Айтыскерлер Ринатқа араша түсті

Айман Сағатай - 10.06.201910711

Айтыскер ақындар Ринат ЗАЙЫТОВ үшін facebook.com әлеуметтік желісінде араша түсті. Дәулеткерей Кәпұлы, Рүстем Қайыртайұлы, Шұғайып Сезімхан сынды айтыскерлер әріптестеріне арнап пост жазды.  

«Азаматтық пікірін, әрекетін білдірді. Ал, сол үшін қолын байлау - ақылға симайды. Қамалсақ бірге қамаламыз, тас босаға, темір есікке бір күн түнетпейміз Ринатты. Орталық ДВД-ға жиылыңыздар. О, тобаа...»,  деп жазды айтыскер Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ.

«Ақынды босатсын. Халықтың ашуын оятпасын! Ақиқаттың алдаспаны ағамыздың қолына кісен салып қойып бейжей отыра алмаймыз!», - деп пост қалдырды Шұғайып СЕЗІМХАН.

«Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ  дейтін баяғы қазақ қайда?! Елдің сөзін сөйлейтін ақынды тарпабассалып, қолың қайырып алып кеткені несі?! Жай келіп сөйлесуге болмады ма?! Қосанов көкесі ара түссін, енді! Ақын ақымақ емес, сөйлесіп, ымыраға шақыра алмаған "роботтарға" жының келеді! Ринат бауырым, Тәңір жар болсын! Билік қара халықты одан ары ашындырғысы келмесе, қазір босатсын!», - деп жазба қалдырды Дәулеткерей КӘПҰЛЫ.

«Мен көрген видеода Ринат керісінше халыққа басу айтып тұрды. Өзінің азаматтық, ақындық пікірін білдірді.Оны не үшін ұстағанын түсінбедім. Егер демократияға, сөз бостандығына кепілдік бермесе Конституцияны не үшін қабылдадық? Билік отты одан әрі тұтандырмайын десе Ринатты босатуы керек. Халық сүйікті ақынын ешқашан қиянатқа бермейді. Мен Ринатты бала күнінен білемін. Ол алған бетінен қайтпайды. Бірақ басбұзар емес. Ақылы бар азамат. Ринат босатылсын!», - деді Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН.

Бүгін кешкі сағат 18-00 де Ринат Зайытов бір топ тәуелсіз бақылаушылармен сайлауда болған заңсыздықтарды жариялайтынын мәлімдеген болатын. Ол «Алатау» театрының алдында өзге қоғамдық белсенділермен ұсталды.


Фото: zhasatyrau.kz


Мақала авторы:

Айман Сағатай

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.