Нұр-Сұлтандағы наразылықтан хабар таратқан Азаттық тілшісін полицияға жеткізді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.06.2019330

9 маусымда Нұр-Сұлтанда түскі сағат 14:00 шамасында қаладағы "Жастар сарайы" маңында митинг жасамақ болған азаматтарды полиция ұстады. Оқиға орнынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді де полиция ұстап, автобусқа отырғызған. Оларды Есіл аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген.

Арнайы жасақ өкілдері ұсталған азаматтарды бөлімшеге алып бара жатыр. Автозак ішінен түсірілген сурет. Нұр-Сұлтан. 9 маусым, 2019 жыл.
Арнайы жасақ өкілдері ұсталған азаматтарды бөлімшеге алып бара жатыр. Автозак ішінен түсірілген сурет. Нұр-Сұлтан. 9 маусым, 2019 жыл.

Сәния Тойкеннің хабарлауынша, бүгін түсте Жастар сарайы маңына жиналған жүзге тарта азамат сайлаудың әділетсіз өтіп жатқанын айтып, қарсылық білдірген. Олар елде атом электр станциясын салмауды, Қытаймен қарым-қатынасты шектеу мәселерін көтерген. Полиция оларды бірден ұстай бастаған. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар жарияланып жатыр. Онда қалқан көтеріп, арнайы киім киген жасақтардың көшеде жүгіріп бара жатқаны көрінеді.

9 маусым түске дейін Алматыда полиция ескі алаңға жиналған жүзден астам адаммен қатар Азаттық тілшісі Петр Троценко, AFP тілшісі Крис Риклтон және Vlast сайтының қызметкері Катя Суворова, белсенді Димаш Әлжановты ұстаған. Түстен кейін полиция Азаттық тілшісі Петр Троценконы босатты. Белсенді Ирина Медникованың айтуынша, ұстау кезінде полицейлер Суворова мен Әлжановтың құрылғыларын тартып алған. Оларды қолдауға барған журналистер мен құқық қорғаушыларды полиция бөлімшесінен күштеп шығарып жіберген.

Полиция Азаттық тілшісі Петр Троценконы ұстап бара жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция Азаттық тілшісі Петр Троценконы ұстап бара жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

9 маусымда түс кезінде Шымкенттегі Момышұлы және Тәуке хан көшелерінің қиылысында полиция жиырма шақты адамды ұстады. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісі ұсталған азаматтардың ешқандай ұран көтеріп, жиналмағанын айтты. Әзірге Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жалпы қанша адамның ұсталғаны белгісіз.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.