Полиция Азаттық тілшісінің құжатын тексерген соң босатты

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.06.2019298

9 маусымда Нұр-Сұлтанда ұсталған Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің қызметтік куәлігі мен жеке құжаттарын тексерген соң полиция оны босатқан. Бұл ақпаратты Азаттыққа тілшінің өзі хабарлады.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді 9 маусымда түстен кейін "Жастар сарайы" маңындағы наразылықтан хабар таратып жүрген кезінде полиция ұстаған еді. Оны өзге ұсталған 25 азаматпен бірге Есіл аудандық полиция бөлімшесіне апарған. Ұсталғандардың көбін полиция ішке кіргізіп жіберген. Полиция ғимаратының сыртында тікелей трансляция жасаған тілшіге полицейлердің бірі оған бөлімше маңынан кетпеуді, қазір ішке кіргізетінін айтқан.

Сәния Тойкеннің сөзінше, полицейлер оның "кәсіби міндетін атқарып жүрген тілші екенін" дәлелдеуін талап еткен. Қызметтік куәлігі мен жеке құжаттарын тексерген соң Сәния Тойкенді босатып жіберген.

Facebook-тан тікелей трансляция жасаған Сәния Тойкен түстен кейін полиция бөлімшесіне ондаған азаматты жеткізгеніне куә болды. Оның айтуынша, бұл азаматтар "Жастар алаңы" маңайында "әділетсіз өтіп жатқан сайлауға бойкот жариялайтынын" айтқан.

Бұл күні Сәния Тойкеннен бөлек полиция наразылықтардан хабар таратқан Азаттық тілшісі Петр Троценко, AFP тілшісі Крис Риклтон, Vlast сайтының қызметкері Екатерина Суворова, құқық қорғаушы Дмитрий Тихоновты ұстаған. Кейіннен оларды босатып жіберген.

Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия мәселелері бойынша зерттеушісі Мира Ритман Twitter-дегі аккаунтында "кәсіби міндетін атқарған" журналистердің, "бейбіт жиын өткізу құқығын пайдалануға тырысқан" азаматтардың ұсталғанын мәлімдеді.

9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Осы күні Алматыда жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға қарсылық танытты. Кем дегенде жүз адамды полиция ұстап әкетті.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.