Пернебай ДҮЙСЕНБИН. Жетінші купе

Дерек көзі: www.azattyq.org - 21.11.2018414

ЖЕТІНШІ  КУПЕ әңгіме - Құрметті жолаушылар! Сақ болыңыздар. Бірінші жолға қырық бірінші Алматы-Атырау пойызы келіп тоқтайды, - деген кезекші үні жаңғырыға естілді. Сол-ақ екен іште ұйлығысып тұрған жұрт жүк-мүктерін арқалай, сүйрете-мүйрете ентелей есікке ұмтылды. Дәулет қалың топтан оқшаулау тұрған. Бірін-бірі кимелеп, есікке таласқан қылықтарына еріксіз мырс етті. "Сонша неменеге жанығады екен?! "-деген ұшпа ой сана төрімен ұйытқып өтті. Елдің соңына ала сыртқа шықты. Сүйретпе сөмкелерін дырылдатып, әрлі-берлі жүгіріскен жұрт арасымен 14-вагонға келді. Есік алдында тұрған жолсерік әйелмен бас изесіп амандасты. Бұл ұсынған билетке жүгірте көз тастап: -Жетінші купе! Ішке еніп, орналаса беріңіз, - деді... Дәулет купеге енді. Төбеде әлсіз жанған күңгірт, сарғыш сәуле ішті тым көңілсіз етіп тұр. Қарсы беттегі үстіңгі орыннан арқасын беріп, теріс қарап жатқан толықтау әйелдің сұлбасы көзге шалынды. Ол төменгі бір орын не ғып бос тұр деп сылбырлау ойлады.  Бір кезде жолсерік әйел төсек жайма, жастық тыс, сүлгі салынған қалтаны әкеліп берді. Сол кезде ішке шағын денелі ақсары жігіт енді. Дәулетпен күлімсірей амандасты. - Сіз де Тараздан міндіңіз бе? - Иә. - Қайда барасыз? - Атырауға. - Мен де Атырауға. - Ағасы, онда бастан-аяқ сапарлас болдық қой.  Есіміңіз кім аға? - Дәулет. - Менің атым - Нұршат. Қимылы шапшаң, ширақ көрінді. Қызыл қоңыр сүйретпе сөмкесін мұның үстіндегі жатын  орынға лып еткізіп қоя салды. Бір кезде жоғарыдағы әйел ыңырси қозғалып, бері аунап түсті. Басын сәл көтере беріп, бұларға бағжаң етіп, бір қарады да, басын жастыққа сылқ тастады. Аласы үлкен көзімен суық жарқыл жалт етіп, ойнап өткендей. Дәулет төсек жаймасын реттеп жатқан Нұршаттың тізесінен шынтағымен нұқып қалып, қарсы бетті қабағымен нұсқады. - Нұршат інім, таң әлі толық ата қойған жоқ қой. Пойызға алаңдап ерте тұрып ем. Екі - үш сағат демалып алғанымыз жөн-ау. - Дұрыс, ағатай, ойыңызды құп алдым... Пойыз Шымкентке тоқтады. Дәулет жеңіл киініп, сыртқа шықты. Күн жарқырай шығып тұрғанмен, ауада аз-кем ызғырық лебі бар екен. Оның соңын ала бір топ балалар дабырласып келе жатты. - Апай,  Шымкент осы ма? - Түсіп көрейікші! - Өткенде түнде өтіп кеттік қой! - Байқаңдар! Еш ұзап кетуші болмаңдар! Бидай өңді аққұба, ашаң жүзді жас қыз тепкішектен жеңіл секіріп түсті. Оның соңынан ілесе түскен көк түсті спорт кеудешесін киген бала тұра қалып, қолын әрлі-берлі сермеп, дене қимылдарын жасай бастады. -Жарайсың, Айдос! - Өнеріңді көрсетіп қал! Екі қыз сыңғырлай күліседі. Айдос ақсия күліп: - Ал сендер неге жасамайсыңдар! Алматыдан шыққаннан ұйқыны соғып келесіңдер ғой. Дәулет оларға қызыға қарады. Қатарында тұрған мұғалімге жұмсақ үнмен, тіл қатты. -Қызым, қайдан келесіңдер! -Алматыдан. Конкурстан. -Қандай конкурс? -Өзін-өзі танудан. Мектеп десе, оқушы десе, жарыс десе елеңдеп тұратын әдетімен: - Иә, олжа бар ма? - деді еңсеріле бұрылып. - Бар, аға! Бірінші орын алдық! -Өй, айналайын, құтты болсын! Жарадыңдар онда! Қанша команда қатысты? -Барлық облыстардан, Астана, Алматы, Шымкент. Жиырма бір. Оның он төрті тек қазақ мектептерінен. - Қай облыстансыңдар? - Қызылорда. - Бәрің қаладансыңдар ма? -Жоқ, әр ауданнан. -Сонда қалай? Құрама ма? -Иә, бүкіл қала, аудан араларында жарыс болып, іріктелді ғой. Сөйтіп ең жоғары балл алған үш оқушы қатысуға жолдама алды. - Ана спортшы бала қай жерден? - Шиеліден. - Мына қыздар ше? - Айнұр Қызылордадан, Фарида екеуміз Аралданбыз. - Өз атың кім? - Райла. -Жақсы, жақсы, айналайын! Жарапсыңдар! Дәулет Райланы арқасынан еркелете қақты. - Осыларды бастап барғансың ғой деймін. - Иә, ата. Осы құраманың жетекшісімін. Ол жас мұғалімге іштей сүйсіне көз тастады. Өң-ажарына әлі қылау шалдыра қоймаған ұстаздың жүзіне ұялаған шуақты күлкісі шұғылалы екен. - Қай купеде келесіңдер? - Алтыншы купеде. - Е, онда көрші болып шықтыңдар ғой, - деп жымия күлді. Дәулет өз купесіне оралды. Төмендегі бос орынның егесі келіпті. Ортадан бойы сәл төмендеу, иығына бұйралана төгілген шашы біршама селдірей бастаған толықша сары жігіт екен. Мұнымен бас изесіп, жылы шыраймен амандасты.  Есік үстіндегі жүк қойғыш текшеге қалың қара мауыты матамен қапталған гитарасын орналастырды. - Музыкантсың ғой деймін. - Иә. Байқоңырдың бір азаматы тойға қоймай шақырған. - Жолдасың ба? - Жоқ. Сол Алматыда бір той басқарғанымды, ән айтқанымды көріп, жата жабыспасы бар ма! Кеше де мына Шымкенттегі бір дәудің тойын басқарғам. - Е, інім, онда мықты болдың ғой! - деп әзілге шаптыра сөйледі. - Онысын қайдам, аға!- деп мырс етіп күліп қойды. Аты Әбдінәби екен. Көзі Нұршатқа түсті. Қабырғаға теріс қараған күйі пысылдап ұйықтап жатыр. "Ойпырмай, неткен қатты ұйқы!" - деп іштей таңданды.  Есіктен жолсерік көрінді. Жаңа жолаушының төсек жабдығын берді. - Інім, төсегіңді реттеп алғанша сыртта күте тұрайын, - деді Дәулет. Көзі еріксіз жоғарғы орында жатқан әйелге түсіп кетті. Ояу екен. Оң қолымен маңдайын қыса ұстап, әлдебір ой құшағына еніп кеткендей. Кенет қол жүгіртіп қарап отырған ұялы телефоны шыр ете қалғанын естіді. -Әлау, әлау, иә, тыңдап тұрмын. Амансың ба? Не айтайын деп едің? Ар жағынан әлдекімнің мазасызданған үнінің әлсіз жаңғырығы естіліп жатты. - Мен кеше саған айттым емес пе? Адамдарыңды дайындап, жүкті шашпай-төкпей түсіріп алыңдар деп. Әлден соң: - Ол менің проблемам емес. Көлік бұзылса, басқасын тап. Қазір аш бөрідей жалаңдап жүргендер көп емес пе? Анау КАМАЗ-ды еш кешіктіруге болмайды. Ұқтың ба? Тап! Соны да маған мәселе ғып айтып отырсың ба?! Өңмеңдеген өктем дауыс кілт үзілді. Әйел сыртын беріп, әрі аунап түсті. Купе ішінде құлаққа ұрған танадай  тыныштық орнады. Осы мезетте бір жігіт ішке бас сұғып, Дәулеттің жанына құшағындағы Ірілі - ұсақты кітаптарының біразын тастай салып, әрі қарай кетті. Мылқау екенін білді. Ол кітаптарды біраз ақтарып қарап отырды да, ішінен төртеуін екшеп алды. Әбдінәби: - Осының бәрін сатып алмақсыз ба? - деді таңданғандай.  Ол жымиып күлді де: - Иә, бәрін алмақпын. Бірақ өзіме емес, - деді. - Сонда кімге? - Осы көрші купеде  үлкен бәйгеден оза шауып келе жатқан балалар бар екен. Соларға. - Туыстарыңыз ба? - Жоқ, туысым да, танысым да емес! Бірақ қуаныштарына ортақпын. Әбдінәби езу тартып, басын шайқап: - Қызық екен! - деді.  Дәулет купеден басын шығарып: - Райла, ана балаларды ертіп, мұнда келіңдерші, - деді. - Жай ма, ата? - Жай емес, келсеңдерші!   Райла үш оқушысын ертіп, әрі таңдана, әрі жасқаншақтай ішке енді. - Ал, балаларым, сендердің үлкен жарыстан оза шауып келгендеріңе шын қуанып отырмын. Мына "Жеті қазына", "Ақ бата", "Қазақ әндері", "Ғибратнама" кітаптарын сыйлаймын! Райлаш, қарағым, өздерің  ынта-ықыластарыңа қарай бөлісіңдер, - деп кітаптарды ұсынды. - Рақмет, ата! Үлкен рақмет! Райланың жүзі нұрланып, айналасына шуақ шаша қарады. Айдос шапшаң қимылдап: - Мен "Жеті қазынаны" аламын, -деп кітапқа бұрын қол созды. Тап осы кезде мылқау жігіт келіп, бұларға әрі аңтарылып, әрі күлімсірей қарап тұрып қалды. Дәулет ыммен төрт кітаптың құны қанша тұратынын сұрады. Ол үш саусағын көрсетті...  Ақшаны алысымен, жүзі алабұртып, бас бармағын әуелете көтеріп- көтеріп қойды. Дәулетке ризашылығын білдіргені. Кітапты ашып, қызықтап ұстап тұрған Айдостың басынан еркелете сипады. Бас бармағын тағы да көтеріп, қос саусағын ерніне апарып, ықыласты сүю ишарасын жасады.  Сол кезде Нұршат көзін уқалап, басын көтеріп, керіле есінеді. Дәулет: -Ойпырмай, Нұршат інім, сенің ұйқың Алпамыс батырдікінен де қатты болды-ау! - деді күліп. -Ой, Дәулет аға, әбден титықтағам ғой. Ауылға келсең осы! Бір күн анасы, бір күн мынасы шақырып. Ауызға да тыным жоқ, асқазанға да дамыл жоқ! Ана орыстың ақмағанбеті тағы бар,- деп кеңкілдей күлді. - Е, ендеше тұр енді! Сәске түс болды. Шай- пайымызды ішейік. Дәулет жоғарыға мойын созып: - Тұр, қарындасым! Алда жол алыс. Танысып-білісіп отырғанымыз жөн. Көңілсіз болмайтын сияқтымыз. Ортамызға әрі әнші, әрі асаба ініміз келіп отыр, - деді гитарашы жігітті иегімен мегзеді... Нұршат әрі қағілез, әрі елгезек екен. Жолсерік әйелден бүйірлі шәйнек алып, қайнақ суға толтырып әкеліп, ортаға  қойды. -Ал кесе, күрешкелеріңізді дайындаңыздар. Дәулет серіктеріне көз астымен барлай қарады. Өзін Мәрзия деп таныстырған әйел онша шешіліңкіремей отыр. Күлуге сараңдау. Қара ормандай қалың қасын қырып тастапты. Қара бояумен қиғаштай иілтіп қас салыпты. Көз айналасы көгілдір түспен сүрмеленген. Бітік қабақ астынан қараған аласы мол томпақ жанары мүлдем суық көрінеді екен.  Сол қолындағы бриллиант қондырған алтын сақинасын сұқ саусағымен ара-тұра сипалап қояды. Оған шағылған күн сәулесі жалт-жұлт етіп, әйелдің толықша бұғағын бипаздай сылап-сипап жүргендей.  Нұршат аңқылдап: -Мынау біздің Үшаралдың қырғауылы. Жеп көріңіздер. Дәмі тіл үйіреді. Жеңгем әбден баптап салып берген. Гитарашы  Әбдінәби боршаланған төс етін аузына салып: -Туһ,несін айтасың, айтсаң айтқандай екен,- деп тамсанып қойды. Дәулет: -Қарындас, мына Нұршат інімнің қырғауылынан ауыз тигін, - деді. - Жоқ, ағай. Қуырылғанды жемеуші ем. Диета ұстаймын. -Қорықпа, қарындас! Мен дәрігермін. Ас қорытпаса, хилак-фортем дап -дайын, - деді Нұршат. -Жо-жоқ! Өздеріңізге бұйырсын! Бір кесе шай ішіп, күлше наннан бір үзім ғана ауыз тиді. Нұршат: -Оу, Әбеке десе, осы екеуміздің жас шамамыз бір-ау деймін. Мүмкін, құрдас та шығармыз. Жасың қаншада? - деді. -Қырық үште! - О, айтпадым ба? Айтқаным айдай келді. Мен қырық екі жарымдамын. Үшеуі қарқылдай күлді. Әйел әлсіз ғана езу тартты.Нұршат іле-шала: - Дәулет аға! Бәрімізге сын емес пе? Ортамыздағы бір қыздың бабын таппай отырғанымыз жөн бе? Әбдінәби құрдас, ал ана гитараңды! - деді.Әбдінәби тартынған жоқ. Бұйра шашын кері сілкіп тастап, алты шекті гитарасын біраз күйлетіп алды. - Нені айтайын, аға! Мойнын бұрып, Дәулетке қарады. -Нені айтасың? Арыстан өттік қой. Шәмшінің "Арыс жағасындасынан" бастасайшы, - деп күлді. -Өй, ағасы! Тауып айттыңыз-ау! Кәне, шырқат, бауырым! Нұршаттың көзі ұшқындап қоя берді. Әбдінәби біраз күйлетіп алып, жұмсақ қоңыр дауыспен әнді бастай жөнелді. Нұршат қолын шапақтап: -Паһ, шіркін! Қандай ән, ә! Салған жерден тал бойыңды баурай жөнеледі! - деп сергек үн қатты. Әйел бетін терезеге бұрып әкетті. Томсарған қалпы отырды да қойды. Осы мезетте есіктен жылт етіп, көк түсті спорт кеудешесін киген оқушы бала келіп тұра қалды. Көздері күлмең қағады. Көзін Әбдінәбиден алар емес. Нұршат оны ымдап шақырды. Бала ішке лып етіп кіріп, оның қасына отыра кетті. Ән аяқталғанда бұлар қошемет етіп, қол ұрысты. Әрлі-берлі өткендердің біразы  ашық есік тұсына кідірістеп, аз-маз аялдап, әсем әуеннің әсерлі сазын өн бойларына ұялатып әкетіп жатқандай. Әлден соң мұғалім қыз есіктен көрінді. Күлімсірей қарап: -Ой, Айдос, осында екенсің ғой, - деді. Ол мұрнын жеңіл тартып, жымың етті де, назарын гитараға бұрып кетті. Дәулет қыз жүзінен ынтық ықыластың табын тез аңғарды. -Кел, Райла! Мұнда өт. Ағаңның әнін тыңда! - деді Айдостың қасын нұсқап. Ол сәл қысылыңқырағандай қалып танытты. Кел, кел, ұялма! Әбдінәби аз-кем іркілді де, "Ақ бантикті" әуелете жөнелді. Нұршат әуенге ырғалып, басын изей, ыңылдай қосылып отырды. Көзін сығырайтып, өзіне ғана мәлім бір әсерлі естеліктің еркіне беріліп кеткендей күйде. Бұдан соң "Ана туралы жыр", "Бақыт құшағында" әндері орындалды. Соңғы ән аяқталғанда Райла: - Аға, Огинскийдің полонезін тартыңызшы, - деді тосыннан. Әбдінәби сәл кідірістеп қалды. Басын ақырын көтере беріп, күлімсірей: -Айналайын, қарындасым-ай! Буынсыз жерден пышақ ұрдың-ау! Полонезбен қоштасқалы қаншама жыл өтті! Қазір қайда жиын, қайда той! Сол дырдудың полонезін тартып кеттік қой! - деп гитараны қабырғаға  сүйей берді. Күлімсірей отырып, күрсінді. Жеңіл мұңның кіреуке көлеңкесі көз кемеріне кілкіп тұра қалды. -Бүгінде  осы Алматыда, Алматы емес-ау кез келген қалада адым аттасаң тойхана, мейрамхана. Біздің сахнамыз да, музамыз да солар болып кеткен жоқ па?! Жасырып не керек, қай жер құйқалы болса, асай-мүсейімізді сүйретіп, сонда барамыз. Қызыл тілімізді безеп, асаба болып, өңешімізді өршеленте өзеуретіп, өлеңдетеміз. Алматыда ансамблім бар. Он жылдың жүзі болды. Күнкөріс көзі сол. Балаларымның алдын шетелде оқытып жатырмын. Әлгі орыстар: "Қасқырды асырайтын төрт аяғы" демеуші ме еді? Біз де сол қасқырлар секілді тынымсыз жортуылдар жасаудан бір жазбаймыз,-деді. Заман соған итермелеп тұрған жоқ па?! Дәулет Райлаға көз қиығын аударды. Оның жанарына әлдебір жеңіл мұңға тән түйсіктің, үзілген үміттің үркек қалпы кілегейленіп, ұялай қалыпты. Әбдінәби Райлаға жылушырай қарады. -Тілегіңді нотасы қолда болса ойнап-ақ  берер едім. Ол қолда жоқ қой. Жобамен ойнауға болар еді. Бірақ қате ойнап, қиянат жасап сеніміңді алдай алмаймын, айналайын! Одан дағы Қорабай ағамыздың мына әнін тыңдашы: Кездессем ұрлана қараймын, Асаудай тулайды жас жүрек. Мен сені жаныма балаймын, Сен үшін менде бар бір тілек. Ән аяқтала бергенде купе есігін керіп, қапсағай денелі еркек тұра қалды. Әбдінәби әннің келесі шумағын аяқтай берген. Қайталанатын соңғы екінші жолға қосыла кетті.  Ләйліден айырылған Мәжнүндей,  Дәл қазір менде жоқ ақыл ес! Барлығы жалт қарасты. Ол жалбыр шашын қайыра сілкіп тастады да, Әбдінәбидің қатарына отыра кетті. Үстінен арақтың күлімсі иісі бұрқырап тұр. Ол Дәулетке бұрылып: -Ағай, айып етпеңіз! Өтіп бара жатқам! Гитара үнін естігенде шыдап тұра алмадым.  Туысқан бере тұршы! Бұл гитара менің жан жүрегім екенін білсеңіздер ғой! Әбдінәби еш қарсылық көрсеткен жоқ. Райла қасындағы балаға ым жасады. Екеуі сыртқа сытылып шыға берді. Ол Дәулет пен Нұршат, Әбдінәби үшеуіне жағалай көз салып: - Ағалар, айып етпеңіздер! Ішейін деп ішкенім жоқ! Ішпесіме болмады!  Мәрзия шетке қарай ығыса отырды. - Апатай, ұнатпай отырсыз, білемін. Кінә арта көрмеңізші! Бір кезде әйел орнынан тұра берді де: - Мына купе не боп кетті өзі! - деп сыртқа сытылып шыға берді. Жартылай жабық купе есігін ерен үлкен, етжеңді бөксесімен сүріп өтті. Көнелеу есік шиқ етіп, кері серпілді. Бейтаныс жігіт әйелдің соңынан ұнатпай көз тастады. -Ей, барсаң  баршы әрі дүңкимей! Көргенде көресіні осы әйелдерден көріп келе жатқан жоқпын ба?! Басын тұғжита төмен салып, гитараға бір зарлы сазды бебеулете жөнелді. Көзін тарс жұмып алып, бүкіл денесімен ырғатыла беріліп ойнай жөнелді. Нұршат лықсып келген сезімін ірке алмай: -Өзің,  бауырым, нәшіне келтіріп ойнайды екенсің ғой, - деді сүйсінген үнмен. Бейтаныс жігіт бұл сөзге мән берген жоқ. Ол кенеттен гитарадағы сазды кілт үзді де, "Аһ!" деп жалын ата күрсінді. Дәулетке: - Жасыңыз үлкен ақсақалсыз ғой! Мына басбұзарлығым үшін кешіріңізші! Сіз де  менің әкем қатарлы сияқтысыз. Қайтейін, аға, ішім өртеніп барады! Намысым тапталды! Сөйтті де еңкілдеп тұрып жылап қоя берді. Гитараның үстіңгі иық шанағына маңдайын төсеп, басын шайқап, солқылдап жылады. --Қой, қарағым! Жігітсің ғой! Не болды? Азар болса әйеліңмен ажырасқан шығарсың! Тоқта! Сабыр ет! Ондай жайт кімнің басында болмай жатыр! -Ой, аға! Ондай болса, құлдық қой! Бұл сұмдық! Айтуға аузым бармайды. Ішім  күйіп-жанып барады! Ел-жұрттың бетін қалай көремін, аға! -Шыда, шырақ! Не болды? Іштегі шер сыртқа шықса, қайғының қара бұлты аз болса да сейіледі. - Аға, есікті жапқызыңызшы! Нұршат лып етіп есікті жапты. -Тай - құлындай тебісіп өскен, немере туыс бауырымнан айырылып келемін, аға! Қара жердің қойнына енді бауырым! -Қайырлы болсын, айналайын! Сабыр ет! Тағдырдың жазуы солай болса, амал нешік! -Аға-ау, өз ажалымен ауырып өлсе, көңілің суып, жаның тыншиды ғой. -Иә, иә, рас, рас! Дәулет тіксініп қалды. -Расы сол,ол кісі қолынан мерт болып... Ол өксіп-өксіп, еңкілдеп, еңірей жылады. Әбдінәби абыржулы қалыпта. Ақырын ғана қолынан гитараны ажыратып алып, текшеге қойды. Жігіт қос алақанын маңдайына төсеп алған. Иығы бүлк-бүлк етеді. Тосын келген жігіттің тосын мінезін ұғына алмағандай халде үшеуі бір-біріне абыржи қарасты. -Өлтірген кім, өлтірген кім дейсіздер ғой? Бұлар үнсіз қалды. Бір уақытта ол өз сұрағына өзі жауап берді. -Сенесіздер ме, сенбейсіздер ме? Туған әпкесі!! Иә, иә, туған әпкесі! Дәулеттің  аузынан: -Қой шырағым!! - деген таңданыс сөз ерекше шошыныспен шықты. -Иә, иә, туған әпкесі! Киллер жалдап... - Астапыралла! -Сұмдық қой мынау! - Сұмдығы сол, туған інісінен екі жыл бұрын елу мың доллар қарыз алған ғой бір жылға. Мерзімінде  еш қайтармай, сүйрейтартпен жүрген емес пе?! - Ой, алла -ай, ә! Әбдінәби басын шайқап, Нұршатқа қарады. Ол да кірпік қақпай бұған қадала қарап қалыпты... -Менің бауырым қандай жігіт еді! Жігіттің сұлтаны еді ғой. Тапқан- таянғанын құзғын қарғаша бауырына басып жеген жоқ ол! Туған ауылына мешіт салды. Аудан орталығындағы ескі стадионды қандай ғып жөндеп берді десейші!.... Осы мезетте құлағына телефонын тосқан әйел сөйлеген қалпы ішке кіре берген. Кірді де қалт тұрып қалды. -Туһ, мына купенің іші әлем сасып кеткен бе, немене?! - деп, жиіркене тіл қатты. Жыланнан шошынғандай шоршып, кейін қарай ытып шықты. -Осыдан барған соң қара да тұр, ол бәлені айдап шығам! Көзіне көк шыбын үймелетпесем осыдан!! - деген ызалы дауыс Дәулеттің құлағына талықси жетті... Әбдінәби бұлармен қоштасып, Төретамнан түсті. Дәулет пен Нұршат оны есікке дейін шығарып салып, игі тілекпен қош айтысты. Бұдан соң Дәулет көпке дейін аунақшып ұйықтай алмады. Басын шырмап алған сан-сапалақ ойлардан қанша арашаланғысы келсе де, жанына тыншу таба алмады. Көпке дейін ұйқылы-ояу жатты. Түннің бір уағы шамасында  жүріп келе жатқан пойыздың қозғалыс ырғағы бәсеңдегендей. Осы мезетте купе есігі ақырын ғана ашылып, ішке әлдекім кірген секілденді. Артынша есік баппен жабылғандай болды. Дәулет көзін еш ашпастан қабырғаға қарай аунап түсті де, жамылғысын иығына тартты. Іле - шала пойыз тоқтағанын анық сезінді. Біршама уақыт өтті. Бірен-саран адамдардың вагон дәлізімен арлы-берлі жүрген, сөйлескен дыбыстары құлағына әлсіз жетіп жатты. Есік айқара ашылды. Ішке дәліздің жарығы түсті. Жолсерік әйел ақырын ғана сыбырлай сөйлеп: -Жиырма жетінші орныңыз осы. Мынау төсек жабдығыңыз, - деді де: - Ішкі жарықты жақпай-ақ қойыңыз. Қазір барлығы қалың ұйқыда ғой. Ал жақсы жатып, жайлы тұрыңыз. -Рақмет, сіңлім! Дәулет кірген жолаушының әйел екендігін білді. Қай станса екендігін іштен топшылады. Күндіз дәліз қабырғасына ілінген кестеге назар салған. Іштей Арал болар деп ой түйді. Кірген әйелдің төсек жабдықтарын жайластырып жатқанын біліп жатты. Дәулет әдеттегіден ерте оянып кетті. Басын көтеріп, қос перде саңлауынан сыртқа назар тіктеді. Күн әлі шыға қоймаған. Десе де оның көкжиектен құлақ қылтитар сәті тақанып қалғандығы айқын аңғарылды. Қарсы беттегі Әбдінәбидің  Төретамнан бері бос келе жатқан орнын иеленген әйелге қысқа қайырым көз қиығын тастады. Бетін жартылай жауып, тәтті ұйқының құшағына біржола берілгендей күйде екен. Қолына сүлгісін, сақалқырғышын, сабынын алды. Есікті ақырып ашып, жуынуға кетті. Купеге қайтып келгенде, көзі кішкене үстел үстіндегі бір жапырақ қағазға түсті. Терезеден ішке енген күннің ашық қызғылтым сәулесі "Рақмет ата! Қызыққа  толы күндеріңіз мол болсын! Райла қызыңыз."  деген жазуды еркелете мәпелей шайқап келе жатқандай. Жібектей жұмсақ шуақты күлкі езуіне ұялады. Көз алдына бидай өңді, дөңгелек жүзді, көз шарасына жылы нұр ұялатып тұратын Райланың бейнесі келді. Купедегі үш көрші де қалың ұйқы құшағында. Мәрзия ара-тұра қорылдайды. Ол өз тұсындағы терезе пердесін кеңейтіп ашты. Купе іші кеңейіп сала бергендей. Сол сәтте қарсы бетте жатқан әйел оянып кетті. Тез басын көтеріп алды. -Саламатсыз ба, аға! - деп күлімсірей амандасты. -Иә, саламат па, қарағым!  - деп Дәулет те жылы амандасты. -Қай жерден міндің? - Аралдан. - Иә, жол болсын! -Теңіз деген жерге вахтаға кетіп барамын. - Мұнайшы екенсің ғой. - Иә, сол мұнайшыларға ас-су дайындап берушіміз. - Дұрыс-ақ. - Ұзақ уақытқа ма? - Жоқ, бір ай істейміз. Бір ай демаламыз. - Е, жақсы, жақсы! Көптен бері істейсің бе? - Жоқ, жарты жылдан енді асты. - Жақсы, жақсы, қарағым. Бәрі сол қу тіршіліктің қамы да! Балапан басымен, тұрымтай тұсымен деген бір заман болып тұр ғой. -Иә, аға солайы солай ғой , - деді де: - Ағай айып болмаса, мен жуынып-шайынып келейін,- деп орнынан көтеріле беріп,  сыпайы күлімсіреді. - Е, е, барғын, айналайын. Өзі менікі де ұят болды-ау! Тұрмай жатып алқымнан алып жатқан. Кешір, қарағым! - деді ақтала сөйлеп. -Жо-жоқ. Оқасы жоқ, аға! Күнқақты болған қара торы реңіне жылылық табы ұялап тұрған жан екендігіне ой тоқтатты. Бірқауым уақыттан соң әйел қайтып оралды. Келе төсегін жинады да, Дәулетке қарап: - Аға, таңертеңгі шайға қарсы емес шығарсыз. - Рақмет, айналайын! Оразасын шаймен ашатын халықпыз ғой, - деп лекіте күлді де Дәулет: -Айналайын, қарындасым, "Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл",- деген ғой. Ныспың кім? -Айжамал, аға! - Жақсы,жақсы, Айжамал! Мені Дәулет аға десең болады.  Ол темір шәйнекті алып, сыртқа беттеді. Айжамал шығысымен Дәулет Нұршатты оятқысы келіп: -Әй, інім, тұрмайсың ба? - деді. Ол көзін бағжаң еткізіп ашып алды да: "Аға, жата тұрайыншы! Ауылдан әбден ұрылып қалыппын", - деді де әрі аунап түсті.Дәулет күліп: - Атыраудағы еміңді қалай жасайсың мына түріңмен. - Ағасы-ау! Сүлік пен ине салу көп күшті керек етпейді ғой. - Е, онда өзің біл! Жоғарыдағы көрші әйелді оятқысы келмеді. Бұлармен бірге дастарқандас болуға алғаштан - ақ ықылас қоймайтынын өткенде-ақ байқаған. Одан кейін бұлармен бірге бір рет те ортақ дастарқанға отырған емес. Нұршаттың рестораннан ішіп жүр деген жорамалы шындыққа келетіндей. - Ал, Айжамал қарағым!  Мына шайыңа рақмет. Мен мынау Тараздың ар жағындағы Жаңатас деген қалада тұрамын. Атырауға бір туыстардың шақыруымен бара жатырмын.  Өзің қай жерденсің? - Туып-өскен жерім - осы Арал маңы. Баяғы қытайдың ала қоржынын арқалаған дәуірде сол Алматыға барғанбыз. Әйтеуір күн көру үшін істемеген кәсібіміз жоқ. Мәшина жудық. Қарауыл болдық. Ана жерден зат алып, басқа жерге апарып, бес-он теңге пайда үшін сауда жасадық. Қалталылардың балаларын бақтық. Елде жүргенде училищеде аспаздың оқуын бітіргем. Соның арқасында ресторанда істедім. Ыңғайға қарсы әр кәсіптің басын бір шалдық қой. Сөйтіп жүргенде Өзбекстанның Жизақ жағынан Алматы түбіне қоныс аударған азаматыммен таныстым. Сонымен бас қосып, түтін түтеттік. Обалы нешік, еңбекқор азамат екен. Шүкір, жаман болған жоқпыз. Ұлымыз онға келді, қызымыз жетіге толды. Бәрі жақсы-ау. Бірақ басыңда баспанаң болмаған соң қиын-ақ екен. Әр босағаға бір телміресің. Пәтер қожасының қабағына жалтақтаумен кешкен күнде береке бола ма? Жолдасым Қазақстан азаматтығын алу үшін қаншама сандалды. Ылғи бір кедергі. Әлгі кеңседе отырғандар біресе ананы сылтауратады, біресе мынаны сылтауратады. Әйтеуір жүйкесі жүндей түтіліп жүріп,  үш жыл дегенде әрең алды-ау. Сол Алматы маңынан жер аламыз деп әрекет жасап жүргенде... Осы тұсқа келгенде Айжамалдың үні құмығып шықпай қалды. Дәулет оның иек тұсының діріл қаға бастағанын аңғарды. -Иә, жүргенде... төбемізден жай түскендей оқиға болды... Айжамалдың көз кемері шүпілдеп жасқа толды. Біраз уақыт астыңғы ернін жымырып, үнсіз қалды. Дәулет те өзін теміртікен шөптің үстінде отырғандай сезініп, оған жасқаншақтай қарады. Оның көмейіне кептеліп, шықпай тұрған сөздің зіл салмағы өз бойына ауғандай сезінді. Айжамал аузынан шығар ажарсыз сөздің астарын аңғара бастағандай. -Алматыны білесіз ғой. Жұмыс орны сонау бір шетте.  Алтыдан автобусқа асығады. Жол бойы кептеліс... Сөйтіп бір күні таң қараңғысында жолдан өте бергенде машина қағып, қапияда азаматымнан айырылып... Айжамал тұншыға жылап жіберді. Сәлден кейін басын ақырын көтеріп: - Бәрінен бұрын менің жүрегіме шемен болып қатып қалған оқиға өмір бойы есімнен еш кетпейтін шығар! Ол көз жасын бір сығып алды да, көкірегі жалын ата күрсінді. - Азаматымды қаққан шопыр қашқан беті таптырмай кетті. Бұрынғы үлкендердің сөзі рас болса, құдай оның бір жазырын тарттырар. Аға, аға... Одан да сұмдық оқиға болды емес пе?! Бұл - ел естімеген сұмдық! Сенбейтін де шығарсыз. Сенбесеңіз сенбессіз. Бұл сұмдықты мен басымнан кешкенмін. -Ол не еді, қарағым?! - деп Дәулет қалай дауыстап жібергенін білмей қалды. -Қайтыс болған адамды жерлеу де Алматыңызда сұмдық қиын екен. Сыйласып жүрген көршілеріміз, менің таныстарым, төркіндерім біреулердің айтуымен Алматы шетіндегі бір ауылдың зиратына барып, жер дайындаған ғой. -Иә, сонымен... - Біздің қазақта әйел адамдар жерлеуге қатыспайды емес пе. Құлағыма жеткені - мәйітті лақат дейтініне салған. Бетін кірпішпен жауып, топырақ сала бастаған. Сол кезде зират басына екі джип келіп тоқтайды. Алдыңғы мәшинеден шоқша сақалды біреу атып шығады. Қолындағы дырау  қамшымен мәсісінің қонышын сабап, ақыра айқайлап: -Әй, найсаптар, мынау не сұмдықтарың?! Мынау қай басынғандықтарың?! Біздің ата бейітімізді қорлап жатқандарың не сұмдық? Бұл жер кез келген қаңғыған қазақтың мазақ етер жері деп пе едіңдер! Кәне, тез, өліктеріңді әкетіңдер! Бізбен көрші Ескен деген қария бар еді. Сол кісі "айқайшалдың" алдынан шығып: "Ау, қария, ақылға келіңіз. Бәріміз бір қазақтың баласымыз ғой",- дей берген екен. Әлгі шақар шал оны қамшымен тартып жіберген. Қамшы ұшы тиген бетінен қан бұрқ ете қалыпты. Жерлеуде жүрген бір-екі қызуқанды жігіттер ұмтылған ғой. Сол кезде джиппен жеті-сегіз денелі-денелі жігіттер түсе қалады. Әлгі шақар шал одан әрі еліре айқайлап: - Кәне, әкетіңдер мына өліктеріңді! Әкетпесеңдер, ана жігіттерім алады да, сонау сайға  итжеміне лақтырып тастай салады,- дейді. Жер басына жиналғандар, амал жоқ, мәйітті лақаттан қайтып аршып алады. Жерлеуге қатысқан біреудің нұсқауымен сол тұрған жерден қашықтау айдаладағы елеусіз ескі, қоршаусыз бейітке апарып жерлеген. Дәулеттің мына жайтты естігенде жүрегі атқақтай соғып, аузына тығылды. Көз алды тұмантып кеткендей. -Ой, сұмдық-ай! Сұмдық-ай! Ол еріксіз басын шайқай берді. Айжамал сәлден кейін әңгімесін жалғап: -Жағдай солай болды. Мұның барлығы маған оңай тиген жоқ, аға! Содан бері екі жыл болды. Екі баланы алып, осы төркін жұртқа келіп, табан тіредім. Әр жерге резюмемді жібергем. Осы шаруаның орайы келді. Шақырту алдым. Сіңлімнің үйінің үлкен екі бөлмелі жайлы сарайы бар. Сонда тұрып жатырмын. Өзім жұмысқа кеткенде екі балама сіңлім бас-көз. Бұған да шүкір. Әйел сәл тыныс алып: -Кешіріңізші, ағатай! Таныс-біліс болмай жатып бар сырын айтқаны несі екен деп сөге көрмеңізші. Неге екенін өзім де білмеймін. Сіз тура әкемдей көрініп кеттіңіз. Қас-қабағыңыз, бет-бейнеңіз, тіпті дауыс ырғағыңыз да менің әкеме қатты ұқсайды екен. "Қарағым, айналайын" деген сөздеріңіз. Тіпті не айтарымды білмей де отырмын. Әлгіндей сөздерді осы күні есту де сиреп бара ма , білмеймін. Арада ауыр үнсіздік орнады. Кенет Айжамал: -Аға, осы сіз ұстаз болып еңбек еткен жоқсыз ба? - деді. Дәулет еріксіз мырс етіп: -Иә, иә! Оны қайдан білдің? - деді таңдана. Айжамал жұмсақ жымиып: -Аға, сізден көп кішіміз ғой. Сонда да бірталайды көріп, көңілге тоқып жүреміз ғой, - деді. -Айжамал қалқа! Осы сенің әкең де ұстаз болған-ау деймін. Ол сыпайы жымиып: -Оныңыз рас. Айтулы ұстаз болды. Көп жыл директор қызметін атқарды. Алған ордендері де бар. Облысқа танымал. Мықты әдебиетші еді. Үйдегі бесеумізді көркем  әдебиет оқуымызды қатты қадағалайтын. -Әкең екеуміз әріптес болдық қой онда, - деп Дәулет езу тартты. -Аға, менің түйсігім алдамаған екен. -Әкең қай жылғы? -Қырқыншы. - Менен үш жас үлкен екен онда. Қашан қайтты? -Екі мың он бірде -Артының қайырын берсін, айналайын! -Рақмет, аға!    Сол кезде үстіңгі орында жатқан әйелдің телефонының әңгүдік әуені безілдеп қоя берді. Саябыр тауып, тоқтар түрі жоқ. Мәрзия басын әрең көтеріп, телефонды алып: -Әләу! Немене сонша! Таң азаннан буынып жатсың... Тіпті ұйқы бермей қойдыңдар ғой. Арғы жақтан әлдекімнің безектеп, әлденені асығыс түсіндіріп жатқаны құлаққа еміс-еміс естіледі. Жон арқасын бұларға беріп жатқан Мәрзия: -Кеше ресторанда отырғанда бар жайды түсіндіріп айтқан жоқпын ба? Неге қайталай бересіңдер? Сен оған айт, қарызын үстемесімен уақтылы қайтармаса, сот алдына бір-ақ барады. Моральдық шығынын тағы да мойнына ілеміз. Мен сені не үшін адвокат етіп ұстап жүрмін осы?! Осы сендердің шала тірліктеріңнің азабын тартам да жүрем. Не самолетке билет жоқ, не пойызда оңған орын жоқ. Мәрзия сол ашулы қалпы екінші қабаттан сусып түсті. Сүлгісін, әлеміші ерек иық сөмкесін алып, есіктен шықты. Бейтаныс жолаушы әйелге сүлесоқтау салқын назар тіктеді. Айжамал басын изеп, амандасу ишарасын жасап еді, жауапсыз қалдырды. Шай ішіліп болған соң Айжамал үстел үстін мұқият жинастырды. Сөйтті де Дәулетке күлімсірей қарап, жұмсақ үнмен: -Аға, оныншы вагонда Аралдан бірге мінген вахталас серігім бар еді. Соған барып, біраз отырып қайтайын, - деді. -Е, е, бар, бар, қарағым, - деді Дәулет жылы шыраймен. Ол бой жазбақ болып, орнынан көтерілді. Нұршат әлі ұйқы құшағында екен. Қырық жыл шала ұйқы шырмауында жүрген Дәулеттің осындай қамсыз ұйқылы жандарға аз-кем қызғанышпен қарайтыны бар. Тамбурға шығып, дене қимылдарын жасады. Әрлі-берлі белін ырғап, қолдарын, аяқтарын қайшылап, бой сергітті. Осы сәтте құлақтарына құлаққап киген, қолтықтасқан ұл мен қыз сәл кідірістей беріп, бұған таңдана қарады. Көздері тіктесіп қалды. Алқым тұстарына шандысып келіп, шырмала түйіскен аппақ сымдар көз алдына еріксіз ноқталанып, желіге байланған жас құлындарды елестетіп кетті. Олар тез беттерін бұрып, келесі вагонға өте берді. Езулерінен "Мына шалға не жоқ" дегендей әзәзіл мысқылдың уытты ұшқыны жылт еткенін байқады. Дәулет басын шайқады. "Құлақ тұмша, көз тұмша, сана тұмша, мейір тұмша. Болашақ не болар екен?" - дегендей кермек ой тіл ұшына үйіріле берді. Купесіне кірді. Терезеден сыртқа көз тастады. Күз бояуына малынған кедір-бұдырсыз кең далаға ойлана қарап, ұзақ отырды. Төсегіне жантайды. Көзін жұмды. Сана төрінде сан түрлі ойлар шарпысады. Бір сөткеден аса уақыт ішіндегі көрген - білген жайлары  ми түкпіріне шырмауықтай шырмалып, ұйыса ұялап алғандай. Пойыздың бір сарынды майдақоңыр ырғағы бір сәтке болса да басты шырмап алған мазасыз ойлардан арашалап алғысы келгендей. Тұла денені бір сәтке болса да тыныштқысы келген ұйқы майдақадамдап келіп, көзді арбай бастады... Кең дала төсінде оқтай түзу даңғыл жолмен джип көлігі зулап келеді. Көлік айдаушы әйел бұған аракідік көз тастап қояды. Ол бір сәт әйелдің жүзіне көз қиығын тастады. Ойпыр-ау, мынау жүзі таныс жан секілді ғой. Қарасынан аласы басым томпақ көздері аумай қалыпты. Иә, иә, дәл өзі. Жаңа жолда қол көтеріп мінгенде не ғып байқамағам. Ол өзіне өзі таң халде отырды. Күре жолдан өз ауылына бұрылар тұсқа жақындағанда, әйелге бұрылып, тіл қатты. - Қарағым, мені ауылға жеткізіп салсаң... Мына құяңы құрғыр жүргізбей... - Жоқ, уақытым жоқ! Бастың тура еңбек тұсынан келтекбас келісап темірмен солқ еткізіп ұрғандай дүңк еткізді. Бұл әйелге аңтарыла қарады. Тілі байланып қалды. - Е, ендеше, бұл жерге жеткізгеніңе де рақмет!-деп, есік ашып, түсе берген. - Ей, шал! Дәулет селк ете қалды. - Осы уақытқа дейін "рақметтің" о дүниелік боп, өліп қалғанынан хабарың жоқ па? Әкел ақшаңды! - Астапыралла! Әйелге адырая қарап, жағасын ұстады. Қайнап кетті. -А, солай ма!? - Е, ендеше мәшинеден түс, кәне! Ашына ақырып жіберді. Кабинадан қарғып түсті де, әйелге жетіп барды.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.