлімге ауысып кеткені туралы хабар естіді. Біресе уайымдайды: - Қайда жүр екен? Тыныштық болар? Денсаулығы жақсы ма екен? Біресе «Неге хабарласпайды? Әлде мені тастап кете барды ма?» деп мұңаяды. Тұңғиық ойдың түбіне жете алмай, санасындағы сансыз сұраққа жауап таба алмай, әбден тарықты. Бұл халге тап болуына біресе жігітті, біресе өзін кінәлап, не істерін білмей, басын тауға да, тасқа да соғатын жағдайға жетті. Бүкіл дүние қараңғыланып кеткендей, көзіне ештеңе көрінбейді, айналадығы ештеңені де сезбейді. Тұла бойын мұң жалыны шарпып, өртеніп кетердей. Тіпті, бәрін тастап, басы ауған жаққа кетіп қалғысы келді. Кейіннен ойланып: «Мүмкін хабарласып қалар. Қайғының қара бұлтын басыма өзім айдап әкелмей, әліптің артын бағайын, бір-екі күн күте тұрайын»  деп өзін-өзі жұбатып, үміттедіруден басқа амал таппады. Ертеңіне таң ата бере телефон қоңырауының әуені қызды оятып жіберді. Алып қараса, Сабыр. Дереу басып, құлағына тосып еді, Сабекең әдеттегідей сәлемдесіп, мән-жайды түсіндірді. Қыздан кешірім сұраудан бастап, басқа қалаға қоныс аударғанын, екеуінің араласуына ата-анасының қарсы екенін, ол кісілердің баласына көздеп қойған қызы бар екенін, ата-анаға қарсы шыға алмайтынын, олардың айтқанын орындауға тиіс екенін, тағы басқа барлық жайтты кітап оқығандай судыратып айтып шықты. Тіпті қыздың бір ауыз сөз сөйлеуіне, сұрақ қоюына мұрша бермеді. Соңғы рет «Өмірде өз бақытыңды табуыңа тілектеспін!» деді де, телефонды өшірді. Ұйқылы-ояу жатқан Лаура өз құлағына сенер-сенбесін білмей, не өңі, не түсі екенін аңдай алмай, есінен адасқандай күй кешті. Лаура үшін өмір осы жерден тоқтап қалғандай сезініп, сол күні сабаққа да бармай, қайғы көрпесін жамылып, көз жасын көлдетуден басқаға дәрмені жетпеді. Осыдан кейін арадан күндер көшіп, апталар асып жатты. Көңіліндегі қайғы мен қапалану сезімі денсаулыққа кері әсерін тигізді ме, Лаураның соңғы кездері мазасы болмай, ауырып қалып жүрді. Болған жайттың бәрінен болмаса да, шет жағасынан хабардар құрбысы Айнагүл Лаураны дәрігерге барып көрінуге әрең дегенде көндірді. Дәрігерден өзінің жүкті екенін естігенде, қыз естен танардай халге түсіп, біршама уақыт мелшиіп отырып қалды. Айтылған хабар бойжеткенге қуаныш әкелмей, керісінше мұңына мұң үстеді. Жаңалықты құрбысына білдірмей, жай іші ауырғанын айтып, жатақханаға оралды. Ауыр мұңды арқалаған қыздың үш күннен бері сабаққа бару түгілі, бөлмеден шыға алмай отыруының себебі осы еді. Басынан өткен тағдыр туралы санасында өтіп жатқан қысқа уақыттық фильмді «бұл мәселеден шығудың қалай да жолын табуым керек» деген оймен аяқтады. Төрт қабырғаға қамалып қашанғы отыра бермек? Бұл жағдайға өзінің ессіздігінің кесірінен душар болғанын түсініп, ойына бірдеңе сап етіп түскендей, бірден есін жинады. «Жағдайдан шығудың бір-ақ жолы бар, одан басқа амал жоқ. Ерте күнді кеш қылмай, тездетіп проблеманы шешейін де, бұл азаптан құтылайын» деп, асығыс киімдерін ауыстырды да сыртқа шығып кетті. Шіркін, мына заманда алуан түрлі тағдыр бар! Адам өмірде қилы кезеңдерді бастан кешіреді. Бірақ кездескен жағдайға адамның өзі себепті ме, әлде о бастан маңдайға жазылып келген бе, мұны ешкім дөп басып айта алмайды. Ең бастысы, адам мынаны түсінсе болғаны: өмірдің әрбір сынағы – өлім емес. Қайғыға қарсы тұрып, тәлкекке төзе біліп, сынақтан сүрінбей, сүрінсе де орнынан қайта тұрып, қимылдауы қажет. Лаура ақырын басып, ауруханадан шығып келеді. Бірдеңе туралы ойлауға, қуаныш не мұңаю сезімін бастан кешіруге шамасы жоқ, әлсіреп қалған. Бар ойы жатақханаға барып, демалу. Бірақ көзінен бір мұң анық байқалады. Себебі, біраз уақыт бұрын бойына біткен жауқазынды бүршік жарып үлгермей жатып, тамырымен жұлып алды. Онымен қоса жүрегін де жұлып алғандай, ештеңені сезбейтін, меңіреу халде жатақханаға әрең жетіп, бөлмесіне еніп, диванға гүрс етіп құлай кетті. Болған жайт жайлы өзінен бөлек, ешкім білмейді. Уақыт өте келе санасынан сынаптай сырғып өтеріне үміттенеді. Осы секілді қилы тағдырдың қисық-қыңырлығы мен қаншама жанның қателігін жұрттан жасырып, ішіне жұтқан, сонымен қатар қаншама бастамалар мен ғылымдардың дамуына негіз болған қала – тылсым да ерекше құдіреттің, күштің иесі. Фото: pikabu.ru

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.