Үштөбедегі орыс өктемдігі немесе Бейімбеттің мақаласы

Сайт Әкімшілігі - 31.05.20191283

ҚР президенті архивіндегі 719-қор, 188-істен «На станции Уштобе развивается великодержавный шовинизм» деген құжатты көріп, қызметкерлер рұқсатымен суретке түсіріп алып едім. Жетісулық «бандаларға» қатысты басқа құжаттарды зерттеп жүріп қаперден шығарыппын. Өткенде дерекқорымды ақтарып отырып қайта ұшыраттым. «Еңбекші қазақ» газетіне 1931 жылдың 9 наурызында басылған мақаланың аудармасы еді. Жалаң қаққан ОГПУ-дің көрінген дүниені тәржімалатып, тіркеуге ала бермейтіні бесенеден белгілі, солай болып шықты. Үш беттік мақаланы сарказмды айдарларға бөліп, ащы тілмен қазақ күйін жазыпты.  

«На станции Уштобе развивается великодержавный шовинизмнің» ұзын-ырғасы мынадай: Түрксіб теміржолы бойындағы Үштөбе стансасында 613 адам жұмыс істейді, соның 34-і ғана қазақ. Өзгелер өктемдік жасап қазаққа күн көрсетпейді. Мысалы, Алматыға тартып бара жатқан пойыздың  Фердман деген машинисі Көккөзов деген қазандықшы қазақты сабап, айдалада отарбадан түсіріп кетеді, станса бастығы Чернышев деген «Итте болғанша, иесінде болсын» деп, Көгенов деген қазақтың пальтосын сыпырып алып, орыс теміржолшыға кигізеді; Теміров деген жұмысшы бұранда бұраудан қолы үсіп, жақын жердегі үйшікке кіріп жылынады, ол жерде жайланып отырған орыс жұмысшы мұны жақтырмай сабап, темірмен ұрып Теміровтің тісін қағып алады... Карнецкий деген машинист көмекші қазақтарды паровоздан лақтыруды ермек етіпті: «Однажды Карнецкий без всяких к тому поводов вытолкнул в шею Уксукбаева с паровоза: «нам не нужны ничего не понимающие бараны. Также вытолкнул рабочего-казака Таскаева обзывая его собакой и свиньей. Тот упал лицом вниз». Барактар малқорадан нашар, лас, сасық, тон, пима секілді киім-кешек қазақ теміржолшыларға берілмейді. Автор осындай мәліметтерді тізе келіп, партиялық ұйым мен кәсіподақты да түйреп өтеді. «Шара қолдану керек» деп тұжырымдайды.  

Әр адамға, әр сөзге құзғын көзбен қарап отырған кезеңде партия үнжарғысы болған басылымда мұндай мақала жазуға дәті барған кім екен деп алаңдаған көңіл «Жулаучи» деп белгіленген авторды оқығанда селт етті. Жолаушы! Би-ағаң ғой! 

Бейімбет Майлиннің «Еңбекші қазақта» істегені, бөлім басшысы болғаны белгілі, ХХ ғасырдың бірінші жартысында Ілияс Жансүгіров – Матай, Қаптағай, Күйші,  Әлихан Бөкейханов – Қыр қазағы, Мұхтар Әуезов – Қоңыр, Екеу дегендей бүркеншік есімдер қолданса, Би-ағаң – Мырқымбай, Малай, Жолаушы, Балықшы деген атпен жазып отырған.  

ОГПУ кез келген авторды қадағалай бермес, Жындыбайдан туған Желдібайлардың есерлігін аямай сынайтын, сәбеттің бітіспес жауына айналған алашордашыларға:

«Жұртты сүйер ерлер шығып қол басы,

Саф азамат бағылан болып жолдасы,

Жарық сәуле ендіретін қазаққа.

Мәңгі жылдар жасасын Алаш ордасы!» – деп жыр арнап, қырға іліккен Бейімбеттің жөні де, сойы да басқа. Оның үстіне Бейімбет Майлин  Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінен өзі бұған дейін аз уақыт жұмыс істеген, кейін «Социалды Қазақстан» атанған «Еңбекші қазаққа» оралып, 1934 жылы «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болып тағайындалғанға дейін осы басылымнан қол үзбеген. «На станции Уштобе развивается великодержавный шовинизмдегі» мәліметтер автордың Үштөбеге келіп, жағдайды көзбен көргенін меңзейді.

«К руководителю стройки Коханову обращается 15-16 летний казак за работой. Коханов отвечает: «пожалуйста, бери лопату и иди чистиьт козеты» (әжетхана – С.Ә) (как будто другой не было). Закончив работу мальчик жалуется Коханову, что с этой работой он справиться не может и просит другую, более легкую работу. Грубым тоном Коханов говорит «в таком случае сам найди себе хорошую работу». Мы видели этого мальчика плачущего, не могущего найти себе подходящую работу».

ҚР президенті архивіндегі 719-қор, 188-іс

ҚР президенті архивіндегі 719-қор, 188-іс

Үштөбе – Түрксіб бойындағы ірі стансалардың бірі, 1930 жылдың 28 сәуірі, сағат 12:00-де күміс қазық қағылған Оғыз-Қорған, кейін Айнабұлақ атанған бекетпен ұштасып жатыр. Би-ағаның мақаласы біраз жайтқа көз ашады: 613 адамның 30-дан асар-аспасы ғана қазақ болуы жергілікті халыққа деген көзқарасты анық көрсетеді, советтік кинолардағы теміржол келіп, малшы қазақтың көзі ашылды деген пропаганда – жалған. Коханов деген құрылыс басшысының 16 жасар бозбаланы әжетхана тазалаушы етіп қоюы осыған куә болған қаламгердің жан дүниесін алай-түлей еткені анық.  

Байғұс қазақ қайда барсын. Бұл өңірде ашаршылық айдаһардай ысқырып, жан-жағын жалмап жатқан уақыт еді. Теміржолға жұмысқа жалданған қазақтың өлігін шұңқырға үйіп тастай берген, жоқшысы жоқты жүндей түткен заман. Егістікпен айналысатын ауылдарды ОГПУ жендеттері тіміскілеп, жарты қап күріш үшін адам атылып жатты. Мына мәліметке қараңыз:    

     СОВ.СЕКРЕТНО

 ЗАПИСКА ПРАВКОМУ ПРОВОДУ

из Алма-ата

ОГПУ АКУЛОВУ МИРОНОВУ

Произведенным ЭКОПП 28-го октября обследованием Каратальского рисосовхоза установлено: Выход рисошали совхоза преуменьшен, площади посева 585 га начислено валоваго выхода 14625 центнеров районными организациями определен 7550 центнеров, краевой план сдачи 20338 центнеров. Совхозом не включены валовой выход прошлого года 631 центнер, коим разбазарены: местность снабжение наряда 123 центнеров взаимообразно организациям 299 центнеров пересев посевной площади 31 года благодаря безхозяйственности 185 центнеров. Уборка проведена ненормально, определению самого совхоза соломе осталос не менее пяти процентов риса, обследованная комиссией салома 79 га содержит до десяти процентов, совхоз намерен всю салому перемолотит, примерный выход после перемолота 1001 центнеров. Во время уборки 570 га потеряно 668 центнера значительностью выше до сих пор полей жителями собираются колось, некоторые набирают двух пудов в день. Совхозом до сего времени непомолочены орехи находившиеся в скирдах. Указанные возможности совхозом были скрыты в хлебоурочный баланс не включены. Семена 31 года составлено лишних 1000 центнеров. По плану хлебосдачи сдано всего 5557 центнеров. В зернохранилище находился 8539 центнеров. Виновных привлекаем к ответственности.

Копию прошу передать ГОЛОЩЕКИНУ: 15283/6 КОРУПЦИЯ

ВЕРНО: Подпись

ҚР президенті архивінен

Осы бір парақ мәлімет тұтас Қаратал өңіріндегі, қала берді, бар қазақ жеріндегі жағдайды жария етіп тұр. 1928 жылғы кәмпескеде «аша тұяқ қалмасындап» 40 млн малды қырып салған большевиктер коллективизацияны да мандытпады. Сүйек-саяққа, тері-терсек, жылан-бақа т.б. басқа болмайтын нәрселерден салық жиып, елді ығыр етті. Қаратал күріш совхозының басшылары бала-шағаға талғажау болсын деп амалдаған қорды, тіпті егістікте қалып қойған әр масақты жинатқан, үйілген маяларды тінтітіп,  сабанның әр талын тексерген, «Қамбадағы 8539 центнер астықтың 5557-сін ғана өткіздің» деп адамдарды жазалаған. Аш қалған ауылдасын аман сақтап қалғысы келгендер «коррупционер» атанған. Осы қазақты қан қақсатып тартып алынған астық қайда кетті? Әркен Уақ ағамыз мынадай дерек келтіреді: 1928 жылы 1 млн, 1929 жылы 13 млн пұт, 1930 жылы 48,3 млн пұт, ал 1931 жылы қазақтар қырылып жатқанда 51,8 млн пұт астықты шетке сатқан. Онымен қоймай, 1932 жылы 18 млн пұт астық сатылған. Енді 40 млн бас мал қайда кетті дегенге келсек, қазақтың даласында «Союзмясопродукт», «Ленинградмясо», «Москвамясо» сынды қасапханалар салынды. 1930-31 жылдары өнім мөлшері екі есе ұлғайтылып, 7 750 000 пұт ет дайындалды. Жылқы мен сиыр, ұсақ мал қисапсыз сойылды, осы қыруар еттің бәрі отарбамен ішкі Ресейге жөнелтілді. Дала кең, аң-құс жетеді, қазақ неге аң аулап жан бақпады дейміз ғой. Бұған Ораз Исаевтың Госплан төрағасы В.Куйбышевке «Қазақтарға аң аулауға, құс атуға, балық аулауға рұқсат беріңіз» деп жазған хатын мысал етейік. Куйбышев оған «Ешқандай рұқсат жоқ, бір құс немесе аң атқан адам сотталады» деп жауап берген.

Негізі, 1930-31 жылдар қызыл билік пен қазақтың арасы қатты ширыққан уақыт. Қазақстанның өзге аймағы секілді Талдықорған маңындағы халық та отырықшы, егінші етемін деген озбырлыққа шыдамай, дүркін-дүркін көтеріліске шығып тұрған. Талас Омарбековтің «1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері» деген кітабынан Шұбар, Ақкөл, Сарқан, Қаратал көтерілістері туралы білеміз. 1930 жылдың 20 наурызында Шұбар ауылының халқы аудандық атқару комитетіне келіп, түйір астық қалдырмай тонап жүрген Попов деген шолақ белсендіні өздеріне беруді талап етеді. Өкіметтің өз уәкілін ұстап бермейтінін білген соң, штабқа ұмтылады, округтік соттың төрағасы Беков дегенді сабап, тапаншасын тартып алады. Талас ағамыз аударған, 171-беттегі құжат мынадай:

ҚОСЫМША

Шұбарға дейін бар болғаны 12-15 ш. екенін ескеріп, маған бүгін бірнеше сағатқа болса да, Шұбарға барып келуге рұқсат етулеріңізді өтінемін.

Сарқан мен Қоғалыға хабар беруге уақыт таппай жатырмын, жұмыс кеңірдектен. Сіздердің телеграф арқылы хабарлауыңызды өтінемін. Сонда фактіні бір тұрғыдан баяндауға қол жеткізетін едік, өйткені  мен сіздерге қолжазбасыз хабарладым.

Липен

Липен – Талдықорғандағы ПП ОГПУ-дің оперативтік бөлімінің басшысы, мына хатты Алматыдағы бастығы Федоровқа жазған. Федоров рұқсат береді, Сарқан мен Қоғалыға хабар беретінін айтады. Бұдан ОГПУ-дің бірнеше аймақтың қазағы толқып тұрғанынан хабардар болғанын байқаймыз. Расымен, аталған екі аймақта ереуіл бұрқ етті. Қоғалыдан «Совет өкіметін» құлаттық деген хабар жеткенше, жендеттер Шұбар жанайқайын тұншықтырып үлгерді. 24 наурызда шұбарлық 16 азамат тұтқындалды. Бір опасыз 19 наурыздың түнінде астыртын жиналып, ел көтермекке бел буған Сейсенбай Өмірәлиев, Тұрғали Мамаев, Мамыш Жұртақаев, Оспан Сыпатаев секілді игі жақсыларды тізіп берген көрінеді. Ал 27 наурыз күні Бүйен–Ақсу халқы ширығып шықты. Бұларға жетекшілік еткен азаматтардың есімі осы күні елге аян – Қалдыбай Қылиев, Егеубек Жаңабаев, Ғали Сатырбаев. «Кеңес өкіметі жойылсын!» деп ұрандап, Ақсу сынды елді мекендерге басып кірген көтерілісшілерде 100-ге тарта мылтық болып еді. 30 сәуірге дейін Балқаш–Қаратал құмын паналай жүріп соғысқан көтерілісшілердің топтарын Ортай Сартаев, Тұрсын Омаров, Әмірхан Үсенов т.б. азаматтар басқарған. Талдықорған ОГПУ-і Сарқан бойындағы бүлікпен алысып жатқан сәуір айының басында, 2 сәуірде Балқаш, Шоқпар аудандарында көтерілісшілердің бас көтеруі Жетісу қазақтарының Кеңес өкіметін түбегейлі төңкеріп тастауды көксегенін дәлелдейді. Бір-біріне хабар беріп, ұйымдасып атқа қонған:

«Балқаш ауданы №1 ауылдың қауымынан  

Шоқпар ауданының азаматтарына!

Біз өзіміз де көтеріліс ұйымдастырудамыз. Құдайдан сәтті аяқталсын деп тілейік. Түсіп жатқан мәліметтерге қарағанда, Шұбарда, Қараталда және Талдықорғанда, барлық жерде біздегідей көтеріліс басталыпты. Қопалы қозғалысы өзінің ықпалын барлық жаққа таратты. Бізде тұратындар және бізден төменгі №1, №2, 3 және 10 ауылдар Ақкөлді (ААК – Ақкөл аудандық комитеті – Т.О.) алды. Енді қол қусырып отыруға болмас, үндеу жазып, төменгі және жоғарғы жақтағы халықты көтеріліске қосылуға үндеңдер. Барлық халықты кеңінен хабардар етуге қажет шаралар қолданыңдар. Арғы бетте тұрған ағайын бізге хабар айта алды: бізге Қаратал ауданынан екі қашқын келді және олардың айтуынша, Қоғалы мекені қолымызда. Енді босқа отырудан еш пайда жоқ. Халық арасында үгітті жүргізіңдер және күшейтіңдер, бір сөзбен айтқанда, босқа отырмаңдар. Бұл хат  №1 ауылдағы қауымнан, өздеріңнің ағайындарыңнан жазылды.

Қол қойылмаған.

7. IV.30

Аударған Ырымбетов

Дұрыс (қол қойылмаған, көшірме)»

Т.Омарбеков

 («1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері», 186-бет)   

Осы бір жапырақ хаттан қазақ арманы есіп тұр. Кейін «Ақкөл көтерілісі» деген атаумен  тарихқа енген бұл майдан да жаншылды. Алматы округіндегі көтерілістердің тез басылуына  теміржолдың іске қосылған бөлігі   себепкер болды.  Семей мен Алматыдан шақырылған атқыштар бригадасы отарбамен жедел жетіп, Айнабұлақ, Биже, Үштөбе секілді стансалардан барлауға шығып, көтерілісшілерді жойып отырды. Елдің есін жиғызбады.  Қорғалаған қазақтың дәрмені жеткені Қытайға қашты.

Л/С                     Сов.Секретно

                                       СПЕЦСВОДКА

об итогах откочевок  населения   КССР за  1930  год.

                                                      По материялам ИНФО ПП ОГПУ

                                                      КССР на 27/II -1931 года

ОТКОЧЕВКИ ВНУТРИ И ЗА ПРЕДЕЛЫ КССР

С  весны  1930  года   по январь  1931 года, по далеко  не полному  учету  откочевками  по КССР,  внутри  его и за пределы, было охвачено всего  34577  хозяйств,  из них: байских 1014  хозяйств, середняцких 1817, бедняцких 2167, колхозников 54  хозяйства и неподразделенных на социальные группы 29525 хозяйств. Из неподразделенных по имеющимся     данным преобладающее большинство относится к группам бедноты и середняков...

По не полным данным в Китай откочевало из пограничных районов быв. Алматинского и Семипалатинского Округов 2638 казахских хозяйств. Кроме того, туда откочевало из прилегавщих к пограничным  районов: Малай-Сариского 92 хозяйства (кроме этого еще  зафиксированы массовые откочевки из ауылов 12 и 13, но без указание  количества откочевших), Чиликского 62 хозяйства, Каратальского 30  хозяйств и Курчумског 11 хозяйств...

ҚР президенті архивінен

Ұзын-сонар арнайы құпия мәліметтен үзінді ғана алып отырмын.  29 525 түтіннің әрқайсысында бес жан бар деп есептесең, 6-7 айда атамекенін тастап, босқан қазақтың саны 150 мыңға жетіп жығылады. Ал шекара асқаны 15 мың шамасында. Ол қашқан қазақ, ал өлген қазақ ше? Тарихшылар есебі бойынша 1916 жылғы үркіншілік (400 мың), 1919-21 жылдардағы ашаршылық (1 400 мың), 1931 жылғы ашаршылықта (2 млн 300 мың, кей деректе – 2 800 мың)  аштан өлген қазақтың саны – 4 млн 600 мың адам. Кей тарихшылар мұны «жұт» деп жүр, жұт – табиғаттың жазуымен болар кесапат, ал адам қолынан келгенді зұлмат, нәубет, геноцид деп, атымен атаған жөн болар. Отызыншы жылдардың аласапыранында ең көп жапа шеккен – оңтүстік-шығыс пен шығыс, жарты миллиондай адам қырылған. Тұрар Рысқұлов Сталинге жазған хатында Алматы облысында аз уақытта 2100 үйдің қаңырап, ел босып кеткенін мысал етеді, яғни Голощекин қатесін мойындаған, көмек беріле бастаған 1933 жылы да өңірдегі жағдай түзелмеген. Осындай қиын күйде қалған жергілікті халықтың жәутеңдейтіні, өкіре сөйлеген өзгелерден қорғалайтыны түсінікті. 

«...Шырынкүл шын налыды.

– Құдай-ай, жоқшылықтың да шегі болмайды екен ғой! Қара судан басқа ішетін бір ұрттам тамақ жоқ. Екі күннен бері дым татпай, жүрек қарайып отырғаны мынау! Мұның ар жағында не болмақшы? Не қыламыз? Немен күн көреміз?

     Көзінен бүртік-бүртік жасы ыршып шығып, бетін жуып сала берді. Жақ сүйегі сорайып, екі көзі аларып, еңсесі түсіп Қайрақбай отыр...»

    «Аштық құрбанында» (1937 ж.) Қайрақбай мен Шырынкүл болып шырқыраған, «Күлпәшта»  (1922 ж.)  бай мен баланың өлігін құшып өкірген Күлпәштің күйін кешкен  қазақ бұл кейіптен көпке дейін құтылмап еді, Үштөбедегі оқиға соның бір ғана көрінісі. Қаламы өткір қайраткер бұны да елеусіз қалдыра алмапты, жазыпты.

«Тыңда мені, Отаным,

Тыңда, тыңда, құлақ сал.

Саған халқым, оқ жонған,

Түсті қолға бандалар.

...........................

Ежов ерім көреген,

Жайғызбай уын жыланның,

Суырып алды інінен.

...........................

Соқты жүрек қаттырақ.

Оқ жонғандар халқыма,

«Атылсын!» Үкім біреу-ақ».


"Еңбекші қазақ" газеті, 1931 жыл 9 наурыз

Қызыл саясатқа қарсы шыққанның бәрін бандыға теліп, «Атылсын!» деп ұрандатқан осындай дүниелер түспейтін газеттің бетіне ұлт туралы мақала басу – өзіңе үкім шығару болса керек. Жолаушының мақаласы түпнұсқада «Үштөбе стансасында ұлы орысшылдық өршіп барады» деп аталады екен. Советтік саясат соны «великодержавный» деп аудара салған. Төте және латын таңбасы қатар қолданылып, 1931 жылы 9 наурыз, дүйсенбі күні жарық көрген газеттегі мақаланың тура төбесіне төте жазумен «Лениннің ұлт саясатын бұрмалатпаймыз!» деп ұран жазыпты. Жолаушының мақаласы да Ахаңның әліпбиімен басылып, Үштөбедегі шовинизмді іреп салған. Сәл төменіректе тағы бір шағын мақала тұр. Тақырыбы «Ұлы орысшылдық ойы жайылып, жергілікті ұлтшылдықты қозғауда». Төңкерістегі кірмелердің өктемдігі қазақтың ашуын қоздырып, намысына тиіп жатқанын айтыпты. Авторы – Тілші. Жазу мәнеріне қарасаң Жолаушы секілді.

Үштөбедегі оқиғаға байланысты тексеру жүріп, бірнеше  адамға шара қолданған екен. Сөгіс алған, жұмыстан қуылған. Ал Бейімбет Майлин «халық жауы» атанып, 1938 жылдың 10 қарашасында атылды. Қаламының ұшын намысының шоғына балқыта жазып, бір мақаласымен бір ауылдың қазағын қорғап, басқасына қозғау сала алған, адамдықтың жолында басын тік ұстап жүріп өткен ұлы Жолаушының туғанына биылғы 15 қарашада 125 жыл толады.     

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,

журналист

Суреттерді автор ұсынды.


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.