Сайлаудың арқасында жаңа мекенжайын тауып алды

Сәтжан Қасымжанұлы - 09.06.20191269

  Семей қаласының тұрғыны Ермек Мұхамедияров (суретте)  №260 сайлау учаскесіне дауыс беруге барамын деп тұрып жатқан жерінен адасып қалды.  Жеке бас куәлігін алып сайлау учаскесіне келген оны сайлау комиссиясы "тіркеуде тұрған жеріңе барып дауыс бер" деп шығарып жібергеніне куә болдық. Бірақ, әйеліне дауыс беруге рұқсат етіпті. Осы күнге дейін бір-бірінен сыр жасырмаған ерлі-зайыптылар сайлау комиссиясының бұл әрекетінен кейін болмаған ұрлықтары ашылып қалғандай ыңғайсыздық сезінген.  

-1989 жылдан бері Семейде, қала орталығындағы Шәкәрім даңғылында тұрып келемін. Бүгін дауыс беруге келсем тізімде жолдасым бар,  мен жоқпын. Анықтама бюросы күтуім қажеттігін айтқан соң, оған да көндім. Бірақ, таппады. Амалсыз үйге қайтып келіп, одан Халыққа қызмет көрсету орталығына барсам жабық тұр. Осы жерге қайта келгенде ғана Шығыс кентінде тіркеуде тұратыным жайында анықтамалық шыға келді. Шын мәнінде Шәкәрім даңғылы, 1 үй, 18 пәтерде тіркеудемін. Шығыс кентіндегі мекен-жай қайдан шыққанын ұқсам, бұйырмасын. Ол жақта мүлде шатағым жоқ. Жеке бас куәлік, жүргізушілік куәлігім, маған қатысты не бар, түгелі осы адрес бойынша тіркелген. Қаншама уақытым бос кетті. Жалғыз мен ғана емес, бірқатар көршілерімді анда-мында лақтырып жатыр,-дейді Е. Мұхамедияров.

Азаматтың шағымына орай №260 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Имдат Эфендиевті сөзге тарттық.

-Ол азаматтың (Мұхамедияровты айтады-авт) мекен-жайы Шығыс кентіндегі Восточный береговой көшесінде екені көрсетіліп тұр. Ол бұл жердің участогіне кірмейді. Басқа сайлау учаскесі. Сондықтан, сіз айтқан азамат заң бойынша сол жерге барып дауыс беруі тиіс. Шәкірім даңғылында тұрса тұратын шығар, бірақ, тұрақты тіркеуде қай мекенжай көрсетілген сонда дауыс беруі тиіс. Негізі өзінің тізімде бар-жоғын сайлау күніне дейін келіп білгенде, мұндай нәрсе болмайтын еді,-дейді И. Эфендиев.

      Жалпы, тұрығындар арасында сайлау учаскелеріне келіп, өздерін тізімнен таппай немесе қайда барарын білмей пұшайман болып жүргендердің бары рас. Учаскелік сайлау комиссиясында отырғандар болса, алдын-ала тізімде бар-жоғын тексермеген тұрғындардың өздерін кінәлап әлек. Ал Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов алдын-ала тізімде бар-жоғын тексеріп алған сияқты, сағат 11:15 шамасында келіп, еш қиындықсыз дауыс беріп кетті.    



Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.