Қарағандыда сайлау күні уәде етілген тегін қоғамдық көліктер аз жүрді

Арай Сатыбалдықызы - 10.06.2019535

2018 жылдың 30-мамыр күні Қарағанды облысының басшылығы сайлау күні облыстағы қоғамдық көліктердің тегін қызмет ететінін хабарлаған еді. Алайда, халық тегін автобустарды күтумен шаршаған. Бұл туралы «Жас АЛАШ» сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқарма басшысының орынбасары Нұрлан ЕСЕНТАЕВ жергілікті журналисттерге берген сұхбатында барлық әкімдер тегін автобустармен қамтамасыз ететінін айтқан. Әкімшілік жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарды бір күн тегін жұмыс жасауға көндіріпті.

Жолаушылардың айтуынша автобустар қала бойынша тұрғындарды тасымалдауға аз шыққан. Осыны пайдаланған такси қызметі де бағасын шарықтатып жіберген. Аялдамадағы наразы болған жұрт «бұлай жасаған тегін автобусы құрысын» деп қатты налыды. Қарағандылық  журналист  Жібек МҰҚАШЕВА  жұмыс барысымен бірнеше сайлау бөлімін аралаған кезде автобус тапшылығын әбден сезінгенін айтады.

«Мен Қарағанды экономикалық  университетіндегі сайлау участкесінен шығып, қаланың орталық көшелеріне бару үшін аялдамада автобус күттім.Тура сол жерде бір сағат 15 минут тұрдым. Шақырсам  не такси келмеді. Осылай жүргенде  түк жұмысым бітпеді, үйге кешке қарай әзер жеттім ғой. Тегін автобусты дұрыс ұйымдастырмаған. Ең құрығанда жарты автобусты ақылы етіп шығару керек еді», -  дейді  Жібек Мұқашева.

Қарағанды тұрғыны  Жаннұр ЕЛУБАЕВА  өзі тұрып жатқан ауданнан қашықта орналасқан сайлау бөліміне  барамын  деп жоқ жерден әуре сарсаңға түстім дейді. Ол қаланың орталығындағы 45 орам аялдамасында автобусты күтіп, 50 минут тұрыпты.

«Ақыр соңында өз автобусым келмеген соң амал жоқ  41 автобусқа міндім. Мұнда отырған кезде кондуктор  жолақысын жинады. Ол қаланың сыртына шығатын қоғамдық көліктердің тегін емес екенін айтты.Автобус күтіп тұрған адамдар қатты ашулы болды. Бүйткен сайлауы да, тегін автобусы да құрысын деп айғайлағандар да болды. Тегін емес сол 80 теңгемізді жолақысына төлеп жүре берген дұрыс еді»,  дейді қала тұрғыны Жаннұр Елубаева.

Қаладағы автобус парктерінің көбі көліктерін жалға береді деген ақпарат бар. Жалпы, жолаушыларды тасымалдаумен жеке кәсіпкерлердің айналысатынын ескерсек сайлау күні тұрғындардың сарсаңға түсуін түсінуге болады. Кәсіпкерлер шенділердің барлық бұйымтайын орындай бере алмайды-ау.

Фото: ekaraganda.kz

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.