Талғат НҰРХАНОВ. АЛПЫС ЖЕТІ МЫҢ БЕС ЖҮЗ ТЕҢГЕ

Дерек көзі: www.azattyq.org - 21.11.20181427

АЛПЫС ЖЕТІ МЫҢ БЕС ЖҮЗ ТЕҢГЕ әңгіме – Жұбанышымның, жалғызымның мені ұмытуы мүмкін емес. Ұмытпайды. Жарығым, жұмысынан бас көтере алмай жүрген болар. Әйтпесе, ендігі бір ат ізін салар еді. Аналық түйсігім алдамаса, бүгін келіп қуантады. Қаймыжықтай жұқа еріндерін болар-болмас қимылдатып, әлдекім жасырынып тың тыңдап тұрғандай іштей ғана күбірлеген Әзиза әже орындықтың арқалығына шалқая түсті. Екі көзін тарс жұмып, терең тыныстады. Қанша уақыттан бері тынышын алған бұлттай қалың ойдың шырмауынан құтыла алмай, ауыр күрсінді. Көңіл дүрбісімен өткен күндер естелігіне көз тастап, күндегі әдетінше санасына сірнедей жабысқан сансыз сұрақтың жауабын іздеді.                                               *** Жетімдер үйінде табысып, тағдыр қосқан сүйгені Серігінен ерте айырылды. Жыртық өкпе жетімнің пана тұтып сағалап барар жанашыры қайдан болсын. «Жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар». Өз бетінше тірлік жасаудан басқа амалы қалмады. Серігінің көзіндей болып артында қалған Жұбанышын қалайда қатарға қосам деп тұлпардың тұяғын майыстырып, нардың белін қайыстырар ауыр жүк арқалауға тура келді. Кейде сәт сайын ілгері басқан қадамын тұсай берген қиындық атаулыдан біржола құтылмақ оймен өз-өзіне қол жұмсағысы келгенде аяғын енді апыл-тапыл басып жүрген Жұбаныштың ертеңін ойлап, суық ойын қысқа арқандай тез жиып ала қоятын. Әкесі мен шешесі секілді жетімдер үйінің босағасында өсіп келе жатқан ұлын көз алдына елестеткенде сан етіне мың сан ине шаншылғандай денесі тітіркеніп кететін. Сол себепті де талай мәрте табанын тас, қабағын жас тілсе де жалғызы үшін мойымады. Жағаға лақтырып жіберуге асыққан толқынға қарсы жүзді. Жауырынынан жел өтіп, мың сүрініп, мың құлап, қыл арқандай ширатыла ширықты. Жарғаққұлағы жастыққа тимей, ұйқы, күлкіні ұмытып, еңбегін сауды. Ешкімнен кем болмасын деп Жұбанышты қатардағы емес, қаладағы алдыңғы қатарлы мектепте оқытты. Өзі құралыптастарынан қалғысы келмей Алматыда жоғары оқу орнына түскісі келгенде де ұлының көңілін жықпады. «Дипломын алып берсем, күнін  көріп кетер» деген тәтті үмітке алданып, тас қалада жападан-жалғыз қала берді. Уақыт аялдасын ба?! Апта аяңдап, ай алшаң басып, сынаптай сырғып жылдар өте берді.  Үлкен үміт күткен Жұбаныш та дипломын алды. Өзінің төрт жыл бойы шүмектеп аққан маңдай терімен келген дипломды алысымен-ақ ұлының Алматыдағы ірі компанияның біріне қызметке орналасқанын естіген сәттегі қуанышын қалай ұмытсын. Ешқашан сезінбеген күйді бастан кешіп, кеудесін мақтаныш кернеп, түн баласы кірпік ілмей шыққан күндері әлі есінде. Ұлының жұмысқа орналасуымен отыз жасынан бері тартып келе жатқан тауқыметтің, қайғы-мұңның, жоқшылықтың нүктесі қойылғандай болып көрінген. Шынымен солай болды.  Жұбаныштың тасы өрге домалап, айы оңынан туды. Көп ұзамай ұлының айтуымен Алматыға көшетін кез де келді. Қуаныштан есі шыққан Әзиза хабар жеткен күннің ертеңіне-ақ артынып-тартынып Алматыға аттанды. Алып шаһарда мәңгілікке мызғымастай берік жабылғандай көрінетін бақытты күндердің есігі айқара ашылды.  Мұның барлығы бастамасы ғана екенін білген де жоқ. Араға ай салып, қуанышы тіпті еселене түсті. Дастархан басында екеуара өткенді еске алып, мәре-сәре болып отырғанда Жұбаныш үйленуге қам жасап жүргенін, көп ұзатпай келін түсіретінін айтқанда Әзизаның көз көбелері жасқа толып, балаша қуанғаны-ай!  Қалай қуанбасын, Серігінің ұрпағы жалғаспақ. «Алла жазса, өсіп-өнген үлкен әулетке айналамыз» деп осы күнге жеткізген Құдайға мың да бір шүкірлік етті. Кейін білді, болашақ келіні елдегі бақуатты отбасының жалғыз қызы екен. Бұл жайында алғаш естігенде тіксініп қалды. «Құлыным-ау, тең-теңімен деуші еді. Біздің сиқымыз мынау. Жоқшылықтан енді-енді көз ашып келе жатырмыз. Жарасып кете алар ма екенсіңдер?!» деп алаңдаушылығын да білдірген. Бала кезінен бетінен қақпай өсірген Жұбаныш бұл жолы да өзімбілемдікке салынды. Іші тіл алмай тұрса да, тілеуін тілеп, аналық ақ батасын берген Әзиза отыз күн ойын, қырық күн тойын жасамаса да қазақы салтпен келінін түсірді. Сырға салу, беташар рәсімі, құда күту, үлкен той... Барлық жөн-жоралғы жасалды. Құда-құдағиын, келінін көргенде талайдан бері тынышын алған қорқынышының бекер екеніне көзі жеткен. Келіннің аяғымен үйге бақ-береке ілесе келді. Жұбаныш өзі еңбек жолын бастаған мекемеде бір бөлімнің тізгінін қолға алды. Келіні Айгүлдің әкесі тойға сыйға тартқан абажадай зәулім сарайға көшті. Әстін-әстін ұмытыла бастаған қайғы-мұңның қамытын сол зәулім сарайда қайта киді. Одан кейінгі тағдыры... Ойласа аза бойы қаза болады. – Сен кемпір, осы жерге не іздеп келесің. Ас-ауқатыңды ішер-ішпестен кетесің де, қас қарая бірақ келесің. Не әдет? Тасқа құлаған шыныдай ойының быт-шытын шығарған Ақлима екенін көрмесе де білді. Артына еріне бұрылып, ігір де жоқ, мігір де жоқ, мезгілсіз мазасыз алған Ақлимаға нұры тая бастаған көзін төңкере қарады. Оған мән беретін Ақлима ма?! Самбырлай сөйлеп, жанына жайғасты. Жүзі қуарыңқы, жағына пышақ жанығандай арық, өрт сөндіріп келгендей өңі қап-қара Ақлиманы танитындар «Жынды кемпір» атап кеткен. Жынды десе дегендей-ақ.  Қашан көрсең әркімге бір соқтығысып, тиісерге қара таппай жүргені. Кекетіп-мұқатып, қысыр сөзбен кісінің жанын қажағаннан қыбы қанатын тәрізді. Сөздері мірдің оғындай. Етіңнен өтіп, сүйегіңе жетеді. Бүгінде күндегі дағдысына басқан. – Қара жамылғандай түнеріп отырысың не мынау?! Саған қарап отырып, қайран қаламын, – деп Әзиза қос жанарын қадаған алысқа бұл да көз тастап, әңгімесін қайта жалғады. – Осы саған не жетпейді. Екінің бірі алуға шамасы жетпейтін зәулім сарайда тұрасың. Қас-қабағыңа қарап, бар жағдайыңды жасап жүрген қызметшілерің бар. Айтшы, бұдан артық не керек. Құдайдан басыңның амандығын тілеп, тыныш отырмаймысың. Күн өткен сайын өзің де шөгіп барасың,–деп жанашырлық таныта тіл қатқан Ақлима жауап күткендей Әзизаның бетіне бажырая қарады. Ес-ақылында ауытқушылығы бар Ақлиманың сөзіне мән бермеді. Өз ойымен болып,  үлкен жолдан көзін алмаған күйі, мелшиген қалпы отырды да қойды. Жұбанышты, естіген, бірақ ешқашан көрмеген немерелерін ойлады. Жұбанышының қызметі өскенін естігенде төбесі көкке жеткендей қуанған. Ұлының жетістігіне қуана «Менің ұлым, жо-о-о-қ халықтың ұлы» деп ішінен қайталай берген. Ал, қазір бұрынғысынша қатардағы қызметкер болып жүргенін қалайды. Бөлім басшысы кезінде айына бір мәрте болсын хал-жайын сұрап, келіп кететін ұлы бастық болғалы екі айдан бері ат ізін салудан қалды. Осы бір ойын оқып қойғандай, маналы бері үнсіз қалған Ақлима маңызды нәрсе айтқысы келгендей, Әзизаны иығынан тарта өзіне қаратып: – Қызметтен қолы босамай жүрген ұлың сенің мұнда сарылып күтіп жүргеніңді білмейді ғой. Білсе, келер еді ғой. Әлгі қызметі өсіп, жалақысы жоғарылап, сенің болар-болмас пенсияңды керек қылмай қалған ғой. Келмейді. Бәлкім, ертең келер. Жел өтінде отырып дірдек қаққанша жүр қайтайық,–деп орнынан ауыр көтерілген Ақлима ауыр жүкті арқалап бара жатқандай теңселе басып кетіп барады.    Әлі де үміті үзілмей, жолға ұзақ қараған Әзиза қайтуға оқтала бере, кенеттен кеуде тұсына тыққан ақшасы есіне түсті. Ақша салынған түйіншектің бауын ағытып, ерінбей санай бастады. Алпыс жеті мың бес жүз теңге. Бір кәделеріне жаратар деп екі айдан бері бір тиынында жұмсамастан жинаған зейнетақысын күнделікті бір мәрте санамай, көңілі көншімейді.  «Бір келгеніңде қолыңа ұстатармын. Қайда жүрсең де аман болшы, құлыным!», деп ұлының амандығын Құдайдан жалбарына тілеген Ана балпаң басып дауыс жетер жерде кетіп бара жатқан Ақлиманың соңынан ілесті.                                                 *** – Көке, атам мен әжем қашан келеді? – Келіп қалу керек, құлыным! – Біздің үйге қона ма?! – Білмедім, ұлым, өзің сұрап көрерсің. Биыл мектеп табалдырығын аттаған тұңғышының сұрағы бітер емес.  Көңіл-күйі күндегісінен де көтеріңкі Жұбаныш қос тізесінде отырған тетелес екі ұлының кекіл шаштарын артқа қарай қайырып, мойындарынан құшырлана иіскеді. Ауық-ауық асүйде жүрген Айгүлге ұрлана көз тастайды.  Әке-шешесінің келетінін естіген әйелі қызметшілеріне сенбей, таңертеңнен қонақ күту дайындығына өзі кіріскен. Айгүлдің асүйдегі ащы айқайымен қабаттасып, сырттан гүрілдеген көлік үні естілді. Үсті-басын қаққыштап, ретке келтірген Жұбаныш босағадағы киім ілгіште тұрған қолшатырды қолына іле, тысқа қарай жүгірді. «Атам мен әжем келді» деп алақайлап, ұлдар да әкелерінің соңынан ілесті. Ойыннан басқаға бас қатырмайтын, нағашы ата-әжесіне еркелеп өсіп келе жатқан екі ұл өз әжелерінің «Қарттар үйінде» жатқанынан мүлдем бейхабар еді. Фото: stihi.ru

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.