Мектептер мемлекеттік сатып алумен айналыспайды

Құралай Қуат - 29.05.20197531

Бұдан былай Атырау облысындағы мектеп директорлары мемлекеттік сатып алу рәсіміне қатыспайтын болады. Бұл жөнінде білім беру саласы қызметкерлерімен өткізген жиналыста облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ мәлімдеген еді.

- Мектеп директорлары өз құзыреттеріндегі мәселелермен ғана айналысулары керек. Мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысуға міндетті емес және бұл жұмысты орталықтандыру қажет. Мемлекеттік сатып алу саласын дұрыс білмегендіктен, мектептерде қателіктер кетеді, соның кесірінен сапасыз тауарлар алынып жатады, ал ол оқу процесіне кері әсерін тигізеді. Басқа да проблемалар бар. Әр мектеп ыстық тамақ жеткізушіні өзі анықтайды, сондықтан білім беру мекемелерінде ас мәзірі әр түрлі. Ата-аналар тарапынан шағымдар бар. Орталықтандыру арқылы осы жағдайды түзеуге болады, - деді Нұрлан Асқарұлы.

Қазірдің өзінде облыста білім беру мекемелерінің басшыларын мемлекеттік сатып алу процесіне қатыстырмай, бұл рәсімдерді жүйелендіру және орталықтандыру жұмыстары жүріп жатыр.

- Біз, шыны керек, бұл ұсынысты қуана қолдадық. Мектеп директорлары мемлекеттік сатып алуға қатысты проблемалардан құтылатынын білгенде, қол шапалақтап та жіберді. Білім беру ұйымының басшысына мектептің ішкі-сыртқы жұмысын үйдестіру мен реттеуден бөлек, мемлекеттік сатып алумен айналысу артық күш түсіреді. Ол үшін заңдық негіздермен жақсы таныс болу керек, мұның өзі уақыт алады. Содан келіп, аталған істе заңдық сауаты жетпегендіктен қандай да бір ағаттыққа жол беріп алған басшылар түрлі жауапкершілікке тартылып, тәртіптік жаза қолданылып жатады, - дейді С.Мұқанов атындағы №10 мектеп директоры Алмагүл ЖҰМАҒАЛИЕВА.

Атырау облысы экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, биыл Атырау облысында жыл басынан бері бюджет қаржысын жымқыру бойынша 26 дерек тіркелген. Оның ішінде 13 қылмыс мемлекеттік сатып алу саласында жасалған екен. Барлық қылмыстар бойынша мемлекетке 121,9 млн. теңге зиян келтіріліп, бүгінде оның 16,1 млн теңгесі мемлекетке өтелген.

Фото: zhasalash.kz

Мақала авторы:

Құралай Қуат

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.