Темірлан ҚЫЛЫШБЕК. Лифт

Дерек көзі: www.azattyq.org - 21.11.20181260

ЛИФТ - Сізге нешіншіні басайын? - Тоғыз, - деді қоңыр күртешелі аққұба қыз. Қарайған тырнақты сұқ саусағымен тоғызыншы түймені басты. - Рақмет! – қолына ұстап кірген газетімен үлбір ерінін көлегейледі. - Оқасы жоқ! Жақында көшіп келдіңіз бе? - Иә, екі апта болды, - кірпіктері айқасып төмен қарады. - Бәсе, бұрын көрмегенмін. Аян! - Айсел! - сүйрік саусақтарын созды. - Танысқаныма қуаныштымын! - Мен де! - тағы да  газетімен ерінін жасырды. - Біздің аудан көңіліңізден шыққан болар? - Иә, жаман емес сияқты, - деп ұрлана көз қиығын қайта салды. - Күз болған соң күреңденіп тұр ғой. Жазда көресіз... Бөрте гүлдер бүр жарғанда бүкіл аймақ xош иіске бөленетін болады әлі! - Әрине, - деді де жігіт сөзін елемегендей лифт жақтауындағы айнаға көз жүгіртті. Аянның да жанары ізін ала еріксіз айнаға ауды. Лифт ішіне кірген сәтте өңіріне дейін төгілген жирен шашы мен көгілдір көзінен өзге дүние байқалмап еді, енді қараса сүйір келген сүйкімді мұрынының ұшында ай тәрізді меңі бар. -О, Құдірет! Шынымен бе? – деді  ішкі толқынысын жасыра алмай. - Маған бірдеңе дедіңіз бе? - аққұба қыз елең ете қарады. - Түс! - Түс? - Иә! - Қандай түс? - Түнгі түсім. - Не деп кеттіңіз? - секем ала үрке шегінді. - Мен сізді... Лифт оқыс тоқтап, есігі айқара ашылды. - Сау болыңыз! - Мен сізді... Сау...   *** "Тоқтаңыз-тоқтаңыз" деп тақыл-тұқыл басылған өкше дыбысы дәл лифттің алдына келіп саябырсыды. - Айсел? - Аян? - Неғып тұрсың? Ішке кір! - Ой, иә, - қызыл топылайы сұрғылт Galife шалбарының алдын орап лифтке енді. - Қалайсың? - Жақсы, сіз ше? - ұялғандай екі бетінің ұшын қызыл шырай көмкерді. - Аманбыз. Қайдан жүрсің? - Жұмыстан, - толғанысын жасармаққа езу тартты. - Тоғыз? - Тоғыз, - деді күлімсіреп. Қарайған тырнақты сұқ саусағымен тоғызыншы түймені басты. - Жұмыстан жай қайтады екенсің. - Бітпейтін жұмыс қой біздікі. - Біздікі де! Екеуі қосыла күлді. - Кім болып істейсің? - Тілші! - алайда бұл сөзі газет астынан түсініксіздеу естілді. - Қалай? - Тілші, - деді газетті ауызынан алшақ ұстап. - Меңің қандай әдемі… ерінің де... Қыз ұялғандай төмен қарады. - Неге жасырасың? Үндемеді. - Неге үндемейсің? - Ұяламын! - Неден? - Сізден. - Менен? - деді де қос иығына қол жүгіртті. Қызыл үлбір ерін сәл діріл қақты да: - Иә, - деді әлсіз ғана. - Мен сені... Лифт тоғызыншы қабатқа келіп тоқтады да, есігі шарт ашылды. - Көріскенше! - Түсімде... *** - Ол менің түсіме жиі енетін, - Аян терезе алдындағы күлсалғышқа қолындағы Marlboro шылымның шоғын шылдыр шүмегімен шерткілей түсірді. - Өй, қойшы, жоқ бәлені айтпай, - Бұйра шашы желкесін жалмаған көзілдірікті досы шылым қыстырған оң қолын құлықсыз сермеді. - Жоқ, Дәулет, бұл шыным. - Әй, білмеймін. - Бір байқағаным, ол мұнартқан әр сенбінің түнінде ғана түсіме енеді. - Енді, қалған күні басқа жігіттердің түсіне кіреді де, - қолаң шашын құйқаға серми қарқылдай күлді. - Кездескенге дейін тоғыз сенбі қатарынан түсімнен шықпады. Көкке ұмтылған түтінінді де жұтып жіберердей терең тыныстады. - Лифтте кездескен кезде де тоғызыншы қыркүйек, күн: сенбі болатын. Өкпені улаған түтін бар тірлігін тындырып танауды қақ жара кері шықты. - Тоғызыншы түймені басуды сұрады. - Бұның енді қиял! - Иә, бәрі тоғыз және сенбімен байланысты. Дәл солай, - деп сүреңсіз күздің сұрқын көшірген терезеден сыртқа қарағаны сол еді, қарсы беттегі мейрамxанаға жұмбақ қыздың жол жағалай кіріп бара жатқанын көзі шалды. Артынша қабырғадағы күнтізбеге қарады. Күн - сенбі. Шоқты шылымын дереу күлсалғышқа бармақтап жаншып,тысқа ұмтылды. - Аян, қайда кеттің? - Далаға! - Онда не бар? - Кейін айтамын. - Аян! - Кейін… - Ей, сенде бір... – қошқыл түтін құрсауында бұлғанған қолдың көлеңкесі қабырғаны саялап қала берді. *** Түс Күміс бұлттың құрсауынан қалампырдай шашылған күн сәулесі жер бетіне жамырай тараған. Аршын төсін нұрға сүйдірген сылаң жүрістілердің ағынына ілесіп көше қиылысындағы бағдаршамға таяды. Басқа уақытта қайдам, бірақ күннің осы бір мезетінде қаладағы көлік қарасы дәл бұлай көп болмаушы еді. Енді міне, арлы-берлі зыр қағып, жаяулыға жол бермей тұр. Бағдаршамның жасыл түсі жанғанша Аянның дегбірі қаша бастады. Зулап өткен әр көлік Айселмен сырласатын әр сәтін ұрлап бара жатқандай. Ой үстінде өзінің “Жасыл-жасыл” деген сөзді жиі қайталап тұрғанын да сезген жоқ. Кенет қызыл сарыға, сары жасылға алмасты. Аянның аяғы жерге тиер-тимес жаяу жүргіншілер жолағын лезде басып өтті. Қарсы алдында бұрын назарынан тыс қалдырған маңдайшасында "Tulpan" деген жазуы бар айшықты мейрамxана тұр. Бір қызығы, сыртқы есікке орнатылған айна Аянның кездесуге дайындықсыз келгенін аңғартқандай күрең шашының кем-кетігін жанарына жыл еткізгенде барып өзінің есіл-дерттен айырылып, үсті-басына қарамағанын ұғынды. Артынша құйқа тұсын түкірігімен жасқады да, сыртта көп бөгелмей ішке енді. Мейрамxана ішінде ағылшын тілінде құлаққа жағымды әрі баяу Lionel Richi-дің "Lady" әні есіп тұр. Қара костюм киген серілер, қызыл-жасыл көйлекті бикештермен шарап толы бокалдарын соғыстыруда. Үстелдер арасында зыр қаққан ақ көйлекті даяшылар бір сәтке тоқтап, есіктен енді аттаған Аянға күлімсірей қарағандай. Мейрамxананың күңгіртігі мен келушілер қарасының көптігіне қарамастан, терезе жақтауына жайғасқан Айселді ол бірден таныды. Күлгін барқыт маталы үстелге үстіне қойын дәптерін жанындай жайып тастаған. Оң жағында қызыл шарап құйылған Bordeaux бокалы. Сүйріктей ұзын саусақтары көзге ілеспей, ақ қағаз бетінде билеуде. Терезеден түскен жарық оның сүйкімді жүзіне сүйсініп тұр. Сакура түсті мойын орағышының бір ұшы өңірін жиектеген. Еліктей сұлу әрі кербез қызды үркітіп алмас үшін жәй басып жанына келді де, орындықтың оюлы арқасынан қос қолдап  ұстай рұқсат сұрады. - Рұқсат па? – байсалды, байыпты үн. - А, сіз бе едіңіз? – көрісуге құлықсыз кейіп. - Иә, мен, - ыңғайсыздана жымиды. Шие ерін бұртиып, қырғи қабақ түйілді. - Отырсам бола ма? - Отырыңыз! Орындыққа жайғасқанша Аянның үстін сұқтана бір сүзіп шықты. - Өткенде... - Өткендегіні осымен доғарайық. - Ыңғайсыздау болды. - Болды қойыңыз! - Сізді қорқытып алған жоқпын ба? Аянның  қобалжып отырғанын көріп, даяшыны шақырды. - Даяшы! Жирен шашты,көк көзді жас жігіт алжапқышын жолына төсей жетіп келді. - Не ішесіз? – сұрақ тікесінен қойылды. - Мен... - Коньяк, Виски қайсысы? - Виски! - Бізге 50 мл  Scotch. Даяшы бас изеп, кері кетті. - Менің мұнда екенімді қайдан білдіңіз? - Терезеден көрдім. - Қай терезеден? - Әнеу, - қарайған тырнақты сұқ саусағын шошайтып жолдың арғы бетіне жайғасқан бес қабатты үйдің бұрышындағы терезені нұсқады. - Нешінші қабат? - Төртінші! - Көзілдірікті жігіт шылым шегіп тұрған ба? Аянның денесі шымырлап сала берді. "Терезеден біреу қарап тұр" деген ой оған мүлде келмепті. Тіпті өзінің бесінші қабаттан қалай түскені, жолдан қалай өткені де есінде жоқ. - Иә. - Ол кім? - Досым. - Есімі? - Дәулет! - Үй ішінде шылым шегетіні қызық екен, - қос қабағы қайқайып, жанарынан алшақтай түсті. - Ол композитор. - Шегетіндей симфония жазып отыр ма? - Білмеймін. - Ал сіз ше? - Не мен? - Шылым шегесіз бе? Жігіт дереу оң қолын мұрынына жүгіртті. - Иісі шығып тұр ма? - Иә, - деді бетін тыржита. - Онда, шегемін! Қыз шыдай алмай күліп жіберді. Ізін ала жігіт те күлді. - Не жазып отырсың? - Жаңа мақала. - Көрсем бола ма? - қарайған тырнақты сұқ саусағын қойын дәптерге созды. - Жоқ, кейін. - Неге? - Әлі дайын емес. - Сонда да. - Жоқ, болмайды. Жігіттің жанары жылтыңдап терезе алдындағы Michael Kors маркалы қара сөмкеге түсті. Анығында жиегінен артылып тұрған жасыл қаріпті газетке. - Алсам бола ма? - қарайған тырнақты сұқ саусағымен газетті нұсқады. - Кейін... - Неге? - Уақыты келгенде. - Сонда? - Әлі ерте. - Ең болмаса, не туралы жазбақсың? Соны айтшы? - Неке жүзігіңіз қайда? - жалаң қолына тесіле қарады. Бұл сұрақ айналасына тіміскілене қарап отырған Аянды мең-зең күйге түсірді. - Сен... “Не айтар екен” дегендей бозғылт тартқан жүзіне міз бақпай қарап отыр. - Сен... сен байқап қойған екенсің ғой... - Алғышқы күні-ақ байғанмын. - Бәсе... Менен неге сонша қашқақтайсың десем... Даяшы мұз салынған Old feshioned бокалын Аянның алдына қойды. - Қашқақтамадым, жәй көңіл-күйім болмады. - Солай де... - Солай! Аян алдындағы вискиін  бір жұтымнан жоқ қылды. - Даяшы! Алысқа ұзап үлгермеген даяшы кері айналып келді. - Маған тағы 50 мл Scotch. - Мен сізді ішпейді екен десем. - Ішпейді екен десем, - мырс етіп күліп жіберді. - Неке жүзігіңізді тағып алыңыз, жарыңыздан ұят болады, - деді де Айсел орнынан көтеріліп, жанындағы киім ілгішке ілген қоңыр күртешесіне қол созды. - Қайда барасың? - Асығыспын, жұмыс! - Жұмыс, - тағы да  күлді.Бұл жолы мысқыл басым. Терезе жақтауындағы  қара сөмкесін білегіне қондырып алды да: - Сау болыңыз, - деді құсалы күйдегі Аянға қарап жымиып. - Сау бол! Даяшы екінші мәрте дәл алғашқыдай тапсырысын жанына жайғастырды. - Айтпақшы, менің тақырыбым тату суреттерінің мағынасы жайында. Реті келсе, қолыңызға неке жүзігінің суретін салдырып алыңыз, - деді үстел жанынан ұзап шыға бере кері бұрылып. - Қалауың болсын! - бокалдағы вискиді аранына аударып салды. Қызыл топылайының тықылы сәт сайын саябырси беріп, үзіліп тынды.    ***  Сол күннің кешінде лифтте Айсел емес, қара былғары күрте киген ұзын бойлы, қара торы жұқалтым жігіт жолықты. Басы жылан жалағандай су тақыр. Мойынына түгелдей тату сурет салынған. Шығыстың не бір шатпақ ироглифтерінен бастап, адамның шегір көзіне дейін.Қолында бір шоқ ақ түсті орxидея. - Сізге нешіншіні басайын? - Тоғыз, - деді қара күртешелі бойшаң жігіт. - Тоғыз? - Тоғыз-тоғыз! Қарайған тырнақты сұқ саусағымен тоғызыншы түймені басты. Жігіт лифт жақтауындағы айнаға қарап, қаулап өскен сақалын саусақтарымен салалай өтті. Аян бұл жолы жағаласа айнаға көз жүгіртпеді. Бейтаныс тұлғаның тоғызыншы қабатқа не үшін көтеріліп бара жатқанын түсіне алмай дал. Бұл да дәл Айсел секілді бұрын кездестірмеген бейне. Қара қасты, қыр мұрынды, сұсты жігіт. Есік маңдайшасындағы сандар алмасқан сайын өзінің езуі жиырылар емес. - Жақында көшіп келдің бе? - лифт сықырын, көмейдің ғырылы алмастырды. - Иә, екі апта болды, - былғары күртешесінің ішінен киген көк көйлегенің жағасын тіктеді. Аянның одан әрі не сұрарын білмей, тілі күрмеле бастады. - Тоғ.. тоғ. - Иә, Тоғызыншы қабатқа. Лифт тоғызыншы қабатқа келіп тоқтады. Әлгі жігіт айнадағы сұсты сұлбасына үздіге бір қарап: -Жақсы, - деді де түк болмағандай шығып кетті. Лифт сықыры құлақты, есігі жанарды жалмады. *** Таңғы сағат төрт болса да Аян ұйқысыз жатыр. Бар ойы: Әлгі жігіт кім? Айселге қатысы бар ма? Тұл желкесіндегі салынған шегір көз нені білдіреді? Айселдің мақаласы неге тату жайында? Бұл шешімі жоқ сұрақтар Аянды құлан иекке дейін дөңбекшітті. Енді ұйықтаса жұмысқа тұра алмасын сезді де жанындағы жарын оятпастан ас үйге барып, шәй қойды. Шәугәмнің буы бұрқырап қайнағанымен, шәйнектегі шәй таусылыпты. Шәй сақтайтын құтылардың бәрі бос. Түбінде қалғанын сарқып құйып еді, не шәй емес, не су емес сары түсті сусын шықты. Тура кешегі ішкен Scotch вискиінің реңі іспеттес. Тек дәмі бөлек. Дәмде тұрған дәнеңе жоқ, бәленің бәрі түрде. Бір кесе сары суды сіміре сала дереу лифтпен тоғызыншы қабатқа түсті. Қос жақтауда төрт пәтер: 96, 97, 98, 99. Бастапқы үш пәтердің есігін ешкім ашпағандықтан, соңғысын ұзақ күтуге тура келді. Қарайған тырнақты сұқ саусағымен 99-ыншы пәтердің түймесін жиі әрі ұзақ басып тұрған. Кенет есіктің арғы жағынан: - Бұл кім? - деген ер адамның дауысын естіді. - Көрші. - Иә, жайшылық па? - Үйде телефон бар ма? Шұғыл қоңырау шалу керек болып тұр. Есік кілті ішінен бұралып, арғы жағынан лифтте жолықтырған  қауға сақал бой көрсетті. - Оятып жіберсем кешір бауырым. - Бәрі дұрыс па, ағасы? - Қайдан дұрыс болсын. - Не жағдай? - Ол ұзақ әңгіме. Үйіңде телефон бар ма? - Бар. - Қоңырау шалып алсам? - Әрине, кіріңіз, - деді ұйқылы ояу қалыпта. Үйдің іші кірген сәттен Аянның еңсесін басты. Сұр түсті суық түсқағаздар. Жұлым-жұлымы шыққан еден. Бөлме есіктерінің әйнектері түгелдей сынық. Жарығы не жанарын, не сөнерін білмей жыпылықтап тұр. Үй телефонын кіреберістегі сөренің жанына орнатыпты. Ақ түсті. Тұтқасы айбақ-сайбақ. Сандары да шаң астына көміліп қалған. Тұтқаны көтеріп “2-53-ті” терді. - Ағасы, бұндай нөмір де бола ма? - Жұмыстікі. - Қызық екен… Қоңырау барып тұрғанымен, арғы жақтан тұтқаны ешкім көтерер емес. Осы сәтті пайдаланып Аян есік ауызындағы аяқ киімдерді санады. Бар болғаны үшеу: былғары Desert,  хром Double Monkstraps, қима  Duck Boots. Үшеуі де ердікі. - Жалғыз тұрасың ба? - Иә, жалғыз. - Онда бір құшақ орxидеяны кімге алып келдің? - Қандай орxидея? - Лифтте көрген. - Ол кезде ешқандай орxидея болаған жоқ. Аян құдайдың жаратқан тәніне өз білгенін істеген сұсты жігіттің бұл сөздерінен кейін мұнда көп тұрақтап қалмады. Кезекті рет қоңырау шалды да, кешірім сұрап шығып кетті. *** Бұдан кейін де Аян тоғызыншы қабатқа сан түсіп 96, 97, 98-інші пәтерлердің есігін қағып, қоңырауын қанша басса да, тірі пенде ашпады. Газет-журнал сататын көше бойындағы ірілі-ұсақты дүңгіршектерді түгел шарлады, бірақ лифт пен Tulpan мейрамxанасының терезе жақтауындағы қара түсті сөмкенің жиегінен көрген жасыл қаріпті газетті еш жерден кезіктіре алған жоқ. *** Олар төртінші рет Дәулеттің үйінде кездесті. Кездесу сәтің дәл бұлай болары Аянның ойына еш кіріп шықпаған еді. Түскі үзіліс кезінде ескі достар әдеттегіше сырласып отырған. Кенет есік қоңырауы сылдырай жөнелді. - Саған біреу келіп тұр, - деді Аян қолындағы шылымын сарғыш тартқан тістерінің арасына қыстырып. - Сол баяғы көршілер… - Steinway & Sons роялінің үстінде тұрған күлсалшыты алып, жазба үстелінің үстіне қойды. - Ашпайсың ба? - шылым түтіні будақтай бөлме ішіне тарады. - Үш рет бассын! Аян шыдай алмай күліп жіберді. - Тыныш, естіп қояды. - Сонша неге бұқпантайлайсың? - Түнде музыка жаздым… есікті ашпадым… ұйқысыз қалдырдым, - аспан түстес жейдесінің жеңін қайырып, күлсалғышқа темеккінің жантәсілім еткен шоғын жерледі. - Қызықсыңдар сендер, - түтін қуып, бас шайқады. - Шабыт түнде келді… - қабырға суретіне тесіле қарады. - Тағы да мынау ма? - Ол менің құдайым! - картинадағы желбір шашты жігітке түтін арасынан сығырая көз тастады. Есік қоңырауы қайта шырылдады. - Ашасың ба? - Жоқ, келесісін күтейік! Екеуара үнсіздік орнады. - Көрші кемпір болса осымен доғарады. - Тамырын тауып алыпсың ғой! - Енді, - назарын тамшылар құрсауындағы терезеге аударды. - Күн жауып кетті ме? - Жаңбыр де. - Жаңбыр! Дәулет жүзін тұмшалауға құлық танытқан бұйра шашының әуселесін қайырды да: - Өз ойыңда қалуды үйренбепсің. Әлгі қыздың сені тығырыққа теруінің себебін енді түсінгендеймін, - деді түзге телміріп. - Жоқ, ол басқа әңгіме - Аян өзін ақтамақ болғандай шылымын жиі-жиі сораптай қипақтап кетті. Есік қоңырауы қайта үн қатты. Дәулет қолтық тағы еменнен ойылған ағаш орындығынан көтеріліп, кіреберіске беттеді. Көйлегінің өңірінен кеудесіне салынған скипка кілтінің тату суреті көзге анық басылады. Қолындағы шылымының түтіні жүрген жолын оюлай баяу басып, есікті ашты. - Сәлеметсіз бе! - Сәлемет пе! - Аян осында ма? - Осында. Аян! - ауыз үйден айқайлай сөйледі. - Ау! - Саған келіп тұр, - бұл жолы сәл бәсең. - Кім? - Білмеймін. Өзің келіп көр, - дауысы барған сайын әлсірей түсті. Саусағына қыстырған шылымының түтіні  Дәулет салған жолға түсіп, ауыз үйге келді. - Айсел? - Сәлем, Аян! - Бұнда қайдан жүрсің? - Сенің осында келе жатқаныңды терезеден көріп қалдым. - Қай терезеден? - Tulpan-ның. Тақырқау. Қобалжу. Үрей. - Тағы шылым шегіп отырсыңдар ма? Аян қолындағы темекісін қайда жіберерін білмей, жан-жағына жалтақтай қарап кетті де: - Кешір, - деді жабырқап. - Оқасы жоқ. Қолың бос па? - Бос. - Сыртқа шығып сөйлессек қайтеді? Қонақ бөлмеден екеуінің сыбыр-гүбірін естіп тұрған Дәулет: - Аян, сұлуды үйге кіргіз, - деді дауысы сәл қарлығып. - Үйге кір. - Ыңғайсыз болар. - Ұялма-ұялма, - Дәулет тағы да сөз арасына килікті. Аққұба қыз қызыл топылайының артын баса шешіп, ішке енді. Ауыз үйден имене атағанымен, қонақ бөлмеге кірген бетте көгілдір көзі жадырап сала берді. Бөлме қабырсына ілінген желбір шашты жігітті, сөредегі нота дәптерлерін, қайыстай қара күйсандықты жанарымен аймалай тұрып қалды. - Өз үйіңдей сезін! - Иә, әрине, - алғашқы  жымию. Дәулет жазба үстелін тұғыр тұтқан шылым қорабынан бір тал темекіні суырып алды да, темір сауытты Zippo оттығымен тұтатты. - Сіз композиторсыз ғой? - Сол тектес бірдеңе! - Дәулет талатты композитор! - Күйсандықта ойнасыз ба? - Жоқ, скрипкада. - Ал мына күйсандық? - Экс әйелімдікі. Айсел буынсыз жерден пышақ сұққаны үшін кешірім сұрады. - Ештеңе жоқ. Маған қазір бұны айту ауыр емес. - Ал мына жігіт кім? - қабырға суретін иегімен нұсқады. - Бұл сайтанға жанын сатқан әйгілі скрипкашы – Никола Поганини! - Жұрт тамсана айтатын Поганини осы жігіт екен ғой. - Ол жай ғана жігіт емес, менің құдайым! Айсел табынары өзге Дәуренге тесіле қарады. Ал ол болса ерініне қыстырған шылымның түтін будақтатып үнсіз тұр. Адам құдай бола ма? Парадокс. - Мынау... - Бұл менің ұстазымнан қалған патефон Columbia. - Күйтабақтарыңыз неден көп.. - Күй табақтың әуенін естіп көріп пе едің? - Жоқ… - Онда естіртейін. Сөредегі дөңгеленген күйтабақтардың ішінен біреуін суырып алып, ине астына салғаны сол еді, темекі түтініне тұншығып тұрған бөлме ішін әсем әуен кезе жөнелді. - Бұл кім? - Phill Colins. True Colors. - Құлаққа жағымды ән екен. - Бірінші рет естіп тұрсың ба? - Иә! - Онда соңына дейін тыңда, - деді де қолаң шашын жотасына серпіп тастап, ас үйге жол тартты. - Қазір бұндай адамдар бар деп еш ойламапын. - Бар, бірақ өте аз. - Мынау бір мақалаға татитын кездесу болды ғой. - Айтпақшы, өткендегі мақалаң не болды? - Қайсысы? - Тату суреттері жайындағы. - Е, оны жазып өткіздім. - Дүңгіршектерден іздеп таппадым. Газеттеріңнің аты қалай? - Аты... - Аян, мында келіңдер, - деп Дәулет екеуінің әңгімесін ортасынан үзіп, ас бөлмеге шақырды. Төрт адамдық шағын үстел үстінде құрғақ қызыл шарап Ladorier, миығынан толы үш Burgundy бокалы. Хрусталь сауытта мойылдың көзіндей бірнеше түп қара жүзім. Дәулет екі бокалдың белінен ұстады да, Аян мен Айселге ұсынды. - Таныстық үшін! - Мен.. - Ішпейсің бе? - Жоқ, ішемін, бірақ... - Бірақ деген болмайды. Ал, келіңдер, - деп бірінші Айсел, артынан Аянмен соғыстырды. Ескі достар түбіне дейін қылғытқанымен, қызыл шарапты Айселдің шие еріні сүртіп өтті. - Аян сен туралы жиі айтады, - жүзімді бір үзіп ауызына салды. - Қойыңызшы! - Аянға ұрлана қарады. - Шын! Аян не айтарын білмей қолындағы бос бокалды үстел үстіне қойды. - Қалай былай, Аян ұнай ма? - Қойсаңшы енді. - Онда тұрған несі бар?! Білейікте! Қыздың жүзі нарттай жанып, бокал толы шарапты үлбір ерініне қайта апарды. - Жақсы жігіт, ә? Қыз не дерін білмей, әлгі шарапты түбіне дейін сіміріп салды да: - Рұқсат болса мен жүрейін, - деп ақ білегін аймалаған қол сағатына көз жүгіртті. - Сенбі күні қайда барасың? - Жұмыстарым бар еді. - Мұнда жәй келмеген боларсың. Әлде Аянды көруге келдің бе? - деп Дәулет риясыз күлді. - Көмек сұрап... - Тоқта-тоқта, ол не көмек? Қолдан келсе біз де көмектесейік! - Жаңа мақалама материал жинап жүр едім. - Ол не материал? - Жезөкшелер жайында. Осы сәтте екі жігіттің көздері түйісіп үлгерді. Аянның көзінде-үміт, Дәуреннің көзінде-күдік. Үміті: Дәулет талай дүниенің шетін шығара ма?! Күдігі: Жезөкшелердің құшағында жатып скрипкада ойнайтынын айтып қоймады ма?! - Неге ол тақырыпты таңдадың? - Мен емес, редакцияның тапсырмасы. - Редакцияда ер адам жоқ па? - Бары бар ғой, бірақ неге екенін білмеймін маған жүктеді. - Қызық екен. Бері шығып кетші, - деп Дәулет Аянды қонақ бөлмеге шақырды. Бұл жолы бөлмені Phill Colins-тың “Another Day in Paradise” әні тербетіп тұр. Екеуінің айтқандарын естіп қоймасын дегендей дәл дауыс жаңғыртқыштың алдына келіп сөйлесті. Абыр-гүбір әңгіме. Кімнің не айтып жатқанын ұғыну қиын. Тек әннің сөзі таусылайын дегенде ғана " Анжеликаңа апарсаңшы" деген үндері ғана Айселге әлсін-әлсін жетіп жатыр. Одан өзгесін ән жалмауда. Көп ұзамай екі дос ас бөлмеге қайтып оралды. Келісе бір шешімге келген адамдардай жүздері жылы. Десе де Дәулет шешімін жария етуге асықпай бірінші үстел үстіндегі қызыл шарапқа қол созып, босаған бокалдарды толтырды да: - Ал, Айселдің жаңа мақаласы үшін! - деп тост көтерді. Осы жолы бокалтар алғашқыдай кезекпен емес, қосыла шарт-шұрт түйісті. Алғашқыдай бірі ішіп,бірі қалу жоқ,түгел тауысты. - Ал, жүріңдер, астына түсейік. - Қайда барамыз? - Мақалаңның отанына! - деп қызыл шарап қанына тараған Дәулет қарқылдай күлді.   *** - Біз вокзалға бара жатырмыз ба? - Иә, сонда, - Бозғылт түсті  Subaru Outback көлігінің рөлінде отырған Дәулет айнадан Айселге қарады. - Көктем ше? - Ол жерде жеңіл жүрістілер аз. Оның үстіне мына жақта жеңгетайларымен де сөйлесуге болады. - Оларың кім? - Жезөкшелердің үстінен қарайтын адам. - Тәп-тәуір атты иемденіп алыпты өздері. - Айтпа, - деп көліктің алдында отырған екеуі күлкіге ерік берді. Көп ұзамай Дәулет көлігін жол жиегіндегі тұраққа қойып, Вокзал маңында арлы-берлі зыр қаққан қалың топ арасына беттеді. - Қайда бара жатыр? - Қазір көресің. Айсел Дәулеттің соңынан міз бақпай қарап отыр. Ол "Рауан" қонақ үйінің жанын саялаған жастары қырықтар шамасындағы екі әйелмен жолығысты.  Қолаң шаштысы бұрынғы танысындай арқасынан қағып қояды. Ал екіншісі үнсіз тұр. Жақынындай шүйіркелесіп кеткен толықша әйел сәлден кейін иегін көтеріп, көше бойындағы үйлердің бірін нұсқады. Дәулет ары қарай бір өзі аулаға еніп, көзден ғайып болды. - Қайда кетіп қалды? - Қазір келеді. Біраз уақыттан кейін айтса айтқандай үй арасынан Дәулеттің қарасы көрінді. Желке шашы желбіреп, құстай ұшып келді. Соңынан ерткен біреуі бар. Бастапқыда ер адам секелді көрініп еді, жақындай бере әйел жынысты екенін аңғарды. Алыстан дене-бітімі сырықтай болғанымен, таяй бере түйенің өркешіндей қос омырауы бұлаң қағып, көзге оттай басылды. - Аян, біз сыртта күтейік, - Дәулет жартылай түсіңкі алдыңғы терезеден аптыға үн қатты. - Жақсы. - Айсел сен отыра бер. - Мxм! Осы кезде көліктің артқы есігі ашылып,ішке кірпі шашты, қыр мұрынды, қара торы тығыршықтай әйел жайғасты. - Сәлеметсіз бе! - Сәлеметпіз! - Мен журналист едім. - Иә, Дәулет айтты. - Жезөкшелер туралы материал жазып жүрмін. - Оны да білемін, - айтарыңды тез айт дегендей бедірейе қарады. - Сізге қояр бірнеше сұрағым бар. - Созбаламай тез-тез қой, уақыт жоқ. - Есіміңіз? - Оны неғыласың? - Мақалаға шынайылық беру үшін. - Бұл міндетті ме? - Әрине! - Онда Саманта болсын! - Неге шын есіміңізді жасырдыңыз? - Ол сенің шаруаң емес. - Жақсы… - Онсыз да уақытымды алып отырсың. - Түсіндім. Айсел сөмкесінен қойын дәптерін алып, бірдеңелерді түрткілей бастады. - Бұл кәсіппен айналысқаныңызға көп болды ма? - Төрт жыл. - Неге бұл кәсіп? - Маңдайға жазғаны. - Мүмкін қолыңыздан басқа бірдеңе келетін болар? - Бұның енді артық сұрақ. Айсел іркіліп барып сұрақтарын қайта қоюға кірісті. - Құпия болмаса айына қанша табасыз? - Төрт жүздің үстінде. - Тәп-тәуір екен. - Губа не дура! - Қолыңызда қанша қыз бар? - Он бес. - Олармен де сөйлесе аламын ба? - Жоқ, бос емес. - Мүмкін күтермін? - Ләйлімә, шырағым. Дәулетпен бұлай келіскен жоқпыз. Қояр сұрағыңды тек маған қоясың. Айсел бір іркіліп барып сұрағын қайта қойды. - Қыздардың бұндай жолға түсуінің себебі неде? - Көп. Әрқилы. - Мысалы? - Біреулері шарасыздықтан келеді. Көбіне жұмыссыздық. Мінездің әлсіздігі. - Сонда қоғамның өзі итермелегені ме? - Ол ма, жоқ па білмеймін, бірақ негізінен осындай жағдайлармен келеді. - Ал келесілері? - Келесілері тән құмарлығын бір сезініп шыға алмай қалғандар. - Ол қалай сонда? - Бұл өмірдің мәнін тек тән ләззатынан іздейтіндер. Олар үшін бұдан артық кәсіп жоқ. - Қызық екен! - Саған қызық шығар, бірақ бұл ауру. -Ауру? -Ауру! - Ал, үшіншілері? - Үшіншілері қайғыдан қан жұтып жүргендер. Өмірде жолы болмаған еркектердің араққа салынып кететініндей, тәндерін қорлап кетеді. - Сонда бұл да ауру болғаны ма? - Жоқ, бұл ауру емес, ұстама. Ондай қыздар біраз уақытта бұл кәсіпті тастайды, бірақ дәл сол кезде өздерінің жанымен қоса арын да азаптайды. - Елімізде бұндай қыздардың саны көп пе? - Білмеймін, санақ жүргізген жоқпын. - Тұрмысқа шығу жағы ше? - Көбі, тіпті бәрі шығады. - Сонда оларды кім алады? - Бұрын тұрақты келушілердің арасында көзі байланып, ұнатып қалатындар да болатын. Білмей де қалатындар бар. Ал cоңғы кездері көршілер алуда. - Себебі не? - Қыз жетіспейді. Оның үстіне азаматтық алу үшін.  Бұдан әрі Айселдің сөзі де, қаламы да жүрмеді. Ой үстінде бір нүктеге қарап, мелшиіп қалды. - Қалқа, клиенттер көбейіп барады.Мен кеттім. Журналистсің ғой, соңына әйтіп-бүйтіп бірдеңе қоса саларсың. Айсел сұрағы аяқталмаған адамдай тосылып қалды.  *** Күн сенбі. Кешкілік. Өткендегі оқиғадан кейін Аян тағы да Айселден көз жазып қалды. Арада екі апта өтті. Еш xабар жоқ. Тоғызыншы қабаттағы төрт пәтердің де көптен бері жарығы сөндірулі. Әнеугүні вокзал жанында қолына ұстатып кеткен визиткасындағы телефон нөмірі бұғатталған. Аян шарасыздықтан үшінші күн қатарынан Айселді "Tulpan" мейрамxанасында күтіп отыр. Бастапқы екі күн ащы қылып Cappucino ішкенімен, бүгін Scotch-қа көшті. Қарайған тырнақты сұқ саусағы Old feshioned бокалын орай өтіп, ерініне қайта-қайта жол тартады. Көп ұзамай Аянның басы айналып, буыны босай бастады. Десе де ойында - Айсел. "Ол қайда жүр?", "Неге телефонын көтермейді?, "Менен мұнша қашқақтайтынындай не істеп қойдым?" деген сұрақтар маза берер емес. Аян телефонын қайта қолына алып, Айселге қоңырау шалуға кірісті. Тек еш өзгеріссіз. Тұтқаның арғы жаңында "бұл нөмір уақытша сөндірулі" деп сарнай жөнелген ұрғашының дауысы. Тағы да шарапқа тапсырыс берді. Тағы да қылғытып салды. Тағы да тапсырыс… Мейрамxананың іші сылаң қаққан сылқымдарға толы болса да, Аянның оларға қарайтын құлқы жоқ. Бар болғаны төрт мәрте жолығысқан аруға есіл-дерті кетіп ғашық болуының себебін түсіне алмар емес. Мүмкін бұның барлығы көрген түстің әсері болар.. Жотасына төгілген жирен шаш, көгілтір көз, оймақтай мұрынындағы ай тәрізді мең сана-сезімін жаулап алған. Кенет әйнекті біреу қаққандай болды. Бокалын арлы-берлі шайқап отырған Аян, мейрамxананың алып терезесінен көздерін сығырайта тысқа қарады. Терезенің арғы жағында шыт көйлегі денесіне жабысып Айсел тұр. Күле қолын бұлғап қояды. Аян да саусақ ұшын қимылдата сәлемдесті. Айсел “маған кел” дегендей алақанымен тамшы тосып, жауын астында айнала биледі. Аян орындығынан көтеріліп, терезенің бергі жағынан биге шақырғандай қол созды. Екеуінің бұл қимылын мейрамxана ішіндегі қонақтардың ешқайсысы байқамағанымен, әйнекке ұрылған тамшыдар сырт-сырт етір қошемет көрсетуден бір тынбады. *** Лифт. Ішінде екеуі. Аянның мойынына асылып: - Сағындым сені, - деді сызыла. - Мен де… - Шын айтып тұрсың ба? - Шыным. - Қазір көреміз, - сықылық

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.