Дебат: Тоқаевты Әшімбаев алмастырады

Асмира Ермекқызы - 30.05.201911605

Бүгін кешкі 18.00-де "Хабар" арнасында тікелей эфирде өтетін кандидаттар дебатына Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ орнына оның сайлауалды штабының жетекшісі Мәулен ӘШІМБАЕВ қатысады. Бұл туралы Тоқаевты сайлауға кандидат ретінде ұсынған "Нұр Отан" партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия экономикалық жоғарғы кеңесінің жиынына қатысып жатыр. Сондықтан оның атынан дебатқа сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев қатысады" деп мәлімдеді партияның баспасөз қызметі.

29 мамырда президент кеңесшісі Ерлан Қарин Тоқаевтың дебатқа қатыспайтынын айтқан.

Теледебатқа Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Әміржан ҚОСАНОВ, Төлеутай РАХЫМБЕКОВ, Амангелді ТАСПИХОВ, Сәді-Бек ТҮГЕЛ қатысатындарын айтты. Inforumburo.kz сайтының хабарлауынша, "Ақ жол" партиясының кандидаты Дания ЕСПАЕВА дебатқа қатыспайды. Оның орнына партия төрағасы Азат ПЕРУАШЕВ қатысады.

29 мамыр күні кешкі 6-да мемлекеттік "Хабар" арнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат тікелей эфирде өтеді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуынсыз өткелі отыр. Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

·         Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",

·         Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,

·         Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,

·         Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,

·         Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,

·         Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,

·         Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.


 Дереккөз: azattyq.org

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.